«Бір шаңырақ астындағы – Ұлы Достық»
07.03.2020
829
0

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №4 кітапхана – бөлімшесінде Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына орай «Бір шаңырақ астындағы – Ұлы Достық» атты VIP-трибуна ұйымдастырылды.

Мәдени шараға Түрікмен, Осетин, Ингуш, Грузин этно-мәдени бірлестіктерінің, «Ариана» ауған мәдени орталығының мүшелері қатысып, қазақ еліне алғыс, ықыластарын танытып, «Біз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз – Қазақстанның гүлдену жолында өз үлесімізді қоса берейік» деген ізгі ниеттерін білдіріп, қазақ халқының қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығына ерекше тоқталып, тағзым етті. Мерекелік шараға грузин этномәдени орталығының «Алаверди» ансамблі «Дайис» биімен шашу шашып, түрікмен этномәдени орталығының әншісі Адильбек Отесинов «Ганча» және «Қазаққа тілек» әндерін әуелете шырқап берді. Сондай-ақ кітапхананың дарынды оқырмандары «Қазақстан», «Туған жер», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңдерін мәнеріне келтіре оқыды.
Бұл мәдени іс-шараға көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қазақбай Касимов, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Аманхан Әлімұлы, Түрікмен этномәдени бірлестігінің төрайымы Гулнара Аннакулиева, Осетин этномәдени бірлестігінің төрағасы Казбек Мамсуров, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, Ингуш мәдени орталығының төрағасы Сұлтан Оздоев, «Ариана» ауған мәдени орталығының төрағасы Васток Ахмадулла, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық саяси журналының бөлім редакторы Дина Имамбаева шақырылды. Сондай-ақ Алматы полиграфия колледжінің, Алматы қаржы-құқықтық және технологиялық колледжінің студенттері мен ұстаздары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Мерекелік мәдени іс-шараны Қазақбай Касимов құттықтау сөзімен ашып, татулық, достық бірлік туралы сабақты ой қозғады. «Алауыздық болған жерде, ел болмайды» деп студент жастарға ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да сақтау, ішкі тұрақтылықты қалыптастыруда елімізді мекен етіп отырған барлық халықтардың арасында ынтымақ пен келісім, татулық болса ғана, елімізде тұрақтылық болатынын атап өтті. «Ассамблея мемлекетімізде бірлік пен татулықтың, келісімнің киелі бесігі, ұлтаралық сыйластық пен ынтымақтастық көрсету жолындағы бейбіт өміріміздің белгісі» деп даналық ойын жалғап, жастарды әділдікке, гуманизмге, іскерлікке үндеді. Ақын Аманхан Әлімұлы Ф.Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөзінің мән-мағынасына тоқталып, әлемді ұстап тұрған сол сұлулықтың тамыры – татулық пен бірлікте екенін нақтылап айтып, алғысқа алғыспен жауап беру, өзге ұлт өкілдеріне де құрметпен қарау – Ұлылық деп атап өтті. Ал Дәуіржан Төлебаев барша қонақтар мен оқырмандарды мерекемен құттықтай келе, еліміздегі татулық пен достық, бейбітшілік пен тұрақтылық жайында өзекті мәселелер қозғайтын қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналының жетістіктерімен таныстырып, аталмыш журналдың құрыл­ғанына үстіміздегі жылы 10 жыл
толатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ студент жастарды бүгінгідей технологияның дамыған ғасырында да, дәстүрлі басылымдарды оқып, ой қорытуды тілек етті.
2016 жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтар достығына негізделген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Бұл мереке – біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. Бұл күні түрлі ұлт өкілдері миллиондаған адамдардың өз ұлттық ерекшіліктерін сақтап, бақыт тапқан Отанына айналған киелі қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына тағзым ететін күн!

Аяулым Жидебаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір