ӘЛЕМ АҚЫНДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ КӨРГІСІ КЕЛЕДІ
25.06.2022
4109
0

Осы аптада Румынияның Крайова қаласында румын халқының әйгілі ақыны Михай Эминеску атындағы Әлемдік Поэзия фестивалі өтті. Әлемге танымал 32 ақынмен бірге фестивельге Қазақстан атынан көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатысты. Біз ақынмен фестиваль жайында аз-кем тілдескен едік.

– Бұл жолғы Әлемдік Поэзия фестивалі өте жоғары деңгейде өтті. Әлемнің әр түкпірінен жиналған ақындар танысып, шұрқырасып, бір жасап қалдық. Бұрынғы фестивальдерде танысқан сыралғы достар да кездесті.
Салтанатты сарайдай кітапханалар мен музейлерде, саябақтарда, гүлзарларда, жаздық сахналарда, тіпті дастархан басында күн сайын жыр оқыдық.
Осыдан 5 жыл бұрын испан поэзиясының классигі Хусто Хорхе Падронмен достасып едік. Үш жыл бұрын осы фестивальге мені шақыртқан ғазиз дос Падрон болатын. Бірге қатысамыз деп уағдаласқанбыз. Амал нешік, осыдан екі жыл бұрын тәж-тажалдың құрбаны болды. Шара барысында аурудан көз жұмған үш ақынды үнсіздікпен еске алдық.
– Фестиваль аясында Сіздің «Киіз кітабыңыз» румын тілінде жарық көріпті. Фестиваль қонақтары қазақ жырын қалай қабылдады?
– Поэзия тойына қатысқан 10 ақынның кітабын румын тілінде сөйлетіпті. Менің «Киіз кітабымды» «Сөздің балы» деген атпен шығарыпты. Сонымен қатар, ағылшын тілінде ішіне Нобель лауреаттары Воле Шоинка, Томас Транстремер бар, сонымен бірге атағынан ат үркетін Адонис, Евтушенколармен қатар бізді де қамтыған, 67 ақынның жырлары кірген қалыңдығы кере қарыс «Бүгінгі поэзия Антологиясын», содай-ақ, осы фестивалге қатысушы 32 ақынның румын тіліндегі жырларын топтастырған екінші кішілеу Антологияны да фестивальге арнап әзірлеген екен. Басқосу барысында осы кітаптардың тұсаукесері өткізілді.

 

Қазақ жырын ғана емес, олар Қазақ­станды ерекше құрмет тұтатынын байқадым. Ана тілінде өлең оқу мәртебесі бұйырған 4 ақынның бірі болдым әрі фестивальдің ашылу салтанатында ақындар ішінен алдыңғы лекте маған сөз берді. Қай жерде өлең оқысақ та, оқырман мен әлем ақындарының ыстық ықыласы байқалып тұрды.
Әсіресе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Санкт-Петербургта өткен халықаралық экономикалық форумда сөйлеген сөзін шайырлардың бәрі жылы қабылдап, құрметтерін әлсін-әлі айтып жатты. Аз күннің ішінде достасып, жақындасып кеттік. Өз елдерінде өтетін поэзия фестивальдеріне шақыратынын айтты.
«Қазақстанды көрсек, Әлемдік Поэзия фестивалін сіздердің елде өткізсек» деген ұсыныстар да түсті. Фестивальдің басты ұйымдастырушысы Ион Дьяконеску бұл тілектерді тыңдай отырып, маған: «Әлемнің алдыңғы қатарлы ақындары Қазақстанды көруге құштар. Дүниежүзі ақындарының келесі фестивалін алдағы жылы Абай-Эминескуге арнап, Қазақстанда өткізсек», – деген ұсыныс білдірді. Мен: «Тиісті орындармен ақылдасайық. Ұсыныстарыңызды жеткізейін. Қолдан келгенше шешуге тырысамын», – дедім.
Абай-Эминескуге арналған Әлем Поэзиясы фестивалін Абай облысында, Алматыда, Түркістанда, Эминеску ескерткіші тұрған елордада, тіпті еліміздің кез келген өңірінде өткізуге болады деп ойлаймын.
Бір байқағаным, ақындардың бәрі диктатураға, соғысқа қарсы екенін ашық айтып жатты. Фестиваль соңында әлем ақындары соғысқа қарсы Үндеу жариялады. Бәріміз бірлікте қол қойдық.

Редакция 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір