Альмира ҚАЛИЕВА, филолог ғалым: САБЫР ТҮБІ – САРЫ АЛТЫН
28.04.2020
840
2

Альмира ҚАЛИЕВА, филолог ғалым, ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары

Төрткүл дүниені тітіреткен пандемия баршамыздың қалыпты тіршілігімізге өзгерістер алып келді. Иә, уақытша қозғалысымыз шектеулі. Көктемнің тамаша күндерін төрт қабырғаның ішінде өткізіп жатырмыз. Уақыты өтіп бара жатқан қайсыбір шаруалар еріксіз алаңдатады. Үстіміздегі жыл Абай жылы болған соң, айы-күні санаулы қауырт жұмыстар да баршылық. Бәрін бірдей үйде отырып тындыру мүмкін емес екені рас. Дегенмен өзіміздің де, өзгенің де денсаулығы үшін азаматтық жауапкершілікті сезіну қажет.

Ұйымымыз бір айдан астам уақыттан бері қашықтан жұмыс істеп, өз қызметін жалғастырып келеді. Негізгі бағытымыз зерттеу жұмыстары болғандықтан да, карантин мерзімінде қол қусырып отырып қалған жоқпыз. Жоспарлы зерттеулер, жобалық жұмыстар мүмкіндігінше жалғасын табуда.

Күндізгі уақытта онлайн режимде дәріс оқуды қолға алдық. Карантин жағдайында білім алушылардың және жалпы көпшіліктің уақытты тиімді пайдалануына Институт мамандары өз үлесін қосып жатыр. Қоғаммен байланыс жақсарды, ғылыми дәрістерге қызығушылық айқын, сұраныс бар. Әрненің қиындығымен қоса, жақсылығы да қатар жүреді ғой. Көптен бері көкейде жүрген, бірақ соны іске асыруға орайын келтіре алмаған игі шарамыздың сәтін салды. Алдағы уақытта тікелей эфирдегі дәрістер легі жалғаса береді.

Ел ұйқыға кеткенде, клавиатураны тырс-тырс басып қойып мониторға үңіліп, ойға шомған әріптестеріміз баршылық. Түнгі тыныштық –шығармашылық жұмыс үшін ең қолайлы шақ. Өз басым, түнде жұмыс істегенді ұнатамын. Ойың онға бөлінбейді, ісің өнімді.

Карантиннің тағы бір пайдасы – кітап оқу.  Мәдени мұраны цифрлық жүйеге көшірудің өзектілігі карантин мерзімінде арта түскендей. Осы күндері көптеген кітапханалар өз қорындағы рухани қазынаны ашық қолданысқа шығарып қойды. Жұмысқа да ыңғайлы, қолға тие бермейтін ғылыми, әдеби кітаптарды онлайн оқып, олжаға кенеліп жатқан жайымыз бар.

Дүниежүзілік пандемия да, карантин де өміріміздегі қадірі қаша бастаған құндылықтарымызды қайта жаңғыртқандай. Деннің саулығын, өмірімізді бағалай бастадық; қоғамдағы ұстаз бен дәрігердің қадіріне енді жеткендейміз; ғылымсыз мемлекеттің келешегі жоқ екенін де мойындадық.

P.S. Терезеден сыртқа көз тастаймын. Алатауды көзілдіріксіз анық көру бұрын мұң болатын. Қазір тұп-тұнық, дәл бір қасында тұрғандаймын. Жердің жүзі тазарып, жаңарып жатыр. Табиғат адамзаттан тынығып қалғандай екен…

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.04.2020 | 21:07

Әдебиет және өнер институты ғалымдары оқыған дәрістерді тыңдау мүмкіндігіне ие болдық, нәтижелі жұмыс болды деген ойдамыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!!!

Аноним 29.04.2020 | 21:11

Әдебиет және өнер институты ұжымы үшін қашықтан жұмыс жасау өте қолайлы, шынымен. Сәттілік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір