ӨМІРДІ НӘЗІКТІКПЕН ЖЫРЛАП ӨТКЕН АҚЫН
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңес залында белгілі ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірованың туғанына 65 жыл толуына байланысты «Қазақ лирикасы және Марфуға Бектемірова поэзиясы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізудегі басты мақсат — ақын Марфуға Бектемірованың шығармашылығын ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, саралап, талдау, сыршыл да ойшыл өлеңдерінің көркемдік деңгейін көрсетіп, жұртшылыққа насихаттау, шығармаларының шетел тілдеріне аударылып, өзге елдердің оқырмандарына таныстыруға ықпал ету, есімін жаңғыртып, ұлықтау болды.
Конференцияда «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің құттықтау хатын партия хатшысы Руслан Әлішев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын аталған министрліктің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов оқып берді. Бірқатар халықаралық әдеби конкурстардың лауреаты, академик, жазушы, публицист Бақыт Рүстемов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, онлайн режимде Ресей Федерациясы Жазушылар одағының бірінші хатшысы Геннадий Иванов, Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Нурланбек Қалабеков көрнекті ақын Марфуға Бектемірованың шығармашылығына арналған Халықаралық конференцияның өтуі қуанышты оқиға болып саналатынын, бұл өмірден ерте өткен қазақтың аяулы қызына жасалған құрмет екенін тілге тиек етті.
Конференцияның пленарлық отырысында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Жанат Аймұхамбет «Марфуға Бектемірованың поэзиясы» тақырыбындағы баяндамасы бойынша мінбеге бірінші болып шықты. «Марфуға Бектемірова қазақ поэзиясына нәзіктік пен биязылық әкелді. Тазалық, шынайылық пен адалдық — оның өлеңдерінің басты арқауы. Ол көгілдір аспанмен, жымыңдаған жұлдыздармен сырласып, жаны биіктерде қалықтап жүретін. Бірақ арманшыл қыз күнделікті тіршіліктің сан қырлы жақтарына үңіліп, өмірдің терең мән-мағынасын суреттеді. Жаңа ғана бүр жарған гүлдердің жайнаған әдемілігі, құстардың сайрауы, жапырақтардың сыбдыры ақын назарынан тыс қалған емес. Ол өмірді сүйді», — деді ол ақын туындыларын талдай келіп.
Аталған ғалымдар ерте көз жұмған Марфуға Бектемірованың 65 жылдығына арнап Халықаралық конференция өткізіп, соған қолайлы жағдай туғызған университет ректоры, академик Ерлан Сыдықовтың еңбегіне риза болып, оған алғыс айтты. Олар өз баяндамаларында Марфуға Бектемірованың өлеңдерінде тың теңеулер, тегеурінді ырғақтар қолданып, поэзияға жылы леп, талмас құлшыныс әкелгені жайлы егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Дана ҰЗАҚ