КҮЗГІ РАПСОДИЯ… (топтама)
18.09.2022
2035
0

Исраил Сапарбай

Бүгін бақтар
Кешегі күнін жоқтар…
Мынау тылсым һәм гүлсім дүниеде
Біздер естіп,
білмеген мың ырғақ бар!
Ерініңе момақан мұң үйіріп,
Серігіңе сен де, еркем,
сырыңды ақтар.

Сырыңды ақтар,
Арайлым, аппағым-ау,
Саржапырақ саулаған
шақта мынау.
Гүлі көркем маңайда мизам маңып,
Бүгін-ертең қонады баққа қырау.

Баққа қырау қонады,
Түзге моншақ.
Бал күндерді жүрерміз іздеп, аңсап…
Қоңыр күздің, қарғам-ау, кінәсі не,
Жас пен шыққа кірпікті
біз де малсақ?

Кірпігіңді, жаным-ау, жас шылаған
Тағы да бір талаурап қақшы маған?..
Арзуына ақынның кім «әу» десін
Тақ сұрамай,
Тәңірден бақ сұраған?!
Арзуына ақынның «әу» де, гүлім,
Өтсін, кетсін кешегі әурелі күн…
Көкке алақан жаяйық,
Жапырақ пен
Ұстай алмай саулаған сәулені мың.
Жолайырық
Орманымды өрт жалап,
Айтақырға ауыстым.
Қыз-қырқынға көп қарап,
Көз майымды тауыстым.

Жан-тәнімді тырмалап,
Қыңсылайды итше өлім.
Жамылғысы бір қабат
Зардөштімін Ницшенің.

Көңілімнің ауанын
Алқалайды басқа әлем…
Тағдырымның тауанын
Таңбаладым тасқа Мен.

Сезім кейде шала мас,
Ақыл кейде таскерең.
Алды-артына қарамас
Айға ұмтылған жас перен!

Не көрмеді жазған бас…
Керек етпен Емшіні!
Кірпігімнен тамған жас –
Кіндігімнің көлшігі.

Жаңғырығы жапанның –
Біржан дауыс, Ақан зар.
Қайғысындай Қаһанның
Қара баста мақам бар:

«Муза орнына мұң көсеп
Отырғаным кімге сеп:
Есекке де мінбесек,
Есепке де кірмесек…»

Бейішіне бет алғай
Мәйін мақам, маржан жыр.
Ел-жұртына жете алмай
Енесайда Мағжан жүр…

Етек-жеңі еңістей
Көз алдымда күнде Абай.
Кеңсірігі кебістей
Махамбет қой күллі Адай!!!

Біле жүргей жеткіншек
Қан-жынымды қазбалап:
Өмір маған – өткіншек,
Өлім маған – әз қонақ…
Тәркі дүние
Жаппар Ием кең құшағын ашқанда
«Жанпидалап» мен де ұшармын
аспанға.
Жарықты да, жалғанды да тәрк етіп,
Не жетеді Алтықаттан асқанға?!

Осынша жыл жер басқаның бекер деп,
Шекеріңе шер қосқаның жетер деп;
Алла мені анашымдай әлдилеп,
Қос қолымен қолтығымнан көтермек.
…Қайран, күнім,
Қара жерді шаңдатқан,
Жамырарсың қозы-лақтай жан-жақтан.
Мен тұрармын мең-зең күйден арылмай
Жөн сұраған жолаушыдай қаңбақтан.

Көзден ұшып:
Анау бақ пен мына алап,
Алды-артымды алмағайып түн орап:
Ай, жұлдыздай телмірермін төменге
Ақша бұлттың арасынан сығалап.

Көңілімді толтыра алмай ортайған,
Ақылым мен таусылғандай ерте айлам.
Қауметі көп, әулеті аз Анам-ай,
Қайтсем екен қабырыңды томпайған?..

Ғұмыр мәнсіз,
Тағдыр әлсіз,
Бақ тайғақ.
Түсіме еніп жабағы тай, ақ тайлақ..,
Қараша үйге түзу ұшқан түтіні,
Енді қайтып оралмасым Хақтай хақ.

Күн кешегі жадау жетім жас бала
Жаутаңдар-ау жанарынан жас тама.
Есігіңнен есейгенде еніп ем,
Сен де есен бол – нақұрыстау нас қала!

…Жаппар Ием кең құшағын ашқанда,
«Жанпидалап» мен де ұшармын аспанға.
Жарықты да, жалғанды да тәрк етіп,
Не жетеді Алтықаттан асқанға?!
Түс
Түн.
Самала…
Ой ұшқыр,
Санам жарық!
Күдік, күмән күндізгі қараң қалып;
Уылжыған үміттің аясында
Ұжымаққа келемін Анамды алып.

Қанатымның астында қара тұман
Қас пен көзді айырған тағатынан.
Қанатымның үстінде – Ғазиз анам,
Сәбидейін сарыуыз жаңа туған.

Ұшып келем…
Не деген ұшқыр едім?!
Айқара аспан,
Ай, жұлдыз – Тұскілемім.
Самұрықтың ұясы Сәуір білем,
Сан мақаммен сайратқан құстың елін!

Сәуір айы…
Мезгілдің ұлы сәні!
Қорымжайдан қоймалжың бу ұшады.
Көк пен жердің арасы қайта түлеп,
Көкжиекте Жан мен Тән ұғысады.

Көкжиекте Жан мен Тән қауышады:
Көктем айға,
Ай жазға ауысады.
Өлі менен Тірінің күні туып,
Сәрі уақ пен Әруақ табысады.

…Самала түн,
Ой ұшқыр,
Санам жарық…
Күдік, күмән күндізгі қараң қалып;
Уылжыған үміттің аясында
Ұжымаққа келемін Анамды алып…
Шағырмақ
Борсық шіркін боқ тастап бозаң белге,
Қона ма деп қорқамын тозаң көлге.
Алла берген ырзығым аз болғандай
Айға қарай қолымды созам кейде.

Көк аспанның көйлегі шұрқ тесік.
Күлтөбеге шығамыз күліп, бөсіп.
Көкбөрінің ұрығы Ұранхайдан
Айдалаға барады ұлып, көшіп…

Қашыра алмай ұйқысын Ұлы Дала,
Сығырайып қарайды шұғылаға.
Бір Құдайдан басқаға
басымды имей,
Құлатамын құлқымды құбылаға.

Күннен-күнге көңілім кедейленіп,
Өз жұртымнан барамын өгейленіп.
Талағынан қан түгіл
тамшы тамбай,
Бұлт та бүгін безерді бедеуленіп.

Ару бикеш айрылса алқасынан,
Қара бала қайырсыз қалқасынан…
Шолақ көйлек шорт келін,
Шолжаң қыздай
Ай да бүгін туыпты шалқасынан.
Балдай тәтті тіршілік
байға ұнайды,
Қатын-қалаш қарғайды қай құдайды?
Аспантөрде жұтынған жұлдыз анау
Жезөкшенің көзінен айнымайды!

Түйеқұстай жасырған құмға басын,
Жазған жүрек,
Несіне мұңданасың?
…Қабағына бұлттың қан ұйытып
Қап тауына батырды Күн қарасын…
Мұң
Жаныма біреу келіп үңілсе етті…
Ай да анау маңайыма мұңын септі.
Көсіліп көрпе ішінде жата бермей
Көйлегі көкжиектің түрілсе етті?..

Ақшамның ақ тұманын Үміт кешіп,
Барады тауға қарай бұлт көшіп.
Кедейдің жұртта қалған лашығындай
Аспан да алашұбар, шұрқ-тесік.

…Қасыма біреу келіп тіл қатса етті,
Жегі мұң жер түбіне шым батса етті.
Зәуза ма,
Шегіртке ме,
Шерменде ме..,
Шерімді шексіздікке тыңдатса етті!

Мәйін үн,
Майда лебіз,
Мақам кәні?
Шайтан шу,
Сайқал сәйіл шаһар маңы.
Жүрегін жұрт орнына жұт жайлаған
Жалғыз жан мен болармын жапандағы?!
Мұң,
Мұң,
Мұң,
Таусылмайтын тағы да мұң…
Құдай-ау, үңіледі жаныма кім?
Ұйқымды мың бір түнде мың бөлсе де
Мен, бәлкім, сол бір жанды сағынармын?..

Көбелек,
Масайраған майса гүлде
Қанатын қайтеді екен жайса бірге?
Мойнына алқа тағып берер едім:
Қалды екен Қаракөзім қай сәуірде?

Көз емес..,
Көз дегенім – көл ме тұнық?
Қалыпты-ау қапелімде жел де тынып.
Құдай-ау, кімді іздеймін бұл фәниден
Аяғым аспанда емес, жерде тұрып?
Бағзы мұң,
Байызсыз күн,
Батпан дене…
Бір хабар келмей жатыр Хақтан неге?
…Тағы да түн жамыла түсіме енді
Батқан Күн,
Тұңғиыққа батқан кеме…

***
Аламан жазым атыраптан көшіп,
Апыр-ау, қайда жөнеген?
Саулаған сарғыш жапырақпен қосып
Өртесем бе екен сені, Өлең?!

Көл-көсір көңіл көлге айналатындай
Көзімнен жасым бұршақтап!
Кеткен жеріне келмей қалатындай
Кеудемнен қашқан бір соқпақ.

Қараспан сынды Қарашадағы
Қатпарым менің қап-қалың.
Кімдерді кімнен арашалады
Қағазға түскен «шатпағым»?

Аңыздай күндер жамырап алдан,
Арманым қайда Айға ұшқан?
Аралдай қаңсып адыра қалған
Кім медет сұрар байғұстан?

Маған да жылау,
Саған да жылау,
Жамылғың қайда Тал, Қайың?
Соқпақсыз созаң сонарға мынау
Соғылды-ау келіп маңдайым…

…Аламан жазым атыраптан көшіп,
Апыр-ау, қайда жөнеген?
Саулаған сарғыш жапырақпен қосып
Өртесем бе екен сені, ӨЛЕҢ?!

***
Кеудем қуыс,
Жүрегім жоқ,
Қайда ұшқан?
Алдап, арбап әкетті екен қай дұшпан?
Қуыс кеудем,
Іші ақборан, аңызақ…
Алпыс екі тамырдың да қаны жоқ.

Ашық-шашық,
Көкірегім бос, қуыс.
Қайда кеткен қараң-құраң дос, туыс?
Айдалада,
Айла-амалы құрыған
Көкбөріге күлуші едім ұлыған…

Құдайым-ау,
Білсем етті мен байғұс:
Екі көзді шоқып жатқан қандай құс?

Жалғыз жүрек,
Жалғыз ғұмыр,
Жалғыз жан –
Жауһарым-ай, әлімсақтан алғызған…

Азар болса құны, пұлы бір шамдық
Жүрексіз де жүр дейді ғой мың-сан жұрт.

Мен сенбеймін!
Көнсең, мейлің, ондайға.
Жүрек керек..,
Бірақ, бірақ, Ол қайда?

…Жүрегім жоқ,
Кеудем қуыс,
Тән өлі…
Тек көңіл бар әлденеге дәмелі…
Елес
(реквием)
Жұлдызға төсеп кеудемді,
Тілдесіп көкпен көңіл күй,
Ынтызар, ыстық бейнеңді
Түсімде көрем мен ылғи:

…Желбіреп әппақ желеңің,
Өзіңмен бірге Ай қонар.
Өзегі талған өлеңім
Өліп те өшіп аймалар.

Қайдан да келдің деместен,
Манаурап жатқан масаңдай:
Танармын мүлдем мен естен
Көзімді жұмған аша алмай.

Шашымнан сипар жел лебі,
Мойныма тұмар тағардай.
Бесікке бөлер жер мені
Бейнеткеш әзиз анамдай.

Дертіне дауа денемнің
Шашбаулы жаздың шалғыны-ай!
Аузында айдай әлемнің:
«Әлди де әлди, әлди-ай…»

Татқызған дәмін шербеттің
Атқанша ақ таң қалғымай
Аузында күллі жер-көктің:
«Әлди-ай, әлди, әлди-ай»…

Жатармын марғау халде мен
Маза алған мәйден масаңдай.
Жай тауып бір сәт жан-денем,
Көзімді жұмған аша алмай.

Ләззатың
Күлкің… бәрі есте,
Не шара у-зәр ішкенмен?
Жүрегім – құйттай нәресте
Кеудемде жатып түс көрген…
Ностальгия
Ашыса ішім іріп айрандайын,
Қалайша қамсыз, мұңсыз сайрандайын?!
Қалың ну – Қарағайдың қалқасынан
Қарайды қамкөңілмен, қайран, Қайың.
Қайың-Қыз,
Сен жалғыз да Мен жекемін,
Жел өті,
Жер шетінде ел, мекенім.
Қош айтан көгілдірі көңілімді
Көзіңнен аққан жаспен емдетемін.

Көз жасың – кермек емес, шырын сөлің
Ежелден ем екенін білуші едім…
Анадан егіз туған періштедей
Айнамнан айнымайды-ау түрің сенің!

Сол Айнам…
Қылығы ерке, сыры қанық
Әкеткен жүрегімді жұлып алып.
Өзімді жылатам да жұбатамын
Кеудемде қос жүректің жүгі қалып.

Сол Айнам…
Кірпігіне жас тұндырып
Дертімді кете барған асқындырып.
Жоқтаймын жүрегімді…
Көктем сайын
Көкеділ көкірегімде тасқын жүріп!..

Жүрек жоқ…
Қуыс кеуде,
Құр сүлдерім.
Құлазып, кімге керек күрсінгенім.
…Бар болса жер бетінде сол бір Мұңлық,
Жетектеп жетімімді жүрсін менің…

***
Жылатуға келгенде, қайран қазақ,
тым шебер:
Жан-жүрегің езіліп,
Жанарыңда Күн сөнер.
Жапырайған жаппаңа жан
баласы жуымай,
Түлен түрткен немедей түндігіңе
түн шөгер…

Жұбатуға келгенде, қайран қазақ,
бек шебер:
Жақының кім?
Жат қайсы?
Осындайда екшелер.
Қабағыңа қара аспан төніп
тұрған шағында
Сөз тиегін ағытар төрдің көркі –
Кекселер.

Қара сөзден балқытып бал
құйғанда таңдайға,
Өшті деген шырағың қайта
емексіп жанбай ма?..
Кім біліпті жалғанда
жазылғанын маңдайға,
Тәңір біреу болғанмен тағдырды
адам таңдай ма?

«Қатын өлді – қамшының сабы
сынды» дегенмен,
Оңашада көз жасын ағытармыз көгеннен.
Еріп жүрер жаныңда Елігайың болмаса,
Ер де жетім ереймен,
Елдің қамын жегенмен.

«Жетім қозы отығар,
Отығар да жетілер…»
Алмас қылыш қимылсыз қында
жатса кетілер.
Ащы-тұщы тағдырдың дәмін
татқан азамат
Өзегінен өрт тамып өкінер де бекінер!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір