Болашағымды тек Қазақстанмен байланыстырғым келеді
28.03.2020
959
0

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде ассамблеяның басты міндетіне қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау; халық бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту; адам құқығы мен бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге, экстремизм мен радикализмге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу кірді. Қазіргі сын сағатта да ассамблея Президент тапсырмасын жан-жақты іске асыруда.
Біз бұған дейін де ассамблея жұмысын, өзге ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігін тұрақты жариялап келеміз. Осы жолы коронавирусқа қатысты шағын ақпарат пен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Аты-жөніңіз, ұлтыңыз кім? Қайда туып-өстіңіз?
– Аты-жөнім Мария Штрошер. Ұлтым неміс. Алматы облысы Қарасай ауданы Қайнар ауылында туып-өстім.
– Қазақ тілін қашан және қалай үйрендіңіз?
– Қазақ тілін бала кезімнен білемін. Анам қазақы тәрбие беріп өсірді. Араласатын ортам, достарым бәрі де қазақтар. Үйде қазақтың салт-дәстүрін ұстанамыз. Мектепте домбыра үйірмесіне қатысқам, әлі күнге дейін тартып жүрмін. Қазақша би де билей аламын.
– Мектепте, жоғары оқу орнында қазақ бөлімінде оқыдыңыз ба?
– Мектепте 9 жыл бойы қазақ сыныбында білім алдым. Мектепті бітірген соң колледжге түстім, ол жерде де қазақ бөлімінде оқыдым. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университетінде қазақ бөлімінде оқып жатырмын.
– Қай мамандықта оқисыз? Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Мамандығым есеп және аудит. 3 курста оқимын. Мамандығым бойынша
2 жыл Kase Қазақстан қор биржасына қатысып, марапаттарға ие болдым. Оқушы кезімде пәнаралық олимпиадалардан талай рет жүлделі орындар алғам. Мектепті, колледжді үздік бітірдім. Университетте де көптеген іс-шараларға қатысып жүрмін. «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ» газеттеріне өзге ұлт өкілдерімен бірге сұхбат берген және телеарналардағы бағдарламаларға қатысқан кездерім бар. Алматыдағы неміс этно-мәдени қоғамының белсенді мүшесімін. 2019 жылы Бурабай қаласына «Өз еліңді таны» атты республикалық жастар экспедициясына қазақ тілін жетік меңгергенім үшін сол неміс этно-мәдени қоғамының атынан қатысып қайттым.
– Бұл студент үшін аз жетістік емес. Ал өз тіліңізді жақсы білесіз бе?
– Иә, өз тілімді, яғни неміс тілін жоғары деңгейде білмесем де еркін сөйлей аламын. Ана тілімді одан ары жетік меңгерсем деген ойдамын.
– Тағы қандай тілдерге жетіксіз немесе үйреніп жүрсіз?
– Өзге тілдерден ағылшынша жақсы білем. Қазір француз тілін меңгеруді бастап жатырмын.
– Кітап, газет-журнал оқығанда, теледидар қарағанда көбіне қай тілді таңдайсыз?
– Кітапты жиі оқымасам да, қолым бос кезде қазақ және орыс тіліндегі кітаптарды оқып тұрамын.
– Салыстырмалы түрде соңғы он жылды алайық. Мемлекеттік тілді меңгерген дос, таныстарыңыз аз ба, көп пе?
– Мемлекеттік тілімізді жетік меңгерген достарым көп. Жоғарыда айтқанымдай менің араласатын ортам, достарым – барлығы қазактар. Біз бір-бірімізбен қазақ тілінде емін-еркін сөйлесеміз.
– Мемлекеттік тілдің даму қарқынына көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік тіліміздің даму қарқыны жайлы өзімнің ойымды айтар болсам, өте жоғары қарқында дамып жатыр деп айта алмаймын. Себебі, көпшілік ортада мемлекеттік тілдің мәртебесі, өкінішке қарай, төмен. Қазіргі таңда, шыны керек, өзге ұлт азаматтары түгіл қазақтарлың өздері қазақ тілінде емес, басқа тілде сөйлейді. Әрине барлығы емес, бірақ ондай адамдарды жиі кездестіреміз. Дегенмен болашақта қазақ тілінің мәртебесі қазіргіден де жоғары қарқында дамиды деген сенімдемін. Мұның бәрі біздің, яғни жастардың қолында.
– Рас айтасыз. Өздеріңіз отбасында қай тілде сөйлейсіздер?
– Отбасымызда қазақ тілінде сөйлесеміз.
– Болашақта Қазақстаннан кету ойыңызда бар ма?
– Қазақтарда бір керемет мақал бар ғой, «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген. Болашағымды тек Қазақстанмен байла­ныстырғым келеді. Әрине шет елге шығу ойымда бар, саяхат жасап, өзімнің елімнің тарихын, мәдениетін зерттесем деген арман бар. Бірақ Қазақстаннан мәңгілікке кету ойымда жоқ.
– Күллі әлемді алаңдатқан корона­вирус­пен қалай күресіп жатсыздар?
– Соңғы уақытта осы аты жаман ауру көптеген елге зиянын тигізді. Біздің елді де айналып өтпеді. Президентіміз көптеген сақтық шараларын жасап жатыр. Біз де үйде отбасымызбен дәрігерлердің айтқанын тыңдап, барынша сақтық шараларын жасап жүрміз.
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Сұхбаттасқан: Қ.Есентай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір