Арман ӘДІЛБЕК. ПЕШЕНЕҢЕ ӘЛДЕНЕ ЖАЗУДЫ ҚИЯЛДАЙСЫҢ…
25.04.2020
1407
2

ЖАЙШЫЛЫҚ

Светофорға телміріп тұрған адамдар жүзінен

Сезім ізін айнытпай табасыз:

Жасыл шырақты ондаған жылдар бойы күттім деген.

Іле-шала жарық етеді жасыл шырақ,

Ал сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың бұдан өзгені күткенін.

Кезекте тұрған адамдардың салыңқы иінінен

Олардың осы кезекте әлденеше он жыл тұрғанын ұққандай боласыз,

Ілеـшала жатады алдыға қозғалып,

Ал сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың сарылып күткені бұл емес екенін.

Автобуста сығылысып тұрған адамдардың

Терезе әйнегіне түскен солғын көзқарасына қарап

Олардың өз аялдамаларына ондаған жылдар бойы әлі жете алмағанын түйсінесіз,

Автобус пен жолға күмәнданып үлгермей-ақ

Шарқ етіп ашылып жатады есіктер,

Ал,сіз сол арада

Олардың аялдама жайлы ештеңе ойламағанын мойындап үлгересіз.

Иә, солай, пешенеңдегі жазуды өшіргің келіп,

Пешенеңе әлдене жазуды қиялдайсың,

Бәрібір, біздің күткеніміз ол да емес.

 

КҮН ДЕ БАТАДЫ

Қарашы, күн де батады,

Ең ыстық,

Ең нұрлы алып жүрек еді ғой ол,

Ішінде аңыз қайнаған,

Рух шулаған,

Сезім сапырылысқан алып жүрек.

Бірақ,

Мен күнге тіке қарай алмаймын,

Түнге де, әрине.

Түн,

Түн де мәңгілік емес болатын,

Жұлдызсыз аспанның ең қараңғы түкпіріндегі қара түсті бостықты

Ешкім де түн деп атаған кезі жоқ.

Өйткені адамдар

Аяз қарыған терезесін сызғылай беруден өзге ештеңе істей алмайды.

Ал көзіме,

Көзімнің түкпіріне,

Ондағы шыңырауға қалай қарай алмақпын?

Тереземді кескілеген сәулелер

Бәрібір ол түпке жетпейді.

Біз еске алып көрмеген,

Бірақ ешқашан ұмытпаған істер

Ешқашан күнмен санаспаған екен,

Түнмен жүздеспеген екен,

Ол тек ұйқысыздықтан әбден қалжырап

Сүйене тұрып шылым шегетін қабырға таппаған кезде

Тәнімді сұп-суық қанжардай сызып өтеді,

Көрінбейтін сұп-суық қанжар.

Иә, күн де батады,

Бірақ мен әлі тірімін,

Көкірегімнің ішіне өскен меңіреу мүктер

өзегімді құй-батпаққа айналдырған,

Мен оны күнде кешемін, 

Балшық астында сұлап жатқан көшелерде ілбіп басқандай.

Ал

Жалаңаш табанымның ізі кеудемде жатады,

Маңдайымда жатады,

Батып бара жатқан күннің оны құрғатуға мүмкіндігі жетпеген,

Мен де күнге сенгем,

Сыйынғам,

Бүгін оған өлген адамның жүзіне қарағандай сұлық қарап тұрмын.

Онымен қоштасқым келмеді,

Кездескен кезім болмаған да сияқтана береді.

Бәлкім, ол туралы

Жер бетін қаптаған шекаралар мен

шеңберлерден де асырып ештеңе айта алмаспын,

Солардың бәрін емін-еркін көктей өтіп жүрген

құстар да ештеңе айтып көрмепті.

Бұл шарасыздығымды

құстардың немқұрайдылығымен теңестіруге болар…

Қаңырап қалған алып сарайлар мен мұнаралар,

Әлде, менің қаңырап қалған жүрегімнің өзі шығар.

Тізем батқан тасты төбеме көтеріп ғапу сұрасам ба екен деймін,

Ғапу сұрасам ба екен деймін біз алдаған дұғалардан?

Сосын, Қорқыттың көріндей күңіренген

Сонау жанарға ғарқ болып кетсем,

Ол мені жалғыздықтан да,

Мағынасыздықтан да сүркейлі ақиқатымен

Айна алдында жүздестірсе…

Сосын

Өзінің гүлдің бір бөлегі емесін кеш сезінген жалғыз тамшы шықтай

Өмір мен өлімнің алақанынан

Мен де сырғып түссем.

Дәл сол сәтте

Батып кеткен күннің орнындағы үңірейген тесік

Маған қарай жақындап келе жатса…

Иә, күн әлдеқашан батып кеткен,

Әлде, тағы да талай батар.

Бірақ, мен әлі де қырау қарыған әйнекті сызғылап

Сыртта үскіріктен жүдеген

Жапырақсыз ағаштардың қарауытқан сұлбасына қарап қоймастан,

Есіктің анда-санда қағылғанын тамашалап

Терезе Жақтауына сүйеніп тұрмын

Ту сыртымнан төніп тұрған жанарымның лебі

Шылымымның түтінін шұбалаңдата тартып жатқанын да сезбестен.

ЖАПЫРАҚ ПЕН ЖАПЫРАҚТАР

Күз.

Жапырақтар талықси құлап жатыр,

жел олармен ойнағанды жақсы көретін,

Ұдайы,

Көктемде де…

Олардың да ең жақын досы жел еді.

Әне, енді оларды оятқысы келіп жан ұшырады,

Оятқысы келеді бір рет болса да.

 

Олар желдің құшағында соңғы рет тербеледі,

Соңғы рет сыбдырласады,

Соңғы рет құлайды,

Соңғы рет ұшады,

Соңғы рет күледі,

Соңғы рет құлазиды.

Олардың бәрі жалғыз,

Ешқашан қайталанбайды,

Біз сияқты бірـақ рет өмір сүреді.

Олар көп.

Келесі көктемде олардың орнына жаңа жапырақтар шығады.

Жаңа жапырақтар,

Бала жапырақтар…

Олар да күзде қурамақ,

Олар да соңғы сәттерін өткізбек.

Бірақ олардың соңғы сыбдыры,

Соңғы үні мынау жапырақтардікіне ұқсай ма екен деші?

Бұл бір азалы мезгіл екен,

Айналада қалқыған азалы күбірлер көзіңді жанай ұшады екен,

Көкірегіңді шимайлайды екен,

Қолыңнан жетелейді екен.

Көзімнің ішіне күз көшіп алған сияқты,

Көзімнің ішіне жапырақтар құлап жатқан сияқты,

Сұп-суық жапырақтар…

 

ЖЕЛ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ

Аулақта ызыңдай соққан жел мен

мен пақырдың

жел туралы ойлары кезіккен секілді,

Сосын, ойларым оны алып ұшқан секілді,

Алысқа бастағандай,

Әлдеқайда,

Білмеймін оны тағы.

Желдің құмдағы іздерді ғайып қылғанын көріп ем,

Сол іздерді жел өзімен бірге алып кетті деп ойлағам.

Желдің барлығын ұшыра алатынына,

Алып кете алатынына сенгем.

Ол тағы бір күні менің көз жасымды да көтеріп алып кеткен.

Сосын, мен тағы таңданғам,

Жел әлі-ақ өкініштерді,

Өкпе-наздарды,

Қателіктерді,

Күнәларды алып кетеді деп күттім,

Бірақ ол ұдайы

Менің терезеге салған суреттерімді өшіріп қана кетіп қалатын.

Бүгін

Жапырақтарды шалқыта ұшырған желге қарап тұрып

Мен оның адамдар сияқты біреу екенін түсіндім.

Ол өзінің жел екенін білмейді,

Ол өзінің қолынан не нәрсе келетінін білмейді,

Мен де өзімнің кім екенімді білмеймін,

Ұдайы ұшқан жапырақтардың арасында сандалып жүремін

Төбелердің арасында қаңғырған аруақ құсап.

Әне,

Ол менің өзі туралы ойларыма ілесіп кетіп барады,

Енді қашанғы қайта оралар екен?

Қашан мен жайлы ойланар екен?

Қай жаққа бастар екен мені?

ТАЗҚҰМАЙ

Ұзын-сонар баспалдақтың төменгі жағынан

аяқ дыбысы білінеді әлдебіреудің

жеңіл һәм дәрменсіз басылған,

Мен оны аруақ деп ойламаймын.

Мен оны

тұйық,

қараңғы бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің

көкірегіне

ұялап алған тазқұмайдың үніне ұқсатамын.

Көзімді жұмсам болғаны

Көпір үстінде өртеніп жатқан көздер елестей береді,

елең-алаңда

бозарған белден асып

бұлттарға сіңген ескі ауылдың

түнерген елесі сіңген көздер.

Көпірді кім салғаны жайлы ойланған да емеспін,

тек,

өртке оранған көздерден аққан тамшылардың

қаңсып қалған арнаға тамып жатқанын көремін.

Бағанағы ауылдың рухын көтеріп ұшқан тазқұмайлар

неге ұшпаққа емес,

қараңғы,

тұйық бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан

бейбақтың кеудесіне қарай ұша береді?

Аңызға сенетін адамдардың тұқымы құрығанымен,

ау, салынбаған суреттер,

жазылмаған өлеңдер,

сендер айтыңдаршы,

бұдан өткен қарғыс болар ма?…

Терезе бетін тырналаған жым-жырттықтың мұздай жымиысынан

қайсы бір данышпанның үңгірінде

лапылдай жанған алаудың шаттығы білінеді.

Сол алауды жындана айналған көбелектердің бірі

пойыз кейпіне еніп даланы айқыш-ұйқыш кескілеп жүргендей,

дала,

сен менің түсіме кірмейсің,

экрандардан көре-көре көңілім қалған.

Дала,

Мен

түсімде

Сенің құлпытасыңның

қараңғы,

тұйық бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің сұлбасын ғана көремін.

Терезе сыртында тазқұмайлар қалықтай ұшып жүр.

Көктемнің ескілігі сонша

ұзын-сонар баспалдақтың төменгі жағынан

әлдененің күлімсі иісі еміс-еміс мұрынға ұрады.

Ал мен темекімді құшырлана сорып

құмайларға мұңая қарап отырмын,

Әне, олар көк тұңғиығына сүңгіп барады,

бұл, бәлкім, түсім шығар,

сонда да

Қанаттарынан себілген өлім ызғарының өзі қандай ыстық,

ол енді оны ешкімге бермейтін шығар,

Көздер өртенбейтін шығар.

ВАН ГОКТЫҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ

Бүгін оның көзінде оба жылымы булығып тұрғандай сезіледі.

Оның аруағы ауадай жайылып,

Сіз бен біздің желкемізден біздей жанарын қадап тұрған жұмбақ мағынасыздыққа,

Көзімізді жұмғанда ғана байқалатын түнге де,

Түнекке де ұқсамайтын әлемтапырыққа сіңіп кеткен сияқты.

Суреттерінен шашыраған улы сәулелер

Сизифтің тасына жаншылған улы түйсіктерімізден құйылып жатады.

Біздің ғана емес,

Өзінің де.

Шындығында, мен сені дұғадан қызғанамын,

Ойдан қызғанамын,

Кешіре көргейсің, ұлы аруақ!

Дұға емес,

Дұға емес сөздер,

Терезе сыртына мұңая қараған сөздер,

Томпиған қабірлердің ішінде тұншығып жатқан сөздер,

Суретші кеудесіндегі шоққа тасталған майдай шыжғырылған сөздер,

Сызықтар мен аруақтар мыйдай былыққан жанарлардың шүңетіне қарап

Сендер неліктен үндемейсіңдер?

Жердің асты суық болады,

Ешкімді жібермейк.

Шырақтың ащы жарығынан запы болған көлеңкенің

сіңірін қиып кеткен тағы кім?

Сен бұның жауабын Ван Гоктың картинасынан ізде,

Мен оның жауабын ешқашан іші жуылмаған

Мариямның тостағанына шарап құйып отырып іздейін.

Оба ұжмақтан келген,

Ван Гок ұжмаққа кеткен.

Туған күніңізбен құттықтай алмаймын,  Ван Гок мырза!

Бәрінен де үстем тұр дәл қазір

көрші бөлмедегі шуылдың мысы.

 «ҚОҢЫРДЫҢ» ҚОҢЫР САҒЫМЫ

(Әбікен Қасенов рухына)

Қардың бетінде қылтиған қурайдың сынған ұшын

үрлейді желі Арқаның

бейуақ сайын ызыңдатып.

Топты қарғаның

тоқсан жыл бұрынғы шаттығын аңсап қарқылдасқанын естіп

Оянып кетемін ұдайы,

Бейіт үстіне салынған сарайда үрейлі түс көріп жатып.

Дар ағашына байланған арқанды есіп жатып оянып кетемін,

Жазалының басына киілетін қапты тігіп жатып оянып кетемін,

Сәбидің уыз етін салған қазанға от жағып жатып оянып кетемін.

Ояна сала сағатқа қараймын,

Он екіні көрсетеді де тұрады.

Ояна сала күнтізбеге қараймын,

Он екіні көрсетеді де тұрады.

Ояна сала тысқа қараймын

Әлемді әппақ қар сіресе бүркеп жатады

Жұлдыздарды да басып қалғысы келетінін

Ызбарлы тыныштығымен аңғартып.

Құлағымның түбіне

Сәби күнімде атам шерткен бір әуен келеді сосын.

Дәл сол күйді шертіп бола бергенінде

Әппақ сақалынан сорғалап түскен бір тамшы

Домбыра ішегін быж еткізіп күйдіріп

Үзіп кеткен еді,

Содан кейін домбыра сыңар ішегі тағылмаған қалпында

Ешкімнің қолы тимеген күйі тып-тыныш қана тұратын болды

Төр жақта ілініп.

Далада желтоқсанның ызғырық самалы дүниені тынымсыздана кезіп жүр,

Қурайлардың ызыңы қар астындағы әлемді оятқысы келетіндей

Үзіліп барып жалғанып,

Үзіліп барып жалғанып…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 25.04.2020 | 22:10

Ерекше 👍

Аноним 25.04.2020 | 22:41

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір