Қазақ тарихында қара әріппен жазылған қасірет
12.05.2021
2017
0

Жұмаш КЕНЕБАЙ – қазақ поэзиясына өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында келген қазақтың талантты ақындарының бірі, қазақ тележурналистикасында өз қолтаңбасын қалыптастырған публицист журналист. Ол ұлттық мәселе талқыға  түскенде ешқашан  өзіндік ұстанымынан айныған емес. Қаламгердің осыдан жеті-сегіз ай бұрын баспадан шыққан тарихи һәм поэтикалық «Аягөз» романы қолымызға тиіп, оқып шықтық та, сол әсердің ықпалымен әдеби айналымға түсіп жатқан романды талқылау үшін «Дөңгелек үстелге» қазақтың белгілі қаламгерлері – публицист,  жазушы Ертай Айғалиды, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайранды, әдебиеттанушы ғалым, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының бас ғылыми қызметкері, тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі профессор Гүлжаһан Орданы шақырдық.

 Ертегілік мотивті көруге болады

 – Өлең сөзбен роман жазу – бұрыннан бар дәстүр. Десек те қиыннан қиыстырып, кең құлашты тарихи һәм поэтикалық роман жазу сөз жоқ үлкен ақындық талантты қажет етеді. «Аягөз» романы ұлттық поэзиямызға қандай жаңалықтар алып келді? Шығарма несімен дараланады?

Ертай аға, романды оқып шығып, «Қазақ қырылған қырғын» деген мақала жаздыңыз, әңгімені сізден бастасақ?

Ертай АЙҒАЛИ: Менің білуімше, бұл шығарма кейінгі отыз жылдан бері жазылған тұңғыш өлең роман. Шығарманы көтерген тақырыбы тұрғысынан тәуелсіздіктің отыз жылдығына арналған үлкен тарту десе де болғандай. Адуын мінезді, сөздері мірдің оғындай, сона-ау аумалы-төкпелі заманда намыстың найзағайын ойнатып, үнемі рухы асқақтаған бабаларының, әкелерінің тамырымен сабақтас, қаны бір, жаны жайсаң, текті тұқым-жұрағаттың көзі Жұмаш Кенебайдың бұл туындысы, өлеңмен өрілген тарихи романы тыңнан түрен салып сомдалған соны дүние. Неге бұлай? Себебі көкірек сарайында қат-қат жиналған қанды оқиғаларды бастан кешкен от жүректі аяулы жандар оның ең жақын адамдары. Ес жинап, етек жапқанда олардың көргені мен бастан кешкендерін естіген, кекпен суарылған жасырын, құпия әңгімелерді көкейіне тоқыған жандар: «Әй, осы бала жеткізер бәрін»,  деп құйма құлақ болашақ қаламгерге аманат еткен. Сол аманатты пәлен жыл «арқалап», жылдар бойына ой қазанында пісіріп, толғанып, толғатып ақыры тарихи романды қағазға түсірді.  ХХ ғасырдың еншісіндегі оқиғалардың XXI ғасыр қақпасын ашқанда алғашқы тараулары жазылыпты. Әрине, ол кезде бұл жазғандары кейін тарихи романның жүгін көтереді деп ойламаған да шығар ақынымыз. Кейін, әсіресе 2013-жылдары қызыл империяға деген кекпен суарылған жыр жолдары лек-легімен дүние есігін аша бастаған. Романдағы тараулар әр жылдарда жазылғанмен, шығарма романға сұранып, бірте-бірте  осы ойды бекіте түсіп, кейбір жерлеріне қайта үңіліп, қайта жазып өңдеп, ширатып, шабыт тұлпарын қамшылап, сөре сызығына жақындай түскен. Романды оқып отырғанда осындай ой арқауында болып, бәрінің басын біріктіріп ғажайып дүние тудырған Жұмаш Көкбөрі ақынның хас шеберлігіне тәнті болдым.

Гүлжаһан ОРДА: Автордың «Аягөз» романы – қазақ әдебиетінде өлеңмен жазылған тұңғыш роман емес. Әдебиет тарихында бұған дейін де өлеңмен жазылған бірсыпыра романдар болды. Абай Құнанбайұлы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Татьяна мен Онегиннің хаттарын, Ш.Құдайбердіұлы «Дубровский» повесі мен «Бұрқасын» әңгімесін поэзия тілімен жырлады. Бұл үрдісті І.Жансүгіров пен Қ.Шаңғытбаев жалғастырып,  «Евгений Онегин» романын толық қазақшалаған болатын.

Бұл қатарда С.Торайғыровтың «Кім жазықты?», «Қамар сұлу», С.Мұқановтың «Замандас туралы аңыз», Д.Әбілевтің «Алтай жүрегі», Ж.Нәжімеденовтың «Танакөз», «Құмырсқа», С.Сматаевтың «Жарылғап батыр» сияқты өлеңмен жазылған романдары бар. Осы тұста Н.Мыңжанидың «Тұрмыс тілшісі», Қ.Шабданұлының «Бақыт жолында» повестерінің өлеңмен жазылғанын еске алуға болады.

Әбубәкір ҚАЙРАН: Жұмаш ағамның «Аягөз» деп аталатын қомақты кітабының алғашқы беттерін аша бастағанымнан-ақ таң қалумен болдым. Тым ауқымды шығарманың жанрын «тарихи роман» деп атағанына түсіністікпен қарадым, әрине. Дегенмен  бүкіл қазақ халқының Қазан төңкерісінен бергі қайғы-қасіретін нағыз поэзиялық үрдіспен бейнелеп берген соң, қазақтың қасиетті қара өлеңімен жазылған бұл еңбекті  «тарихи дастан» десе де болар еді.

Мен бұл кітапты автордың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының табысы дер едім.  Шығарманың ерекшелігі қазақ әдебиетіндегі ең көлемді поэма болуында  ғана емес, бүкіл бір дәуірдегі сан қилы оқиғалар мен сапырылысқан саяси қылмыстарды нағыз ақындық шеберлікпен жырлай білуінде, тарихи шындықтан ауытқымай, өмірде болған адамдардың тар замандағы тағдырының  өлең тілімен шынайы бейнеленуінде дер едім.

 Көркем әдебиеттегі басты фактор шығарманың көркемдік қасиетімен тығыз байланысты. Осы тұрғыда туындының поэтикалық құрылымы мен көркемдік сипатын тереңірек ашып көрсетіп бересіздер ме? Автордың ақындық қиялын, қалам қуатын көрсете алған шығарманың көркемдік, эстетикалық құны мен маңызы неде?

Гүлжаһан ОРДА: Құрылымы жағынан келгенде роман кіріспеден, негізгі 14 тарау мен эпилогтан тұрады. Бұл жағынан құрылысында айтарлықтай ерекшелік жоқ.

Фольклорлық сарындардың бірі – ертегілік мотивтер болса, «Ер Төстік» әңгімесіндегі перінің қызы Бекторы – қазіргі әдебиетте жаңаша сипат алып жүрген мифтік кейіпкер. Осы қатарда Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», Б.Сарыбайдың «Перінің қызы Бекторы» әңгімелері мен Ж.Әскербекқызының «Перінің қызы Бекторы» өлеңдерін атауға негіз бар. Аталған романның «Перінің қызы Бекторы» тарауында Садық пен Перінің қызы Бекторы арасындағы махаббаттан мистикалық сарынмен жазылған ертегілік мотивті көруге болады. Жазушы демонологиялық кейіпкерді (перінің қызы Бекторы) Садықтың болашағын болжау үшін алған. Бекторының сөзі адамдарға ұқсамайтын перілердің әлемінен хабар береді. Олардың адамдармен бірлесе өмір сүруі мүмкін емес, перілердің өмір сүру салты өзгеше. Сондықтан да Садық пен Бекторы бас қоса алмайды.

Сонымен бірге жазушы батаны,   өсиет пен түсті әдеби әдіс ретінде пайдаланған. Түсті аян ретінде қолданса, алаш қайраткерлерінің, Шәкәрімнің, басқа да ақсақалдардың әр істің басында Садыққа бата беруі, Садық атасының түсіне кіріп, баласына өсиет айтуы – осындай мысалдардың көрінісі.

Ертай АЙҒАЛИ: Бұл өзі – «Тыңнан түрен салған» шығарма. Қызылдардың, қызыл империяның, Мәскеудің қазақ халқына жасаған сөзбен жеткізе алмайтын зор қиянатын біз әлі де сыйпай қамшылап, әлі де өз деңгейінде жеткізе алмай келеміз. «Бандылар, басмашылар, бай-манаптар» деп кеңес өкіметі кезінде өзіміз жек көріп айтқан сөз тіркестері әлі де болса сол қара бояуын жоғалтпай келеді. Себебі әлі де біздің көкірегімізде үрей, қорқыныш бар. Жұмаш Көкбөрі осы тарихи романында сол үрейді, қорқынышты найзағай қылыш-қаламымен бір-ақ шауып, шынайы дүние тудыра білген.

Оққа ұшқан, итжеккенге айдалған, дарға асылған, аштықтан өлген миллиондардың бірі, қазақтың батыры, ұлт қаһарманы, әлсіздердің қорғанышы Садық Кенебайұлына туған жерден осылай топырақ бұйырмапты. Өлеңмен өріп, жүрекпен тербеп жазып, дүниеге келтірген «Аягөз» тарихи романының әрбір қарпін, әрбір жолы мен шумағын, 15 тарауын, түйіні мен эпилогын шынында да жай көзбен емес, терең сезіммен оқисың.

Әбубәкір ҚАЙРАН:  Мен Жұмаш Кенебай деген ақынды жас кезімнен білемін. «Аққулар жүрек жасайды» деген кітабы шыққанда, соған шын сүйсініп, өз пікірлерімді авторға айтқаным да есімде. Бұл нағыз лирик ақын еді. Енді, міне, эпик ақын ретінде көрініп отыр. Алайда адамның жан-дүниесін, жүрек лүпілін жеткізудегі сезімталдығы осы шығармадан да анық аңғарылып тұр. Бұл шығармада қазақ өлеңіне тән өлшемдердің бәрі кездеседі. Сонымен қатар автор осы туындысында да шұрайлы тіл мен терең тебіреністен  еш ауытқымаған.

Бұл кітап деректілігімен құнды

Негізі, шығарма азаттық тақырыбына, Алаш ардақтыларының рухына арналған туынды. Романда бастан-аяқ Алашшылдық рух алға шығып отырады. Шығарманы оқып болғанда Олжас ағамыздың (Сүлейменовтың) атақты «Көтеріл,  Қыпшақ» деген өлеңі тіліме оралды.

Ертай АЙҒАЛИ: Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін өшіп кете жаздаған, қайтадан ес жиып, Желтоқсанда рухы аспандаған қилы тағдырлы ғасыр еді. Өлеңмен өрілген бұл романға осы ғасырдың 1917 – 1952 жылдары аралығында қолдарына қару алып, кеңестік қызыл қырғынға қарсы шыққан,  осы жолдан көздері жұмылғанша таймаған, есімдері Аягөз, Семей өңірлеріне мәлім болған нағыз ұлт қаһармандары – Садық Кенебайұлы, оның асыл жары Бишан Кенебайкеліні, Орынбек Бұршақбайұлы, Ахмет Жұматайұлы,  ұлты үшін от пен суға түскен, Аягөздің Ақшатау ауылының қасындағы Қалғұтыдағы Садық Кенебайұлының күшімен салынған «Ақ школ» мектебіне ақ баталарын берген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты «Алаш» көсемдері және есімдері қалың жұртқа онша мәлім емес, қазақтан шыққан асыл азаматтардың бастарынан кешкен қанды оқиғалар арқау болған. Бұл кітап деректілігімен құнды. Ойдан шығарылған кейіпкерлер атымен жоқ. Жұмаш Кенебай қарттардан өз құлағымен естіген, көкірегіне жылдар бойы тоқыған, сөйтіп жанартау болып жалындап сыртқа жыр болып төгілген, жаңа тың дүниені өмірге алып келді.

Гүлжаһан ОРДА:  Романда Алаш рухының басым болатыны – негізгі кейіпкерлердің кеңес өкіметін мойындамауы. Алаш қайраткерлері де кеңестік жүйеге басы бүтін қарсы болды, сондықтан оларды түп-тұқиянымен жойып жіберді. Билік үшін көзі қарақты адамдар жаңа қоғам ісіне кедергі болғандықтан, оларды асып, атып, жер аударып жіберу тиімді еді. Оны автор   былай суреттейді:

Кілең тыңшы, сақтықтары – сауысқан,

Сау адамдар, тергеуден соң, «ауысқан…»

Есі дұрыс, оқығанын қазақтың

Бірін қоймай, соттап, атып, тауысқан.

Садық, Орынбек, Ахмет, Қамзабай, Кәрім сияқты батырлардың 13 жыл аттан түспей, бел шешпей, тау-тасты паналап қызылдармен шайқасуы – Алаш қайраткерлерінің арман-мақсаттарының жалғасы еді. Олар туған жерін кірмелердің иемденуінен қорықты, олардың табанын кіндік кескен жеріне тигізгісі келмеді. Ол турасында «Қызыл қырғын», «Қызыл керуен қоршауда…», «Әртелдегі»  әңгіме», т.б. тараушалардан оқуға болады.

         Әбубәкір ҚАЙРАН: Сержан, өзің айтып отырғандай, бұл тарихи романның өне бойынан алашшылдық рух аңқып тұрады. Оқыған адамдар байқар, көпшілік біле бермейтін деректер де жеткілікті.

         Бұл өзі тарихи һәм поэтикалық шығарма. Шығармада тарихи оқиғалар мен ондағы шындық қаншалықты ашылған? Көтерген тақырыбы тұрғысынан шығарма өзінің концепциясын қаншалықты алып шықты деп ойлайсыздар?

Гүлжаһан ОРДА: Автор Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз, Қалғұты өзенінің бойындағы Ақшатауда өткен тарихи оқиғаларға жан бітірген. Кенебайұлы Садықтың Қалғұтыда мектеп салдыруы, Садық, Ахмет, Орынбек сияқты батырлардың қызылдарды мойындамай, 13-14 жыл аттан түспей олармен күресуі, Ақсуат пен Аягөздің арасын жаудан қорғап торуылдауы, олардың абақты мен түрменің азабын тартуы, қазақтың ашаршылыққа ұшырап Шұбартау, Аягөзді өлік қаптауы, Алакөлде қызылдардың қазақтарды қырып салуы, Шәкәрімді Қарасартовтың атып, құдыққа тастап кетуі, Шәкәрім қажының баласы Зиятты Садыққа аманаттап, арғы бетке кетуге кеңес беріп ақ батасын жолдауы, комсомол қатарында болған Уәйза мен Төлеуханды өздері құрған өкіметтің бірнеше жылға соттап жіберуі, қазақ даласын орыстардың иемденуі, шекара асқандардың отыз жылдан соң ат басын туған жерге тіреуі сияқты тарихи шындықтар романда көркем шешімін тапқан.

Бар малын, дүние-мүлкін қызылдарға қалдырып, туған жерден үдере көшкен елдің Ақжайлаумен, Сандықтаспен, Қалғұтымен,  Дөненбайбен, сондай-ақ Аягөзбен қоштасуы оңай болған жоқ. Азып-тозған, Аягөз жақтан ілбіп келе жатқан қаралы көшті Алакөлде қызылдардың екі оқшашармен (пулемет) қырып салғанын ақын былай суреттейді:

Тау-тау болып үйіліпті өліктер,

Оққа ұшады, бір кездегі ерікті ел.

Атып жатыр, атып жатыр  тоқтамай…

Бұл қызылдар – қызыл қанға жеріктер.

Арғы бетке өтіп кеткен Ахмет, Садық, Орынбектер қайта келіп, жау қолына түскен тұтқындарды өлімнен құтқарады. Шәуешекте жер емшегін емген Садық пен Бишәнді қызылдар азаптап өлтірсе, 1952 жылы Ахметті Аягөзге алып келіп, 25 жылға соттауы, КАРЛАГ-та жүріп белгісіз өлім құшуы  тарихи шындықпен үйлесіп тұр.

Қарабура өзенінің жағасында тіршілік еткен қазақтардың бар ойы Аягөзде еді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын тыңдаған сайын олардың туған жерге, елге деген сағыныштары күшейе берді. Туған жерге деген сағыныш пен шексіз махаббат оларды 1962 жылы елге қайта алып келді.

Ә. Қайран

Әбубәкір ҚАЙРАН: Осы шығармасын жазу үстінде, жазбай тұрып та Жұмаш Кенебайдың қажетті материалдарды жеткілікті түрде жинақтағаны көрініп тұр. Оның бұл іске жан-тәнімен кіріскені соншалық, сол материалдардың бәрін орын-орнына орналастыру жағын да кәміл ойластырған. Сондықтан болар, кітапты оқып отырғанда, ешқандай ауа жайылуды, бұлыңғырлыққа ұрынуды байқамаймыз. Артық әсірелеуге бармайды, шындықтан ауытқымайды.

Ертай АЙҒАЛИ: Романдағы оқиғалар негізінен Аягөзде, Ақшатауда, Семейде, Шыңғыстауда, Баршатаста, Алакөлде, Алматыда, Қалғұтыда, Шығыс Түркістанның Шәуешек, Шағантоғай, Қарабура, Құлыстай, т.б. жерлерінде өтеді. Кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі Садық Кенебайұлы қызылдар қолынан Шығыс Түкістанда асқан қатігездікпен әрі айуандықпен өлтірілсе, оның  құдасы әрі қарулас серігі Ахмет Жұматайұлы, кеңестік қызыл тыңшылар тарапынан Қарабурада ұсталып, Аягөзде сотталып, әуелі өлім жазасына, кейін 25 жылға  кесіліп, Қарағандыдағы әлемге аян Карлаг лагерінде белгісіз жағдайда көз жұмады.

Туындының  әрбір сөзі, шумағы, әрбір тарауы жасындай жарқылдап, оқырманды ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің тарихи өзгерістеріне, оқиғаларына жетектеп апарып, ондағы алмағайып кезеңдегі ақ пен қызыл қырғынына, байларды тәркілеу мен ашаршылыққа, қуғын-сүргінге, НКВД абақтыларындағы адам жаны төзгісіз азаптауларға, шолақ белсенділердің сатқындығы мен қаныпезерлігіне куә етеді, ашындырады, көзден  жас ағызады. Тарих қатпарын ақтарып, қаймағын сыпырып оқырманға ұсынған бұл романда сан алуан тақырыптарды қаузауға болады. Мәселен, самсаған жер атауларын жәудіретіп, мөлдіретіп жеткізген ақынның білгірлігіне, біліктілігіне тәнті боласың. Ән мен жырлардың,  әнші-жыршылардың  легі өзінше бір керуен.

Гүлжаһан ОРДА: Мазмұны жағынан келгенде шығармада жаңашылдық бар. ХХ ғасырдағы ұлт қасіретіне айналған сан алуан тарихи оқиғалар тәуелсіздік алғаннан бері қаншама шығармаға арқау болды. Жазушының «Аягөз» романына ХХ ғасыр басындағы Аягөз өңіріндегі қаралы оқиғалар негіз болған. Автор екі дәуірдегі екі елдің озбырлығын көрген Кенебайдың Садығының, Жұматайдың Ахметінің, Бұршақбайдың Орынбегінің басынан өткен тақсіретімен күллі қазақ баласының  қасіретін көрсеткен. ХХ ғасырдың бірінші жартысы сан алуан тарихи да қанды оқиғаларға толы болды. 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, Қазан төңкерісі, Кеңес өкіметінің орнауы, ұжымдастыру, ашаршылық, жеке басқа табынудың салдарынан жаппай қудалау – қазақ тарихында қара әріппен жазылған қасіреттер. Осы оқиғалардың бел ортасында болған кейіпкерлердің Шәуешектен пана іздеуі, жат жерде көрген құқайы – қазақ халқының басынан өткерген қасіреттер болса, автор осы қанды оқиғаларға жан бітіріп, қазіргі қазақ әдебиетін тарихи оқиғалармен, ұлттық қаһармандармен толықтырып отыр.

Қайталаулар романның көлеміне нұқсан келтіріп тұр

Әдебиетті өсіретін басты дүние ғылыми әділ сын. Ал сынсыз өсу жоқ  десек,  шығармада «әттеген-ай» деген тұстар кездесе ме?

Гүлжаһан ОРДА: Тарихи роман болғандықтан мұнда негізінен тарихи оқиғалар ғана алынғаны жөн. «Атамекен келбеті» атты І тараудың «Ақшатаудың маңындағы жер аттары», «Қалғұты суреттері» тараушалары шұбалаңқы жазылған. Негізгі оқиғаны асыға күтіп отырған оқырманға жер атаулары мен ата-баба тарихы, Қалғұтының әсем табиғатын тәптіштеп суреттеу, Қалғұты мен Аягөздің арғы-бергі тарихын ұзақ таныстыру жалықтырады. І.Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» сияқты бұл тараушалар романнан тыс, жеке-дара шығарма ретінде берілсе де болады.

Қалғұтыда Садық салдырған тұңғыш мектеп «Ақ школдың», Шәкәрімнің нағашысы салдырған «Ақ школдың» ашылуына Алаш ардақтылары Ахаң, Жақаң, Жүсіпбектерді бастап алып келуі, Айсаман әженің көкжалды соғып алғаны, Күңке әпкесінің Өскенбайға келін болып ұзатылуы романның өн бойында бірнеше рет қайталанады, солардың бәрін бір жерде ғана айту керек еді. Мұндай қайталаулар романның көлеміне нұқсан келтіріп тұр. Қалғұтының табиғаты туралы «Қалғұты суреттері» тараушасында айтылған соң, «Атамекен келбеті» тараушасында тағы суреттеудің басы артық. Сол сияқты Аягөз суреттері мен қазақтың арғы-бергі тарихы туралы шолулар тым ұзақ.

Эпилогтың он алты жырдан тұруы да қисынға келмейді. Негізінен эпилог қысқа да нұсқа болғаны жөн. Эпопеялардың өзінде эпилог 3-4 беттен аспайды. Автордың негізгі кейіпкерлердің бүгінгі ұрпақтарын тарата сөз еткісі келгені белгілі. Бірақ ол мәліметтер романның міндетіне кірмейді. Сондықтан оларды түйіндеп, ықшамдап жеткізу керек еді. Тарихи романда негізгі оқиғалар жұп-жұмыр болып суреттелсе, оқырман ынтығып, оқиғаның ішіне еніп кетеді. Ал  басы артық сурттеулер оқырманды жалықтырып, негізгі оқиғаны ұмыттырып жібереді.

 Р.S. Жұмаш Кенебайдың «Аягөз» романын талқылауға қатысқан қаламгерлерге рахмет айта отырып, біз өз тарапымыздан мынандай байламға келдік.

Тарихи романды жазу барысында автор ұзақ ізденген. Тіпті ғұмыр бойы материал іздеген, жинаған десек те болады. Оның үстіне жазылған қолжазбаның өзі ширек ғасырдай жатып қалған. Себебі  сол оқиғаға куә болған көнекөздер бүгінде арамызда жоқ. Бала кезінде естіген әңгімелерді жадында қайта жаңғырту арқылы оқиғалар легі жүйеленген. Тіпті Аягөз мұрағатының өртеніп кетуі, тарихи құжаттардың жойылып кетуі, тарихи деректердің болмауы көп қиындық туғызған. Романды алып шыққан фактор – негізгі кейіпкерлер ақынның

өз атасы мен нағашы атасы болуы. Кенебай баба ұрпағына деген құрмет «Қарағандыбұлақ», «Айтжұманбұлақ» деген жер атауларынан-ақ көрініп тұр. Олай болса, қазақ халқы азаттық, бостандық үшін күрескен батырларын ешқашан ұмытпақ емес.

 

«Дөңгелек  үстелді  дайындаған

Жанайым АУҒАНБАЙҚЫЗЫ, Сержан ТОЛЕБИ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір