Өлімді жырлап өткен ақындар
27.04.2020
2018
0

«Күн жайлы емес, күнді көрген көздерің жайлы, әлем туралы емес, әлемді ұстаған қолдарың жайлы ғана айт», – дейді Шопенгауэр. Біздің қазіргі шағын ғана өлең өлкемізде «кемшіліксіз» өлең жазатын, жазып жүрген ақындарымыз баршылық. Бодлердің ойының жартысымен ұштастыратын болсақ, сол «кемшіліксіз» өлеңдердің жалғыз ғана кемшілігі бар, ол да «кемшіліксіздігі» деуімізге әбден болатын еді. Бірақ «жүрек атаулының барлығына бірдей жылы ұшыраспау» себебіне келе бере, одан басқа бірдеңені де сезінгендейміз: мәселен, «Төсек тартқан әжені» төсек тартқан әжеден басқа кім жаза алады, төсек тартқан әжеден басқа кімнің жазуға құқығы бар?” деген сұрақ туындайды. Осы тұста қайтып айналып Шопенгауэрдің әу бастағы ойымен “соғысып” қала беремін. «өлімді сүю жайлы шексіз жазған бір ақын 90 жасқа келген екен»…

Жарайды. Сонымен, бүгін сіздерге екі ақынды таныстырғым келіп отыр. Рүшті Онур мен Мұзафар Тайып. Бірі 22, бірі 24 жасында 5-6 жылға созылып, ақыры жандарын алып тынған өкпе ауруынан қайтыс болды. Бақиға аттанар сәтінің сағат сайын жақындап келе жатқанын  әр демінен анық сезген екі ақын өліммен де, өмірмен де көрші үйде отырып өлең жазғандықтан ба, қыл арқаны асулы тұрған бөлме шамы мен тіршілік атаулыны арғы жағына жинап қоятын  терезелерінің арасының жақын болғандығынан ба, өлеңдерінде Өмір мен Өлімді қосақтап өрнектейді. Екеуі де Қаратеңіздің Зоңғылдақ атты шағын ғана шаһарында өмір сүрген. Тірі кездерінде таңертең оянса терезесінен теңіз иісі келетін осынау шағын қаладан басқа бұл өмірде ештеңесі болмаған сияқты… Ал өлгеннен кейін өлім мен өмір аңқыған өлеңдері ғана қалды, және сол өлеңдерді оқып  аздап сүйсінген, аздап сағынған, өаздап ғашық болып үлгерген біз ғана қалдық. Ендеше, өлең оқыңыздар. Олардың «күн жайлы емес, күнді көрген  көздері жайлы, әлем жайлы емес, әлемді ұстаған  қолдары жайлы» ғана  жазғандығын ұмытпаңыздар… 

 АУДАРМАШЫДАН.

Мұзафар ТАЙЫП (1922-1946)

Жалғыз мен бе Құдайды қарғайтын…

(«Әзірге…» өлең жинағынан алынған өлеңдер)

СҮЙІКТІ «АДАМЗАТ» БАУЫРЛАРЫМА

Сүйікті «адамзат» бауырларым,

Сіздерге шын жүрегіммен алғыс айтқым келеді…

 

Қолдарыңыздың көмегімен

Шаштарымды тарап жүрген жоқпын ба

Әр таң сайын..

 

Сіздер кітаптарға жазбаған болсаңыздар,

Мен қайдан білейін, 

Екі жерде екінің төрт болатынын да..

 

Аспанды да төсегімде жатып

Тамашалай алар ма едім

Мынау бөлмеме терезе салу

Ойларыңызға келмегенде..

 

Аһ, 

біліп тұрмын… біліп тұрмын

Бір күні өлетін болсам,

йықтарыңызда қалады мәйітім де менің…

сүйікті Адамзат бауырларым..

 

БІР СЕЗІМ ӨЛЕҢІ

Сен бір ескі сезім өлеңісің,

Бір жұпар бар сенде

Жып-жылы жазғы кештерге тиесілі..

Қолдарыңда ма,

Шаштарыңда ма,

Көздеріңде ме, білмеймін.

Бір жұпар бар сенде

Жып-жылы жазғы кештерге тиесілі…

 

ДЕЛСАЛ

Ескіден мен мұндай делсал емес едім

Бұлттарға сәлем беретін…

Есігін қағатын бір үйім бар тұғын тіпті.

Саябаққа соққан сәттерден

Қырық жылда бір рет қана сұрайтынмын

Ағаштардың жағдайын.

Көшелерді де

Таңдарда ғана тамашалаушы едім

Бөлмемнің терезесінен…

 

МЕНЕН СІЗГЕ

Жалғыз мен бе Құдайды қарғайтын,

Маусымдар менен де кәпір..

Құстар мен ағаштарға не бұйрық келгенін

Ұға алмадық әлі..

 

Қысқасы

Көк тиынсыз кезген көшелерім –

Бір кездері өмір сүргенімнің жалғыз-ақ дәлелі..

 

Және сарышын қыздарды сүйгенім жайлы

Еш жалықпастан әңгімелей аламын

Бір естелік қалсын деп

менен де сізге..

 

ТІЛЕК

Бір сұлуға сұлулығы жайлы айтқым келетін,

Айналардан бұрын…

 

Сұлу-сұлу өмір сүргім келетін,

жәй ғана бір сұлумен бірге…

 

ӨЛІЛЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

І

Мен аурудан өлдім..

Бәлкім өлмейтін едім

ақшам болғанда…

 

Мен де майданда өлдім…

Найза алып шабуылға шыққан соң

Жалғыз оқ жеткілікті болды 

Варшава маңында

Өмірге қош айтуыма..

 

Аһ, мен ше, 

Жоқ жерден өлдім..

Бір түні жамылғысыз қалған денеме

Суық тигендіктен,

Алдымен төсекке, сонсоң топыраққа түстім…

 

Ал мені трамвай шайнаған

Сұлтанахметте…

Өзіме бір,

Шашылып қалған қолдарым мен аяқтарыма бір қарап,

Өлгеніме сене алар емеспін әлі…

ІІ

Бір үміт бар болатын ішімде 

Өлместен бұрын…

Бәлкім, дейтінмін өз-өзіме,

Бәлкім өлгеннен соң өмір сүру мүмкін шығар.

Нан қолдан,

Су көлден…

Ал қазір үміт те жоғалды.

Қолымнан не келер енді.

 

Бұлай мезгілсіз өлгеніме 

Ішімнің қалай өртенетінін білсеңіз ғой…

Кеше алған көйлегімді 

Тым құрыса бір рет те кимедім әлі…

 

Тіпті мен 

Бір қызды енді-енді сүйе бастаған едім..

Сары шашты бір қызды…

 

Мені туғалы жатып өліпті анам.

Өзі де қылдай бір әйел болған-ды байғұс.

Енді мен де өлдім жиырма жасымда,

Аштықтан өлгенім бөлек бір әңгіме…

Ал қазір анамды іздеп жүрмін 

Өлген күнімнен бері…

Қызығы – әлі таба алар емеспін…

ІІІ

Өлімді ойламау деген де бар екен

Тірі кезімізде білмеппіз..

қолымнан келетін қайран жоқ енді.

Ал сен әлі Өмір сүріп жатырсың,

Қолың мен аяғың да қимылдайды.

жаның қиналған сәтте ән де айта аласың..

 

Мен болсам,

Еш өкінген емеспін өлгеніме.

Барлығы біткен-ді.

Аспанды тамашалаудан да ығырым шыққан әбден.

Естеліктерімнің көптігі сонша

Бір-бірімен шатастыратынмын, тіпті…

ІV

Өмірге қайта келсем,

Ақылды бір адам атануға сөз берем

Кештерде ерте ұйықтайтын.

Әйтпесе,

Не жұмысым бар мәйханаларда менің? 

Жексенбі күндері 

Саябақтарда серуендейтін болам 

әйеліммен бірге…

 

Өмірде ештеңе білген емеспін.

Жалғыз білерім:

Жалғыз айтарым:

Өлу немесе өлмеу жайлы.

Барлық мәселе осы емес пе?

Адамдар өлмесін,

Кештерде ұйықтап,

Таңертең оянса болды емес пе?

Шаштарын желге құшақтатып жүре берсе болды емес пе…

 

ҚАЙТЫС БОЛҒАН РҮШТІДЕН КЕЛГЕН ХАТ

                                (Ақын Оқтай Рыфатқа)

Алдымен барлық ақындарға сәлем,

Сонсоң өлімнің мүлдем сұлу емесін айтқым келеді…

Айтқым келеді

Мен сүйетін таңның да, кештің де жоқ екенін мұнда…

 

Көшелердің қолдарынан сүйдім,

Маған өмір сүруді үйреткен солар.

Досым болсын, дұшпаным болсын,

Адамдардың барлығына сәтті күндер тілеймін сонсоң…

 

Сары шашты сұлуға да

Менің ендігі жоқ екенімді түсіндіргейсің.

Опасыз достардың есіне түсір,

Дүниенің ешкімге қалмайтынын да.

 

Қалай ұмытайын

Өмір сүру бір ғажап болатын…

Оқтай айтқандай:

«Естеліктер де бұтақ іздейді,

Құстар секілді қонғысы келіп»..

 Рүшті ОНУР (1920-1942)

Ал мен әлі доп ойнап жүрмін…

(«Хаттарың алақанымда» өлең жинағынан)

        ОНЫҢ ХИКАЯСЫ

Білемін, ол секілді

Жаңбырлы түндерді танитын ешкім жоқ.

Көшеде одан басқа кім ән айтатын еді

Жаңбырлы түндер…

 

Кейде ойлайтынмын

Күртешесі шылқымай ма деп..

 

Оның кішкентай өмірін сүрген түндері

Бөлмемде су-су болып отыратынмын мен.

Бәлкім біздікіне келер деп кейде,

Терезе алдында күтемін оны.

 

Ал егер алда-жалда келе қалса,

Жаңбыр жайлы, бұлт жайлы, түндер жайлы

әңгіме айтатынбыз..

 

            ХАТ

Бас киімім мен аяқ киімімді емес,

Өзімді ғана еске алыңыздар.

Менің де сүйгенім бар болатын бір кездері

және барлығы секілді хаттарым да.

 

Түндерде ұйықтасам,

Төсегім мен әйелім де болатын еді.

қылмыс та жасамадым,

теміртор қабырғаларына

есімімді жазып қалдыратындай.

 

Хаттарымды сөреге қоярсың,

және есіңде сақта:

Әндерін білмеген адамдардың,

Обалы бізге қалды..

 

            МОЙЫНДАУ

Сендерге ішімдегіні ақтаруым керек еді…

Түндер, тек қана сендерге.

Және жүзім қызармастан балалығымның кішкентай махаббаттарын

баяндағанымда ғой

тек қана сендерге, Түндер!

 

Менің де махаббатым болды

және мүмкіндігінше күнәларым.

Тіпті бейкүнә болуды армандап өттім

Өмір бойы…

 

Анам

Доп ойнап жүргенімде

Менің келбетті ұлым патша болады дейтін.

Ал мен әлі доп ойнап жүрмін

Көше бойында…

 

         ДҰҒА

Адал сүт емдім ғой анамнан,

Алла кешірер қателігімді.

Өмір сүру мен өлең жазудан басқа

күнәм болмағанын

Құдай да, құлдар да біледі…

 

Төсегім саған қалсын, Тәңірім.

Сенікі болсын шаттықтарым да.

Ал мен жападан жалғыз

Бір ішкіш іздеуге кеттім

Жалаңаяқ көшелерден…

 

         РАЗЫЛЫҚ

Менен зарар келмес

Ұясындағы ара мен мекеніндегі құсқа.

Мен өзіммен өзім өмір сүрермін

Тымағымның астында…

Себепсіз күлгенім көшелерде —

Разылығымнан ғой

және бұл ессіздік те ішімнен келеді.

Тілсіз емеспін

сұлу әлемнің ортасында

үнсіз қаларлық

өлілер құсап…

 

***

Киімдерімізді кім киеді енді?

Айтуға оғаш…

Алладан

барлық бұлттардың не іске жарайтынын да

кім сұрар екен

бұл қаладағы әніміз біткен соң…

 

САПАР

Үйім де, сәнді бақшам да жоқ, Құдайым.

Мұхитта қайығым да қалмады.

Басым анар аңқыған бұлттарда,

Анар аңқыған суларда қалды аяғым..

Білемін, бұлттар сұрағанымды бермейді.

менімен келген кеме де,

Менімен кетпек емес.

Не болса да

ол жақта,

Әлі өмірге келмеген жұлдыздардың әндерін тыңдағым келеді…

Аударған Қарлығаш ҚАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір