Олжас Сүлейменов: Қасиет те, қасірет те – сөзден!
14.05.2021
1675
1

Олжас Сүлейменов. Азияның аңыз тұлғасы. Жоқ, әлемнің аңызына айналған тұлға! Өткен ғасырда, Қызыл империяның қамытын киген түркі тектес жұрттардың рухани есесін түгендеуге Тәңір Ожастай алмас қылышты сыйға тартқан секілді. Тәңірге мадақ!.. Біздің заманның Гильгамеші Қазақ топырағында, Алматы шаһарында дүниеге келді. Содан бері 85 жыл аунапты. Бейбарыстық жауынгерлікті, қазтуғандық қайсарлықты, махамбеттік өр рухты бойына жинаған дегдар болмыс иесінің өмір жолы арғымақтар шабысын көзге елестетеді.

…«Түгел сөздің түбі – бір, Түп атасы – Майқы би» еді. Біз сол сөздердің кодын ұмыттық. Құпиясын санамызда құлыптадық. Оның кілтін Олжас Сүлейменов тапты. «АЗ и Я»-сымен, «Қыш кітабымен», «Мың бір сөзімен»… Өмірін Ақын боп бастап, Абыз боп жалғастырғандар некен-саяқ. Алаштың абызы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық Жазушысымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 


— Ағатай, армысыз?! Алдымен «Қазақ әдебиеті» апталығының атынан сізді жаңа жасыңызбен, мерейлі мерекеңізбен құттықтағым келеді! Жаратқан ғұмыр берсін, ғасырдан да ұзақ жасаңыз!
Сексен бес жастың би
ігінен жүріп өткен жолдарыңызға көз салдыңыз ғой, аға… Не ойландырады, не толғандырады?!

— Бар болыңдар, айналайын! «Қуанышты бөліссе, көбейеді» деуші еді бұрынғылар, қарт ақынның қуанышына ортақтасып, құттықтап жатқандарыңа дән ризамын, құлындарым. Өзім үшін Елдің рухани кеңістігіндегі ең басты басылым — «Қазақ әдебиеті» ұлт апталығы. Өзімнен екі жас үлкен ардагер басылымға менің де ең ізгі тілектерім көп, өркендерің өссін, өрістерің кеңейе берсін!

       Әрине, жүріп өткен жолдар да, жырақта қалған жылдар да ойға оралмай қоймайды. Пендешілік кімде жоқ?! Өткенің мен жеткеніңді жіктеп, жіліктеп, дұрысы мен бұрысын бағамдап, екшейсің ғой. Кейде көңіл көкжиегі көк дөнендей жүйтки жөнелсе, қайсыбір тұстары тұмандай бұлыңғыр тартып тұрады… Ғұмыр ғой… Оңы мен терісі Жаратқан Иемізге ғана мәлім, шамасы.

— Алыстағы, жақындағы шет мемлекеттерден көптеген құттықтаулар келіп жатыр. Солардың басым көпшілігі сіздің әдеби және ғылыми еңбектеріңізді барша адамзатқа ортақ мұра деп таниды. Өзіңіздің ойыңызды білсек…

— Ұлы Абай да айтқан «Атаның емес, адамның баласы бол» дегенді. Алайда бұл – ұлтыңнан айнып, жаһан жұртына ғана қызмет қылу емес. Орайы келгенде айтайын… Еңбектерімнің баршасын ең алдымен елімнің игілігіне жаратуды мақсат тұттым. Одаққа ортақ болған орыс тілінде жазылғанымен, шығармашылығым тұтастай өз ұлтымның рухынан нәр алды, болмысы бүтіндей дархан даладан жаралды! Қазақтың қалыбынан шығып, жалпақ әлемге жол тартқан туындыларым бар болса, ол да Елімнің алдындағы перзентік парызымның өтеуі ғана…

— Леон Робель сізді «Гильгамеш, Гюго, Хлебниковтардың табиғи, заңды мұрагері» деп бағаласа, қазақ ғалымы, профессор Гүлмира Мадиева «Сөздің  археологы»  атандырған екен. Сөз коды жайлы қаншама жылдар бойы тер төккен еңбегіңізді күтіп жүрген Ел көп… Сол туралы айтсаңыз…

— «Мың бір сөз»  әмбебап  этимологиялық сөздік ретінде адамзат ұлына адами құндылықтарды ұлықтауды ұмыттырмас кітап болса деп едім. Барша қасиет те, қасірет те  Сөзден  басталады. Сөз коды жайлы айтар дүние көп әлі… Уақыты келгенде көпшілік танысар, бағасын бере жатар.
«…Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге  де келейін енді аяңдап»,
– дейді Абай. Сөздің түпкі төркінінде төрткүл дүниенің бар болмысы жатыр. Дүн-дүниенің саулығы сөздің түзіктігінде, я, бұзықтығында!

— Сіз – ақын, прозаик, ғалым, кинематографист, баспагер, дипломат, қоғам қайраткерісіз… Осы аталғандардың қайсы басымырақ бойыңызда?!

— Алаштың азаматымын, алтындарым! Басқасының барлығы соншалықты маңызды да емес. Еліңе қызмет етуден ерекше ләззат сезініп, сол жолға жүрегің мен жігеріңді арнамасаң – бәрі бекер!
Бұл дүниеге іңгәлап келген сәтіңнен жұмсақ жаялығыңа аяулы анаңның аялы алақандары құндақтап, әлдилеген мезеттен бастап болмысыңның қалыптасатыны рас болса, құтты топырақтың құнарын сіңіріп, поэзияны тағдырым деп тануым заңдылық сияқты. Қай салада еңбек етсем де, қайраткер, киногер, я, басқа бағыттарда болсам да, алдымен ақын сөз алады… Жыр мінезсіз болатын ба еді?! Менің  мінезім мен табиғатым бәрінен де басым тұрды қашан да.

— Киевтік «Радуга» журналының бас редакторы Юрий Ковальский украина әдебиетінің Иван Драч, Дмитро Павлычко, Владимир Яворивский сынды ақсақалдарының сізді «Бүкіләлемдік қазақ» деп атайтындығын айтыпты өз құттықтауында. Біз болсақ, өзіңізді қазақтың рухани әлемін төрткүл дүниеге танытушы ақтаңгер ақын  ретінде білеміз. Әлемдік Ұлы Көштен, дүниежүзілік дамудан қалыс қалмау үшін қазаққа не істеу керек, аға?!

— Бүкіл әлем жаһанданып жатқанда алыптардың аранына жұтылып кетпеу керек. Көштен қалып, көсегесін көгерте алмай жүрген мемлекеттер көп. Келешек жүзжылдықтарға есен-сау жетіп, төрткүл дүниенің дәулеттерімен терезесі тең тұрғаны қажет қазақтың. Ешкімге жалтақтамай, жасампаздық пен жеңіскерлікке ұмтылғаны қажет ұлтымыздың. Осыны ең ерен мұрат тұтып, тынымсыз еңбектену, үздіксіз іздену, ауыр дәуірлің тың игіліктерін игеру біздің болашағымызға аманат, бүгінімізге міндет болса ғана келешегі кемел Ел боламыз. Жиырма бірінші ғасырда бұдан биік мақсат жоқ қазақ үшін!

— 1975 жылы «Аз и Я» жарық көргенде Одақ билігі мен коммунистік партия басшылығы талағынан тарс айырылып,  қара бұлт үйіргені тарихтан мәлім. Әзілхан Нұршайықов өз естеліктерінде сол қиын сәтте сізге «Дінмұхаммед Ахметұлы  Қонаев араша түсті, қолдау көрсетті», – деген екен. Бұл оқиға шындығында қалай болды?

— «Аз и Я» баспадан шыққан сәттен үлкен дүрбелең  тудырып, ғылыми ортада талданып қана қоймай, толассыз талас пен тартыстың тақырыбына айналғаны рас. Одақ басшылығы бұл кітаптан кейін мені нысанаға алып, шығармашылығымды шынжырлап тастаған болатын. Оншақты жыл баспа бетін көрмеген кездер еді ғой бұл. Димекеңнің ағалық қамқорлықпен ара түскені де, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай  алып қалғаны да шындық. Жақсының жақсылығын айтпақ керек…

— Қадыр Мырза-Әліден кейін де сіздің поэзиязыңызды бірнеше ақын ініңіз қазақ тіліне аударды. Рухты жырларыңызға тәнті болып, мен де біршама өлеңдеріңізді тәржімаладым.
Аға, болашақта қандай шығармаларыңыздың ана тілімізде сөйлегенін қалар едіңіз?
Өз басым сіздің шығармашылығыңыз үлкен цензураға іліккенге дейінгі, 1973 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Повторяя в полдень» жинағыңызды аударар едім… Әрине, сіз рұқсатыңыз бен батаңызды берсеңіз…

— Иә, 1961 жылы шыққан «Арғымақтар» мен 1972 жылы жарық көрген Қадекеңнің аудармасындағы «Атамекеннен» кейін де бір топ інілерім мен ұлдарым өлеңдерімді ана тілімізде сөйлетті. Ұлықбек бастаған ақындардың аудармасы жүрегіме жақын. Алмат Исаділ, Ерлан Жүністей жүйрік ақындардың да аудармалары сәтті шыққан. Әлбетте, барлық еңбегімнің қазақ оқырманына ана тілімізде жеткені құба-құп болар еді. Ал менің мінезім мен рухымды айнытпай жеткізген өзіңе батамды былтыр бердім ғой, балам. Ақ жол!

—Бір сұхбатыңызда: «Біздің  басымызды данышпандар біріктірген, енді қайсыбір надандар арамызды ажыратпасын!» – депсіз.
Осы пікіріңізді  тарқатып  айтсаңыз…

— Бұл сөзімнің түп төркінінде қазақтың ұлттық  тұтастығы тұр. Трайбализм атты  дауасы кем, салар ылаңы көп дерт бар. Біздің Елге ең үлкен қауіп-қатер осыдан болмақ. Тарихта аты мен хаты қалған тарландар тұтас ұлт еткен Елді есі кеткен кесірлер мен көлгірсіген көсемдер бөлшектеп әлек. Бұл тексіздіктің ең азғын нұсқасы! Арсыздық пен абыройсыздыққа бастар төте жол да – осы…
Менің бұл сөзімді түбі бір түркінің тұтастығына қатысты қарастырып жүрген жүрегі таза қандастарымыз да қателеспейді. Бірлікте ғана береке бары анық!

— Сіздің шығармашылығыңызға поэзия мен ғылымның синтезі тән. Бұрын бізде болмаған бұл жолға қалай келдіңіз? Қандай күш осы тың бағытқа бастады екен сізді?!

— Ықылым замандардан бергі төл тарихымызға ықыласым ауған бозбала шағымнан түпкі тегімізді, байырғы бабалар жүріп өткен жолдарды, тілдің төркінін тануды мақсат тұттым.  Өзім түйсініп қана қоймай, өзгелерге танытуға талпыныс тың бағытқа бастады. Аталардың әруағына сыйынып, ат ізі, адам сүрлеуі түспеген түздерге беттегенде бұл ізденістердің болашағы беймәлім болды. Кейінгісі көпке мәлім ғой…

— Әлемдік әдебиет бір орында тоқтап тұрған жоқ, әдеби процестер үнемі ілгерілеу үстінде. Бүгінгі, ертеңгі қазақ әдебиеті, ұлттық поэзия қай бағытта дамуы керек?!

— «Әлем әдебиеті» деген түсінік жоқ, әлемдік әдебиетті құрайтын дербес ұлттық  әдебиеттер  бар. Уақыт озған сайын олар да даму үстінде болады. Оның кемелденуі, я, кері кетуі сол әдебиетті жасаушы қаламгерлерге байланысты. Бүгінгі қазақ қаламгерлерінің, әсіресе, жастардың көзі ашық, көп оқыған буын ғой. Бірақ өзгенің қаңсығынан таңсықтық танып, есіл уақыт пен бойдағы қабілет, қаламдағы қуатты ессіз еліктеудің жолында құрбан етіп алмаса екен деп тілеймін. Өзіндік бірегей бояуынан айырылған әдебиеттің болашағы бұлыңғыр… Ұлттық поэзия да даралығымен ғана жаңалығына жол салуы керек. Ілкіге іңкәр жүрек, ізденіс үстіндегі талант пен түйсіктің үйлесімі ғана – ізгілікке бастар баянды бағдар!

— Бүкіл әлемді алаңдатып, үрейде ұстап отырған  пандемияның зардабын біздің Ел де тартуда. Өзіңіз де бір сырқаттанып тұрдыңыз ғой, аға… Аллаға шүкір, айығып шықтыңыз!
Елдің, Адамзаттың болашағы не болмақ?!
Қалай ойлайсыз?

— Бұл зауалдың зардабын бүкіл әлеммен бірге біздің ел де тартудай-ақ тартты. Қандай азаматтардан, қазақтың қайталанбас тұлғаларынан айырылып қалдық. Арыстарымыздың ұлтқа бергенінен берері көп еді ғой… Баршасының иманы саламат болсын!

       Адамзат тарихында түрлі індеттер мен зауалдар орын алғанын білеміз. Жаратқан жар болса, бұл өршеленіп тұрған аты  өшкір аждаһаны да жеңіп шығамыз  түптің түбінде! Оған мен кәміл сенемін… Сендер де сенімдеріңді еш жоғалтушы болмаңдар, айналайын!

— Сіздің жас кезіңізде мықты спортшы, шебер боксшы болғаныңызды, студенттік шақта Мәскеуде есіміңіз дүрілдеп тұрғандығын үлкендерден естіген едік… Сол кездер жайлы айтсаңыз, аға… Бізге сіздің жүріп өткен жолыңыздың бәрі қызық!

— Айта береді ғой… Қосыңқырап айтпаса, қазақылық болатын ба еді?! Әрине, спортпен де бір кісідей айналысып, әжептеуір жетістіктерге қол жеткізгеніміз рас. Дегенмен дүниені дүрліктіру, Мәскеудің аңызына айналу мақсат болған жоқ. Ал іні-қарындастырыма қарайласып, қол ұшын созып, қорған болғанымызды елең етер ерлік санаған емеспін… Ол қаны қазаққа тән тәрбие мен тегімізде бар жігіттіктің жемісі ғана, сірә.

— «Желтоқсан көтерілісі» қазақ тарихының ең елеулі  кезеңдерінің бірі болса, 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасы» Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының қаралы беттері ғой… Елге осы тарихи оқиғалар жайындағы сіздей Абыздың пікірі қымбат!

— «Желтоқсан» да, «Жаңаөзен» де елдің есінде мәңгілікке қалады. Бұл жалғанда халықтың жадынан жасампаз жылнамашы жоқ! Санаға салмақ, сүйекке таңба болып түсті ғой, жуып-шая алмайды оны енді ешбірі… Адамға айқын дүние, Аллаға аян ақиқат сағаты соққан сәтінде ақтарылмай қоймайды. Ал ақиқат дегеніміз шыңғырып айтпайтын шындық қана…

— Сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз, Ағатай!  Лұқпан Хакімше мың жасаңыз!

— Сендер де көп жасаңдар!  Дендерің сау, рухтарың биік болсын!

Сұхбаттасқан АЛАШТУҒАН

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 01.06.2021 | 12:48

Алжас Амарович, қазақша білмейді деген сөз бекер екен ғой. Сұхбатта ағылып тұр екен. Мұның жанында аузымен құс тістеген шешендеріңіз жолда қалатын сияқты ғой)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір