БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ КЕҢЕСІ
10.08.2022
404
0

Жақында Қазақстан Жазушылар одағында Балалар әдебиеті кеңесі өтті. Күн тәртібіндегі мәселенің түйінін тарқату үшін болған жиынға кеңес төрағасы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева, Қазақстан Ленин комсомолы және Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлықтары­ның лауреаты Байбота Қошым-Ноғай Серікбайұлы, жазушы, баспагер Қанат Қайым, жазушы Сәуле Досжанова, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, балалар ақыны Арасанбай Естенов, ақын Болат Үсенбаев қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Н.Ақыш балалар әдебиетінің ақын-жазушыларының көбі момын болғанын айта келе былай деді:
«Қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің жиналыста сөйлегені өте сирек болды. Сондай жиындарда мінберге әуелі арқырап ақындар шығады, тепсініп сыншылар шығады, байсалды роман жазған прозашылар да шығып жатады, ал балаларға арнап шығарма жазатын қаламгерлеріміз ақырын үндемей отыра береді. Мәселен, Бай-еке, сіз де көп сөйлеген жоқсыз, иә? (Байбота Қошым-Ноғай «жоқ» деген ыммен басын шайқады – А.Қ.)
Бүгінгі отырыста екі мәселені талқыласақ дейміз. Соның біріншісіне тоқталайық. Өмірден өтіп кеткен ақын-жазушыларды, әсіресе балалар қаламгерлерін ескере бермейміз. Көрнекті балалар ақыны марқұм Өтепберген Ақыпбекұлын бәріңіз жақсы білесіздер. Шығармашылығымен де етене таныссыздар. Көзінің тірі кезінде Мұз-ағаң, Мұзафар Әлімбаев сияқты дуалы ауыз ағаларымыздың тірі классик деп мойындағанына да бәріміз куәміз. Оған дау жоқ. Ендігі мәселе − сол ардақты ақынымыздың есімін ұрпақ жадында мәңгілікке қалдырудың қамы. А.Естенов, Д.Мамырбаева секілді кеңес мүшелері Көшкентал ауылындағы орта мектепке ақынның атын беру жөнінде ауылдастарына ұсыныс-хат жолдасақ деген пікір білдіріп отыр. Сіздердің ой-пікірлеріңіз қандай?».
Бұған қатысты бірінші болып сөз сөйлеген Д.Мамырбаева болды. «Иә, Өтепберген нағыз балалар ақыны еді. Кітаптарының бәрі мектеп үшін жазылған оқу-тәрбие құралы дерлік. Оның шығармашылығы ұрпақ тәрбиесіне қызмет етіп келеді, қызмет ете береді де. Әрине, мұндай қаламгерге қандай құрмет көрсетсек те орынды. Мектепке атын беруге әбден лайық! Ауылдастары бізді бірауыздан қолдайды деп ойлаймын», – деді ол.
Содан соң Б.Серікбайұлы Ө.Ақыпбекұлының көрнекті балалар ақыны ғана емес, қаншама сөздік шығарып, қазақ тілімізді байытуға, жаңа заманға сай оның ауқымын кеңейтуге көп еңбек сіңірген Тіл жанашыры екенін айта келе: «Балалар ақыны ретіндегі еңбегі орасан. Қандай құрметке де лайық. Мектепке аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр дейміз», – деп сөзін қорытындылады.
Қ.Қайым да, А.Естенов те, С.Досжан да ұсынысты қолдап, Ө.Ақыпбекұлының нағыз педагог, ұрпақ тәрбиешісі екенін, оның мектептің берілуі заңды құбылыс екенін атап өтті.
«Балалар қаламгеріне көрсетілген құрмет – ұрпақ тәрбиешісіне көрсетілген құрмет. Өтепберген – ақын ғана емес, шын мағынасындағы ұрпақ тәрбиешісі. «Балаларға арналған барлық жанрды қамтып қана қоймай, оларды одан әрі дамытып, жетілдіре түскен, ізденімпаз, жаңалыққа жаны құмар ақын еді. Бүгінгі ұсыныс-пікіріміз әбден орынды деп санаймын. Ауыл мектебіне аты беріліп жатса, үлкен қуаныш, зор мәртебе! Бәріміз бірауыздан қолдап, қоштап, шешім қабылдайық», – деді жазушы Сәуле Досжан өз сөзінде.
Жиналыс барысында игі бастаманы қолдау жөнінде ортақ пікір айтылды. Ұсыныс дауысқа салынды: ешкім қарсы болмады, қалыс қалған да жоқ.
Жиналыс соңында балалар ақыны Өтепберген Ақыпбекұлының есімін Көшкентал орта мектебіне беру жөнінде ауылдастарына ұсыныс-хат жолдау бірауыздан мақұлданды.

Жетісу облысы, Ақсу ауданы,
Көшкентал ауылының әкімі
Олжас Жұмашұлына

Көшкентал орта
мектебінің директоры
Ержан Хамитұлына
Ұ С Ы Н Ы С – Х А Т
Біз, төменде қол қоюшы Кеңес мүшелері Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Көшкентал ауылындағы орта мектепке көрнекті балалар ақыны Өтепберген Ақыпбекұлының есімін беру жөнінде ауыл тұрғындарына осы ұсынысымызды (жиналыс хаттамасымен бірге) жолдап отырмыз. Демек, мектеп «Өтепберген Ақыпбекұлы атындағы Көшкентал орта мектебі» деп аталса деген тілек. Құрметті көшкенталдықтар бұл игі бастаманы қолдап-қостар деген үкілі үмітпен

Қазақстан Жазушылар одағы
Балалар Әдебиеті Кеңесінің мүшелері:

1. Нұрдәулет Ақыш (Төраға)
2. Қанат Қайым (орынбасар)
3. Болат Үсенбаев
4. Байбота Қошым-Ноғай
5. Ділдар Мамырбаева
6. Баян Болатханова
7. Сәуле Досжанова
8. Арасанбай Естенов
9. Сәбит Дүйсенбиев
10. Саят Қамшыгер
11. Әлібек Байбол

Алматы қаласы, 26.07.2022 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір