МАХАМБЕТ­ТІҢ ЖЕБЕСІНДЕЙ МЕҢДЕКЕШ
04.02.2023
770
0

.…Қазағым әлі туарсың біздей,
Қаһармандарды қайталап.

Қан құсып өткен күндердің құны
Қап, бәлем, сонда қайтар-ақ.
Қараңғы түнде еміс те еміс от көрсең,
Қаһарман ұрпақ! Сен оны
Қалтыратпай қайта жақ!»
Меңдекеш Сатыбалдиев, «Махамбет­тің монологы».
* * *
Ақкиізтоғайдағы ағаш шебері Сатыбалдының үйінде, отыз жетінің қоңырқай күзінде бір ұл бала дүниеге келді. Әжесінің, әке-шешесінің де ортақ баласы – жалғыз ұл сол зұлмат жылдардың өзінде де қаққы көрмей өскені хақ. Жалғыз ешкінің сүті де, шаңырақтың бір күндік азығы жарты таба нанның қомақты үзімін де жас баланың аузына ұстаған. «Екі шалдың ортасындағы бала– дана болады» дегендей, олардың баласы да, данасы да – осы Меңдекеш. Күлгені, сөйлегені, жүргені – бәрі де оларға бір мереке.
Жас балаға мынау табиғат, анау аспан мен күн, жымыңдаған жұлдыздар, тіпті шегірткенің шырылы, күшіктің үргені, мысықтың мияулағаны да бір жұмбақ әлем болатын. Ол кезде Шыған-тоғымда бір кездесетін бота мен құлынның мұңды даусы, сазды үні жас баланың қиялын қозғап, өзі де бота боп боздап, құлынша құлдыраңдап кететін.
1941 жылдың жазы. Сұрапыл соғыс кезі. Осындағы отыз үйден отыз азамат майданға кет­ті. Кейін бұл жайт­ты ақын былайша жырлады:
Отыз боздақ атқа қондық,
Отызға жетпейтіндер.
Отызға жете қалсақ,
Орман боп көктейтіндер.
Отыз боздақ атқа қонды,
Отыз ошақ қалды арт­та.
Отан-Ана, ақсар болсаң
Отызымыз айналамыз балдаққа.
Отыз боздақ атқа қондық,
Отыз үйдің еркесі.
Отан жүгін көтереді
Отыз нардың өркеші.
Атан жіліктей азамат­тардың орнын шал-кемпір, бала-шаға басты. Таңның атысы мен батысына дейін егіндікте қауырт жұмыс тоқтамайтын. Бұндайда Меңдекеш Қараш төбедегі жарлы лашықта жалғыз қалатын. Сол жазда ол төрт жасқа шыққан еді. Ай туа әке-шешесі үйге келсе, баласы жоқ. Сатыбалды күрегін босағаға сүйей сала, зәре-құты қалмай, айналаны, қуыс-қуысты қарайды. Ойнап жүріп бұта түбіне ұйықтап қалды ма деп те ойлайды. Ескі нанымдағы ата-ана «пері көтеріп кеткен жоқ па екен» деп те аласұрады. Апыл-ғұпыл жүгіріп, селеудей селдіреп қалған киіз үйлерге жүгіреді.
– Ойбай, әлгі бала жоқ!
– Көргендерің бар ма?
– Қой, байғұс, не дейді?!
– Япыр-ай, жазым болмаса жарар еді?!
Содан үміт, күдік аралас іздеу басталды. Қаршадай баланы қарамаған жер жоқ. Нағашысы Шәдір ақсақал да үйінде байыз тауып отыра алмай, Жем жағалап іздеуге шықты. Шыңдауыл тұсындағы су жағасынан ағараңдаған бірдеме көрінді. Жақындаған сайын жан иесі екендігі, қимылдағаны байқалады. Кәлимаға тіл келтіріп, жедел басып жанына келсе, Сатыбалдының жүгермек жас баласы екен. Шошытып алмайын деген оймен жақындап келіп:
– Айналайын, жай отырмысың, – деді.
– Қызық! Қызық! Тамаша! – дейді бала.
– Ата, көрмеймісің? Керемет қой!
– Нені?.. Ақсақал секем ала бастады.
– Ана балықтарды, шабуылшы балықтарды, – дейді бала.
Аузын арандай ашқан ақ серкелер, шоршып-шоршып жүйткіген шортандар шабақтарды тарыдай шашыратып, қуып жетіп, қылғытып жүр екен. Бауырлары жарқылдап, толқынды жарып өтіп, жай оғындай ойнақ салады. Тышқан аулаған мысықтай епті де, еркін көсіледі. Осы көрініс бала түгілі, ақсақалға да қызық көрініп кет­ті.
– Ата, мен су астынан бәрін көріп отырдым. Жансауғалап қашқан шабақтар – фашистер де, азулы шортандар – біздің сарбаз ағалар емес пе?! Асықпашы, жауын талқандап шықсын, осында отыра тұрайықшы, – дейді бала өз қиялына өзі сеніп. Ақсақал бармақтай баланы жар басынан, мынау су астындағы күрес әлемінен, өз қиялының шындық сенімінен оңай ажыратып алмасын сезді.
– Жарайды, сенің тереңдегі теңсіздікті – жауға, ерен ерлік қимылды– батырларға теңеуің әбден-ақ орынды екен. Дұрысында солай, біздің елдің майданда жеңіске жететіні анық. Ертең бұл сурет­ті көрсетуге суға өзім-ақ ертіп келейін, әке-шешең іздеп, әлек-шәлегі шығып жатыр, жүр, – деп қолынан ұстап, ауылға бет­теді. Сатыбалды баласын өліп-өшіп бауырына басты.
– Ана жақта біздікілер фашистерді қырып жатыр, – деп Жемге қарай қолын шошайтады, әке жазған бірдеменің шалығы тиген бе деп, одан сайын үрейлене түседі. Баласының оқшау, оқыс сөздерінен, бір зат­ты екінші затқа балап ұқсату машығынан әкесі секем алып, жалғыз ешкінің жалғыз лағын садақа қылды. Енді еркесінің әрбір қылығын қалт жібермей қадағалауға айналды. Меңдекеш беймаза, еліктегіш, елгезек боп өсіп келе жат­ты. Үй сыртына өскен шидің басы желмен ызыңдаса да, жас бала содан әуен іздеп, әдемі күйге түсті. Шидің де күй тартатын не кереметі бар деп ойлады. Шынында, шидің қобызша құбылып үн шығаратынын кім білген?! Ал сезімтал Меңдекешке солай байқалғаны анық жай еді.
Бірде әкесі қарағай шауып, кішкене домбыра жасап беріп еді, ол соған даланың сан алуан дыбысын түсіруге тырысып бақты. Тапқан әуеніне өзі ат қойып, шерте жөнелгенде, үй-іші кәдімгідей арқаланып:
– Өркенің өссін, қарағым!
– Өнерпаз боларсың-ақ бір күні, – деп мәз болатын.
Бес жасында қара домбыраны қаз дауысынша қаңқылдатқан Меңдекеш аз ауылдың көңіл аулар домбырашысы болды. Кешкісін оның үзіп-жұлып тартқан күйіне «бәрекелді» айтысатын. Жұрт «ал, баста» дегенде, бұл екі иығын ұшар құстай қомдап, балғын саусақтары домбыра пернесінде жедел қозғалатын. Оған десе, саз домбырадан шығып жатқан жоқ, өз көкірегінен, тынымсыз соққан жүрегінен шығып жатқандай көрінетін. Ол алты жасқа келгенде, ата-анасының айтулы қолқанаты болып алды. Әкесі мен шешесі жұмысқа кеткенде, алдарынан шай демдеп қояды. Қолы қай іске де икемді. «Шығыр айдаған шымыр бала» да атанды. Колхоз басқармасының атын өріске жіберіп, таңертең алып келу де оның мойнында болды. Мұны ол атқұмарлығынан істеді, оған бұл жұмысты таңған ешкім де жоқ еді. Кейде қысқа қашықтықты атпен шауып өтуді армандайтын. Оның бұл талабын ат иесі орындай салатын.
– Өкпесін қыспай, баппен айда, – дейтін.
– Жарайды, аға, – деп елпілдейтін бала.
Шауып келе жатқанда, ол өзі жауды қырып келе жатқандай қызынатын. Қамшысын ауаға сілтеп, алабұртып айқай салатын. Бұдан екі жыл бұрын су астындағы майда шабақтарды – фашистке, азулы шортандарды – жауынгер ағаларына теңегендей әсер, атқа мінсе, арқасын қоздыратын. Қай нәрсеге де бейімделгіш, мазасыз сезім, ұшқыр қиял, асау арман оны әрқашанда уысынан босатқан емес.
Соғыс аяқталып, Жеңіс тойын тойлағанда, Меңдекеш сегіз жасқа аяқ басқан болатын. «Жеңіс! Жеңіс!» деп ауылды алты айналып шапқылап шыққан. Сонда баяғы қара су бойын­дағы майшабақтар мен шортандар оқиғасы көз алдына қайта келген. Қайта келгенде көзіне жас тығылып, көкірегі өксік атқаны несі екен?! Әлде қиялының шындыққа айналған шағының қуа­ныш шарпуы ма, өз түйсігінің осал еместігінің топшылауы ма, әйтеуір, кеудесін бір толқын жұлқылап әкеткен…

* * *
Меңдекеш ақынның ұстазы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов естелігінде былай деп жазған еді: «Меңдекешке алтыншы сыныпта сабақ бердім. Қыс кезі. Ауыл ол кезде әр жерде, бытыраңқы. Бірқатары алысырақ. Бір күні төрт-бес бала сабаққа кешігіп келді. Ортасында Меңдекеш, көк тонды, бойшаңдау, арықтау, ақсары бала. Соңғы жылдары әке-шешеден түгел айрылып, сырқаулы қарт әже қолында екенін білетінмін. Ол кезде кем-кетік адамдардың да күйі мәз емес. – Тапсырма қандай еді? – дедім жай ғана. – Ол басын тік ұстап, жанары жалт ете түсіп, алдындағы бір нүктеге тіке қарады да, Махамбет­тің «Ереуіл атқа ер салмайын» ағыта жөнелді. Отырыңдар. Қасындағылардың бірқатары Меңдекешке ырза көңілмен жымия қарап, біреулері өлеңді осылай оқи алмаймын-ау деп қорынып, тұнжыраңқырап барып, партаға отыра бастады. Меңдекештің алғашқы балау­са жырлары мектеп қабырға газетінде жарық көрген еді.
Ал Меңдекешті аға тұтқан заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш ағамыздың естелігінен өткен күндерге сағынышы мен риясыз көңілі, ақ жүрегі мен шынайы ниет-ықыласы аңғарылады.
«Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің Атырау, Маңғыстау барған сапарлары қазақ мәдениеті төңірегіндегілердің ұрпақтан ұрпаққа айтып жүретін тарихи оқиғасы болды. Екі жайсаңның сол сапарда бірігіп жазған тамаша шығармалары әліге дейін жұрт ауызында. Дәл сол жемісті кездесулер мен айта қаларлық оқиғалардың қақ ортасында жүріп, негізгі ұйтқысы болған да – Меңдекеш Сатыбалдиев еді. Оған дейін облыстық радио мен газет арқылы аймақ жұртшылығына танылып, оқта-текте ғана республика оқырмандарына көрініп жүрген талант­ты журналист енді біржолата өлеңге ойыса бастады. Бұрын көкірегінде сыймай жүрген мөлдір қайнардың көзін Алматыдан келген сұрапыл ақын Төлеген Айбергенов ашып бергендей болды. Оның тебіренген теңіздей жойқын буырқанысы, ыңыранып алыстан жеткен сарындай сағынышты сазы, соған лайық мың оралып, мың бүктеліп жататын білем-білем ырғақтары мен арқардың мүйізіндей мың бұралған бунақ-бунақ күрделі ұйқастары атыраулық жас ақынға көптен ауаланып жүрген таңсық кеңістігіне жол сілтегендей болды. Меңдекешті Алматыға шақырушылар көбейді. Өзі де өнер шалқарының бір пұшпағындағы ықтасында қалып қойғысы келмей, шайқасы мол, шарпуы жиі, толқынды айдынның қан майдан төріне қарай талпынды. Сөйтіп, Алматыға келді. Атырау айдынының ақжарма самалындай ақкөңілділігі мен аңқылдаған ақпейіл­ділігін мұнда да сақтай алды. Соның арқасында әдеби ортаға тез сіңісті. Саяси баспаның бастан асып жататын тау-тау шарасынан тайсалмай, белсене араласып, еңбекқорлығымен көзге түсті. Көп ұзамай оны басқа қызмет­терге де шақыра бастады. Қаршадайынан репортерлік магнитофонын асынып, халық арасында жүріп қалған тілшілік машығы ағымдағы баспасөзге қайта оралтып, «Мәдениет және тұрмыс» журналына жауапты хатшылыққа қызметке барды. Азғантай уақыт ішінде бұл беделді басылымның бетінде де ол өз бедерін байқатып үлгерді. Ол жылдар – Меңдекеш үшін ең бір шабыт­ты шырқау кезең болды. Зиялы қауымның үлкен-кішісімен тегіс араласып, бәрінің де көргісі келетін, көрмей қалса: «Меңдекеш қайда?» – деп, іздеп отыратын қалаулы адамына айналды».
* * *
«Атамекен, өзіңнен алған деммен, алыстарға ұзауды арман көргем» деп биік арманға қол созған Меңдекештің туған жерге деген перзент­тік сағынышы әрдайым қаламынан сәулелі жыр болып төгілді. Әкем Аманқос Ершуов маған бала кезімде үнемі Меңдекеш аға туралы естеліктер айтып отыратын. Өзегі өрт өлеңге толып, тым ерте көз жұмған ақсұңқар ақынды ақырғы сапарға ат­тандыру кезінде болған жағдайларды әкемнің тебірене әңгімелегені бар-ды.
«Меңдекешті ақырғы сапарға ат­тандырар жаназасына әзірлік кезінде ыдыс-аяқ, орындықтарды Әбіш Кекілбаевтың үйінен әкелу керек болды. Екі ара үш-төрт аялдама, біраз жер, машинамен тасуға ақын інісі Дүйсенбек Қанатбаев қарсы болды. «Көшеде жаяу-жалпылап жүргеніміз ұят емес пе?» десті біреулер. Оған да орынды тоқтау айт­ты. «Қарымызға қаралы белгі тағамыз да, қолдасып әкелеміз». Мекеңнің інісінің көптігін адам түгілі, Алланың өзі көрсін деді. Ақыры жүзге таяу жас қаламгерлер шеруі қажет нәрсенің бәрін еш қиындықсыз жеткізді. Біздің әрқайсысымыз орындық емес, ақынның өзін арқалап келе жатқандай сезіндік» деген еді.

* * *
Қазіргі қазақ поэзиясына алпы­сыншы жылдардың бел ортасында келіп, «құйрықты жұлдыздай» ағып өткен танымал тұлғалардың бірі – Меңдекеш Сатыбалдиев. Бар-жоғы отыз алты жыл ғұмыр кешкен ақын өзінен кейін өз алдына жеке зерт­теуге лайық қомақты әдеби мұра қалдырды. «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде жүрсем көбірек» деп өзі жырлағандай, оның әдеби шығармашылығы – бүгінгі күннің биік эстетикалық талғамы мен талабына жауап беретін, идеялық-көркемдік жағынан аса құнды еңбектер. Өлең өлкесіндегі алғашқы адымдары – тырнақалды туындыларында-ақ өзіне тән қаламгерлік мәнерімен, өлеңдегі өзгеше өрнек-нақышымен, мәйекті тіл, ұтқыр ұйқасымен, сыршыл сазымен әдебиет әлеміне еркін еніп, қазақ жырының қалың көшіне іркілмей ілескен Меңдекеш Сатыбалдиевтың ақындық болмыс-бітімі оның көркем дүниелерінен айқын аңғарылады. Сезім шуағы басым нәзік лирикадан балладалық оқиғалы, публицистикалық пафосты жанрларға батыл ойысыңқырап, көркем аудармаға да ден қойып, бұларға қоса көркем проза, таза журналистік саланы да шет қалдырмай, қазақтың сөз өнеріне бірсыпыра құнды-құнды дүниелер әкеліп қосқаны – сөз жоқ, Меңдекештің айта қалғандай қаламгерлік қуатын танытса керек. Соның бәрінде де оның азамат­тық ашық үні, ой-парасаты, кесек ой бітімі айқын аңғарылып отырады. Меңдекеш Сатыбалдиевтың жекелеген көркем туындылары туралы Әбіш Кекілбаев, Әбу Сәрсенбаев, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Тұрсынхан Әбдірахманова және басқалардың мерзімді баспасөз бетінде айтқан ойлары мен пікірлері болмаса, оның ақындығы өз алдына жеке зерт­теу объектісіне айналған жоқ еді. Біраз жыл бұрын бұл олқылықтың орнын толтырып, академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Меңдекеш Сатыбалдиев­тың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидат­тық диссертация қорғадым. Бұл ғылыми еңбекте басты нысана – ақын шығармаларының көркемдік табиғатын айқындау болғандықтан, М.Сатыбалдиев­тың бүкіл шығармашылығы тұтастай қарастырылып, қаламгердің идеялық-тақырыптық, стиль, жанр аясындағы өсу, қалыптасу жолдары, өзіне тән эстетикалық, философиялық әлемі, тілдік бейнелеу амал-тәсілдері жүйелі түрде зерт­теліп, дәйекті пікірлермен тұжырымдалған болатын. Шын талант бүгіннің нысанасын ғана меже тұтпайды десек, Меңдекештің «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде жүрсем көбірек» деп жырлауы өзіне жарасымды. Меңдекештің лирикалық қаһарманының ту етіп көтеретіні – адамгершілік, адам бойындағы ең ізгі қасиет­терді дәріптеу, туған ел, туған халықтың тыныштығы, келешегі төңірегіндегі толғаныс. «Бір қатын бір қанішер туғандықтан, жетім-жесір қаптап кеткен» деп өзі жырлағандай, сонау соғыс жылдарына да қайта оралып, саналы адам ұрпағына келер қауіпті ескертеді. Ақынның арманы – «Жақсылықты ақ жібек ауаға орап, дүниенің барлығына үлестіру», «Таңдардың шұғыла кірпіктеріне түнеп, ертеңгі күннің құрсағында жүру». Меңдекештің шығармаларынан сұрапыл соғыс жылдарындағы елдегі ауыр халді, халық тұрмысын бейнелейтін туындыларды мол кездестіреміз. Сол кез­дегі мұңлы, шерлі сурет­терде ақынның балалық шағы жүр. «Бұл күнде күдіктенгіш балалар да, Кешегі соғыс салған жараларға. Жоқтықтың батпан жүгін артып өстік, Қара шай, қара талқан, қара нанға. «Шыдасаң, құлындарым, сорға шыда!» – Дейтұғын кемпірлер де қолбасы ма? Қантқа емес, Хатқа біз зарыққанбыз, Таласып пошташының дорбасына…» немесе: «Құлаған үйде құламай қалған мұржадай, Бір қауым жанның орнын сипап мен қалдым», немесе: «Жүрегімді алып алдынан шықсам солдат­тың, Кемпірлер мені мүсіркеуші еді кемсеңдеп» деген жырларда өткен күндердің жүрекке із қалдырған таңбасындай сарғайған сағынышы, мұң-сыры мөлдіреп, жүрек-жасындай төгіледі. Ақын осылайша, өзін ойландырған, толғандырған мәселелерді табиғи сырға орап, сезім шынайылығымен жеткізе білді. Меңдекештің поэтикалық кредосы оның өз «мені» арқылы былай түйінделеді: «Өмір, менің дертім һәм еншім өлең, Жақсылықты өндірер кеншің ем мен. Мен отыз жыл көрмеген жамағатқа, Жұтап қалар болсам да енші берем!». Ақынның бұл адал сырында ар алдында есеп беретін, намысы ояу адамның тебіренісі бар. «Шаңқай түстегі шағырмақ күн секілді, жүректерге жетсем-ау шуақпенен» деп өзі жырлағандай, өлеңінің өн бойынан жылылық пен ізгіліктің лебі есіп тұрады. «Өзім бір өз боп өтпесем, Өлеңге беріп өзімше өң. Жайықша тулап жетпесем , Жырымнан менің безін, сен» – деген жыр жолдарында өзін-өзі адамгершілік тезіне салып, өзін жауапкер санайтын ақындық мінезі көрінеді. «Айқаста жықсам жетпей ме, Жалғыз-ақ, палуан кітаппен» дейтін шумағымен өзінше ой айтқан ақынның абыройын бүгін де, ертең де сол «палуан жалғыз кітабы» қорғап шығатындай. Меңдекештің «Қызғыш құс» ат­ты таңдамалы өлеңдер жинағы өзі өмірден өткен соң жарық көрді. «Махамбетке» деген өлеңінде Меңдекеш ақтарылып, бар сырын айтып кеткендей: «Ақиқатпен – қылышпен жеңем дедің, Зұлымдықты айдаһар ініндегі. Қайран қалам, ғұлама-кемеңгерім. Жүз жылдан соң оят­ты үнің мені». Бұдан соң ақпа-төкпе ақын шабыты арнасынан асып, қара дауылын азан-қазан сапырып, «Махамбет­тің монологы» болып бұрқырады: «Қара аспандай мынау қаһарлы басыммен, Қопармаспын ба, Қап тауының тасын мен?! Құл бола алман көндігіп, Қорғасын-қайғы қалжыратқанда, Құзғындар көзі қанды баққанда, Қабыландай салам мен бүлік». Махамбет­тің дәл осылай сөйлегені, ханнан қаймығып, биден бүгіліп көрмегені, тағдырының қатал заңымен қасарысып, қас жауының алдында бас имей кеткені – тарихтан аян.
Меңдекеш ақын қайтыс болғаннан кейін оның жыр дәптерінен табылған өлеңдердің ішіндегі «Құпиялар» ат­ты шағын өлең оқығанды таңғалдырған. «Мен жоғалсам, жоғалармын. Арасында жатпаспын қоғалардың. Бір қадалып қас дұшпан кеудесіне, Махамбет жебесіндей – Мен жоғалсам, жоғалармын» дегені – «Мен де бір күн ел көзінен жоғалармын, бірақ, елеусіз, ескерусіз қалмаспын» деп өлеңдегі өз болашағын меңзегені секілді. Ақын түйсігі қателеспепті. Артында қалған қабырғалы елі – қазағы Меңдекешті ұмытқан жоқ. Бұл – бір. Атырау қаласындағы үлкен көше Меңдекеш Сатыбалдиев есімімен аталады. Құлсарыда Меңдекеш Сатыбалдиев атында мектеп бар. Бұл мектепте Меңдекеш мұражайы бар. «Бір қадалып қас дұшпан кеудесіне, Махамбет жебесіндей – Мен жоғалсам, жоғалармын» дейді ақын. Ойландыратыны, жаны жайсаң ақынның қас дұшпаны болуы мүмкін бе?! Мүмкін екен. Шын ақынды бағаламаған, сөзінің қадіріне жетпеген адам – мәңгүрт. Ендеше, ежелден мәңгүртке ақын атаулының жаны қас қой…
«Мен ешкімге қайрағам жоқ тісімді,
Түңілген жоқ көрген жандар түсімді.
Қастасуға құрбан етпек жайым жоқ
Достасуға сарп ететін күшімді» – деп өлеңінде өзінің ақжарма мінезін ашқан Меңдекеш ақын қазақ өлеңінің болашағына алаңдағандай екен. Құдай қазақты мәңгүрт­тіктен сақтасын…

P.S. Алпысыншы жылдары Гурьевте кешкі мектепте мұғалім болып қызмет етіп жүрген жас ақын Фариза Оңғарсынованы Меңдекеш Сатыбалдиев: «Оңғарсынова жолдас! Сені ақын болады деп үміт­теніп жүрсек, жүнжіп кеткенің не? Бұлай болмайды» деп өзі қызмет етіп жүрген облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетіне қызметке шақырып, жас талант­тың жолын ашады. Фариза апай өмірден өткен соң, әнші, сазгер Елена Әбдіхалықова телеарнаға берген сұхбатында: «Фариза апай өмірінің соңында ауырып ауруханада жатқан кезінде, «тәуір болсам, Астанада, Конгресс холлда Меңдекеш Сатыбалдиевтің поэзия кешін өткізем» деп айт­ты. Алайда апай ол арманына жете алмады» деген еді. Бұдан ұққанымыз – Меңдекеш халық санасынан ұмытылып қалатын ақындар санатынан емес екендігі…

 

Маржан ЕРШУ
ақын, филология
ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір