ҰКП – құзыреті Үкімет­тен жоғары үкімет­тік емес ұйым
01.04.2024
248
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 18 наурызда өткен Президент­тік жастар кадр резервінің форумында бір сөз айт­ты: «Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет», – деп. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзін 15 наурызда Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайда жасаған баяндамасында, «Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекет­ті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек», – деп, тағы қайталады.


Нағыз адал жүректен ақтарылып шыққан тамаша сөз! Бұл туралы сәл кейінірек…
Қасым-Жомарт Тоқаев – Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы екінші Президент. Ал Қазақстан – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет!
Нұрсұлтан Назарбаевтың сол узурпацияланған мемлекет­тің президент­тігінен кеткеніне, оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып келгеніне, міне, тұп-тура бес жыл толды.
Қазақстанды узурпациялаған топтың атамандары – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов!
Қазақстанды узурпациялау жұмысының сонау тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ басталып кеткенін жұрт­тың бәрі біледі.
1995 жылғы Конституция қабылданған күннен бастап, Тұңғыш Президент­тің айналасындағы топ мемлекет­ті узурпациялауға (басып алуға, барынша ықпал етуге) саналы түрде білек сыбана кірісті. «Қазаннан қақпақ кетсе, ит­тен ұят кетеді» дейді. Біздің жас мемлекетіміздің қақпағы ашылған көрінеді. Сондықтан ұяты кеткендердің талан-таражға салып жатқаны ашылып жатыр. Естіген құлаққа, түсінген миға бәрі жетіп жатыр. Осындай күдік көбіміздің көңілімізде бұрыннан жүрген. «Қайда кетіп жатыр бұл Қазақстанның байлығы» деген. Ал бірақ нақ басып, тап басып ешқайсысымыз айта алғанымыз жоқ. Қазір соның бәрі фактілермен ашылды. Мына жерде мынау табыс – кіріс көзі дейтін де бәрі бар – салықтан түсетін кіріс, анадан түсетін кіріс, мынадан түсетін кіріс, иә, астық сатудан түсетін кіріс. Ал, бірақ мұнайдан түсетін, көмірден түсетін, алтыннан, күмістен түсетін, мыстан түсетін кіріс деген жоқ мынаның ішінде…», – деп атақты Шерхан Мұртазаның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрінен күңіренгені есімізде. Шерағаң бұл сөзді сонау 1994 жылы айтқан болатын.
2007 жылы Кәрім Мәсімовтің Премьер-министр болып тағайындалуы – бұл процесті одан ары күшейт­ті және жылдамдат­ты. 2013 жылғы 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы қабылданды. Араға екі ай салып, 2013 жылы 9 қыркүйекте ҚР Үкіметі және «Атамекен» одағы қазақстандық үкімет­тік емес ұйымның бірлескен шешімімен «Атамекен» ҚР Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Оның төрағасы болып Тимур Құлыбаев сайланды. Сөйтіп, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов «Кәсіпкерлікті дамытуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды рет­тейді», «Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды»… деген желеумен «Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы» деген мемлекет­тік емес ұйымға шектен тыс ерекше заңдық құзырет­тер бергізіп, Қазақстанды басы бүтін узурпациялап алды.
Сонымен бірге бұл коммерциялық емес ұйым аталған заңның «Қазақ­стан Республикасының Үкіметімен, мемлекет­тік органдармен өзара іс-қимыл» деген 5-бабы арқылы Қазақ­стан Республикасының Үкіметімен, мемлекет­тік органдармен, қауымдастықтармен (одақтармен), Ұлт­тық палата құрылтайшысы ретінде қатысатын заңды тұлғалармен өзара іс-қимылдарын тастай қып бекітіп алған. Құзырет дегеннен еске түседі, Қазақстан Республикасының Конституциясындағы Үкіметке берілген құзырет жеті бап, 32 тармақпен бекітілген. Ал «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңымен бекітілген Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының құзыреті жеті баптан, 82 тармақ пен тармақшалардан тұрады. Үкімет­тің құзыретінен үкімет­тік емес ұйым ҰКП-ның құзыреті екі жарым есе көп.Қарап отырсаңыз, Құдай-ау, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының мұрнын тықпайтын саласы жоқ. Ылғи жіліктің ең майлы басы бар жерде Құлыбаев және оның командасы жүреді. Сөзіміз ұзарып кетпес үшін екі-ақ мысал келтірейін.
2021 жылы депутат Қазыбек Иса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы ұсыныс жасап, депутат­тың ол ұсынысы Мәжіліс талқысына түсті. Оған Қазақстан Республикасы Үкіметі қарсы шықты. Ұсыныс өтпей қалды. Үкімет­тің тілге қарсылығы туралы депутат Қазыбек Иса: «Бұл қарсылық, негізі Ұлт­тық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлт­тық палатасынан шығып отыр…», – деп жазды.
Екінші – 2014 жылғы 3 шілдеде қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң бар. Сол заңның 13-бабында ҚР Ұлт­тық олимпиа­да комитетiне; 13-1-бабында ҚР Ұлт­тық паралимпиада комитетіне; 13-2-бабында ҚР Ұлт­тық сурдолимпиада комитетіне; 14-бабында Арнайы олимпиадалық қозғалыс, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктерге «Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бөлінетін бюд­жет қаражаты есебінен іске асырады» деген ерекше құзырет берілген. Негізі, бұл Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне берілуге тиісті құзырет қой. Жоқ, аталған комитет­тер мен қозғалыстардың, қоғамдық бірлестіктердің бәрі мемлекет­тік емес ұйым болып табылатынына қарамастан, олар Құлыбаевтарға тән ұйымдар болғандықтан, осындай ерекше заңды мәртебеге ие болып келді. Қазір де солай.
Көрдіңіз бе, дүкендерде сатылатын әдет­тегі тауарлардың сыртындағы түсініктемесін қазақ тілінде жазудан бастап, министрліктерге құзырет беруге қатысты заңдардың қабылдануына дейін Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы «тасада отырып» ықпал етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл Қазақстан осы «Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы» деген үкімет­тік емес ұйымның ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалды.
Байқап отырсаңыз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып келгелі, әсіресе соңғы уақыт­та: «Үкімет­тің әрекеті жеткіліксіз болып отыр…», «Өкінішке қарай, әкімдер жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады», «Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды», «Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек!» – деген сөздерді жиі айтады.
Орталыққа жалтақтамай, батыл шешім қабылдау үшін атқарушы билік пен заң шығарушы органда, әрине, жеткілікті құзырет болуы керек қой.
Біздің атқарушы билікте де, заң шығарушы органда да құзырет жеткіліксіз. Құзырет­тің көбін Құлыбаевтың ҰКП-сы алып қойған. Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының құзыретін күшейте отырып, мемлекет­ті узурпациялаған Құлыбаевтардың әрекеті елді қандай жағдайға жеткізгенін «Қасірет­ті қаңтар» оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ауыз сөзбен таратып айтып берді:
– Бірінші Президент – Елбасы тұсында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды;
– Ұлт­тық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы рет­те халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес…
Жалпы, «Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы қабылданғаннан кейін, жоғарыда көрсеткеніміздей, Қазақстандағы заң шығару үрдісі мүлде басқа бағытқа бұрылды. Әсіресе экономикаға қатысты заңдардың бәрі Құлыбаевтардың құлқынын толтыру үшін қабылданатын болды.
Дәл осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Заңнамалық рет­теудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекет­тік ауқымнан тыс мүдделерді қанағат­тандыру үрдісі туындап отыр…», – деген сөзін бүгін тағы бір мәрте еске алуға тура келеді.
Бұл тарихи сөздің 2018 жылы Сенат­та өткен Үкімет сағатында айтқанын ескерсек, шамасы, Қасым-Жомарт Тоқаев та ҰКП-ның заң шығару ісіне емін-еркін араласып, ойына келгенін істеп жатқанына шамырқанғанын аңғару онша қиын болмаса керек.

* * *

Міне, Қазақстанда президент­тік биліктің ауысқанына – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып келгеніне бес жыл толды. «Осынау айтулы күн қарсаңында не айтылар екен» деп, БАҚ пен әлеумет­тік желіні көз айырмай қарап отырдым.
Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Тоқаев билікті қабылдап алған 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, кедейлік көрсеткіші 4,3%-дан 5,1%-ға, жұмыссыздар саны 173 мыңнан 265 мыңға артқан. Қымбатшылық пен жемқорлық баяғыдан ары өршіп тұр. Қысқасы, 2022 жылғы «Конституциялық реформа» Қазақ­станды бұл узурпациядан алып шыға алмай жатыр.
Мен бұрын да айтқам, қазір де сол сөзімді қайталаудан жалықпаймын, бұл узурпацияланған жүйені құрған – Қасым-Жомарт Тоқаев емес, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов! Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекет әбден узурпацияланған соң Президент­тікке келген тұлға!
Қазақстанды 2011 жылы да, 2022 жылы да қантөгіске апарып соқтырған – осы узурпацияланған жүйе!
Бұл туралы: «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады…», – деп Президент­тің өзі де айт­ты. Асқар Мәмин, Әлихан Смайлов екі мәрте басқарған Үкімет­тің адымын аштырмаған да осы узурпация екені анық. Ал Олжас Бектеновтің «тебіні» жақсы. Бірақ узурпацияланған жүйе оның да көсіліп жұмыс істеуіне мүмкіндік бере ме, жоқ па – ол жағы осы жылдың аяғына дейін белгілі болады.
Енді Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент­тік жастар кадр резервінің форумында жастарға айтқан тарихи сөзіне оралсақ, алдымыздан келесі жас буынға біз «Қазақстанды тағы да сол узурпацияланған күйінде өткізіп береміз бе, әлде узурпациядан арылтып, жаңарған «Жаңа Қазақстан» етіп табыстаймыз ба» деген қатал сұрақ шығады. Түсінген жанға төбе құйқаны шымырлатып жіберетін өте қатал сұрақ – бұл!
Иә, қазір Тимур Құлыбаев бар қызметінен шет­тетіліп, «Атамекен» ҰКП-ның ықпалы сәл бәсең тарт­ты. Бірақ узурпацияланған жүйенің көбесі сөгілген жоқ.
«Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң да және Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекет­тік ауқымнан тыс мүдделерді қанағат­тандыру үшін кезінде ҰКП-ның тұқыртуымен қабылданған заңдар да әлі күшінде, жұмыс істеп тұр.
Шетелдегі активтерді қайтару нау­қаны басталғанымен дәл сол шетел асқан байлыққа пара-пар қазына діт­теген жеріне жетпей, қазір де көз алдымызда тоқтаусыз тоналып жатыр. Ол тонау «Әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорация» деген тағы сол Құлыбаевтар құрып кеткен схема арқылы жүзеге асуда.
Ал біз болсақ, ескерткіштердің құлағанына мәз болып жүрміз…

* * *

Сөз жоқ, бүгін Тоқаевтың айналасында жүрген тұлғалардың біреуі енді бес жылдан соң президент­тік таққа келіп отырады. Сол тұлға «Атамекен» ҰКП-ға Құлыбаев секілді өзінің бір жақын адамын басшы етіп қойып, осы узурпацияны одан ары жалғастыра беруі әбден мүмкін. Келесі президент олай етпейді деп, ешкім кепілдік бере алмайды. Біздің қазіргі мемлекет­тік басқару жүйесінің қауіпті әрі қорқынышты жері – осы! Дәл сондай жағдай бола қалса, Құдай оның бетін ары қылсын, ескі жүйе мен Президент сенім артқан жас ұрпақтың арасында тағы да қақтығыс болуы ықтимал.
Сөз жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев – әлемдік деңгейдегі саясатшы. Интеллектуал тұлға. Ол – Президент болып келгенге дейін Қазақстан билігінің барлық басқышынан өтіп, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген басшы. Кәсіби дипломат ретінде сонау жас кезінен бастап мемлекет басқарған ірі тұлғалармен, әлемдік деңгейдегі Ли Куан Ю, Дэн Сяопин, Нельсон Мандела секілді ұлы реформаторлармен қол алысқан, дәмдес-тұздас болған, олардың өмірі мен еңбектері туралы өз кітаптарында сүйсіне отырып жазған кемеңгер. Әсіресе ол кісінің Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастырудағы, орнықтырудағы орны бөлек, еңбегі ерекше зор!
Тәуелсіз Мемлекет­тер Достастығын қойып, әлемнің ең ықпалды үш державасының қазіргі президент­терімен салыстырсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шоқтығы биік тұрғанын бәрі мойындайды. Ал өзіміз үнемі көріп жүрміз, Орталық Азия басшылары оны ықтап: «Не айтар екен», – деп, аузына қарап отырады…
Қазақша айтқанда: «Президентің қайсы?» – десе: «Мынау!» – деп, мақтанышпен айтатын азамат! Ең әт­теген-айы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент­тік тағдырының узурпацияланған жүйеге дөп келіп қалғандығы ғана.
Егер Жигули Дайрабаев немесе Қарақат Әбден Президент болып, ол басқарған мемлекет дәл бүгінгі жағдайда болса, мен осы күніме тәубе, шүкір дер едім.
Қазақстанның қазіргі жаңғыру, даму деңгейі Қасым-Жомарт Кемелұлының осынау ат көтергісіз беделі мен бай тәжірибесіне мүлде лайық келіп тұрған жоқ, тым олқы соғып тұр. Жұрт әлемдік деңгейдегі КЕМЕЛ ТҰЛҒА басқарып отырған «Қазақ­стан» деген алып, бай мемлекет­тің мұндай жүдеу, жұпыны, әлжуаз күйде қалмауын қалап отыр!
Ал Қасекеңнің ешкімде жоқ осынау зор потенциалының өз деңгейінде толық пайдаланылмай жатқанына жанашыр інісі әрі қолдаушысы ретінде, менің ішім удай ашиды.
Қазақстанды бұл қақпаннан шығарып, ендігәрі ешкімнің дара билеп-төстеуіне мүмкіндік берілмейтіндей ету үшін, Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екенін ашық мойындауға тағы бір мәрте «конституциялық реформа» жасап, президент­тік басқару нысанын парламент­тік басқару жүйесіне өзгертуге тура келеді. Мемлекет­ті Құлыбаевтардың құрығынан құтылтудың жалғыз жолы – осы! Басқа амал жоқ! Ал бұл өзгерісті жасау тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғана қолынан келеді. Тоқаев кетсе, олар қайта күшейіп, көздері қанталап, азу тісін ақситып шыға келуге дайын отыр. Олардың келесі буынға ырық бермесі анық.
Қасым-Жомарт ағамыз АҚШ-тағыдай демей-ақ қояйын, мына тұрған кешегі тағдырлас мемлекет, өзіміз секілді ежелгі көшпенді ел Моңғолиянікі секілді мемлекет­тік басқару жүйесін құрып кетсе, біз үшін соның өзі – үлкен олжа, зор секіру болар еді-ау, шіркін!
Сондай-ақ «мұрагерлік дәстүр» осы екінші Президентпен аяқталып, келесі Президент­ті халық өзі таңдап алатын жүйеге көшсек, біздің Қазақ­стан томағасы тартылған қырандай самғап, шідерден босаған тұлпардай зымырап-ақ кеткелі тұр.
Қазақстан сонда ғана Қасекең айт­қан жалынды жастардың қолына дін аман өтетін болады.

Ауыт МҰҚИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір