Қарлығаш ҚАБАЙ. Мынау күйтабақты тоқтатайықшы…
21.04.2020
2064
3

Қарлығаш Қабай

БІЗ
біз,
алғашқы теңіз сапарынан кейін                               
жел мен суда қалған жаңғырығымызды                 
сағынатынбыз кейде…

ӘУЕНДЕР
Бәріне әуендер кінәлі.
Мұңымызды есімізге түсіре беретін. 
Әйтпесе Құдайда не шаруамыз бар біздің.
Шылымда не шаруамыз бар. 

 

ТОР 
Құс ұшып кетті.
Бір-екі қауырсыны ғана қалыпты торда.
Бұл жолы тор 
қауырсындарға қамалған.

ЖЕЛ
І
Шамасы, жәй ғана
Желге де жолдас керек шығар.
Ұшырып әкеткен сезімдеріміздің барлығын 
қайда апарар дейсің.. 

ІІ
Кешегі жел 
есігімізге бүгін де келіп тұр.
Сен жайлы хаттардан басқа 
ештеңе жоқ менде…

ТАҒДЫР
Алақанымызға сызылған құдай түрмесін
құм үстіне көшіріп ойнайтынбыз бала кезімізден.
Кейін, ең ескі бейіттеріміз құсап
Барлығын жаңбыр жуып кете берген соң,
басына мәуелі ағаш қадайтын болдық. 

ОАЗИС
суына ау тастасаң жалғыздығың ғана ілінетін сол аралда
дүкен әйнегіне сыртынан ұзақ-ұзақ телміріп тұрғандай күн кештік бәріміз,
мас болып көрмеген жұлдыздарға мұң шаға алмағандықтан.

КӨБЕЛЕКТЕР 
Бұл таңда
Сенің жиі жолдаған сезім толы хаттарыңды
Қағаздарға көшіріп,
Сол қағаздардан көбелектердің пішінін қия бастадым.
Олар ұша бере қанатын естеліктер мен уақытқа соғып ала беретін…

ТОПЫРАҚ
Өмірден жалыққан жұлдыздар
бүгін де аспанға келмей қойды.
Мен де кітаптарымды қуып шығып
төрт қабырғалы терезесіз бөлмеме тығылатынмын кейде.
Өзімнен ғана құтыла алмағаным секілді
Бізден ешқашан құтыла алмайтын топырақты аяп..

БЕЛГІСІЗ
І 
Бар екендігіне ешқашан үйрене алмаған мынау терезем
Мен туралы не ойлайды екен?..
Өлең жазу үшін сыртқа үңілетін деп пе…
Сыртқа үңілу үшін өлең жазатын деп пе…

ІІ
Тереземізді сан рет қаққан жаңбырдың
бір күні тамбай қоярын сезу –
неткен қорқынышты.
Үнсіздеу бөлмемізге тығылып жылағанымызда
кім жұбатады бізді.

ІІІ
Бақытсыздардың бақытсыздығына –
Ішіне «әлем»-ді қамап алып кеткендер жазықты.
Барлығы бақытсыз.
Ішіне «әлем»-ді қамап алып кеткен кім сонда?..

ТЕД *
Тед екеуіміз бүгінгі күнді
Жаназа күні деп жарияладық.
Өзін-өзі өлтіргендердің жаназа күні.
Бақытты болуды тілегісі келген сәт,
Құдайларын таппай қалғандардың жаназа күні..

*Тед Хуггес

КҮН
Көшелер менен күртешемізде 
кешегі жаңбырдың ізі де қалмаған.
Көз жасымызды да құрғатып беріп жүр емес пе 
Күн байғұс.

ҚОРАП
Ішіңде қорап бар.
Қораптың ішінде сен барсың.
Әлемді «сүйем» деп жәй ғана
жаныңа қамағың келетін.
Ал қорап 
Сенен де құтылып жай ғана
жалғыз қалғысы келетін.

КҮЙТАБАҚ 
Мынау күйтабақты тоқтатайықшы,
Әуенін ешқашан сүйген емеспіз ғой…

КҮНДЕС
Топырақ 
бергеніміздің барлығын қайтарды.
Алғанымыздың барлығын қайта алды.
Өмірде одан асқан күндесті көргем жоқ.
Бұдан соң 
барлығын теңізден алайық.
Теңізге берейік.
Ақкөңіл, көңілшек теңізге…

КӨЛЕҢКЕ
Сенің жаныңа 
Белгісіз бір жарық түскен күн 
Жер бетінде 
Аспан пайда болған,
Тау пайда болған,
Теңіз пайда болған,
Мұхит пайда болған,
Мен пайда болғам..
Біз, негізі,-
жарық пен жаныңның қайбіріне 
құлшылық қыларын білмеген 
жаныңның көлеңкелері ғанамыз.

СЕН ЖАЙЛЫ
Сен жайлы ойлағым келген-ді,
Күн бүгін салқындау…

Қарлығаш ҚАБАЙ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 21.04.2020 | 23:35

Ақ өлең де емес, поэзияға тән шумақ, рифм т.т. көп дүниені таппайсыз. Тек солардан да терең ой табасыз. Бұл да бір ғанибет шығар.

Аноним 25.04.2020 | 11:11

Еш нәрсе таппадым. Бірақ, қайта- қайта оқи бергім келді…

Аноним 29.05.2020 | 17:17

Сөз бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір