Есболат АЙДАБОСЫН. ҚАРҒА ҚЫРЫЛҒАН…
15.04.2020
2797
3

                                        (әңгіме)

Есболат Айдабосын

                                    Сөз басы

Қабірстанның құбыла бетіндегі тақырға біткен жалғыз ағаштың жауы көп. Қарқылдаған қарғалар бұтағына саңғиды, қаңғыған жел жапырағымен қақпақыл ойнайды. Тамыры қайдан нәр алары белгісіз, әйтеуір діңі жуан. Ерте көктемде елден бұрын бүршік жарып, күзде алдымен жалаңаштанады. Өлілер мекенінен аулақтау тұрса да жергілікті жұрт көп жуымайтын. Малы көлеңкелеп бара қалса, алыста тұрып, тас лақтырып қуатын. Бүгін ертеңмен бес-алты адам сүймен, күрегін ұстап сүйретіліп жеткен. Сәскеге дейін белуардан қазды. Бесін ауа кісі бойынан асты, шұңқырды төңіректеп, құнжыңдап біраз жүрді де екінті әлетінде келген жағына қайта кетті.

 

                                                               І БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

Көкжөтелмен алысып, көрер таңды көзбен атырды.  Шаншу қадалғандай, кеудені қысып, алқымға жабысқан беймәлім дерт төрт-бес күннің ішінде ититіп жіберді. Дәрігер атаулыға о бастан сенбейтін. Қайбір жылы қол-аяғы құрысып, қызуы көтеріле берген соң амалсыздан қаралған. Аудандық аурухана апта бойы әурелеп диагноз қоя алмай, дүдәмал күйде шығарып салған.

– Облыстық ауруханаға жолдама берейік! Астанаға барыңыз, Алматыны байқаңыз, – деп жол сілтеген. Ол жол сілтегіштерге қолды бір сілтеді. Үйіне келген бетте дәрілерді отқа жақты. Ішірткі жазып ішкен. Бағлан сойып сорпаланып, қойдың жынына аяқ малып, қымтанып жатып терледі. Жабысқан кеселден жеті күнде құтылған.

– Айналайын-ау, әппақ қалат киген дәрігерлерің біздің қожалақ шопырлар құрлы жоқ, – деген хәлін сұрай келгендерге.

– Шопыр байқұстар бұзылған көлігінің әр жерін бір шұқып, ақауын анықтап, өздері жөндеп алады. Тоғыз кластан артық білімі жоқ олар сөйтіп тілсіз техниканың дертін тап басады. Ал мына оқудың түбін түсірген дәрігерлерің адамның ауруын таба алмайды. «Мына жерім ауырады», – деп қолыңмен ауыратын жеріңді көрсетіп, қақсап тұрсаң да «сырқатыңыздың сырын ұқпадық», – деп бас шайқайды-ау, зәнталақтар! Теріс оқығандар өңшең… Көздеріне көк шыбын үймелетіп қой бақтырып қойса, шіркін! – деп күйінеді.

      Бұл жолы «аурухана деген бар екен-ау» деп есіне де алмады.

                                                    ***

Геотитр:  Мамыр шағын ауданы

Таңғы асты ішіп жұмысқа шыққан. Сағат сегіз жарым болыпты. Интернетін қосқаны сол еді телефоны безгек тигендей қалшылдап кетті. Күллі әлемнің тұрғындары түнімен іздегендей, хат қоржыны асып-тасып жатыр. Әдеттегідей достар мен сыныптастар чаты түнімен ұйықтамапты. Бірінде жүз алпыс хабарлама, екіншісі үш жүзге тақау. Белсенділік рейтингінде көш басында тұрған екеудің есігін ашуға асықпады. Жекеге жазылғандарын бірінен кейін бірін оқыды. Кейбіріне жауап қатты, кейбіріне стикер жіберіп сарт-мезірет жасады. Кезекті хатты көргенде жүрегі су ете қалған. Бір емес, төрт жазба қатар тұр. «Түнде интернетті өшіріп қойғаным қандай жақсы болған» деді ішінен бір қатерден құтылғандай. Дереу телефондар тізіміне еніп, қоңыраулатты.

– Алло!

 – Маған  хат жазба дегенім қайда?

 – Сөйлесуіміз  керек. Шыдай алмадым.

 – Мені  құртайын деп жүргеннен саумысың өзі? Жұмысқа шыққанда өзім-ақ хабарласатын едім ғой, – деп төпелетіп кеткен. Ар жақтағы үнсіз. Тұтқаны қоя салыпты. Ызалана қайта терді. Сөндіріп тастаған екен.

 – Көктемге айда! – деп  дүңк етті шопырға. Жалма-жан хаттарды өшірді.   

                                           ***

Геотитр: Көктем шағын ауданы

Тық-тық еткен туфлидың үні ұзап барады. Аяқ алыста ашудың ізі бар. Тесіктен сығалап еді, лифтіні тоспай жаяу кетіпті. Есікті іштен құлыптады. Сүйретіліп барып, төсегіне құлаған. Бүркеніп жатып, булығып жылады. Көзі ілінген екен. Шым-шытырық түс көрді. Төбеде күн төнеді, табаннан қызу өтеді. Теңіздің майда құмы денеге майша жабысады. Жел қуған толқындар жағалауға ентелеп келіп, еңсесі түсіп қайтып жатыр, жалғандағы жалғызына жете алмай кеткен ғашықтардай! Түрік жігіт сұңқылдата ән салды, қызыл гитара сыңсып үн қосты. Әуенге балқып отырған. Кенет ойнақы күйге ауысты. Шашы жалбыраған әлдекімдер атып шықты. Айқай-шу, селкілдеп билеген сұлбалар. Аспанды қара түнек басқан. Күн орнына ай келген. Әнші әлі сұңқылдап отыр. Гитараның орнына қызды көтеріп алыпты. Қобыраған шашы жүзін жасырған. Жұлқыншақ әуенге елітіп, басын бұлғақтатады. Қыздың үстінде лыпасы ғана бар. Құймышақтан өрге шырмауықша өріп сурет салдырыпты. Таныс бейне көзіне оттай басылды. Жетіп барып, ышқына кейін серпілген. Өзі екен. Кеудесіне әлгі әнші қонып алып, езгілеп жатыр. Балқып, рахат сезімге берілді. Тынысы тарылып барады. Ыңырсыды, ышқынды, айқайлады. Өз даусынан шошып оянды. Қара терге түсіпті. Кеудесі сыр-сыр етіп алқына дем алды.

                                                        ***

                                                     ІІ БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

Ауылдың имамы болып жүргенде, талай адамның бақилыққа аттанған сәтін көрген. Заманында ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған небір мықты шалдың иманын оқып, мейрам суын ішкізіп бұ дүниеден о дүниеге шығарып салды. Біреу жеңіл кетеді, енді бірі қиналады. Жамбасы тесілгенше жылдап төсекке таңылып, азаптанатындар да бар. Әсіресе қызыл Тұраптың қазасы ауыр болған. Алдымен ақылын жоғалтып, аяқтан алжыды байқұс шал. «Өскеменге бара жатырмын», – деп көшені кезіп, қаңғып кететін. Талай мәрте, бала-шағасы сабылып іздеп егістің басынан, моланың қасынан тауып әкелді. Осылайша қаңғимын деп жүріп мұздан тайып жығылып, жамбасын сындырды. Содан тұрмады. Қартайған адамның сүйегі морып, сынығы бітпей қойған. Екі жылдан аса қор болып жатты. Төсекке таңылса да құлқыны кең, тамақсау. Тойғанын білмейді, дәретін ұстай алмайды дейтін. Сасық иістен бала-шағасы ұшынды, көрпесін далаға жайса көрші-қолаң тыжырынды. Ажалдың өзі де сол иістен қашқандай маңайламай қойды.   Әбден қиналды, келін-баласын әбден қинады. «Тұрап қайтыс болды» дегенді естігенде күллі ауыл: – «Е, байқұс-ай, дұрыс бопты»,– дескен. «Жаны жаннатта болсын»,– деп жастар бет сипаған, шал-кемпірлер: – «Құдай күнәсін кешірсін» дегенді көп айтқан. Өйткені  Тұрап – заманында қызыл белсенді болған. Кеңес үкіметі кезінде бүкіл елді бір шыбықпен айдаған. Ауылдағы байлардың барлығын ұстап берген, күллі аймақ қадір тұтқан Қара молданың сақалын кескен, намаз оқыған бір шалды сабап көзін ағызған, келі түйіп отырған әйелді теуіп баласын түсірген, бидай қуырып жатырсың деп талайдың қазан-ошағын төңкерген… Тізе берсең, тәспінің тасы жетпес. Қызыл Тұраптың осынау «ерлігі» ел есінде, «атамды айдатқан сенсің» деп ауыл тентектері бертінде талай рет өзінің де есіне салған, бетіне жұдырықпен таңба басқан. Ақыры осылай болды. Көптің табасы мен наласы шыдатсын ба?!

 – Е , Жаратқан ием,  – деді  алқына дем алып. – Біліп, не, білмей істеген күнәларымды кешіре көр! – деп айтқысы келіп еді, тамаққа келіп қалған қақырық ырық бермеді. Шалқасынан жатқан күйі ұзақ жөтелді.

 

                                        ***

Геотитр:  «Tarzan Towers» бизнес кешені

Күн қауырт басталды. Ертең-ерте шетелдік инвесторлармен кездесіп, әріптестік меморандумына қол қойды. Сәскенің әлетінде ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарын қабылдаған. Олар кете сала бөлім басшыларын жиып алып, есебін тыңдады. Әрқайсысына жеке-жеке тапсырмалар жүктеп,  жұмыс жоспарын бекітті. Бәрін түске дейін бітіріп тастаған. Әлденеге асығыс. Бірақ уақыт асықпайтын секілді. Сағат тілі аяғына тас байлап алғандай сылбыр. Кабинетінде теңселіп ары-бері жүрді. Соңғы күндері өмір ырғағынан жаңылысқан, көрген түстей бәрі…

Жыл басында Малайдың астанасы Кула-Лумпурдан хат келген. Халықаралық мәслихатқа шақырту жіберіпті. Бұрын талай барған жер, көрген ел. «Көктемде шетелге қыдырайықшы» деп қылқылдап жүруші еді, сол үшін болмаса?.. Шақырту қағазын суретке түсірді де,  WhatsAppпен жолдады. Жауаптың орнына алақайлаған стикер келді. Жүректің суретін жолдады, ол беттен сүйген. Бұрындары мұндай сапарларға аудармашы-көмекші ретінде ертіп жүретін. Ел күдік алып, іс насырға шапқалы тұрғанда жұмыстан кетірді, өзі де басқа қалаға қызмет ауыстырып құлағы тыншыған. Анда-санда жол түскенде ат шалдырып кететін. Келіп-кетіп жүріп басына баспана, астына атын алып берген. Нотариус ашуға көмектескен, сонан бері өз күнін өзі көріп, орынсыз мазалауды қойған. Жұма сайын түс әлетінде көлігі оңға емес, солға бұрылады. Жұрт намазға жығылғанда ғұсыл құйынып жататын. Мешітке кеттіге жорып, ешкім іздей қоймайды, әйелі де түскі асты мұнсыз ішеді. Әдеттегі жұманың бірінде «Малайзия сапарының» жоспары құрылды. Екі жақ та тыңғылықты дайындалған. Алайда арада ай өтпей сол жоспардың күл-талқаны шықты. Коронавирус деген дерт шығып, мәслихат кейінге шегерілген. Бірақ ол шегінбеді, «құрбыларыммен барайын» деп қиылды. Билет алынған, қонақ үй ақысы төленген. Қайтармаймыз депті. «Қып-қызыл шығын» дейді танадай көзін төңкеріп. Қылығына арбалды, қарсы болмады. «Барсаң баршы, тек абай бол» деп сұқ саусағын шошайтты.

                                                           ***

Геотитр: Көктем шағын ауданы

Төсектен салыңқы тұрды. Біреу тепкілеп тастағандай денесі зіл тартады. Басы зеңіп, қызуы көтеріліпті.  Ұйпаланған шашын шүйдесіне буды да, беті-қолын жумастан ас үйге кірді. Тым-тырыс, тоңазытқыш қана дүрілдейді.  Дастарханның үстінде бірер тілім шұжық пен балықтың басы қалыпты. Кеше қышқыл суды ұрттаған сайын қажақтап, құйрығына дейін тамсана кемірген. Кесілген бастың кілегейленген көзіне қарады. Әлдебір мұң бар. Өзі өлсе де, көзіндегі мұң өлмепті. Дастархан үстін сыпырып-сиырып қоқысқа тастайын деп тәрелкені көтере беріп еді тайраңдап қырықаяқ шыға келгені. Бойын үрей билеп кеткен. «Мама» деген айқайына ыдыстың шағылған дыбысы үн қосты. Тоңазытқыштың есігін жұлқи ашып, қаз-қатар тұрған қу мойындарға өшіге қарады. Көңілі шапқан бірін қылғындырып алып шықты да қырлы стаканға құлқылдатып құйды. Тәбеті шаппай тұрса да көзді тарс жұмып тартып жіберген. Өңешті бойлап өрт жүрді. Бұрқ етіп маңдайдан тер шықты. Қырлы стаканды дастархан үстін адақтап жүрген қырықаяқтың төбесіне төңкере салды. Жанталасып жатқан жәндікке телміріп қарап отырды да телефонын қосты. Жедел жәрдем шақырды.

                  

                                                     ІІІ БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

Кемпірі кеткелі үшінші жылға аяқ басты. Жалғыз ұлдың жұмысы қалада. Бір жерде отырса бірсәрі, жел қуған қаңбақтай көшіп-қонып жүргені. Бірде анда, бірде мұнда шегеді, қатын-баласы да үйреніп алған. Екі жыл батыс аймақта жүріп жақында орталыққа келді. Өсіп келді.

– Балаңыз  бастық болды,   – деп  келін сүйінші сұраған.

 – Енді  қолыма аламын, сағынсаңыз барып-қайтып тұрасыз. Ауыл жақын,  – деген  өзі.

 – Көрерміз. Маған салсаңдар ел ішінен ұзағым жоқ, – деп  ырық таныта қоймады. Айына улап-шулап бір келеді, келе алмаса шопырын жібереді. Құр келмейді, сүлікқара көлігінің артын азық-түлікке толтырып келеді. Ол азықты жеп жатқан пенде жоқ. Кеткен бетте көршілерге таратады. Өзінің нәсібі ежелден түзге шашылған. Бас имамдықты өткізіп бергенмен ақсақалдық қадірі асырап тұр. Жаназа, мәуліт, құдайы тамақтың күніге бірі болады, шақырған жерден қалмайды. Саусағын бүгіп есеп жүргізді.

 – Аптадан асыпты-ау келмегеніне… Қызталақтар, – деді  немерелерін есіне алып. Сол жолы алақандай телефон беріп кеткен, хабарласуға ыңғайлы деп. Алдыңғы күні сол неме шырқырап қоймаған соң жасыл нүктесін жасқана басқан. Басуын басты да шалқасынан түсе жаздады. Телефон ішінен немерелері жапа-тармағай жаутаңдап қарап тұр екен.

 – Астапыралла! Әй, неғылдеп жүрсіңдер мұнда?  – деген  басқа сөз аузына түспей. Аналар мәз. Әрқайсысы келіп бір сөйлейді. Кенжесінің тілі тіпті қызық. Өкіріп-бақырып жатып өзгелерден телефонды тартып алған, ары-бері көтеріп жүріп былдырлап әңгіме айтады. «Ахуден бер» десе, «мә» деп борбайына қол салады. Көңілі көтеріліп, кеудесі кәдімгідей жеңілдеп қалды сол күні. Тың аттай құлдыраңдап жүрді. Төсекке де сергек жатып, жақсы ұйықтады. Онан кейін сөйлескен жоқ,  кеше күні бойы қоңыраулатыпты. Неге іздеді екен? Керуетін сықырлатып сүйретіліп тұрды да телефонды іздеді.

                                             ***

Геотитр: «Олимп» клиникалық-диагностика орталығы

Маска таққан бастардың үрейлі көздері жан-жаққа жаутаңдай, жатырқай қарайды. Үндері де құмығыңқы. Бір-бір бұрышта, екі-үшеуден ұйлығысып күбірлесіп-күңкілдесіп қана тұр. Дәлізді тіліп өтер дәрігерлер қасапшының пышағындай жалаңдап жүр. Кезегі келіп тұр екен, ішке іркіліссіз кіргізді.

 – Проходите! Фамилия?

 – Запастағы  капитан Айбек Бекболатұлы сізбен бірге ғарышқа ұшуға келіп тұр.

Әскерилерше сымдай тартыла қалған. Орысша сұраққа қазақша жауап берді. Дәрігердің үнінен қазақы мақамды таныған, жайдарылық сезген. Талай қыз-келіншектің тілін тапқан әккі түйсігі алдамапты. Скафандр киген сұлба сыңғырлап күлді. Әйелдің жарасымды күлкісі. Әйел емес, қыз. Тұла-бойын қымтап тұрған жылтыр жабу сыртынан мүсінін елестетті. Жасы 25-30 дың аралығы, бойы 1,75см деп болжады. «Шешіндіріп көрер ме еді» деген сумақы ой санасын бір желпіп өтті. Жалпақ көзәйнектің арғы жағынан қырылмаған қою қас, тұнық көз ұшқын атады.

 – Ой, аға, бүгіндікке бір күлдірдіңіз ғой. Бір аптадан бері күлкіні ұмытып едік, – деді. Тілі қою екен. Қала қыздары секілді үндестік заңын бүлдіріп, кей әріптерге обал жасап тұрған жоқ.

 – «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» депті бір ақын.

 – Жұматай   Жақыпбаев қой, ғарышқа әлі ерте сізге.

– Сіздей   ғарышкермен құшақтасып ұшып-ақ кетсем болар еді.

Скафандр тағы селкілдеді, тағы күлді. Күлген күйі қасына тақады.

 – Аузыңызды  ашыңыз.

 – Сүйіп  алмаңыз , әйелім ұрсады.

          – Ой, аға, қалжыңбас екенсіз. Менің әкем де тура сіз секілді еді. Студент кезде курстас құрбыларыммен жігітше қалжыңдасатын.

 – Иманды  болсын!

 – Әумин!

 – Енді  мұрыннан сынама аламын. Мінекей, болды, аға! Сынақ нәтижесі алты сағаттан соң дайын болады. Анкета толтырдыңыз ғой?

– Иә, алдыңғы күні сайт арқылы толтырып жібергенмін. Қажет болса сізге де өзім жайлы мағлұматтар бере кетейін. Жасым –45-те, бойым –1,80 см, салмағым – 85  кг. Бір әйелім, үш балам бар.

– Неге бір-ақ әйел?

– Жеңгеңнен қорқам.

Скафандрдағы сұлу сыңғырлай күлді. Екеуі күліп қоштасты.

                                                  ***  

Геотитр: Куала-Лумпур

Он күндік демалыстың алғашқы күнінде танысты, түнінде табысты. Бұлар  үшеу, олар да салт басты, сабау қамшылы үш жігіт екен. Екі кештің арасында қутыңдатып құрбысы ілестіріп келді. Мұсылманбыз, түбі бір түрікпіз деп шүйіркелесіп шәй ішті әуелгіде. Әртүрлі тақырыпқа бір шапқан. Әлемді табаға салып қуырып тұрған коронавирустың кесір-кесапатын да сөз етті. Смартфондарды сөйлетіп, сайттарды ақтарды. Тажалдың екпіні ерен. Қытайды қойып, еуропаны есеңгіретіп жатыр. «Бізде қиын, сіздерде имантаразылау» деді түріктер. «Біздікілер асыға күтіп, әзер келтірді» деп бұлар күлген. Кешкілік барға түсіп, таныстықты жуды. Жағалаудағы биге барған. Құм үстінде отырып өлең айтқан. Онан кейінгісі бұлыңғыр. Түннің арпалыспен өткені есінде. Кетер-кеткенше тас кенеше жабысып айрылысқан жоқ, кетер кеткенше мас адамның күйін кешті.

                                          

                                                   IV БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

Өзі жұмысқа кетіпті. Келіннің қабағынан кірбің байқады. Ауырып жатқанын айтпады. «Қолдарың тисе, бір келіп-кетіңдер» деген қоштасарда. Керуеттің сүйегін сықырлатып ұзақ жатқан. Сәскенің уағында көршінің баласы кірді. «Апам жеті шелпек пісірді, келіп құран оқып беріңіз» дейді танауынан аққан ақбоз аттарын әзер тізгіндеп. «Қабыл болсын! Басқа жаққа шақырып қойып еді, қарағым» деді баланың көңілін жықпай. Түрегеп төсегін жинады. Ат аунағандай умаждалып кетіпті. Шәугімді отқа қойды. Қатқан құртты малжаңдап шайнап, қайнақ су ішті. Басқа нәр сызбай  қайта қисайды. Азаншының даусы естілгенде елеңдеген, бірақ тұрмады. Өмірінде бірінші рет жұма намазынан қалды.

                                                   ***  

Геотитр:  «Tarzan Towers» бизнес кешені

Бірінші анализ таза шыққан. Екіншісін де скафандрлы сұлуға барып тапсырды. Жылы қарсы алып, жымиып шығарып салды. «Нәтижесі екі-үш күнде дайын болады» деген. Қыздың үні құлақта әлі тұр, сыңғырлаған таза дауыс. Күлімсіреп тұрып айтқанмен жүрегін қалтылдатып жіберді. Ішкі қорқынышты сыртқа сездірмей, бұл жолы да қалжың айтып, күліп қоштасқан. Бүгін межелі мерзім. Телефон әзірге үнсіз. Былғары креслосының арқалығын босатып, шалқасынан жатты. Тұрды, жүрді, қайта отырды. Компьютерін қосып, ақпараттық сайттарды ақтарды. Әлеуметтік желі атаулының қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Басты тақырып – коронавирус. Өршіп келеді, санаған сайын өсіп келеді. Алматы мен Нұр-Сұлтан үзеңгі қағыстырып алда тұр. Аймақтардан да шыға бастаған. Президент үндеу жасапты. Екі қаланы 22-наурыздан бастап карантинге жабады екен. Телеарналар қақсап, сайттың бәрі сайрап жатыр. Бәрі бір сарын, бірін-бірі қайталаған… Асықпай оқитын, көңілге тоқитын дүниелер іздеді. Кенет көзіне шалына кеткені, «Коронавирус жұқтырған әйел өзімен қарым-қатынаста болғандардың аты-жөнін айтудан бас тартты» деп бадырайтып жазып қойыпты. Жалма-жан сілтемені басты.

                                                ***

Геотитр: Малайзия – Қазақстан

Жер шары тұмылдырық тағып, тұмшаланып алған тұста елге бет алды.  Әуежайға бірге келген алты адам шағын дәмханаға кіріп кетер-аяқ жасаған. Әлеуметтік желіде бір-біріне достық жіберіп, телефон нөмірлерін алмасты. Әнші түріктің парақшасын қопарды. Достарының қатарында қазақ қыз-келіншектер көп екен. Арасында екі құрбысы да жүр. Тіпті бір-біріне пікір жазысып тұрады екен. Көңіліне күдік кірген. Бұрыннан таныс секілді етене сөйлесіп еді. Себебін сұрағанда екеуі де сырғақтатып айтпаған. Болар іс болып, бояуы сіңген соң, қайта қазбаламады. Үшеуі Анкараға, үшеуі Алматыны бетке алып ұшты. Қос құрбысы бір-екі стакан вискиді астың артынан тастап алған соң тойған мысықтай пырылдап жатыр. Қаннен-қаперсіз, пәтшағарлар. Көзі ілінбеді. Танысқан күндері есіне түсті. Оқу бітірген соң әр істің басын бір шалып жүрген. Балабақшада жұмыс істеді. Тұңғышының тәрбиешісі еді. Кейіннен кенжесінің күтушісі болуға ұсыныс түсті. Екі жылдай үйінде тұрып, баласын қарады. Ерте кетіп, кеш келеді. Ешбір ерсі қылығын байқамаған. Әйелімен құрбысындай сырласты. «Мына тентек үшке толғанда сені қызметке қоямын» деп уәде берген. Сөзінде тұрды. Қабылдау бөліміне хатшы-референт болып кірген. Ағылшын мен жапон тілін қатар игергені жәрдемдесіп аудармашылық жұмысқа ауысты. Онан кейін көмекші… Ары-бері бірге жүрді, бірге тұрды. Ақыры ажырамастай байланды. Тағдырына өкпе артпайды, оған да разы. Бір ат суарып кете салған жоқ, неше жылдан бері көрпесін суытпай келеді. Көптен ұйқыға кеткен ұяты оянып кеткендей, қарадан қарап отырып терледі.  «Не істедің?» дейді көңіл түкпірінен әлдекім бас көтеріп. «Опасыз» деп табалайды. Жүрегіне жуалдыз шаншып, тыным берер емес. Жол бойы өзін-өзі мүжіп барды. Бойында зіл-батпан ауырлық бар. Сол ауырлықты өзі ғана емес, ұшақ та әзер көтеріп келе жатқандай ара-тұра дір-дір етіп сілкінеді.  Алып шаһар аспанын екі айналып әуежайға да әзер қонды.   

                                                     V БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

Ауыл шалдары көшені басына көтеріп дабырласып кірген. Жұма намазына келмегеннен сезік алса керек, хәл сұрайық деп жеткен беті. Сүрпетін көріп тіксініп қалғандары шошаңдаған сақалдан аңғарылды. Бірі ұзағынан толғап құран оқып, дем салды. Бірі көзді ала бере көршінің баласын дәрігерге жүгіртіпті. Дәрігер демде жеткен. Екі иінінен дем алады, көзі алақтап кеткен. Тамыр ұстап, температура өлшеген, бір-екі дәріні зорлап жатып ішкізген. Кешкілік  бір емес, бірнешеу болып оралды. Қайтадан қызуды өлшеп, көкіректі ұстап, тамақты тексерді. Жүздері бір қызарып, бір бозарды, сөздері де мың құбылды. Дәрігер шыр-пыр, қасындағылардың сөзі өктем. Апай-топай ауруханаға алып жөнелген.

                                                   ***

Геотитр:  «Tarzan Towers» бизнес кешені

Тақырыбы айқайлап тұрған мақаланың мазмұны ешкінің құйрығындай келте екен. «С. деген азаматша өзімен байланыста болған адамдардың аты-жөнін айтудан бас тартты. Енді ол Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша жауапқа тартылады» деп қана жазылған. Маңдайынан суық тер бұрқ етті. Бір отырып, бір тұрды. Телефонын алып қоңырау соғайын деді де райынан қайтты.

                               ***

Геотитр:  «Алыптау» шипажайы

Траптан түскен сәтте қару ұстаған шекарашылар қарсы алған.  Оншақты шағын автобусқа тиеп, қала шетіндегі шипажайға алып кетті. Екі апта карантинде жатты. Бірнеше мәрте тексерістен өткен. Вирустың ізі табылмаған соң үшеуі де үйіне қайтты. Екі құрбысын күйеулері күтіп алған. Құшақтасып, өбісіп жатыр. Алпыстан асқан профессор жас баладай елпең қағады, етжеңді кәсіпкер де ерке тоқалын сағынып қалса керек, қайта-қайта құшақтап жайнаңдап жүр. Екі еркекке жаны ашыды, қос құрбысына жирене қарады. Олардың бет әлпетінде өзгеріс жоқ. Үлкен бір іс тындырғандай кербез. Шу-шұрқаны шыққан төртеудің қасында тұрғанда өзінің де телефоны шырылдады. Келіп тұр екен. Қоштаспастан сыртқа бет алды. Күн жұма болатын.  

                                         VI БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

«Есікті жаптым ба, өзі?» деген ой басына келген бетте қолы қалтасын тінтіп кеткен. Жанқалтадан жалғыз кілт шықты. «Е» деп көңіл бірледі. Қайта сипаланды. Телефоны үйде қалыпты. «Қап, балалар таба алмайтын болды-ау!» деп уайымдады.  Ауруханаға жеткенше күрк-күрк жөтеліп, күрсініп барды.

                                          ***

Геотитр: Мамыр шағын ауданы

Жұмыстан көңілсіздеу келді. Беймаза. Танауына біреу бұрыш сеуіп кеткендей ашып тұр, тамағы құрғақ. Ас үйге кіріп, таңдай жібітіп шықты. Әйелі құнжыңдап ас әзірлеп жатыр. Телефонын ақтарды. Watsapp-қа кірді. Ол да онлайн отыр. Хат жазыспағалы қашан?.. Біреу көріп қоятындай қайта жаба салды. Кешкі асты алдына ала берген, есік алдына көлік келіп тоқтады. Терезеге жетіп барған ортаншы ұл «жедел жәрдем» келді деп айқай салған. Шәйына шашалып қалды.

                                          ***

Геотитр: Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы

Басқа әлемде жүргендей. Айнала әппақ. Жер бетіндегі тіршілікті тек теледидардан көреді. Келіп-кететін дәрігер мен медбике де сөзге сараң. «Көңіліңізді көтеріңіз, жассыз, жеңіп шығасыз» дейді. Үндерінде жылулық бар, анабір тергеушідей емес. Ілмиген неме қанша қақылдағанмен иліктіре алмаған. «Ешкіммен қарым-қатынаста болған жоқпын» деп қасарысып отырып алды. «Сотталасыз, құрисыз, мұныңыз қылмыс» деп доқ көрсетті. «Бір сатқаным да жетер» деп берілмеді. Соңыра өз ісіне риза болды. Сөйлескісі, осының бәрін айтып ақтарылғысы келді.  Әлденеше рет телефон шалмақ болып ұмтылды да. Әлденеше рет Watsapp-қа хат жазды, қайта өшірді.

                                      

                                             VII БӨЛІМ

Геотитр: Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы

Тамаққа зауқы жоқ, күнделікті талмап жұтары бірер кесе қара су, таңдайға басары бірер тілім қара нан. Басқа ас өңештен өткенмен асқазанға жетпейді. Жүрегі көтеріліп, лоқсып береді. Күйі – көтерем малдай.  Бұрындары қатты қайырым жұмыс істемесе арқасы құрысып, денесі зіл тартып тұрушы еді, ауруханаға келгелі жүріп-тұруы мұңға айналды. Әзірге дәрет алуға жарап тұр, соған да тәуба! «Құдай, намазымды қаза қылма» деді.

                                               ***

Геотитр: Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы

Тұмшаланған төрт дәрігер ай-шайға қаратқан жоқ, зембілге салып көлікке тиеген.   Жан-жағы қымтаулы. Бала-шаға улап-шулап қала берді.  Есі екеу, түсі төртеу… Барған бетте сұрақтың астына алған.

 –  Қайда  бардың?

– Кіммен  байланыста болдың?

Түгел түгендеп берді. Ауылға барғанын ғана бүгіп қалды. «Орынсыз мазалап жүрер» деген. Әкесі есіне түскен. Тергеушілер кете салысымен телефон шалды. Жауап жоқ. Ауыл әкіміне қоңыраулатты. Әңгімелері қысқа болды. Онсыз да булығып жатыр еді. Көзінің жасы көкке атылды.

                                                  ***

Геотитр: Көктем шағын ауданы

Сол күнгі «жұма» есінен кетпейді. Іштей өзін-өзі кеміргенмен сездірмеуге тырысты. Төсекте де ер құшағын аңсаған әйелдей аласұрып бақты. Төс түйістіріп жатып түрік жігітпен салыстырды. Анау жіптіктей, мынау кескен томардай төртпақ. Бірі қайратты, екіншісі атжалмандай епті. Мынау өзіне қызмет қылғанға үйренген, анау өзіңе қызмет қылады. Екеуі де ұнайтын секілді. Өз ойынан өзі шошыды. Қорынды. Заңды күйеуі бар қос құрбысын есіне алған. «Олардың қасында менікі не тәйірі» деген ой сумаңдап келген. Сәл-пәл сабасына түсіп, сабыр тапты.  

 

                                        VIII БӨЛІМ

Геотитр: Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы

Денесі күйіп-жанып, сандырақтап шықты. Намазға да тұра алмады. Ойша дәрет алып, ерін жыбырлатып құлшылығын жатқан күйі жасады. Кәлимасын тағы бір қайталады. Кеудесін біреу төске салып қысып жатқандай. Кәрі сүйекті сықырлатып сығымдайды. Өкпесі қысылып, тынысы тарылды. Дүние мұнартып кеткен. Есік ашылғандай болған. Кемпірі кіріп келе жатыр екен. Басында кимешек, үстінде әппақ шыт көйлек. «Әй шал, неге жатсың, кеттік» дейді саңқылдап. Қолынан ұстап, қолтығынан демеп тұрғызды. Денесі жеңілдеп сала берген. Дедектетіп жетелей жөнелді. «Балалар қайда екен, қоштаспадым да ғой?» деп ойлады кемпірінің соңынан кетіп бара жатып.  

                                                ***

Геотитр: Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы

Демікпеге шалдыққан адамдай, деміл-деміл алқынады.  Ауа жетпей, көзі қарауытып кететін сәттері көп. Тән аурумен арпалысқанда түрлі ойлар жанды жейді. «Әттең» дейді тістеніп. «Неге?» дейді өкініп. «Кешір» дейді аласұрып. Бір есін жиғанда бауыздалған қойдай қорқырап жатыр екен. Маңдайын сипаған жылы алақанды сезді. Тұмшаланған дәрігер төніп тұр. Әлгі бір анализ алған скафандрлы ару келгендей. «Аға» дейді сыңғырлай тіл қатып. «Қалыңыз қалай?» дейді қамқорси. Қалың шынылы көзілдіріктен мойылдай көзі мөлт-мөлт етеді. Тұмсығына бірдеме жапсырды. Жасанды тыныс алу апаратын қосыпты, бірер сәтте есін жинаған. Бес тәулік осы арқылы жан сақтады. Жиырма күнде аяғына тұрды.

                                                   ***

Геотитр:  Көктем шағын ауданы

Ауруханадан шыға сала сотталды. Сот онлайн өткен. Әркім өз үйінде. Бас-аяғы он минутқа созылды. Адвокатты қажет қылмады. Мемлекеттік айыптаушы: ҚР қылмыстық кодексінің  304-бабы бойынша  «санитарлық қағидаларды және гигиеналық нормативтерді бұзған, өзімен байланыста болған адамдардың атын атаудан әдейі бас тартты» деп кінәлады. Екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде айыппұл кесуді талап етті.  Төреші: қылмысыңызды мойындайсыз ба? – деп  сұрады. «Мойындаймын» деді ерін ұшымен. «Қаттырақ айтыңыз» деді түсін суытып. Мырс етіп күлген. «Мойындаймын» деп айқай салды. «Бұл қылмыс, ол қылмыстың қасында түкке тұрмайды» деп күбірлегенін ешкім естімеді.

                                     

                                           IX БӨЛІМ

Геотитр: Қоңыр ауылы

Жалғыз ағаштың басында биыл жылдағыдан қарға қалың.  Жарықтықтардың жағы сембейді, көктемгі егіс алқабына қойша жайылып келіп, қонақтап отырып тоқ басады. Бірер күн бұрын етекте шағын төмпек пайда болған. Бес-алты адам келіп қазды, тағы бес-алтауы көмді. Біреуі сұңқылдатып құран оқыды. Артынан бір көлік келіп шылқылдатып исі жаман су септі.  

                                     ***

Геотитр:  Мамыр шағын ауданы

Дәрігерлер келіп «сіз жеңдіңіз, вирус жеңілді» деп сүйіншілеген. Қуана алмады. Көмекшісі қорқақтай басып келіп, қолын алған. Қолғап киіп, бетіне маска тағып алған екен. Сезіктене, секемдене қарайды. Өзін қылмыскер сезінді. Үйі карантинге жабылыпты, сыртынан ала арқан керілген, бірнеше сақшы қорып жүр. Екі қабатты еңселі ғимараттың іші қаңырап тұр. Әлгінде сөйлескен бас дәрігер «балалардан жеңіл өтті, оңалып келеді. Әйеліңіз әлі жасанды тыныс алу апаратына қосулы» деген. Әкесі есіне түсті. Жапандағы жалғыз ағаштың етегіндегі бақсының моласындай жалғыз төмпекті ойша елестетті. «Жалғызсырап жатырмысың. Топырақ та сала алмадым-ау» деген өкініш көкіректі қарс айырды, көзден жас боп ақты.   

                                              ***

Геотитр: Көктем шағын ауданы

Дәрігерлер ара-тұра хабарласып, хал-жағдайын сұрап, дене қызуы жайлы мағлұмат алып тұрады. Басқа сөйлесер, мұңдасар ешкім жоқ. Іші пысты. Күнұзақ телефон шұқылап, ғаламтор арқылы саяхаттайды. Бармаған жері, көрмеген киносы жоқ. Ақпараттық сайттарды сапырып отырған. «Ауру ауыл» деген тақырыпты оқыды. Сілтемені басып, мақаланы сүзді. Бір ақсақал арқылы күллі ауылға коронавирус тарапты. Қазірдің өзінде қырық бес адамға жеткен. Алды қайтыс болған. Дені қариямен қатынаста болған қарттар. Бәрін төтенше жағдай кезінде қабылданған алгоритм бойынша жерлеген. Мәйітке ешкімді жолатпаған,  жаназасын үш метр қашықтықта тұрып шығарған, зиратқа арнайы дәрі-дәрмек сеуіп дезинфекциялаған. Бәрін тәптіштеп тұрып жазыпты. «Е, байқұстар-ай» деді көңілі босап. Ауданның бас санитары сұхбат беріпті. «Жағдайды бақылауға алмаған ауыл дәрігері сотқа тартылып жатыр. Әкім қызметтен қуылды. Ауыл сыртынан ор қазып, карантин жарияладық. Ешкім кіріп-шықпайды» дейді нығызданып. «Түсінікті» деді күбірлеп. Сүйрік саусағымен жүгіртпені бір басып сайтты жаба салды. Тоңазытқыштан жаңа шыққан қылмойынның бірін қылқындыра ұстады да құлқылдатып құйды.

                                    Сөз соңы

Жалғыз ағаштың айналасында осы көктемде оншақты қоян жон жота пайда болған. Ағаш бұтағына сыймаған қарғалар төмпешіктерді төңіректейді. Тұмсығымен түртеді, басындағы қадаларға таласа-тармаса қонақтайды. Бір күні қой кезегін баққан балалар ауылға аттандап жетті. Жалғыз ағаштың қарғалары түгел қырылыпты деседі. Келер жылдың көктемінде жалғыз ағаш та көктемеді.

                                                                                             12.04.2020жыл

Талдықорған    

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 15.04.2020 | 18:22

Әңігіме бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін, пенде тірліктің күйкентайын дөп басып жеткізе алуымен тартымды. Геотитрмен параллел уақыт пен кеңістікті қамтуы
да ұтымды. Ең мазыңдысы адамдар болмысы, тағдаралар көрінісі, құндылықтар спектрі бар. Асып-тасып төгіліп тұрған баяндау тілі балмаса да, сөз қолданысы, тілдік қабаты шұрайлы. Баяндаудың көбіне толымсыз, қысқа сөйлемдермен келуі оқырман зейініне сеп болып, кей тұстарда айтылмаған ойды меңзеп, түйсік, танымына жол салады. Жалпы Әңгіме жаман емес.

Қонақ 17.04.2020 | 19:05

Мақала мен репортаждың арасындағы дүбәрә бірдеңе.

Қонақ 17.04.2020 | 19:21

Қарғаларға жаны ашиды екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір