Қаңтардағы қасірет: қаламгерлер пікірі
25.02.2022
721
0

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» Ұлттық арнасының журналисі Жайна Сламбекке сұхбат берді. Сұхбатта көтерілген мәселелергер қаламгерлер ой қосты.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, жазушы

 ПРЕЗИДЕНТ ХАЛЫҚҚА, ХАЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТКЕ СЕНУІ КЕРЕК

Тағы бір зобалаңды сыннан да өттік-ау. Тарихымызға «Қаңтар қасіреті» болып жазылар бұл оқиғаны нағыз қаралы кезең деу керек болар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбатын тыңдаған соң, көңілдегі көп күдік сейіліп, соғып өткен «дауылдың» қаншалықты ауыр болғанын сезіндік. Президентіміз осынау оқиғаға дейін де, кейін де біраз қиындықтарға ұшыраған елдің экономикасын, әл-ауқатын, барлық тіршілік-тынысын қайтсе жақсартуға болатынын мақсат еткен іс-шараларына, бастаған реформаларына куәміз. Ал мына сұхбатынан кейін мемлекетіміздің талай тауқыметті жылдарды басынан өткізген Қазақ елінің ертеңгі жарқын болашығына сене түстік.

«Сондықтан ең алдымен өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек», – деп басталған сұхбат қаңтар оқиғасының қалай басталып, қалай аяқталғанын; реформалардың басты мақсаты әділетті қоғам орнату екенін; ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерлерінің келуі – заңды әрекет болғанын; Қазақстан жерінің тұтастығын ешкімнің де бұза алмайтынын; шетелдерге заңсыз шығарылған олигархтардың қаржыларын елге қайтару жолында біраз шаралар қолданылатынын; ең бастысы Ата заңымыздан ауытқымаудың бір мысалы ретінде Президентке сайлауға берілген екі мерзімді өзінің де бұзбайтынын сенімді түрде айтты.

Президенттің халқына сенімі зор. Ал халқы да Президентіне қалтқысыз сенеді.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ЖӘНЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

Қаңтар айындағы аласапыран оқиғаның Қазақ елінің тарихында мәңгі сақталып қалатыны анық. Бұл оқиғаның бейбіт шерумен басталып, кейін қанды қырғынға қалай ұласқаны және ол қырғынды кімдердің ұйымдастырғаны алдағы уақытта біртіндеп ашық айтыла бастайтыны да даусыз. Әзірше бұл қырғынды ұйымдастырушылардың басты мақсаты – мемлекеттік төңкеріс жасау болғаны нақты белгілі.

Ал егер төңкеріс жасау мақсаты жүзеге асқанда не болар еді? Ондай жағдайда біз бүгін жан-жағымыз аңдулы, ешкімге ешқандай артық сөз айта алмайтын, не көрсек те үніміз шықпай, бұғып отыра беретін нағыз диктатуралық қоғамда өмір сүріп отыруымыз әбден мүмкін еді. Мемлекеттік төңкеріске ұшыраған елдердің бәрі кейін тура осындай жағдайды бастан кешірген. Қаңтар айында біз де осыған жақындап барып, аман қалдық. Әрине, бұған қазір сену де қиын, бірақ шындық солай.

Әйтсе де біздің бүгін негізінен айтарымыз бұл мәселе емес, мүлдем басқа, яғни қаңтардағы жағдайдың болашақта қайталанбауы үшін не істеу керек деген әңгіме.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін бұл жөнінде бірнеше рет арнайы сұхбат беріп, барлық жағдайды жан-жақты талдап, талқылап, соған орай, алдағы уақытта жүзеге асырылуға тиіс мақсат-міндеттерді нақты айқындап, белгілеп берді. Осы мақсат-міндеттердің негізінде барынша өркендеген «жаңа Қазақстанды» қалыптастыру идеясын ұсынды. Күні кеше ғана «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында да бұл жөнінде кең түрде әңгіме қозғады.

Мемлекет басшысының бұл айтқандары нешетүрлі кедергілерге ұшырамай, қаз-қалпында жүзеге асса, еліміздің болашақта шын мәніндегі жаңа Қазақстан дәрежесіне көтерілері анық. Әрине, бұл үшін белгіленген мақсат-міндеттердің жүзеге асуына бүкіл ел болып жаппай үлес қосып, атсалысуы керек. Осыған орай, бір-екі мәселе жөніндегі өз пікірімізді айта кеткіміз келеді.

Президент «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында «Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету» деп атап көрсетті. Бұл – «жаңа Қазақстанды» қалыптастыруға қажетті ең басты шарттардың бірі. Өйткені, бізде нешетүрлі жақсы заңдар қабылданады, бірақ олардың көпшілігі нақты қолданысқа енбей, қағаз жүзінде қалады. Нақтырақ айтқанда, қабылданған заңды бұлжытпай орындаудың орынына, оның шарт-талаптарын айналып өтудің түрлі жолдарын қарастыру жиі кездеседі.

Бұл сөзімізге нақты мысал келтірейік. Бізде ұзақ уақыттан бері толассыз «жыр» болып, үзбей айтылып келе жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілінің жағдайы. Соған орай, сәл бірдеңе болса қазақ тілін күшейту керек, бұл жөнінде арнайы жаңа заң қабылдау қажет деп жан-жақтан шулап, қызу әңгіме айта бастаймыз. Ал шындап келгенде бізде қазақ тілі қағаз жүзінде барынша күшейтілген, нақтылып айтқанда, заң бойынша оған мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Бұдан артық қандай заң керек?! Өйткені, дүниежүзінің кез-келген елінде мемлекеттік тілдің алдына ешкім көлденең тұрмайды, оның шарт-талабын ешқандай қарсылық білдірмей, мүлтіксіз орындайды. Егер біреу ол елдің мемлекеттік тілін білмесе ешқандай қоғамдық, мемлекеттік қызметке қабылданбайды, ешқайда депутат болып сайланбайды; бір сөзбен айтқанда, ештеңеге жарамай далада қалады. Тіпті, өзімізбен көрші Ресейдің өзі мемлекеттік тіл – орыс тілін білмеген адамды мемлекеттік қызмет түгілі, ең аяғы көше сыпыратын немесе жол жөндейтін қара жұмысқа да қабылдамайды. (Бұл жөнінде Ресейге Орта Азиядан жұмыс істеуге барғандар соңғы уақытта жиі айтып жүр.)

Ал бізде қалай? Бізде мемлекеттік тілді білмесеңіз де қара жұмыс түгілі, кез келген жауапты қызметті, тіпті, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметті де еш алаңдамай атқара бересіз. Мұндай жағдай бізден басқа ешқандай елде жоқ. Мысалы, сіз шетелге барып «Мен мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін, немесе депутатпын, бірақ мемлекеттік тілді білмеймін» десеңіз, оған ешкім сенбейді. Керісінше «Мынау не айтып тұр, сондай да бола ма екен?!» деп күледі. Ал бізде бұл сенбейтін де, күлетін де емес, үйреншікті жағдай.

Міне, бұл жағдай біздің қабылдаған заңды құрметтеп, мүлтіксіз орындаудың орынына, оны керек қылмай, аяқасты ететінімізді көрсетеді. Егер заңды құрметтесек, оны бұлжытпай орындауды міндет, парыз деп есептесек, мемлекеттік тіл туралы заңға да бағынуға әбден болады ғой. Айталық, шетелге барып жұмыс істеуге ниеттенгендердің бәрі алдын ала сол елдің тілін үйреніп, аз уақытта сайрап сөйлеп кетеді. Сол сияқты біз де мемлекеттік қызметте бір емес, ондаған жыл жұмыс істеп жүріп, өз еліміздің мемлекетік тілін біртіндеп игеріп, үйреніп алсақ не болар еді? Оның қандай қиындығы бар? Әрине, ешқандай қиындығы жоқ! Бірақ оны қажет етпейміз. Заңды мойындағымыз келмейді.

Мұндай жағдай қоғамдық өміріміздің барлық саласында кездеседі. Айтпақшы, бізде жемқорлыққа қарсы жақсы заң бар. Ол заңымызда жемқорлықпен ұсталған адамның қандай жазаға тартылатыны, қанша жылға сотталатыны да тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Бірақ жемқорлық сонда да азаймай тұр. Өйткені, жемқорлар заңнан гөрі өзінің тамыр-таныстарын әлдеқайда күшті санайды. «Егер ақша жеп ұсталып қалсам, әлгі «көкем» бар ғой, сол құтқарады, немесе анау жоғарыда отырған «жемтіктес жерлесім» аман алып қалады» деп есептейді.

Жалпы, қазіргі жағдайда бізде заңнан гөрі тамыр-таныстық пен ағайынгершілік, рушылдық пен жершілдік әлдеқайда күшті, өтімді десек, онша қателеспеспіз.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Мемлекет басшысы барынша өркендеген «жаңа Қазақстанды» құру міндетін алға қойып, нақты тапсырма берді. Егер бұл міндет-тапсырманы орындауға шын ниетімізбен белсене кірісетін болсақ, онда бірінші кезекте өміріміздің кез келген саласында заң үстемдігін толық қаматамасыз ету керек. Соған орай, болашақта бұл маңызды тапсырма мүлтіксіз орындалып, бізде де заң үстемдігі салтанат құрады деп сенеміз.

 

Сәуле ДОСЖАН, жазушы

СҰХБАТ КӨП ЖАҒДАЙҒА КӨЗІМІЗДІ ЖЕТКІЗДІ

Мемлекет Басшысының «Қазақстан» арнасының тілшісі Жайна Сламбекке берген сұхбаты көп жағдайға көзімізді жеткізді. Сол қаһарлы күндері біздің Президентіміз «Мен елордадан ешқайда кетпеймін!», – деп өз ұстанымын білдіріп, халықты сабырға шақырған болатын.

Сұхбатында президент алдымен «қаңтар оқиғасы» туралы саралай келе, бейбіт мақсатта өз талаптарын қоюға шыққандарға арандатушылар мен арнайы жасақталған қарулы қарақшылар киіп кетіп, билікті басып алып, мемлекетке төңкеріс жасағылары келгенін түсіндірді.

Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарға да тоқталды. Жұрт көңілінде жүрген «Мәскеу біздің солтүстік облыстарға көз сала бастады» деген үрейлеріне де дәлелді ойлар айтып, қорқыныштарын сейілтті.

Елбасы жайлы да нақты пікірін білдіріп, бабаларымыздан қалған үлкенді сыйлау дәстүрімен оның қызыметіне әділ баға беруіміз керектігіне тоқталды.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге де назар аударып отыратынын білдіріп, ескертусіз оқ ату туралы, Интернеттің өшірілу себебі мен ақпараттық блокаданың себебін түсіндірді. Парламенттік жүйені реформалау, олигархтардың жайы туралы да ойын айтты.

Осы сұхбаттта болған жағдайды жасырмай, халыққа ашық айтқаны ел ішінде тарап жүрген неше түрлі сөздерге тоқтам болып, халықтың жүрегіне үлкен сенім ұялады. Бәріміз бірге болып, ел тыныштығы мен Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын ойлап, Президентіміз айтып отырған «Жаңа Қазақстанға» нық қадам басамыз, әрқайсымыз өз үлесімізді қосамыз деп сенемін.

 

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын

ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫН ЕСТИТІН ҚҰЛАҚ КЕРЕК

Жаңа Қазақстанды құру міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарау керекпіз. Уақыт алға жылжыған сайын мына технология заманы талмай ізденуді, жауаптылықты тереңдете, қиындата түседі. Ол қиындықты жеңбей, ол тереңге бойламай қай саламыз да алға жылжымайды. Ең алдымен мұндай кең ауқымды өзгерісті әр адам өзінен бастағаны дұрыс. «Мен қоғамнан не аламын?», –деп емес, «не беремін?», – деп іске кіріссек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan ұлттық арнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтқан өркениетті жолына айқын түсе аламыз. Президент өз сұхбатында адам капиталын жоғары қою қажеттігін баса айтты. Таратып айтты. Халықтың жанайқайын еститін құлақ керектігін қатаң ескертті. Олай болса, кешегі қанды қырғында қамалғандарды заңсыз қинап жатқандарды жауапқа тарту керек. Ең біріншіден, халықтың сұранысы жан-жақты сарапталып, түгел ескеріліп, тергеу изоляторында жазықсыз жатқандарды шұғыл босату қажет. Бұл істі соза беруге болмайды.

Құрметті қазақстандықтар, әрбір істі жасағанда өзімдікі, бұл біздің ертеңіміз деп жақсы ниетпен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» сияқты пікіріміз бір болса, халқымыз армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманның келері анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір