Ерғали Бақаш. Вирус
09.04.2020
1896
3

Ерғали Бақаш

Aқ құйрық темекіні үсті-үстіне тартып, дегбірі қашып отырған. Ту сыртынан шыққан «сабыр ет» деген дауысқа жалт қарады. Шашы желкесін жапқан, бойы сырықтай жазушы досы екен.

– Сонша кешіктің ғой, аз болмағанда, кеткелі отыр едім, – деді ренжіген сыңай танытып.

– Өй, сол бітпейтін бір жұмыс қой. Жазсақ та, жазбасақ та газет баспаға кеткенше редакцияда болу – міндетіміз, сендерге рахат, хабарларыңды өткізесіңдер де өз жөндеріңе кете бересіңдер!.. Шөлдеп қалғансың-ау, сірә, – деді күрек тісі ақсиып.

– Жоқ, ей, қалам ұстаған адам уәдесінде тұруы керек қой, – деді зілсіз ғана.

Бұлар Алматыда танысқан достар. Бірі – ақын, бірі – жазушы. Жеті жыл бұрын журналистика факультетін тәмәмдаған. Отбасылы. Жалдамалы пәтерде тұрады. Мінездері қырсық, жалқау. Тек жандары қалаған іспен ғана айналысқылары келеді. Бірақ оған өмір, тұрмыс көне ме? Сонда да көп уақыттары сыраханалар мен билярдта өтеді. Қаламгерлікті ең әуелі еркіндік деп түсінеді. Естеліктерден оқып алған Лермонтов, Есенин, Қасым, Мұқағали сияқты ақындарға еліктейді. Бір жолы қызып алған екеуі лифтіде кездесіп қалған профессорға: «Әй, аспан, қалпағыңды ал, мен келемін» деп ұстазының қитығына тиіп, оқудан шығып қала жаздаған.

Күн аралатып кездеседі. Әңгіменің ауаны әдебиеттің төңірегі. Бірақ бірін-бірі іштерімен емес, сыртымен жақсы көреді. Өлең, әңгімелері жариялана қалса, сын айтып, пікір алмасудан гөрі құр мақтауды әдетке айналдырған. Тіпті, соны желеулетіп ащы сумен атап өтеді. Бүгін де сол…

Сұңқар ақынның атымен аталатын көшенің бойы толған кафе мен дүкен. Қайбіріне кірсеңіз отырар-отырмастан тілдей қағаздарын жалаңдатып, ұшып-қонып даяшы қыздар келеді. Әне, тоқпақтай қос бұрымы тірсегін соғып, аршыған жұмыртқадай сымбатты қыз бұларға қарай жүрді.

– Әй, не ішесің, не жейсің? – деді жазушы.

– Өзің білесің ғой, – деді ақын!

Даяшы жазушы айтқан тапсырысты жазып алып, күлімсіреп қана бас изеп, бұрышта отырған екі жас келіншектің столына қарай беттеді. Қимыл-қозғалысында бөтен-бұдыр ештеңе байқалмайды. Жүзі де байсалды. Тық-тық басып асханаға кіріп кетті. Қарындары шұрылдап, ішектері үзілердей боп әрең отырған екеуі іштеріне ел қонбай, қабақтары ашылар емес. Әрнені бір айтып, асүйге жалтақтап отыр.

Біз кезде ұзын бойлы музыкант күйсандықтың тілін салалы саусақтарымен басынан аяғына дейін бір сипап өтіп, құтырған әуенді аспандатып жіберді. Кафенің аядай сахнасының тарсыл-тұрсылы, шаң-шұңы көбейе бастады. Айналасына көңілсіз көз тастаған ақын, жазушыға салғырт тіл қатып:

– Құстың сүтіне тапсырыс бергеннен саумысың, – деді әзілқойлығына салып.

 

– Иә, сүтке нан турап жеген балалығымызды еске алайық, – деді жазушы да қалыспай.

Өне-бойы құрысып, әрең отырған ақын қарқылдап күлгенде, көрші столда отырған қос келіншек жалт қарады.

– Көрдің бе? Мен күлкіммен алыстағыны арбап, жақындағыны жалмап аламын! Анау екі сылқымның аңсары бізде. Мүмкін танысып, сырласармыз, – деді ақын.

Дәл осы кезде дүлей дауыс тоқтап, ортаға сыптай жас жігіт көтеріліп, ойнақы әуен төгіле жөнелді. Жас келіншектер биге шықты. Қунақы әуен зал ішін тербеп, әкетіп барады. Сахна әп-сәтте қара-құрым адамға толып, айқай-шу, ысқырған дауыстар жаңғырып жатты.

– Өй, мына борпаяқ даяшың қайда жүр өзі? Қой, қан жүргізіп қайтайын, – деп ақын ебіл-дебілі шығып билеп жатқан топқа келіп қосылды. Ақын келе салғанда-ақ, қос келіншек оны ортаға алып, бөкселерін бұлтыңдатып, кеуделерін шайқап, бар өнерлерін көрсете бастады. Жас шайырдың биледі деген аты ғана. Өзін паң ұстап, сараң қимылдайды. Оның кербездігі екі келіншектің де жүрек қылын дөп басты. «Қайран он сегізім-ай, жігіттер үйімізді айналсоқтап, бір көруге ынтығушы еді. Өтті де, кетті бал дәурен, енді міне, иі қанбаған қамырдай, өткен күндерді өкінішпен еске аламыз» деп мұңайып тұрғандай… Әлде ақын жүрек тым сезімталдығына салынып кетті ме? Қалай болғанда да, бір құпия бары анық…

Ас келді. Аз-кем үнсіздіктен соң, сөзді ақын бастады.

 – Жә, жыланның басы қайтты. Енді, сыралатуға әбден болады. Бұл көк суды асқазанды алдап барып ішпесем, запыранымды көтеретін болып жүр. Сен, былқ етпейсің е, мықтысың, – деп қыжыртты. Жазушы да қалыспай:

 – Арақты жеңген адамды көрмеппін, талайдың түбіне жетті ғой. Өсти берсек, бізді де жер құштыра ма деп қорқамын, – деді.

 – Иә, кешегі ішу сәнге айналған заманда талай мықты ақындар арақтың кесірінен ажалды сатып алды емес пе? Бұл – қазаққа келген апат. Біз енді, жаңа заманның, тәуелсіздіктің төл перзенттеріміз ғой, алды-артымызды болжай білгеніміз жөн деп ойлаймын, – деді ақын.

 – Дұрыс айтасың, бауырым, – деді жазушы қостай сөйлеп.

 – Бірақ, сен, ішімдікке қатты құмарсың. Оныңды жасырғың келеді. Түбінде ақындық талантыңды шарапқа деген құштарлығың жеңіп кете ме деп қорқамын… Шынымды айтсам, «жазған-сызғанымызды талқылайық, қазіргі әдебиет жайлы әңгімелесейік» деген сөзіңді малданып келіп едім, қайдағы бір қатын-қалашты сөз қып отырғанымыз мынау… – деді жазушы.

Ақын мырс етіп күлді де: – Оу, сонша таусылып, не көрінді, түге? Жастықтың сәдірмек буы ғой. Оның үстіне сен – жазушы, мен – ақынмын! Адамдар арасында жүріп, көзбен көріп, көңілді тербеткенді ғана қағазға түсіруіміз керек. Сол үшін сені, осындай шулы ортаға жиі шақырамын. Бұл жерде небір тағдырлы жандар өріп жүр! Әлде көзіңе борпаяқ даяшыдан басқа ешкім көрінбей отыр ма? – деді қыжыртып. Парт қызарып кеткен жазушы: Қай-қайдағыны көңірсітпей отырсаңшы, – деді қызарақтап.

Қағыстырып алып жіберіп, үнсіз отырған. Даяшы «Сіздерге ештеңе керек емес пе?» деп, жетіп келгенде, жазушының аузына сөз түспей, абдырап қалды. Қуақы ақын: – Тапсырысты тек жазушы жолдас қана береді, – деді күліп. Бетінің сүт шұңқыры құйындай иіріліп, жымиып тұрған қызға ойланбастан үйректің етінен кәуап, сосын, сыраңды қайтала, – деді көңілденіп.

Шараптың буы ма, әлде шынымен де өз ойы ма? Ақын қазақ әдебиетінің дәстүрлі шеңберін бұзу керек! Жаңа заманға, жас мемлекетке мүлдем басқа әдебиет керек, – деді.

Оның сөзін қостаған жазушы: – Иә, дұрыс айтасың! Аға-буын, ақсақал жазушылар өз биігінде қалары сөзсіз. Бірақ, жаңа ағымдар бізге ауадай қажет деп ойлаймын. – деді.

– Менің кітабым қазақ әдебиетіне төңкеріс тудыратынына көзім жетеді. Тек соны талдап-таразылайтын сыншы, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын қаламгерлер табылмай ма деп қорқамын, –деді ақын.

– Бекер уайымдайсың, – деді жазушы жұлып алғандай дауысы қатты шығып.

– Қазақ поэзиясында жаңа ағым сексенінші жылдардың аяғында қылаң бере бастады. Бірақ сыншылар мен әдебиеттанушылар тарапынан лайықты баға берілген жоқ әлі. Ал, сен дәстүрлі поэзияның өкілісің, егер, өзіңді жаңалық әкелушімін десең, қатты қателесесің, – деді жазушы нық сөйлеп.

 – Ал, прозада жаңалық Әуезовтен басталған. Әуезов – әдебиетіміздің төрт құбыласын түгендеп беріп қана қоймай, сонымен қатар, соны соқпақ салған қаламгер. Ұлы ұстаздың шәкірттерінің саны көп болғанымен, тек екі-үшеуі ғана адам жанына терең бойлай алған… Яғни, жаңаша бағытта жазатын жазушылар бізде аз. Қайталап айтам, өте аз! Ол енді, заңды да шығар, қалам ұстағанның бәрі классик болып кетсе, әдебиеттің не құны бар, – деді жазушы.

Әңгімені өзі бастағаны болмаса, үнсіз қалған ақын: – Бәрібір постмодернизм – дәстүрлі әдебиеттен кейінгі құбылыс, – деді. Оған дауым жоқ, – деді жазушы.

Кешікпей кәуап та келді. Тост – қазақ әдебиетінің өркендеп-өсуі, әлемнің назарына ілгіуі үшін көтерілді.

Әңгіме қызған шақ еді… Жас перілерді екі келіншек өздері келіп биге тартты. Бұл тосын ұсынысты ақын қуана қабылдады, ал, жазушы жақтырмады. Бірақ шықпауға болмайды… – Бағанадан бері, сендер биге тарта ма, – деп күте-күте сарғайып кеттік,– деді орта бойлы аққұбасы. Екіншісі сыңғырлай күліп, – Иә, кафеге жұрттар билеуге келуші еді! Сендер отырсыңдар ғой, әдебиет, өлең деп, қазір кім кітап оқиды, бәрі интернетте тұр ғой – деді қараторысы. Тәп, бұрыннан танитын адамша бұртия сөйлеп. Биледі, танысты. Содан екі столды ақынның өтінішімен біріктіріп, жаңадан есеп аштырды. Сөзге шешен, әзілге жүйрік ақын, өлең оқып екі сылқымның езуін жидырмады. Жазушы ауық-ауық шылым тартып, кіріп-шығумен болды. Көңілі әлденеге алаңдаулы сияқты…

…Олар улап-шулап тысқа шыққанда, түннің бір уағы еді. Екі келіншектің үйі кафенің іргесінде екен, әдемі отырысты сонда жалғастырмақ болып ақын мен жазушыны ертіп алды. Қуыс көшемен аз жүріп, оңға бұрылды да, ескі сұр үйдің қоңырауын басты. – Мама, – деген кішкене қыздың дауысы шықты аржақтан.

–Алло, Вирус, аш есікті, – деді бұйыра сөйлеп. Жазушы қағыс естідім бе, дегендей досына жалт қарады. Қара торы келіншек бұзауын жалаған сиырдай өліп-өшіп сүйіп жатыр ақынды. Ішке кірді. Шашын екеу ғып өрген бес-алтылар шамасындағы сүйкімді қыз жүгіріп шықты алдыларынан.

– Әлі ұйқтамағансың ба, – деді зілдене тіл қатып.

– Ұйқым келмеді, сізді күттім, – деді тақылдап. Кафедегі даяшы қызға ұқсайды екен, жазушының жүрегі сыздап қоя берді.

Құшақтары айқасқан екеу түпкі бөлмеге кіріп кетті. Аққұба келіншек пен жазушы асүйге қарай беттеді. Тоңазытқыштан орталанған «Асанәлі» коньягін шығарды, бірақ жазушы ашуға рұқсат бермеді.

– Қызыңыздың аты шынымен Вирус па? – деді таңданысын жасыра алмаған жазушы. Аққұба келіншек өңі қуарып, терең күрсінді. Одан «жүрегімдегі жарамды тырнадың ғой» дегендей, көмірдей қара көзін өңменінен өткізе тесіле бір қарап алды да, ол ұзақ әңгіме, – деді. Тыныштық көпке созылмады, сәлден соң көйлегінің етегін мыжғылап отырып, ұзын-сонар әңгіменің тиегін ағытты:

– Басымдағы бағымды бағаламаған мені атып тастау керек шығар. Арсыз тірліктің жетегінде кетемін деп ойлаппын ба мен сорлы. Бір үйдің үкілеп өсірген жалғыз қызы едім, бір-ақ күнде тағдырым талқан болды. Өзімнің ақымақтығымнан. Оның бәрін айтып, сенің басыңды, өзімнің жүрегімді ауыртқым келмейді. Небір қасқа мен жайсаң, құл мен обырдың құшағында шашылып жаттым ғой. Соның біреуінен көтердім. Бірақ кімнен екенін өзім де білмеймін. Алдырып тастауға арсыз болсам да, батылым бармады. Солай өмірге келді, аты – Венера. Бірақ бәрі Вирус деп атап кетті. Маклерімнің қойған аты, – деді жайбарақат қана тіл қатып.

– Неткен ауыр тағдыр, – деді жазушы күрсініп.

Онсыз да сарғайған қабырғадан шыққан күлімсі иіс кеңсірігін ашытып, әрең отырған жазушы мына әңгімеден кейін кетуге жиналды. Жұлқылап досын оятып, далаға шықты. Ару Алматы құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Қалталары қағылған, жаяулатып келеді. Ұйқылы-ояу ақын: «Ары-бері бөксеңді лақтырасың, бәлкім қарап тұрғанды жақтырасың», – деп өлеңдетіп қояды. Жазушының көз алдына даяшы мен Вирус елестей берді…

ПІКІРЛЕР3
Аноним 13.04.2020 | 17:37

Айтар ойы терең жақсы әңгіме. Бір қарағанда классикалық стильде болғанмен тосын қабылданады. Қызық…
Ержап Сүлейменов

Аноним 16.04.2020 | 08:52

жазушының вирусы

Аноним 10.05.2020 | 14:37

тақырыбы маған ұнамады, кешіріңіздер.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір