Мемлекеттік қызметшілер қаламгерлерге ұсыныс айтты
21.06.2024
66
0

23-маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Әділетті Қазақ­станды Адал азаматтар құрады» тақырыбында мемлекеттік қызметте еңбегі сіңген ардагер жазушы-қаламгерлермен кездесу өтті. Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, мемлекеттік қызметшілер, Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары мен докторанттары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – аға буын және өскелең ұрпақтың арасындағы сабақтастықты жандандыру.
Тәлім-тәрбиелік мәні ерекше осы шарада сөз алған Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай: «Қоғамды ізгілікке тәрбиелеуде, ұрпақтың сана-сезімін, ой-өрісін кеңейтуде әдебиеттің атқаратын рөлі ерекше», – дей келе, кезінде әдебиет пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген, елдік мұраттарды насихаттап, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлес қосқан аға ұрпақтың қаламгерлік және қайраткерлік болмысына арнайы тоқталып, қонақтарға кездесуге қатысқаны үшін алғысын білдірді.
Агенттік төрағасы қаламгерлерді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуге, мемлекеттік аппарат өкілдерінің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік сынды қасиеттерді орнықтыру ісіне атсалысуға шақырды. Осы орайда «Адал азамат» құндылықтарын бейнелейтін, мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін жаңа туындылар жазуға ұсыныс білдірді. Ондай шығармалардың тартымды болуы үшін, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жетік білетін жазушылар қалам тартып жатса, туындының мазмұны шынайы да әсерлі шығатынын атап өтті.
Кездесуде Уәлихан Қалижанұлы, Жабал Ерғалиұлы, Жолтай Әлмашұлы, Роза Мұқанова, Азат Әкім сынды қаламгерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Мемлекеттік қызметшілер мен Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларының қойған сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.
Шара соңында «Әділетті Қазақ­стан – Адал Азамат: мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Кітаптың мазмұнында ұлттық мүдде, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адалдық сынды қағидаттар көрсетіліп, оларды өзекті ұстаным ретінде ұсыну арқылы мемлекеттік аппараттың дамуына жаңаша серпін беру көзделген.
Туынды авторы Дархан Жазықбай еңбекте жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерге тән басты ұстанымдар мен қағидаттар жайлы жазылғанын, олар мемлекеттік қызметшілердің саналы жаңғыруына, әрбірінің бо­йында жаңа мәдениет пен жаңаша құндылықтар қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір