ҮКІМЕТ НЕГЕ ҮНСІЗ ОТЫР?
18.02.2025
105
0

Жақында Қарағанды облысында халыққа қалтқысыз қызмет еткен, Қарқаралы, Ақтоғай аудандарын басқарған, мінезінің өткірлігімен мемқызмет­тің жоғарғы сатысына көтеріле алмаған білікті, білімді, іскер азамат Ниқанбай Омархановтың ауыл шаруашылығын дамыту, қолайсыздық тудыратын мәселелердің алдын алу, әсіресе су тасқынына ерте әзірлік жасау, т.б. жөніндегі посттарын (Facebook) оқып, өзім ертеден, әсіресе «Лениншіл жас» – «Жас Алаш» газетінде қызмет еткен жылдарымда ағалы-інілі ретінде етене араласқан, достық рәуіште сыйласқан Арқаның абыройлы тұлғасына дән ырза болдым. Жасыратыны жоқ, зейнеткерлікке шыққан көптеген ағаларымыз жекебасының шаруасын күйт­теп, мемлекет­тік, ұлт­тық, әлеумет­тік мәселелерден бойын аулақ ұстайды. Нықаң – сол баяғы Нықаң. Көке­йіндегі көкейкесті ой-пікірлерін халықтың талқысына батыл ұсынады.
Бір өкініштісі, ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрі, өзім ертеден сыйлайтын Айдарбек Сапаров мырзаның «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» Ниқанбай Омархановты штат­тан тыс кеңесшісі бола ма, қоғамдық комиссия мүшесі бола ма, өзіне қарай тартпағаны. Алдағы уақыт­та менің құнды ұсынысым ескерілер деп сенем.
Сонымен, өзекті мәселеге көше­йін.
2023 жылы (Алматы) жарық көрген «Ақындардың атасы. Район великого поэта» ат­ты тарихи-танымдық кітабымда былайша толғаппын:

Сергеев су бөгеті сенімді ме?

«Іссапар кезінде аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жанат Оспанов жанындағы Дидар деген азаматпен бірге бізді Сергеев су бөгетіне алып барды. 2017 жылы Астанадан жойқын жылдамдықпен сарқырай аққан Есіл өзені Сергеев су бөгетін бұзып кетердей мінез танытып, жолындағы елді мекендерді, Петропавл қаласының айналасын толығымен топан суға толтырғанын, тіпті екі қабат­ты үйдің балконынан қармақ салып отырған тұрғындарды жұрт ұмыта қойған жоқ.
Ілгеріде облысты Тайыр Мансұров басқарып тұрған кез­де, Омбы облысының губернаторы Л.Полежаев арнайы келіп, осы су бөгетін көзімен көреді. Гәп мынада: әгерәки Есіл оғаш мінез танытып, тоған бұзылса, Омбы облысының көптеген аумағы небәрі санаулы сағат­та судың астында қалатын көрінеді. Содан арнайы мамандар шақырылып, шлюздің астына тіреу қойыпты» (48-бет).
Ниқанбай Омарханов бүгінгі постында «Биылғы қысты болжау қиын, түсініксіз болып тұр. Ақпан, наурыз айлары күтпеген мінез көрсетуі әбден мүмкін, айдың туысы да тым шалқақ, Не дегенмен дайындық болу керек. Қамданған қапы қалмайды!» – деп дабыл қағыпты.
Нықаңның бір кереметі, босқа сөйлемейді. Дәлел келтіреді. Бастау көзін Қарқаралы тауынан алатын Нұра өзенінің биыл да қауіп төндіретінін, аталмыш тау басында қардың қалың, тіпті куәгерлердің айтуынша, жер тоңазығанын ескертеді.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Есіл өзені де Қарағанды облысынан, Осакаров ауданынан (Нияз тауы) бастау алады. Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан облыстары және Ресейдің Түмен, Омбы облыстары жерімен ағады. Ертіс өзеніне сол жағынан кеп құйылып, Обь арқылы мұхитқа де­йін жетеді.
Жасыратыны жоқ, Астана көктемде су тасқыны қаупі төнгенде қаланы сақтап қалу үшін су қоймасын Солтүстік Қазақ­станға қарай бұра салады. Жақын маңдағы соры бес елі Ақмол, Қорғалжын сияқты аудандардың қазақы ауылдары да шырыл қағады. Бірақ оларды Астана естімейді.
2017 жылдан бастап «Сорлыға сойыл бірінші тиеді» деп атам қазақ айт­қандай, Солтүстік Қазақ­стан облысы, оның ішінде, Петропавл қаласы көктемгі сойқанның көкесін көріп келеді. Өткен жылы қала айналасындағы елді мекендер топан судың астында қалды. Жаңадан селолар тұрғызылды. 700-ден астам жаңа тұрғын үй салынды.
Қазірдің өзінде Сергеев су бөгеті лықа толып тұрса, сәуір кезіндегі алапат тасқында облыс орталығының халі не болмақ? Жаңа селоларды су басып қалмасына кім кепіл? Үкімет неге үнсіз? Неге дайындық жұмыстары жүргізілмейді? Өткен жылы да су басу қаупі бар екенін тиісті органдар білмеді емес, білді. Алайда тым-тырыс отыра берді. Неге? Өйткені төтенше жағдай кезінде үкімет­тік резервтен бөлінетін миллиард­таған теңге қаржыны күт­ті. Алдын ала бөлуге болмас па еді? Әлде, аспанға қарап, алақан жайып, тасат­тық берумен болды ма? Осындайда «Үкімет­тегілер ай қарап жүр ме?» деп үлкен сұрақ қойғыңыз келеді-ақ. Өкініштісі сол, сізге ешкім жауап бермейді. Әнше­йінде өздерін сынаған пос­ттардағы лайкке де­йін санайтын қырағы мемшенеуніктер маңызды мәселені қозғасаңыз, мылқау бола қалады, не көздері көрмейді.
«Бәрін айт та, бірін айт, колхозды ауылдың жырын айт» демекші, бізді қинайтын сауал: іргетасы 1961 жылы қаланған Сергеев су бөгетіндегі жарықшақтар жарылып, Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Тайыр Мансұровтың кезінде (2003–2007) Ресейдің Омбы облысының губернаторы Леонид Константинович Положаевтың «Сергеев су бөгеті жарылса, біздің Омбы облысы түгелдей су астында қалады» деп «қанатымен су сепкен қарлығаштай» шырылдап кеп, плотина астына қойғызған тіреулері (кемінде 20 жыл бұрын) қозғалып кетпесіне кім кепіл?
Біз су шаруашылығы маманы емеспіз, бірақ Қазақ­стан азаматы ретінде жанайқайымызды жеткіземіз.

Еркін Нұржанұлы неге көз жасын ірке алмады?

Мақтанды демеңіздер, шағын пос­тың нүктесін өз кітабымдағы мына пікіріммен қояйын:
«Арада 30 жыл уақыт өткенде, дәлірек айтсақ, 1991 жылдың жазында Еркін Әуелбеков Шал ақын ауданына ат басын тіреп, жерлестерімен кез­десулер өткізді. Онымен бірге жұмыс істегендер де, жастар да көп жиналды. Бұрынғы директор мен бұрынғы жұмысшылар бір-бірлерін сағынып қалған екен. Талай сырдың тиегі ағытылды. Өкінішке қарай, Еркін Нұржанұлы басқарған кеңшар орталығы толықтай Есілдің түбіне кеткен болатын (куәгерлердің айтуынша, Әуелбеков кеңшар түгелдей, қазақтың ақындарының атасы Шал ақын мен бірнеше адамдардың мәйіт­тері су астында қалғанын естігенде, көз жасына ерік беріпті).
Ол қызмет бабымен облысқа, одан республикаға көтерілгенде, елге жаны ашымайтын шенеуніктер оның өз қолымен тұрғызған әлеумет­тік нысандарын: мәдениет сарайы, сауда орталығы, тіпті мейрамхана, мектеп, аурухана, «Скалистый» балалар лагері, тұрғын үйлер, т.б. «су бөгетін саламыз» деген желеумен өзеннің түбіне жіберді. Бұл сөзімізге дәлел бар. Су бөгетін тұрғызудың екі жобасы қарастырылды.
Біріншісі – «Марьевский» кеңшарын, басқа да нысандарды су түбіне жібермеу. Ол үшін өзен жағасына гидротехникалық қорған жасау керек.
Екінші жоба бойынша, жағадағының бәрін су астында қалдыру. Алғашқы жобаға едәуір қаржы жұмсалса, екіншісі – арзан.
Егер де Еркін Әуелбеков болғанда оның өз қолымен тұрғызған кеңшары, әсіресе Шал ақын атамыздың және көптеген зират­тар су астында қалмас еді. Міне, жаныашымастардың жасаған масқарасы. Бұл – қылмыс» (А.Сәулебек, «Ақындардың атасы. Район великого поэта» (Алматы, 2023), 88–89-бет­тер).
Шал ақын атамыздың аруағы кешіре ме бізді?

Айтбай Сәулебек,
«Қазақ әдебиеті» газетінің
Астана қаласы, Қарағанды, Ұлытау,
Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан
облыстарындағы меншікті тілшісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір