Айгүл ІСІМАҚОВА, Алаштанушы ғалым: ҮКІМЕТ ЕНДІ ӘР ҚИМЫЛЫН ЕЛГЕ ЖАРИЯ ЕТІП ОТЫРСА…
28.04.2020
937
0

Күні кешегі Президент жолдауына қатысты әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісімақова ханымға пікірін білмек боп хабарласқан едік. Белгілі ғалым сөзін: «Биылғы жыл адамзат үшін үлкен сынақпен басталды. Еліміз 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көштік: қауіпті дерттен жойылып кетпес үшін. ХХІ ғасырда аяқ астынан осындайға ұшырағанымызға көнбегендер де болды. Бірақ басқа елдегі науқастардың күйін көріп, халқымыз бірауыздылық танытып, тәртіпке бағындық. Қауіпті дерт Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін үкімет қатаң карантиндік шешімді дер кезінде қолға алды. Бұл Елді аман сақтап қалу үшін қажетті жалғыз оң шешім болды», – деп, оң баға берумен бастады.

Үкіметтің осындай шапшаңдықпен Елді қорғауға қажетті тәртіпті орнатуын қолдауымыз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның әр іс-қимылын бақылап отырған кезде бұл қиын жоба оңымен іске асты.

Балабақша, мектеп, ЖОО бастап, бар мемлекеттік жүйе қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Бұл карантин үкіметтің атқарылды деген шаралары іс жүзінде олай болмағанын көрсетті. Ауылға интернет жетпегені осы ретте анықталды. Бастары уақытша ноқтаға да сыймайтын біраз азаматтар тәртіпке бағынбай істі болғанын да желіден байқадық. Бірақ

басты міндет – отандастарымыздың өмірін қорғап қалу іске асқанын мойындауымыз қажет.

«Мемлекет ешкімді қиындықта жалғыз қалдырмайды» деген Президенттің бұрын ресми айтылмайтын сөздердін естідік. Әр  отандасымыздың аман болуы Отан үшін маңызды екенін есту бүгінгі күндері ерекше.

4 миллион 250 мың адамға қаржылай көмек көрсетіліпті. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылыпты. Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілмек екен. Осы ретте бұл шынында да осыған мұқтаж адамдарға жететіні қадағаланса екен.

Бұл індетті ең бірінші болып қарсы алған дәрігерлердің еңбегі енді бағаланып жатқандай. Алматы дәрігерлері ең көп зардап шеккендер болды. Түн ортасында фейсбукте №12 аурухананың гинекологы Әміреева ханымды қорғауға кірістік. Біздің дәрігерлердің мұндай індетке қарсы тұрулары қазіргі заманның батырлығы деуіміз керек. Қазақстанға Еңбегі сінген деген белгіні фонограммамен өлең айтатын фейк әншілерге емес, енді осы дәрігерлер мен медбике, санитарларға беру керек!  «Болашақ» бағдарламасымен енді микробиолог, вирусолог пен дәрігерлерді оқытуды қолға алу керек. Президент айтқан шағын және орта бизнеске қолдауға бөлінген қаржы іс жүзінде әділдікпен іске асуын қадағалау керек. Үкіметтің бұл саладағы әр әрекетін жоғары жақта көкелері жоқ кәсіпкерлер мен қарайған Ел бақылап отырғанын үкімет енді ескеруі керек. Үкіметтен осы ретте шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін бөлінген қаражат та министрлердің маңайындағыларға ғана үлестірмеуі оңды болар еді.

«Ел жұмыссыз қалмас үшін қазір олардың тізімі жасалуда», – депті Президент. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізілетіні айтылыпты. Бірақ бұл тізім  Елге жария етілсе: қарапайым көкелері жоқтар да сол тізімде бар екенін айқындау үшін.

Ауыл шаруашылығы  кәсіпкерлері дау-дамайсыз өз істерін атқарып жатыр. Бұл саланың өкілдері де нағыз ерен еңбек иелері екенін үкімет бағалау керек. Нағыз жұлдыздар – дәрігерлер мен осы ауыл шаруашылығы иелері марапаттауға әбден лайықты.

Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Енді осы қаржы тек шағын ғана топқа емес, Отанымыздың бар кәсіпкерлеріне жеткені Елге жария етілсе, «Отаным»,  «Елім» дейтін кәсіпкерлер қатары арта түсері анық.

Бұл Президент пен құзырлы органдардың міндеті ғана емес, Ар мен Ұяттың бар не жоқ болу сыны, кісіліктің сыны. Бір мезгіл қарайған Елден шыққан, кредиттен көзі ашылмай келе жатқандарға қажетті демеу болса, Ел үкіметпен қол шапалақтап көрісер еді.

Президент 11 мамырдан кейін де қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн екенін ескертті. Бұл – Елдің не бар, не жоқ болуы мәселесі. Тойшыл қазақты карантин қаншама ысыраптан сақтағаны анық. Қаншама қарапайым зейнеткерлер өз пенсиясымен күнделікті нәпақасынан айрылған жұмыссыз отырған көршілерімен бөлісті. Бұдан кейін еліміздің рухани дамуы да жаңа деңгейіне қадам басқанын аңғардық. Президент айтқандай, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз.

Ел үкіметтің әрекеттерін назарда ұстайтыны анық. Үкімет қолдан келгенше халыққа көмек беру істерін ашық жария түрде атқаруға тырысу керек. Сол үкімет өкілдері мен қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер, медицина қызметкерлері /медбике, санитарлар/ мен тәртіпті қамтамасыз еткен құқық қорғау қызметкерлерінің абыройлы болғандарының еңбекақысы мен әлеуметтік жағдайлары жақсартылу керек. Кінәлі деп саналған отбасыны айдап шығуға келген полиция қызметкері сол отбасының қарызын төлеп, бір отбасыны аман-есен алып қалыпты. Осындай істерді үлгі болу үшін жалпы Елге жария ету керек.

Тұңғыш рет Президент: «Біз кемшіліктерді көріп отырмыз», – депті. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз делінген. Бұл – үлкен жетістік.

«Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз» деген Президенттің сөзін қолдай отырып, Ел де бүгін өзгерді, үкіметтің әрекеттері де бүгінгі Елдің назарында екенін айтқым келеді. Алматының өзінде қаншама отбасы бір күндік қана табыспен отырғанын көрдік. Қаншама жалғызбасты  аналардың 5-6 баланы жалғыз өзі асырап отырғанын көрдік. Бұл аналар – алаңда жүргендер емес. Үкімет осындай отбасыларды қарауына алу шараларын қарастыру керек. Өткен аптада «Магнумда» жас отбасынының бір арба арзандатылған газды тәтті сусын мен тек қана нан алғанын және қасында жасөспірім баланың осыған «шүкір» деп қуанғанын көріп жүрегім ауырды. Таксист  азамат күнделікті табысынан айрылып, балаларын осылай ғана асырап отырғанын жасырмай айтқанда қайран қалдым. Және бұл азаматтың ешкімнен көмек күтпей тұрған кейпін көрдім. Бұл жігіттер – ешқашан үкіметке алақан жайып алдына бармайтындар. Қазақтың келешек ұрпағы бүгін тек осындай тамақпен шектелуінің зардабын ертең Ел болып шегеміз ғой.

Президенттін бұл жолғы сөздерін толық қолдай отырып Елдің назасын тудырмай, үкімет енді әр қимылын Елге жария түрде жеткізіп отырса екен дегім келеді. Қазақ – қаншама тар жол тайғақ кешіп, сол сынақтардан аман-есен шыққан, рухымыз бен кісілігіміз мықты елміз. Алла қаласа, бұл  сынақтан да аман-есен шығуымыз керек. Ол үшін әрқайсымыз жауапты екенімізді есте сақтауымыз қажет. Ұлым дейтін Үкімет болмаса, Отаным, Елім дейтін қазақ қайдан болсын деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін ұстанатын кез жетті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір