Заһар Сұрмергеннің жас қаламгерлерге кеңесі
20.04.2020
1659
1

Ешкімді «қыжыртқым» келмеп еді…

Есболат Айдабосынның «Қарға қырылған…» деген қиқым жазбасын күшпен  оқып шықтым. Бұл жерде мына коронавирус деген індетке немқұрайлы қарап, ақырында зардап шегіп жатқан жауапсыз адамдардың қылығына ұқсас бейқамдықты байқадым. Әдебиетке мұнша жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оның бір себебі, айтар ойың болмаған соң, яки түгесілген жағдайда ішкі мазмұны жоқ жылтыраған форма іздеуге мәжбір боласың. «Жазушы – адам жанының инженері» деген қанатты сөз бар. Әдебиеттің басты діңгегі – рух. Шығармада рухани күш-қуат болмаса – оның көк тиындық құны жоқ. «Форма – мазмұнның сырт киімі» десек, мазмұн өзінің пішініне орай қалып таңдап, форма тудырады. Әртүрлі эпизодтық баяндаудан құрылған бұл қиқым жазбалар бір-бірімен ішкі ағыс арқылы жымдаса отырып, контексте бір мәселенің басын ашуы керек еді. Әрине, осындай «сырты қарапайым, іші шыңырау» пайымдар арқылы нені меңзеп отырғанын аңғардық. Не аты, не заты жоқ әлдекімдердің көлбеңдеген ала-құла көлеңкесін көрдік. Пойызда кетіп бара жатып терезесінен сырттағы қараң-құраң сыпырылып қалып жатқан дала көрінісіне қарап отырған секілді күйге бөлендік. Бұндағы басты кейіпкер айдаладағы жалғыз ағаш қана боп шықты. Соның тағдыры. Жаны қиналған пенде баласын байқамадық. Сыпыра баяндау. Сурет, ой, жан жоқ.

Ал теледидар терминіне жататын «геотитр» бәленше-түгенше деп кете беретін жазбалар жай ғана эпизодтық рөл атқарады. Демек, ол басы, ортасы және аяғы бар толыққанды дүние емес. Егер қаламгер осындай шағын тәсілді қолданғысы келсе, миниатюра түрінде жазуға талпыну керек пе еді? Бірақ, ол қиыннан қиыстыра алатын асқан шеберлікті талап етеді. Осындай қорытындыға ат басын тіреген соң, толыққанды шығармаға тән емес нәрсені талдау бекер іс деп санадым. Әрине, тілі жатық. Бұндайда «көркемдік жағы жетіспей жатыр» деген формулировкамен баяғыдағы ағаларымыз ерінбей авторға хат жазып, ал қолжазбаны кәрзеңкеге ата салушы еді.

Заман өзгерді білем. Қазір шатып-бұтып не жазсаң да жариялай береді. Оған айтылып жатқан объективті пікір жоқ. Байқауымша, әдебиет төңірегінде: өлең, әңгімелері жарық көре қалса, талдау жасап,  сын айтып, пікір алмасудан гөрі құр мақтауды әдетке айналдырған бір-жар топ бар сияқты. Олардың біріне тиіп кетсең, қалғандары бөрінің артындай у-шу болады. Сонымен қатар, әдеби байқау, конкурс деген нәрселердің құнсыздығы. Сол «бармақ басты, көз қысты» дәстүрімен өткізіліп жатқан бәйгелердің жеңімпаздарының қазақ әдебиетінің көгіне жұлдыз болып жарқырап жатқаны шамалы. Енді-енді қалыптасып келе жатқан жас өркенді жалған марапатпен бұзып, ізденгіш, еңбекқорлықтан жаңылту басым түсіп барады…

Егер Есболат Айдабосынның мына қиқым жазбасына жолықпағанда өткендегі жазған пікірлеріме қайта бір соғып, толықтыра кету ойыма келмес пе еді…

Менің назарыма алғашқы ілінген Әлішер Рахаттың “Үздіксіз әуез” әңгімесі болды. Ол бүгіні жаңа басталып, ертеңінен үлкен үміт күткен қаламгер сияқтанды. Оның пайдасына жанашырлары тарапынан сөйлем құрауы дұрыс болмағанымен ойы терең, айтары бар деген уәж айтылды. Жазушының ең басты құралы, қаруы – сөз екенін дәлеледеп қажеті жоқ. Жарықтық қазақ тілінің бір сөзі неше ағайынды болып келеді. Бұндай баламасы мол, құнарлы, шұрайы көз қызықтыратын, құйқалы тіл некен-саяқ. Жалпы әдебиеттің көркі – метафора дейді. Бейнелеп, астарлап сөйлеуден қазақ халқына жетер ешкім жоқ. Осындай мол берекенің дәл ортасында отырып, газ бен мұнайымыздың қызығын көрмеген сықылды, жұтаң тілге неге үйірміз. Артына мол мұра тастап кеткен алдыңғы буынның шығармаларын оқып, жарайды олардың ескірді делік, ең құрымағанда сөз саптауын зерделеп, сөз қорымызды неге байытпаймыз. Тіпті, кейбір сөздің семантикасынан хабарсызбыз. Қазақтың әр сөзінде от пен мән бар. Олар бір-бірімен жанасқан шақта… осы орайда, белгісіз бір ақынжанды кісінің жалғыз шумақ өлеңін келтіргім келді.

Сөзбенен сөз жанасып,

Шұғыласы күнмен таласып,

Шуағын жанға таратса,

Күдер үзген сүйкімнен

Бейқамды бері қаратса,

Ақын дер ем, мен соны,

Асыл дер ем, ең соңғы…

Демек, әр сөз бен сөйлемнің арқалаған жүгі болуы тиіс.

Әлішерге айтарым, күрделі ой айту үшін күрделі сөйлемнің қажеті жоқ.

«Всё гениальное просто, и всё простое гениально. Маленькому человечку нравится скрывать свою ничтожность за сложными вещами» деген екен бір кезде, қандықол Йозеф Геббельс. Құдай сені содан сақтасын!

 

Ергали Бақаш. «Вирус». Астарлы-астарсыз, шығармаң туралы біраз сөз айтылды. Шаблон, штамп, пафостан аулақ болғаның жөн. Көрген-білгенің, естігенің өз зердеңде тұнып, көркем дүние болуға жетілгенде ғана кіріскен жөн болар. Өйтпесе, әркімнің басында бар күнделікті күйкі тірлік кімді қызықтарды. Тақырыбың айғайлап тұрғанмен, ар жағында өзге бір тосын әлем тұрмаса, оқырман ашқан есігін қайта жаба салудан тайынбайды. Көпке белгілі жайтты тәптіштеп әңгіме қылу мыжыманың ісі.

 

Қанат Әбілқайыр. “Жынды”. Бұл қаламгерге көп рақмет! Аты-жөніңізді жасырмай, бетпе- бет осы пікіріңізді айтсаңыз, бетіңізден сүйер едім деп жатыр. Жалпы жігіттер тәуір. Тіпті, осындай кереғарлау пікірге ұшырағаны үшін олардың кінәсі де жоқ. «Баланы жастан…» демекші, бұларға бас-көз болып, жөн сілтейтін ешкім болмады. Алдыңғы буын ағалары шетінен «классик» атанып, аяғы астында шалынып жүрген «балақайларға» аса мән бермеді. Мән бергендері арқадан қағып, жорта мақтаудан аспаған сияқты. Бұл балалар әңгіме жазу әліппесін көрмеді. Кеңес кезіндегі Әдебиет институты біздің көзден бұл-бұл ұшты. Сондай оқу-тәлім орнын өзіміз аша алмадық. Ақын-жазушы деген «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұранның аясына кірмеді. Содан барып идеологиямыз жоқ деген тұжырым пайда болды. Әдебиет сол ұлттың ділін тәрбиелеп, қалыптастыратын керемет құрал екенін естен шығардық. „Дайте мне средства массовой информации, и я из любого народа сделаю стадо свиней“ деген екен тағы әлгі жексұрын  Йозеф Геббельс.

Соның салдарынан кейбіреулер ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба тіліне шабуыл жасап, оны мақұлықтың мыңқылына ұқсас қойыртпаққа айналдырайын деген тәрізді. Бұл істерін — қазақ тілін заманауи талапқа сай өркендету, дамыту деп түсіндірмек болады. Расында не сленг, не диалект санатына жатпайтын құбыжық тіл иектеді. Бір ғажабы «Есть спрос, есть предложение» дегендей жазушысына сай, сол бәлдір-батпақты түсінетін оқырманы да табылып жатқаны… Бұл нені көрсетеді десек, жаңағы көріңде өкіргір Геббельстің айтқаны келген сияқты. Сананы жаппай улап жатқан мағынасыз шоулар мен редактордың батасын алмаған шығармасымақтар талғамсыздықты тудырды. Тұз бен шекердің дәмін айырмайтын оқырман дүниеге келді.

Қалай десек те жаңа буын жазушылар бой көтеріп келеді. Олардың бәріне топырақ шашудан аулақпын. Тек, бір ортақ ұқсастықтары: әрқайсысы өз көкірегімен әдебиет айдынын «омбылауға» кіріскені. Кейде жазуға деген қабылеттен гөрі — графомандық ынта басым түсіп, ауызға келгенін сыдырта беретін халге жеткеніміз өкінішті…

Енді Қанат Тілеуханға кідіре кетейік. “Медаль”. «Захар Прилепиннен» жағымды пікір естігеніне риза болыпты. Қанатжан, қолыңды кеудеңе қойып, иншалла деп шыныңды айтшы! «Медаль» деген жазбаңда Заһар айтқандай сатиралық ұстанымда болдың ба? Егер олай етсең, туған ауылыңдағы ел-жұртты қорлап, мазақ еткен болып шығасың ғой. Осы арада жазушы ретінегі мойындайтын және таңдайтын екі жолың бар. Біріншісі: «Қоғамның келеңсіз тұстарын саналы түрде мазақ қылдым» немесе «Менің, әңгімемнің көркемдігі кемшін түсіп, мазақ болдым».

Қанаттың әңгімесі – жүгі жоқ, бос арбаның салдыры секілді. Жоғарыда атағандай «Метафора – көркем әдебиеттің көркі» деп, еш жерден бейнелі теңеу, суреттеуді көре алмадық. Көркем әдебиет тіліне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын газеттің құрғақ тілін оқырманыңа ұсына бергенсің. Бұның жанр танымау ма, әлде, сауатсыздық па, яки «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген күллі оқырманды қорлаған немқұрайлылық па, таппадым… Көркем дүние жазу – ауызекі әңгіме айту емес, естіген жерде қала беретін, әр сөзің тырнасаң өшпейтіндей болып, тасқа басылады. Сондықтан көре қалсаң Қақабайға да айт: «Текстпен жұмыс істеп үйренсін» деп.

Енді ағалық жолмен өзідеріңе сабақ болар деп мына жазбаны ұсынғанды жөн көрдім. Айтпақшы, мені біреулер «сыншы» деп айдарлап, түкке тұрғысыз етіп, сөгіп жатқан көрінеді. Мен ешқандай да сыншы емеспін. Өздерің сияқты бір терінің пұшпағын илесіп жүрген қарапайым қалам ұстағышпын. Өткенде әдебиеттің кәусарынан сусындап, толық білімді бір азаматпен кеңесіп едім:

– Жастар прозасы ақсап тұрған сыңайлы, оларға жөн сілтеп жүрген ешкімді байқамадым. Осылай кете берсе, әдебиетіміз орға құламай ма? – дегеніме ол:

– «Мусорға» басыңды қатырып қайтесің! Әдебиет – жекенің ісі. Шығатыны батпақтап жүріп, өзі бір шығады, — деген-ді. Содан бері бірнеше ай өтті. Жүрегімді сыздатқан осы ойды қалай тарқатсам екен деп көп толғандым. Содан Заһар Сұрмерген псевдонимін жамылып, баяғының молдаларынша ұлдарды көкшыбықпен тәриелеуді ұйғардым. Осы жобаны қолдаған «Қазақ әдебиеті» газетіне де көп рақмет!

Ал енді мына тағылымға назар аударалық:

Әңгіме жазуды қалай үйренуге болады?

Кеңес 1

Жас қаламгерлердің көбісі мықты жазушы болуды көксейді де дереу роман жазуға кіріседі. Прозаның майын ішкен майталмандар жазу шеберлігін игеру үшін шағын формадан бастаған жөн деп кеңес береді. Егер расында жақсы жазушы болғыңыз келсе, әңгімені қолға алған жөн секілді.

Сізге қажетті мыналар:

Қағаз бен қалам/компьютер, ойдан қиыстыра білу және төзімділік

Нұсқаулық

Тақырыптың басын ашып алыңыз. Ең абзалы өзіңізді толғандырған жәйтті жазған дұрыс. Егер сіз көпшілікке қызықты, бірақ өзіңіздің қолайыңызға жағыңқырамайтын материалды таңдайтын болсаңыз  – ақыр аяғында бір сүлесоқ әңгімені ғана тудыру қауіпі бар.

Сюжетті ой сүзгісінен өткізіңіз. Әңгіменің аяғы қалай аяқталатынына мән бермей жазатындар не кемеңгер, не графоман.  Әрине, өзіңізді графоман санаудан аулақсыз. Кемеңгер болсаңыз, хош делік. Дейтұрғанмен сюжетке жауапкершілікпен қарап, сақтанғаныңыз абзал. Сіз әу бастан қаһарманыңыздың ұстанған бағыты мен мақсатын анық білуіңіз тиіс. Және ең маңыздысы: осы әңгімеңіз арқылы не айтқыңыз келгенін де анық білуіңіз тиіс.

Әңгіме басын көрнекті және тартымды түрде бастау керек. Егер сіз өзіңіз үшін емес, елге арнап жазсаңыз – онда алғашқы азат жолдан-ақ оқырманның назарын жаулап алуға тырысыңыз. Әдебиетте есімі танымал жазушы он беттік әңгімеде бір құлап жатқан үйдің қирандысын ғана тәптіштеп суреттеуге қақылы. Ал жазары тырнақалды жазарманға ондай кеңшілік жоқ. Бастапқы жолдан елітіп әкете алмаған бейтаныс автордың жазбасын интернет-пайдаланушы да, журнал редакторы да оқуға құлықсыз келеді. Дұрысы шұбалаңқы сөйлемдерден гөрі оқырманға жеңіл оқылатын қысқа да нұсқа сөйлемдерге басымдық берген жөн. Қысқа сөйлемдер: ой мен суреттеуді жеткізуге өте қолайлы. Сосынғы бір есте сақтар жайт: қарапайым боламын деп қарабайырлыққа кетіп қалмау. Әрқашан да өзіңнің көркем шығарма жазып отырғаның қаперіңнен шықпау керек. Демек, жаңа әлем тудыратын құдірет тәрізді әр деталіңе жауапкершілікпен қарағаның жөн болар. Өйтпесе, бір мүшесі жетіспейтін кемтар «перзентті» өмірге әкелесің.

Әңгіменің аяғын сұрапыл қиыстыру керек! Алдын-ала аяғы болжауға келетін әңгімеде сән қалмайды. Оқырманды таң қалдырып, сілкілеп алсаң ол келесі шығармаңды тағатсыз тосады.

Кейіпкерлердің мотивировкасын мұқият ойлап шық. Олардың әр іс-қыймылында өміршең бір негіз болуы тиіс. Егер оны келтіре алмасаң, оқырманның басын қатырғаным деп біл. Әңгіменің логикасы бүлдыр, түсініксіз болса ол оны оқи қояры неғайбыл. Жазған әңгімеңізді қайыра оқып шығыңыз. Мүмкін қиыспай тұрған келеңсіз жерлерін немесе стилистикалық қателіктерін байқарсыз. Өңдеп шығыңыз. Тағы бір мәрте оқыңыз. Кім біледі, өзге де қателіктер табылып қалуы кәдік. Жалықпай түзеңіз, ерінбей қайталап оқыңыз, қашан көңіліңіз толғанда ғана қоярсыз.

Пікіріне құлақ асатын бір адамыңызға дүниеңізді оқуға беріңіз. Алайда ол өзіңіз байқамаған қателіктерді аңғаруы мүмкін. Осындай өткелдерден өткен соң ғана барып, жазбаңызды оқырманға немесе редакторларға ұсынуға болады.

2: Әңгімені қалай бастау керек

Әдебиет әлемінде танымал болуды армандау ерсі емес. Ерсілігі: соны армандай тұрып, жазушылық шеберлігіңді шыңдау үшін шыбық басын сындырмау. Сондықтан әңгіме жазуға құштар кімде кім болсын — өз кәсіби деңгейін жатпай-тұрмай өрлетуге ниетті болуы тиіс.

Нұсқаулық

Шығарманың ұтымдылығы үш тағанға байланысты: сюжет, стиль, оқырманның ойлануына мүмкіндік беретіндей толық айтылып тасталмауы. Осы үшеуінің бастапқысын алыстан іздеп қажеті шамалы, өзіңіз жақсы білетін жәйтті негізге алыңыз. Егер әңгіме жазуға ниеттеніп, баяндалуға тиістің жалпы сұлбасы ойыңызға қонақтаса – отырыңыз да жаза беріңіз. Басыңызға әңгіменің алғашқы керемет бір жолдары мен талдырып түсіретін соңғы тіркес қашан келеді деп уақыт жоғалтпаңыз. Сосын шығарманың барша мәтінін ретімен тізбектеп жазып шығуға ұмтылмаңыз. Редакциялаумен кейінірек шұғылданасыз.

Барлығы жазылып болған соң, қағаздарыңа тиыштық бер, біраз жатсын. Соңыра таман қайта оралып, мұқият ежіктеп тұрып оқуға кіріс. Логика жағынан шалыстық жоқ па? Сюжеттік тарамдары қиюласып тұр ма? Стилің ақсап жатқан жоқ па? Шығарманың осы тұсында маңызды жүк арқалаған ой-оралымдарды, диалогтарды, суреттеулерді өңдеуден өткізу керек. Өз талантыңның жанашыры кім екенін естен шығарма: ортақ идеяға қызмет етпейтіннің барлығын аяусыз жоя бер, іш пыстыратын қайталаулардан арыл және тартымсыз баяндауларға бой алдырма. Әрине, ақылын тыңдайтындай біреуге тағы бір оқытып алған да жақсы.

Жазған дүниең қолма-қол жарық көріп кетуі екіталай. Сондықтан тоса білу де керек. Редактормен хабарласып, кем-кетігі болса сұрап білген де жөн. Егер ол түзетулер енгізу керек десе, қыңыраймай көнген дұрыс. Себебі ол кәсіби білікті адам. Ал өзің болсаң бұл саладағы сарыауыз балапансың.

Кеңестің пайдасы тиді ме?

Әдебиет әлемінде қамтылмаған сала қалмаған да шығар. Сондықтан жүз процент жаңалық аштым деп өзіңді алдама. Онанда осы тақылеттес тақырыптарға жазылған кітаптарды оқып, өз тарапыңнан қаншалықты үлес қоса алғаныңды пайымда.

 Құрметпен, Заһар Сұрмерген

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.04.2021 | 13:55

өте дұрыс жас жазушы болып жүргендерге. олар ісіп кеппесін деген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір