Махамбет топырағында
17.06.2025
78
0

Атырау қаласына деген қызығушылығым Махамбет Өтемісұлының жырларына ғашық болып жүрген кезіме тұспа-тұс келді. Ұлы ақын, суырыпсалма жырау, өз замандастарын өткір жырларымен, жалынды жігерімен және даналық сөздерімен рухтандырған Махамбет қазіргі Батыс Қазақстан аумағындағы Бөкей ордасында дүниеге келген. Оның өмірі қиындықсыз, аласапыран оқиғалардан ада болуы әбден мүмкін еді. Махамбет — көзі ашық, білімді адам болған, бірнеше тілді меңгерген, тіпті шамамен бес жыл бойы Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің мұрагерінің тәрбиешісі қызметін атқарған.

Алайда ақынның көтерілісшіл рухы, халықты езгіге салған әділетсіздікке, билік пен патшалық әкімшіліктің озбырлығына көнбеуі, оны басқа бағытқа – ұлт-азаттық шаруалар көтерілісінің жетекшісі Исатай Тайманұлының жағына шығуға мәжбүр етті. Иә, ол шайқаста көтерілісшілер жеңілгенімен, олар рухани тұрғыдан жеңіске жетті. Махамбеттің туындылары тарих қойнауында мәңгілікке қалды. Ол өз жырларында шенді-шекпендіге жалтақтамай, сөзін бүкпей айтты. Халықты еркіндікке үндеп, ата-баба мұрасын сақтаудың маңызын ашып көрсетті. Айтпақшы, қазақ халық музыкасының көсемі Құрманғазының да Батыс Қазақстанның тумасы екенін айта кеткеніміз жөн шығар.
Кейде маған бұл жердің топырағының өзі озбырлыққа қарсы тұрып жатқандай көрінеді. Әйтпесе Ресейдегі шаруалар соғысының көсемі Степан Разиннің дәл осы жерден парсы жорығын бастағанын, кейін Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі дәл осы топырақта тұтанып, көптеген бекініс, зауыттар мен казак станицалары көтерілісшілер жағына қуана-қуана өткенін, кейін көтеріліс басып-жаншылғанымен, 1775 жылдың қаңтарында Екатерина II көтерілісші Емельянның есімімен байланысты жер-су атауларын географиялық картадан жою үшін Жайық өзенін Орал деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойғанын басқаша қалай түсіндіруге болады? Алайда атауларды қанша жерден өзгертсең де, ақиқаттың отын өшіре алмайсың.
Ұлы Отан соғысы кезінде бұл өңір соғыстан тыс қалып, негізінен, тылда еңбек етті десе де, шын мәнінде, соғыстан аз зардап шеккен жоқ. Өйткені сол кезеңде Атырау облысында болған оқиғалар алғашқы тұжырымды көп жағдайда жоққа шығарады. «Барбаросса» жоспары бойынша неміс қолбасшылығы Оралға дейінгі аумақтарды тез арада басып алуды көздеген. Жалпы, мұрағат­тық материалдарға сүйенсек, жау Қазақстанға, әсіресе Атырау (сол кездегі Гурьев) сияқты мұнайлы аймаққа ерекше мән берген. Бір ғана облыстың қойнауында қаншама табиғи байлық бар! Гитлер «Еділ-Орал мемлекеті» деп аталатын құрылым жасауды жоспарлаған. Сол тұстағы Батыс облысы қорғаныс комитетінің ерен еңбектерінің бірі – неміс әуе шабуылдарынан тек құрылыс нысандарын, ауылдарды, аудандарды және қаланы ғана қорғап қоймай, сонымен қатар жаудың диверсиялық әрекеттерін де дер кезінде тойтарып отырған.
Демек, Атырау – тағдыр жолы қиындыққа толы, бірақ тарихы бай қала. Ол Жайық өзенінің сағасындағы ағаш бекіністің іргетасын қалап, осы қаланың негізін салған Гурий Назарьевті, оның ұрпақтарын да, алғашқы балық шаруа­шылығын дамытушыларды, Степан Разиннің көтерілісін де, Емельян Пугачёвтің қозғалысын, тіпті жергілікті тұрғын үйлерді салуға тартылған Вермахттың тұтқын әскерилерін де ұмытпаған. Мұның бәрі – Жайық өзенінің жағасында орналасқан бір ғана қаланың тарихы.
Атырау менің отбасылық өмірімнің де бір бөлігіне айналып үлгерді. Шамамен жиырма бес жыл бұрын әпкем Татьяна арғы аталары Бөкей ордасынан шыққан адай жігітіне тұрмысқа шықты. Содан кейін әпкем күйеуінің кіндік қаны тамған жеріне қоныс аударды. Талай рет әпкеме қонаққа барамын деп уәде берсем де, әр жолы сапарымды кейінге шегеруге себеп табыла беретін. Бұл жолы, міне, Қазақстан Жазушылар одағының кезекті Пленумы дәл осы Атырауда өтетіні мен үшін маңызды себеп болды. Пленум өтетін қала ретінде Атыраудың таңдалуы да кездейсоқтық емес, өйткені жиынның тақырыбы – еңбек адамын, жұмысшы бейнесін көркем шығармаларда бейнелеу болатын. Ал Атырау – еліміздің өндірісінің жүрегі. Мұнда алғашқы мұнай өңдеу зауыттары, мұнай жабдықтарын шығаратын зауыт және республикадағы ең ірі балық консервілеу кәсіпорны бой көтерген. Осылайша, Жазушылар одағының пленумы менің іссапарымды әпкеме бару туралы көптен бергі арманыммен тоқайластырып жіберді.
Атырау мені өзіне бірден баурап алды. Бұл – адамдары «Еуропада тұратын, бірақ Азияда жұмыс істейтін» қалаға алғаш келуім. Тарихи тұрғыда Жайық өзені «мұнайлы астананы» екіге бөліп жатыр: бірі – еуропалық (Самар бөлігі), екіншісі – азиялық (Бұхар бөлігі). Атырау – сегіз көпірі бар қала: мұнда бір теміржол көпірі, автокөлікке арналған алты көпір және арнайы жаяу жүргіншілер үшін салынған бір көпір бар. Өкінішке қарай, жұмыс кестеміз тығыз болғандықтан, бұл жаяу көпірмен серуендеуге мүмкіндік болмады. Бірақ оны Жайық өзенінің төсіне мініп шыққан ақ кемемізде отырып, ақын-жазушылардан құралған делегациямен бірге серуендеп жүргенде көрдім. Біз ән айттық, өлең оқыдық, құдды бір-бірімізді бұрыннан танитындай әсерде болдық. Жалпы, бұл жақтың халқы – ерекше қонақжай халық. Тіпті өмірімде алғаш рет үйге қайтқан соң, өзім ұнататын көйлегім үстіме сыймай қала ма деп қорықтым. Өйткені иелері ақ ниетпен жайып отырған дастарқаннан дәм татпай кетуге болмайтын сәттер көп болды.
Пленум жоғары деңгейде өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, оларды насихаттау жөніндегі үндеуі нақты әрекетке шақыру ретінде қабылданды. Біздің Басқарма төрағамыз Мереке Құлкенов бұл міндетті: «Бүгінгі қазақ жазушыларының міндеті – опырайып тұрған олқылықтың орнын толтыру, қазақтың қарапайым еңбеккерінің әлемдік деңгейдегі көркем бейнесін жасау… Құдайға шүкір, қазақ әдебиетінде аса талантты жазушылар мен ақындардың тегеурінді тобы қалыптасып келеді. Олардың міндеті – мың өліп, мың тірілген қазақ деген халықтың тағдырын, ержүрек мінез-құлқын суреттейтін, кезінде бүкіл әлемді мойындатқан Әуезовтің «Абай жолындай» кесек туындыларды дүниеге әкелу», – деп айқын тұжырымдап берді.
Шынында да, жұмысшы мамандықтарының имиджін әдебиет арқылы көтеруге болады. Ол үшін тек кәсіптің қызықты жақтарын көрсету аз, жұмысшының кәсіби шеберлігін, талантын, қоғамдағы орнын маңызды әрі құрметті етіп бейнелеуіміз керек. Оның үстіне, бұл бағытта біздің әдебиетіміздің тәжірибесі де жеткілікті.
Қазақстанның мұнай өнеркәсібі – ұзақ әрі даңқты тарихы бар сала. Бұл саланың негізін қалаушы Сафи Өтебаевтың есімі Атырау мұнай және газ университетіне берілген. Дәл осы оқу орнында технологтер, инженерлер, геологтер даярланады. Алайда, өкінішке қарай, еліміздің басқа өңірлерінен келіп білім алғысы келетін жастар саны онша көп емес. Жастарды бұл салаға қалай тартуға болады? Мәселе тек жалақының көптігінде емес, мұнда рухани құндылықтар да маңызды. Сол рухани құндылық дегеніңіз – өнер. Өнер әрдайым қоғамға ықпал ететін қозғаушы күш болып келді. Сондықтан алдағы уақытта еңбек адамының лайықты орнын қайтаратын шынайы әдеби туындылар дүниеге келеді деп сенемін.
Іссапар барысында біз көптеген нысанда болдық. Мысалы, барғаннан кейінгі екінші күні KPI газ-химия кешеніне ат басын тіредік. Бұл кешен өзінің ауқымдылығымен де, заманауи жабдықтарымен де баршамызды таңғалдырды. Мұнда бүгінде Еуропа елдері сатып алып жатқан полипропилен өндіріледі. Ал Еуропа – бағадан бұрын сапаға назар аударатын талапшыл тұтынушы. Мен сол жерде бір қызметкерден сұхбат алдым, ол жақын арада «Простор» журналының келесі санында жарық көреді.
Делегациямыздың құрамындағы ер адамдар Махамбеттің мазарына барып қайтты. Бұл мазар Индер ауданында орналасқандықтан ол жерге жету үшін бірнеше сағат бойы шаңды, тақыр жолмен жүріп отыру қажет. Сол себепті әйелдерді қонақүйде қалдыруға тура келді. Шынымды айтсам, ол жерге бара алмағаныма қатты өкінемін. Сол зиярат кезінде «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров өте шынайы, жүректен шыққан өлең жазды. Оқырман назарына өлеңнің түпнұсқасын ұсынып отырмын:

Махамбету

А степь бескрайняя пылила,
Дорога кочками полна.
Мне наплевать на это было,
Вела лишь цель меня одна.
Я поклониться Махамбету
Хотел среди степных могил.
Мне было нужно, как поэту,
Чтоб он меня благословил.
У каменного мавзолея
Молитва льется на сто миль.
И коршун кружит, свод белеет,
Стихами шепчет мне ковыль.
Благослови меня, Великий,
Дай словом жечь сердца людей.
Он отвечает мне с улыбкой:
«Ты путь нашел свой, будь смелей!»
Ал біздің журналдың бұрыннан бергі досы, сүйікті ақындарымыздың бірі, шығармаларын қуана жариялап жүретін Иранбек Оразбаев мынадай бір сыр шертті: «Аруақтар тірі. Біз оларға сенсек те, сенбесек те, олар әрдайым біздің жанымызда. Сынақ сәттерінде бізге ескертіп, жолымызды ашып, сәттілікке себепкер болып отырады. Біз Махамбетке барған кезде, бәріміз де оның рухын сезінгенімізді сеніммен айта аламын. Ол бізді қолдап, батасын берді». Айтпақшы, Махамбет мазарына барған сапардан кейінгі күні-ақ Иранбек Оразбаевқа «Махамбет» атындағы Халықаралық әдеби сыйлық табысталды. Демек, өз дәуірі­нің ақиқатын айтқан ұлы ақын біз­дің ақынды, шын мәнінде ақ қолдаған екен.
Махамбетке бара алмағанымнан бөлек тағы бір нәрсеге – Сарайшыққа бара алмағаныма өкінемін. Бұл — Атырау­дан елу шақырымдай солтүстікте орналасқан ортағасырлық қоныс. Сарайшық Алтын Орданың ең ірі қалаларының бірі болған. Археологиялық қазбаларға қарағанда, бұл — жоғары мәдениеті дамыған қала болған: керамикалық құбырлардан жасалған ерекше су құбыры мен кәріз жүйесі, металлургия және қыш өндірісі, мешіттер, моншалар, кер­уен сарайлар болған. Шығысты Батыспен байланыстырып жатқан стратегиялық орналасуы Сарайшықты сол заманда ірі сауда орталығына айналдырды. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылардың бастары тоғысатын. Қала көшелерінен қытай, түркі, араб тілдері естіліп, итальяндық саудагерлер мен Хорезмнің көпестерін кездестіруге болатын. Сарайшықтың тек сауда ғана емес, саяси орталық та болғанын кейін білдім. Дәл осы жерде Алтын Орда хандарының бірқатары таққа отырған, ал Ноғай мен Қазақ хандығының бірнеше билеушілері осында жерленген. Келесі сапарымда бұл тарихи мекенге міндетті түрде баруға ниет еттім. Қош бол, Атырау! Қайта жолыққанша!

Наталья Горячева,
«Простор» әдеби журналының
мәдениет бөлімінің меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір