КАРАНТИН УАҚЫТЫН ҚАЛАЙ ӨТКІЗІП ЖАТЫРСЫЗ?
24.04.2020
1240
0

Бүгінде «үйден шықпаңыз», «үйде қалыңыз» деген ескерту бәрімізге жақсы таныс боп алды. Иә, әлемді дүрбелеңге салып тұрған тажалдан қорғанудың ең басты жолы – үйден шықпау. Әйтсе де, көбіне сыртта, қызу шарулармен айналысып жүретін өнер қайраткерлері карантин уақытын қалай өткізіп жатыр екен? Бізді қызықтырғаны осы сауал болды.

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, әнші
ОНЛАЙН ЖҮЙЕДЕ САБАҚ ӨТКІЗІП, КЕШТІ БАТЫРЫП, ТАҢДЫ АТЫРЫП ЖАТЫРМЫЗ

Иә, қазір бәріміз бұйрыққа бағынып, ешқайда шықпай үйде отырмыз. Арасында аулаға шығамыз. Қайтып кіреміз. Мен өзім тау жақта тұрам. Айналамыз тым-тырыс. Көршілеріміз де тым-тырыс. Енді «үйде не істеп жатырсыз?» деген сауалға келсек, жай жатқамыз жоқ. Түрлі шаруаламызбен айналысудамыз. Соның ең бастысы – қашықтан сабақ өткізу. Басында оқу жүйесі онлайн жүйесіне көшкенде әбден қиналдық. Бұрын-соңды қашықтан сабақ жүргізбегенбіз. Содан оқу орындарымыздан бағдарламаларды алып, компьютер алдына отырдық. Менің Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде шәкірттерім бар. Бәрі де ауылдардан, облыстардан келген балалар. Көбінің тұратын жерлерінде жағдайы жоқ, компьютері жоқ, тек телефонмен отыр. Телефоны, компьютері болған күннің өзінде кейбір ауылдарда уатсапп, зумм көп ұстамайды. Ұстаған күннің өзінде үзіліп қалады. Содан кейде кешке қалдыруға тура келеді. Алдын ала белгіленген бағдарламалық жоспарлар бойынша бәрін сағатымен, минутымен видеоға, суретке түсіріп, оқу орнымыздың басшылығына есеп береміз. Әрбір сабаққа қатысты ноталарды, әрбір орындаушының (мәселен, бір әнді бірнеше әнші орындайды) әнді орындаған аудиожазбасын, үнтаспасын уатсапп, телеграмм арқылы балаларға жіберіп, олардан жауап алып, осылайша кешті батырып, таңды атырып жатырмыз. Оның үстіне Астанадағы немерелерімді, шешемді үйге алдырғанмын. Оларды да ұмытпау керек. Немерелерім шапқылап жүгіргісі, ойнағысы келеді. Шешемнің де қас-қабағына қарап, жағдайын жасау керек. Қазіргі уақытта азық-түлік жеткілікті. Керек кезде төмен түсіп, барып алып келеміз. Дәріханалар да істеп тұр. Құдай күнімізді оларға қаратпасын. Дегенмен бас, тіс ауырса, қажет дүниелердің бәрі бар. Жан-жақтағы ағайын-туғанмен телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Кітап мәселесіне келсек, балалармен жұмыс істейтіндіктен оқитын дүниеміз көп. Оқу орындарының электронды кітапхана сайттарынан әрбір әнге қажетті кітаптарды бірге оқып жатырмыз. Сондай-ақ Қайрат Байбосынов ағаның «Сыр-сандық» атты кітабын оқудамын. Онда әлі бізге жете қоймаған, зерттеле қоймаған біраз әндер бар. Жақында қазақтың мықты әншісі Тілеулес Құрманғалиевтің «Тәңіртау әуендері» деген кітабы шыққан. Онда тың дүниелер, оның ішінде Жетісу өңірінің Хантәңірі аймағындағы көптеген ақындардың өлеңдері, өмір тарихтары жинақталған. Естілмей жүрген әндердің біразы нотаға түсірілген. Талай жылғы еңбектің жемісі. Қазір жоғарғы жақтан, министрліктен, жан-жақтан түсіп жатқан «үйде отырыңыз» деген тапсырма бар. Соған сәйкес өзім де, алдыңғы және кейінгі буын әріптестерім де бірдей атсалысып, онлайн жүйеде шеберлік сабақтарын, лекция-концерттер, жеке концерттер өткізіп жатырмыз. Сосын телевидениелердегі үлкен жобаларға қатысып тұрамыз. Әріптес бауырларыммен «ат төбеліндей қазақты, жан-жағыңды төрт көзін түгел аман алып қалудың басты жолы – үйде отыру» екенін айтып, бейнероликтер жасаудамыз. Қазір экраннан көрсетіліп жатыр. Бұдан бөлек арасында бау-бақшама көңіл бөлемін. Міндетті түрде «абай.кз», «Қамшы» порталдарын шолып шығамын. Жанарбек Әшімжан бауырым ортақ чаттарға қазақ әдебиетіне қатысты жақсы дүниелер салып отырады. Соларды оқимын. Өзім танитын қаламгер аға-інілермен ортақ чаттарымыз бар. Онда үлкен апталықтар өтеді. Мәселен, жақында Еркін Ібітановтың өмірі мен поэзиясы жайында талқылау болды. Сосын Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов ағаларымыздың шәкірттерінің, бірге оқыған кластас достарымның, туған ауылымның ортақ чаттары бар. Уақыт болса, сондағы дүниелерге қатысты өз ойымды білдіріп отырамын.

 

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының Төрағасы
КАРАНТИН ЖАРИЯЛАНҒАННАН БЕРІ ШЕБЕРХАНАДАМЫН

Суретшілер одағы карантин жариялануына байланысты өз қызметін уақытша тоқтатты. Алайда суретшілер мен мүсіншілер карантин уақытында қолдарында бар дүниелерімен үйлерінде түрлі шаруаларымен айналысып жатыр. Оқытушы суретшілер онлайн жүйеде қашықтан сабақ өткізуде. Өз басым карантин жарияланған кезде отбасыммен ақылдасып, бір шешімге келгенмін. Соған байланысты бала-шағам үйде, өзім шеберханадамын. Себебі о бастан анда-мұнда қатынау шектеулі болатынын білдім. Сосын жақындарыңның алдындағы жауапкершілік деген бар. Күнде сыртқа шығып, үйге қайтып келіп жүру арқылы вирус тасымалдауға болады. Сондықтан карантин уақытын шеберханамда өткізіп жатырмын. Осында жұмыс істеймін. Осында қонамын. Арасында сыртқа шығып, азық-түлік алып қайтамын. Жалпы, карантин – суретшілерге кедергісін келтірмейтін жағдай. Олар өмір бойы негізгі уақытын шеберханада өткізеді. Қазір тіптен жан-жаққа алаңдамай, шығармашылықпен айналысып жатырмыз. Бізге соншалықты қиындық тудыруда дей алмаймын. Үйреншікті  дүние. Жақында екі туындымды бітірдім. Біреуі коронавирустың Қазақстанға келу жағдайына байланысты. Бұдан бөлек жыл сайын күзде өткізетін есептік республикалық көрмеміз бар. Соған дайындалып жатырмыз. Мерейтойлық Абай, әл-Фараби, Алтын орда тақырыптарына COVID-19 тақырыбын да қостық.

Жалпы адамзат қандай сезімдерді бастан кешіруде, соны өнер тілімен жеткізгіміз келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір