Серік  ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.  МАХАМБЕТ ТУРАЛЫ ТОПТАМА
30.04.2020
1636
4

Қаройдағы ой
Түнереді Қаройдың қанды аспаны,

Ой үзілді, ұштасып, жалғаспады.
Сатқындардың, қинайды, төрге өтіп-ап,
Қапылыста жағаға жармасқаны!

Нағашы ма, жиен бе, қандас бәрі,
Өзгерді ме пиғылы, жолдас па әлі?
Ақшасы үшін сұлтанның, айдап салған,
Қалай қиып өлтірді нарқасқаны?!

Ақылдасып, келісіп, қамдасқаны –
Батыр басы… шауып-ап, ал қашқаны!
Басын алар батырдың батыл болса,
Майдан салып, неге ашық жандаспады?

Ақша тескен көкейін әумесерлер,
Аллаға емес, патша мен ханға сенген.
Балталарын сілтеді-ау, хас батырға,
Қаруларын ел қорып, жауға сермер.

Көп ой ұлып, миымда қанқақсайды,
Қисын тауып қайғыдан, жалғаспайды.
«Мен тірімін!» дегендей аспанда тек,
Жарқылдайды Махаңның алдаспаны!

Елес емес, көремін мұны шындай,
Құламайды Махамбет ұлы шыңдай.
Найзағайлар жаниды жігерімді,
Махамбеттің қайралған қылышындай!

Қаройдың қара жусаны
Қаройдың қара жусаны,

Қайғыдан қажып түнерген.
Махамбет қаны тамған жер,
Өзіңнен жастай сыр емгем.

Көлбеңдей өтіп көк сағым,
Дүбірдің көкте тұр шаңы.
Томсара қапты алыста,
Қымтанған мұңды құм шағыл!

Алау да жүзін нұр шалып,
Арша да мойнын қылша қып.
Елестеп өтті-ау, батырдың,
Қапыда кеткен бір шағы!

Тербеген желге мұң шағып,
Төбесін талмай күн шағып.
Қайғыдан қажып теңселді,
Қаройдың қара жусаны!

Арман да арман арман бел,
Әлекті тағдыр салған жер.
Махамбет ақын өкініп,
Қапыда, шіркін, қалған жер!

Жалғандық  арбай  бастаса
Шындықтың аршып қабығын,

Жалаңаш ұстап тұрғандай.
Түнекті серпер жарығың –
Хас батыр жазған жыр қандай!

Тірліктің күйі басқаша,
Қайтпайды зілсіз жасқасаң.
Махамбетті оқы, ағайын,
Жалғандық арбай бастаса!

Досың кім, байқа, қасың кім,
Кімге сыр айттың, ашылдың?
Махамбетті оқы, күйбеңдеп,
Қамын жеп кетсең басыңның!

Қайғырма жоққа, барға да,
Ұлт үшін болсын әр қадам.
Таусылмас тірлік әлегі,
Өзіңді өзің алдама!

Халқың бар бағың жандырған,
Халқым деп өтті сан құрбан.
Үлгі алғын таңның нұрындай,
Махамбет өткен тағдырдан!

Өтемістің он ұлы
Төтеп бердім дауылға,

Құламадым, теңселдім.
Қарамадым жауынға,
Талай жолды еңсердім.

Сөз арнадым қауымға,
Шын сөзіме ел сенді.
Суарылған жалынға,
Қында жүрген семсермін.

Бөкпесін деп ар мұңға,
Тасты құмдай үгіттім.
Өз ұятым алдында,
Сында жүрген жігітпін.

Татимын деп он ұлға,
Құлшынған зор дәмем бар.
Нар түйенің жолында,
Жүк қалмайды деген бар.

Жарасар ма жалғанда,
Жігітке ез, қор болған.
Тәуекелге барғанның,
Құдай жолын оңғарған.

Ауылы алыс мазақтың,
Намыс оты жаныса.
Әр жігіті қазақтың
Он жігітке татыса!

Тер төкпеген төрге озбас,
Қамал алмас қорғанған.
…Өтемістің он ұлы,
Жер қайысқан қол болған!

Батыр  баба  рухымен  сырласу
– Мүлт кеткенің жүрекке әлі батады…

Ашу алған көп жіберер қатаны.
Кек дегенде оққа байлау өзіңді,
Кектенгенді жөн емес деп жатады.

Талай құрған торды бұзып өтіп ең,
Талай жерде айла тауып кетіп ең.
Кектенем деп көрмеді ме жауды деп,
Әлі күнге өкінем.

Өлгеннен соң Исатайдай арыстан,
Небір жолдас жан беріп, жан алысқан.
Аласұрдың. Ешкім, әттең, ермеді,
Жөн болар ма ед, ханмен қайта табысқан…

От шалған соң қайсар қанаттарыңды,
Жаның күйді-ау, қайдан тағат табылды!
Хан да қазақ. Бекісуге болар ма ед,
Орындатып кейбір талаптарыңды..

Көздемедің отыруды жан сақтап,
Ұғам оны. Батыр жолы тар соқпақ.
Тек қапыда кеткеніңе өкінем,
Кешір, ойым, кетсе бұрыс, алшақтап…

– Келіспедік. Соңы дауға ұласты.
Содан бетке айтылды ғой жыр ащы.
Айтқанымды істемесең шабам деп,
Кектенгенім, серт бергенім рас-ты.

Хан дегенің тау секілді аталы…
Байлығында жоқ-ты менің шатағым.
Бір басыма жететін-ді байлығым,
Абыройым, ерлік, өнер, атағым.

Ханға қарсы тар соқпаққа түскен соң,
Тәуекел деп анттың суын ішкен соң,
Қарсы барын білсін дедім,
Әйтпесе,
Белгілі еді кермек дәмін татарым!

Айтшы, әр қазақ ата жолын қумай ма,
Бір құрбаны болу керек мұндайға!
Халық деген көреген бір қасиет,
Кей ұлдарын батыр қылып тумай ма?!

Ал, батырда тағдыр бөлек, қарағым,
Елемейді батыр жолдың азабын.
Көк байрағы көкте тұрса ешқашан,
Ерлігімді ұмытпайды қазағым!

Дей алмаймын: «Кегім кетті, өш кетті»
Көрсете алдым ердің сойын кескекті.
Бірақ, жауға қой мінезді қазақтың,
Басынғанды көтермесін ескерттім!

…Кек дейсің бе,
Кекке сауал жүрмейді,
Кек дегенің басы-көзді білмейді.
Кектенген жан қарамайды өлгенге,
Тірлік құнын қаперге де ілмейді!

Хан дейсің бе,
Хан қатесі мол еді,
Көптің қамы оның ойлар жолы еді.
Зар жылатып тартып алды жайлауын,
Шарт кеткенім сол еді.
Қарасы аш,
Өзі ғана тоқ еді,
Сүйенгені патша әскері, добы еді.
Жел сөзге еріп жұртын сатты желөкпе,
Кектенгенім сол еді.

Көшер жайлау,
Қонар қоныс қалмады,
Бар жақсыны Қарауылы таңдады.
Салық терген шенділері түрткілеп,
Айнала орап, аждаһадай жалмады.

Тума мінез,
Болат ем шарт сынатын,
Тыңдамады,
Ойламады ел мұратын.
Жұрт қиналды…
Мен емес ем, әйтпесе
Насыбайға өкпелейтін бір атым!

Талай ойды мына бастан өткергем…
Қара басын мақтатқанын жек көргем!
Казактарын қара құрттай қаптатып,
Ауылдарды бостырғанын кек көргем!

Талай дәмдес болғам бұрын бектермен,
Ісі дұрыс болса ханға беттер ме ем?!
Домалатып Исатайдай асылды,
Ат үстінен атқызғанда кектенгем!

Ішпеген су, баспаған жер басқызып,
Бейбіт жұртын дүрліктіріп, қашқызып.
Көр түрмеге қаматқанда кектенгем,
Үстімізден жалалы іс ашқызып!

Уа, дүние, өткем талай өткелден,
Көк сүңгімді күйдірмегем серт берген.
Сарбазымнан айырылып,
Қанатымнан қайрылып,
Сенделгенде кектенгем!

Менің ғана мансабым ба кек деген,
Ел ертеңі – арманым-ды көксеген.
Ұрпағыма бостандыққа жет дегем.
Басым тіккем ел үшін,
Жеттің бүгін!
Демек, босқа өтпегем!..

Махамбетті қайта жерлеу
     рәсімінен кейінгі ой
Қатар өткен жастық шағы тай-құлын,

Бір заманның еркін кешкен айдынын.
Қалайша ұғып, түйсінбеген Ықылас,
Махамбеттің жырларының айбынын?

Кәрі Жайық ізін шайып қайғының,
Құлағанда алақанын жайды құм.
Алып-ұшқан жас болған-ды олар да,
Алаңдатпас атақ, мансап, байлығың!

Аңғал батыр сезбеген жол айрығын,
Опасыздың аңдап болсын қай қырын.
Алдап соғып, басын шапты қапыда,
Іздеген боп қайдағы бір айғырын.

Достары көп, емес еді қассыз да,
(Қарғыс атқыр көрді қайта ашқызды, ә?!)
Қалай ғана білмеді екен, әңгүдік,
Махамбеттің жырлайтынын бассыз да!
1983 жыл.

ПІКІРЛЕР4
Аноним 04.05.2020 | 16:23

Керемет!

Аноним 04.05.2020 | 20:55

Оте керекмет жазылган,тамаша

Аноним 18.06.2020 | 11:53

Серік Жетпісқалиевтің газет бетінде жарияланған Махамбет туралы жырларын қазақ тарихында қайталанбас тұлға туралы жырлардың жаңа бір қырынан көрінуі ретінде қарауға болады. Өлеңдер ойлы, ақын жаны мен Махамбет ұранының ішкі одағын танытады. Бірін бірі толықтыра, тұтас дүние жасаған жырлардың негізгі ойы мәтін астарында, ақын айтпағы бірден мен мұндалап көзге түспейді, мұзтаулар сынды көрініп тұрғаны аз ғана бөлігі, ал жырлардағы ой тереңдігі тіптен бөлек. Сондықтан ақынға шығармашылық табыс тілеймін. Құрметпен Алдажар Әбілов

Аноним 22.06.2020 | 19:03

Алла разы болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір