Адамның сезім сырын хаттай танып…
18.04.2020
2597
4

(Сайын Мұратбеков  шығармаларындағы  психологиялық талдау    туралы пайым)

 Сайын Мұратбековтің талғамы биік әдеби ортада үлкен бағаға ие болған  «Менің қарындасым» атты  әңгімесінің жарық көруі оңай болмапты. «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Әдебиет және искусство» сынды  белді-белді басылымдарды адақтап, ешқайсысы баспай, редакция тартпасында жатып қалған әңгіменің бағын ашқан, жас жазушының  үлкен әдебиет әлеміне аттаған қадамының тұсауын кескен Тахауи Ахтанов екен де,  осы әңгімесі аттас алғашқы  жинағының  жарыққа шығуына тікелей қамқор болып, ақ батасын берген жазушы Хамза Есенжанов екен.

Осы орайда  Жанболат Аупбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің  1996 жылғы 12 қазандағы санында жарық көрген мақаласынан үзінді келтіруді жөн көріп отырмын:

«…Арада арбаның дөңгелегіндей айналып ай.., содан кейін жыл өтті. «Әдебиет және искусство» журналына апарған әңгімесінен хабар жоқ. Бір күні: «Жазушылар одағында жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі өтеді екен» деген сөз  астанадағы студент қауымын елең еткізді. Көп ұзамай ол жиын да басталған. Әдебиетке бейімі бар талапкер атауылының бәрі тайлы-таяғы қалмай Жазушылар одағына ағылған. Жиналыстың екінші күні болуы керек, мінбеде баяндама жасап тұрған Тахауи аға Ахтановтың : «Бізде шағын жанр -әңгімені  жаңа форма,  тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар», — демесі бар ма?! Мына сөзді естігенде шет жақта қаннен қаперсіз отырған оның жүрегі солқ ете түсті. «Апырау, — деп аң-таң қалды ол ішінен. — Менің әңгімемді Тахауи аға қайдан, қалай оқып жүр? Оны бұл кісіге берген де, көрсеткем де жоқ қой…».

Кейін естіді, сөйтсе ол былай болған екен. Семинар-кеңеске байланысты дайындық кезінде Жазушылар одағында баяндамаға қажетті материал мәліметтер керек болады. Сол кезде ұйымдастыру комитетінің бір мүшесі: «Газет-журнал редакциялары мен  қазақ радиосында жатқан жас талапкерлердің туындыларын жинастыру керек» деген ұсыныс айтады. Осы пікірдің негізінде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Әдебиет және искусство» басылымдарындағы дүниелер одақтағы проза мен поэзия секцияларына топтастырылады. «Менің қарындасым» әңгімесінің Тахауи аға қолына түсіп, баяндамада жақсы баға алуының сыры, міне, осында еді.

Сөз ретіне қарай айта кететін тағы бір жайт, жоғарыдағы жиынның соңында «семинар-кеңесте ауызға ілініп, назарға іліккен шығармалар республикалық газет-журналдарда жариялансын» деген қаулының қабылдануы болды. Ол ұйғарымға бірінші болып «Әдебиет және искусство» үн қосты да, өзінің тұтас бір нөмірін жастар творчествосына арнап жіберді. Оның ішінде «Менің қарындасым» әңгімесі де бар еді.

Бұл «хрущевтік жылымықтың» жылы лебі біліне бастаған 1956 жылдың жазы болатын».

Ұзақ та болса, Жанболат Аупбаевтың жоғарыда аты аталған мақаласынан үзінді келтіруіміздің бір себебі – Тахауи Ахтановтың Сайынның  алғашқы әңгімесінде «адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары барын» ерекше қадап  айтқаны.  

Асылы, жан дүниесі таза, талантты жандар өздерімен рухани өзектес талантты бірден таниды. Жұлдыздары да бір-біріне жылы көрінеді. Бұл күнде ортамызда Сайын Мұратбеков ағамыз да,  әдебиет әлеміне енер сәттегі тұсауын кескен қазақтың біртуар қабырғалы қаламгерлері Тахауи Ахтанов пен «Жұлдызың жарық болсын, жарығым!» деп ақ батасын берген Хамза Есенжанов та жоқ. Бақилық сапарға аттанып кеткен. Бірақ арттарында  өлмес-өшпес туындылары қалды және кейінгі ұрпақ айта жүрер жан жомарттығы, әдебиетке деген адалдығы, көкірекке шуақ сезім сыйлар ұлағаты қалды.

***

Сайын шығармаларындағы психологизм – жазушының стильдік ерекшілігімен үндес. Сайын қаламының мәнері – жарқ-жұрқ еткен бояуы жоқ, қарапайым әрі бедерлі мәнер. Сайын лиризмінде көктемгі самалдың, жаңбырдан кейінгі хош иістің лебі бар. Сайынның кейіпкерлері  – қарапайым ауыл адамдары – оқырманға алабөтен жақын. Жақын ғана емес, көңілге сондай ыстық.

Сайынның «Ескек жел» деп аталатын әңгімесі бар. Осы әңгімедегі Рысжан мен Төлеп есіңізде ме? Бір себептермен дәм-тұзы жараспаған екі жан. Дәм-тұзы жараспауына не себеп? Жазушы оны қазбаламайды. Оны қазбалап керегі де жоқ.Уақыт өткеннен кейін олар өз қателіктерін түсінеді. Бірін-бірі еш уақытта ұмыта алмайды екен. Дүниедегі ең қимасы, жанындай жақыны Төлеп үшін – Рысжан да, Рысжан үшін – Төлеп қой. Бір-бірінің қадіріне енді ғана жетіпті. Енді кеш емес пе? Төлеп басқа жанмен түтін түтетті ғой. Бір-бірінің қадіріне енді ғана жетіп, өкініш өзегін өртеген жаны таза,  қалтқысыз  сезім иелерінің өміріндегі толқулы кезең, жігері берік жандардың өзін жүнжітіп жіберетін ауыр психологиялық күй, сезімдер арпалысы – әңгіме өзегі болған. Көріп отырсыздар, әңгімеге арқау болған жайдың өзі психолог-жазушы шеберлігін керек етеді. Адам жанының тым нәзік иірімдерін  тап басып таныр, күрделі психологиялық үдерістерді шынайы, жалған бояусыз жеткізу әдісі ретінде Сайын Мұратбеков өз кейіпкерлерінің ішкі құбылыстарын, сан алуан сезім күйлерін сыртқы   қалпы арқылы танытуға ден қояды және характердің ішкі әлемін танытудағы осы әдістен жазушы басқа әңгімелерінде де көп ауытқымайды.

Осы «Ескек жел» әңгімесіндегі Рысжанмен алғашқы кездесуімізді еске түсірейікші. Жарқылдаған мінезімен, жаны да, тәні де сау, ішкі қажыр-қайраты мол адамдарға ғана тән ашық-жарқын ойын-қалжыңымен тұқым тазалап жатқан көп әйелдердің арасынан оқшау көрінетін Рысжан ештеңеден қамсыз жан тәрізді сезілер еді. Жоқ, олай емес екен.

«Осы кезде сырттан келіншектердің бірі жүгіріп кірді.

— Әй, Рысжан, сенің Төлебің келе жатыр, — деді.

— Қайдағы менің Төлебім, кетші әрі.

— Осында келе жатыр деймін.

— Е, келе берсін.

Рысжанның даусы біртүрлі солғын шықты. Өне бойы қалтырап, ұйығандай болып кетті. Ілезде қол-аяғы зіл-батпан боп ауырлап, әрең қозғалды. «Онда ұят жоқ, ол осында келуден де тайынбайды» деп ойлады. (С.Мұратбеков. «Көкорай», 63-бет.)

Әлгінде ғана жарқ-жұрқ етіп, жұлқынып, қаннен-қаперсіз мәз-мәйрам боп сақылдап күліп жүрген, уайым-мұң атаулы табиғатына жат сияқты көрінген Рысжан қайда? Мұның алдындағы Рысжанның, өмірге құштар жанның, бұла күші бойын кернеген жас келіншектің – ойын-қалжыңы жазушыға характер табиғатын таныту үшін ғана қызмет етпепті, кейіпкердің жан дүниесіндегі  күнді бұлт басқандай кілт өзгеріс, контрасты сурет Рысжан өміріндегі белгісіз сырдың ұштығын танытып, жайдары жас келіншектің басындағы ауыр мұңнан хабар береді. Иә, Рысжанның жанын сыздатар жара бар. Ол –мына келе жатқан Төлепке қатысты екенін байқаймыз.

Сайынның диалогына қайтадан зер салып қараңызшы:

«- Қайдағы менің Төлебім, кетші әрі».

Рысжан бойындағы торығу мен мұң сезімдерін осы жолдар дәл жеткізе алар еді. «- Е, келе берсін». Осы жолдарда да, алдыңғы сөзінде де бір жылылық бар-ау. Өкпеге қиса да, жамандыққа  қимайтын жанның сөзі-ау.

Сайынның диалогы – психологиялық диалог. Сараң сөздер. Қарапайым-ақ сөздер. Адам жанының шыншыл сезімдерін дірілдетіп дәл беріп тұрған сөздер. Оқушысын қалтқысыз сендіретін көркемдік қуатқа ие Сайын диалогының – характер келбетін, әсіресе кейіпкердің психологиялық күйін танытудағы салмағы ерекше. Мұнан әрі психофизикалық параллелизм формасында  көрінетін  ( «… даусы біртүрлі солғын шықты. Өне бойы қалтырап ұйығандай боп кетті. Ілезде қол-аяғы зіл-батпан боп ауырлап, әрең қозғалды»). Рысжанның ішкі әлеміндегі өзгерісті танытатын жолдар кейіпкердің жан дүниесіндегі психологиялық процесті қоюлата түседі.

Екі шаңырақтың астында мүлде жат адамдай бөлек-бөлек түтін  түтетіп отырған осы екі жанның айрылысқаннан кейінгі уақыттағы кездесуі осы сәттердегі Төлеп пен Рысжанның жан дүниесіндегі психологиялық үдерістерді суреттеуде де сезімтал жазушының , психолог-қаламгердің қолтаңбасы танылады.

«Төлеп қалтасынан темекі алып, шылым тұтатты да, қараңғыда құшырлана сорды. Қалың қабағы, дөңес мұрны, қалың ұрты шылым шоғының қызыл қошқыл жарығында темірден соғылғандай болып көрінді. Рысжанның көкейінен жатса, тұрса шықпайтын осы кескіні ғой. Енді сәл үнсіз тұрса, өзінің оны бас салып, солқылдап жылап жіберетінін сезген келіншек зорлана күлген болды да:

-Түрің құрсын! — деді мұқатқандай үнмен. — Не боп кеткенсің сонша, мұрның қоңқайып, ұртың суалып. Әлде жас әйелің күндіз-түні отын-суға салып қоя ма?

Төлеп үндеген жоқ. Мойындағандай кескіні мұңайып, шылымын сора берді. Екі иығына екі кісі мінгендей кеуделі зор денесі шөгіп, кішірейіп қалған сияқты. Шылым ұстаған саусағы да дірілдейді» .

/ С.Мұратбеков. «Көкорай», 67-бет/.  

Бір-біріне соншалықты ыстық, соншалықты жақын, сөйте тұра бір-біріне қолы жетпестей алыс екі жан. Араларында бұзып өтуі қиын көрінбейтін қорған бар. Темірден құйылғандай мығым денелі келбетті жігітке, қайсар азаматқа қызыл шоқ өкініштің ащы түтінін сорғызған ауыр күй, кешегі жанына балаған жарына алып ұшқан көңілін, іңкәр сезімін аяусыз тежеп, іштей қан жыласа да, сүйегіне біткен сабырмен өзін әрең ұстаған, өзін-өзі зорлап күлген қайсар келіншектің сезім арпалысы – психологиялық дәлдікпен бейнеленгені сонша, осы екі жан дәл қасымызда тұрғандай әсер ететіні бар. Тіпті олардың күрсінгендегі демін де, ауыр өкініш азабынан торыққан жүздерін де дәл жаныңда тұрғандай, тіпті жақыннан сезінесің.

Осы сәттегі өз кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі психологиялық үдерістерді  осыншалықты дәлдікпен жеткізуде жазушы  психологиялық талдау формаларын шебер пайдалана білген. Төлептің портретіне назар салыңыз. Бұл, сөз жоқ, психологиялық портрет. Төлептің кескін нобайы Рысжанның қараңғы шоланында өзі құшырлана сорып отырған темекінің қызыл қошқыл жарығымен ғана көрінеді. Бұл – оның бет бейнесін нақты суреттермен танытуға мүмкіндік   бермейді. Жазушы темекі шоғының сәулесіндегі фонды  әдейі таңдап алған. Әлсіз жарықта көрініп қалатын қалың қабақ, дөңес мұрын, қалың ұрт және осы кескіннің темекі шоғының сәулесімен темірден соғылғандай болып көрінуі – Төлептің бірбеткей қайсар мінезін дәлдей түсіп қана қоймайды, алакеуім жарықтағы осы бір қайратты, қайсар жүздің ауыр ой  үстіндегі күйзелісті күйін тереңдете түседі. Жазушы өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміндегі психологиялық үдерістерді сатылап, дамыта суреттейді. «Екі иығына екі кісі мінгендей кеуделі, зор денесі  шөгіп, кішірейіп қалған сияқты» деп Рысжан көзімен берілетін Төлеп бейнесінде жігіт жанын меңдеген өкініш, мұң азабының табы сезіледі.

Негізгі қаһармандарының ішкі әлеміндегі психологиялық үдерістерді суреттеуде жазушы психологиялық талдаудың бір емес, бірнеше формасын пайдаланады. Мұнда психологиялық портрет те, психологиялық деталь да, психологиялық диалог те, тіпті психофизикалық параллеллелизм де  («Шылым ұстаған саусағы да дірілдеді») жазушы мақсатына бірдей жұмылдырылған.

Сайын Мұратбеков характерінің ішкі сезім күйлерін іс-әрекет арқылы танытуға да ден қояды. Тағы да осы әңгімеге, әңгіменің соңғы беттеріне зер салайық.

«Рысжан тонның түймесін бір ағытып, бір түймеленіп, асыға басып, ауылдың шетіне тартты. Бір сәтке ештеңені ойлауға да, алды-артына қарауға да мұрша  болған жоқ. Біреу сүйрегендей дедектей жөнелді.

Сол асыққан күйі Төлептің үйінің іргесіне келіп бір тоқтады. Онан соң аяғын ұшынан басып кеп, шам жанып тұрған терезеден сығалаған. Төлептің әйелі терезеге қырын қарап, оқушылардың дәптерін тексеріп отыр екен… Аяғының ұшынан басқан күйі екінші терезеге барған. Демін ішіне тартып, сілейіп тұрды да қалды. Төлеп іргедегі диванда киімшең қалпымен теріс қарап жатыр екен. Зор денесі төрт бүктетіліп, бүрісіпті де қалыпты. Рысжанның жаны ашып кетті оған. «Жаным-ай, бұл не жатысың? – деп терезені қаға жаздап әрең тоқтады. Көз алмай телміре қарап біраз тұрды. Төлеп қозғалар емес. (С.Мұратбеков. «Көкорай»,  71-бет).

Жазушы Рысжанның ешқандай тежеуге көнбес, ырық бермес ішкі сезімін, Төлепке деген ынтық ықыласын кейіпкердің іс-әрекеті арқылы беріп отыр. Түннің біруағында оны Төлептің үйіне қарай дедектетіп сүйреп әкеткен ырық бермес күш алдында ол әлсіз. Қайсар мінезді  әйелдің тап осы дәрменсіздігі оқушысын бей-жай қалдырмайды. Контрасты сурет арқылы берілген психологиялық күй өзінің шыншылдығымен баурап алады. «Зор денесі төрт бүктетіліп бүрісіп» жатқан Төлептің қазіргі күйі де ешқандай түсініктемені қажет етпейді. Тап осы жолдарда кейіпкер іс-әрекеті арқылы характердің  ішкі күйінің танылуы бар. Сонымен бірге бұл – Төлептің жаңа ұясының ол үшін салқын, жылусыз екенін танытар психологиялық деталь қызметін атқарып тұр.

Әңгіменің финалында мынандай жолдар бар:

«Ептеп басып бұрылып, Рысжан кері қайтқан. Асықпай жай жүрді. Дала тым-тырыс екен. Қоңыр салқын самал ғана үрлеп тұр. Ескек жел сияқты дымқыл жылылық бар лебінде. Көшедегі көлкілдеген қар суы да қатпапты, аяқ асты күндізгідей сылпылдап жатыр…».

Әңгіме былай аяқталады.

«Осынша кең аспан, осынша көп жұлдыз!.. Көктем де таяу. Тегінде көктемге қарай қуаныш деген көп болады».

Әсіреқызылы, боямасы жоқ табиғат суреті. Шеберлікпен салынған сурет. Көктемгі жанға жылу әкелер ескек жел соғады бетке. Көңілге қуаныш әкелгендей. Дәл осындай қуаныш, болашақ күндерге деген жарқын сенім қуанышы Рысжанның да жан-дүниесін әлдилейді. Табиғат бейнесімен қатар өрілген кейіпкер жанындағы серпіліске жазушы символдық мән береді. Әңгіме сонысымен де құнды, сонысымен де жарқын. Сезіміңді әрлендірер, жаныңды ескек желдей аймалап өтер бір деммен жазылған туынды. Қарапайым адамды ардақтайтын, оның жүрек лүпіліне, мұң-сырына сергек сезіммен қарайтын, сеніміне сенім қосатын  әңгіме.

Көркем шығармадағы психологизм – адамның жан дүниесіндегі қозғалысты, өзгерісті «адам жанының диалектикасын» зерттейді. «Адам жанының диалектикасын» зерттеудің мол мүмкіндігі роман жанрында мол десек те, «Қалауын тауып, қар жандырар»   қаламгер кездессе, бұл міндетті шағын көлемді эпикалық түр – әңгіме жанры да атқарып шыға алады екен. Шеберлік келісім тапқан кезде, характердің жан диалектикасын  бейнелеуге әңгіме жанрының шағындығы да қол байлау бола алмайды екен. Мұның дәлелі –Сайын Мұратбековтың «Ұлтуған « әңгімесі.

Бәрі де Майданның – долы әйелі Сәндібаладан қашып, Ұлтуғанның сарайына паналауынан басталады. Майданның аузынан арақ исі  бұрқырап, сүмірейген тұрысы, өз әйелін жамандай сөйлеуі Ұлтуғанға ұнамаған. Тіпті жиіркенген.  («Ауыз бөлмеде Майдан жоқ, кетіп қапты. Қолқаны атар арақтың иісі білінеді. Тыжырынған Ұлтуған сыртқы есікті шалқасынан ашып тастады.» (С.Мұратбеков. «Көкорай»,  91-бет). 

 Ал онан кейінгі түні тағы да паналауға келгенінде – мұның соншалықты басынғанына ашуланған қыз Майданды қамшымен осып-осып жібереді. Әйтсе де Майданның жас балаша өкіріп жылауы қыздың аяныш сезімін оятып, сол күні де дәлізден жатар орын береді. Мұнан кейін біз мынандай жолдарды оқимыз: «Бұл түні Ұлтуған ешбір оянбастан, таң атқанша шошымай жақсы ұйықтады. Осы түннен бастап ол анда-санда Майданның мас болып кеп қонуын іштей тілейтінді шығарды.  (С.Мұратбеков. «Көкорай», 96-бет) 

Ұлбосын басындағы бұл сезім түсінікті. Иланымды. Әкесін ақтық сапарға жөнелткеннен соңғы тұлдырсыз жетім тірлігіне әлі мойынұсына қоймаған, төрт қабырғаның ортасындағы жалғыздық қамауына түсіп, еліктей елегізген  қызға – түн баласында кім де болса біреудің қара тұтарлықтай болып, өз үйінің бір бұрышында жатуы – үлкен демеу. Осылайша, жалғыздық қорқынышынан Майданды жақын тұтқан Ұлтуған көңілі енді бірте-бірте шын жақындық сезіміне ауысады. Ол Майданның жаны мейірімді, ниеті адал жан екенін таниды. Енді біз Майдан мен Ұлтуғанның, торығып жүріп табысқан екі  жанның бір-біріне деген ыстық ықыласының куәсі боламыз. Соған қалтқысыз сенеміз де. Қиын шақта кездесіп, бір-біріне рухани демеу бола білген  жандардың тағдыры өзіне еріксіз баурап алады.

Әңгіменің басындағы Майданның Ұлтуған үйіне кездейсоқ паналайтын сәтін, сол кездегі арақ иісінен тыжырынған Ұлтуған сезімін еске түсірейік. Ұлтуғанның  «жан диалектикасы» бір әңгіме бойында ешқандай жалғаны жоқ  табиғи ( және сонысымен де нанымды) суретін   тапқан. Иә, кейіпкерінің психологиясындағы күрделі өзгерістерді шым-шымдап табиғи түрде дамыту – екінің бірінің қолынан келе бермес шеберлік.

Әңгіменің финалында Майданның шиеттей жас балаларының тағдыры жүрегін шымырлатқан, өз қара басының тілегінен адамгершілік парызын жоғары қойған  қарапайым мейірбан әйел өзінің барша жүрек ықыласын арнаған, аз күн махаббат қуанышын бірге тойлаған жанмен – Майданмен қош айтысады.

«Жүрегі шым-шым шаншып кеткен Ұлтуған мұнан әрі тұра беруге төзе алмай, жүгіре шығып үйіне беттеді. Алқына басып келген бойда, сарт-сұрт жұлқып, есіктерін ашты да, түпкі бөлменің босағасына келіп тұра қалды.

— Майдан, тез киін де, шық! — деді онан соң бұйырған үнмен.

— Не боп қалды?

— Киін, киін!

Түкке түсінбеген Майдан көзі бағжаңдап, киінуге кірісті.

Киініп болған соң:

— Иә, не боп қалды?- деді үрейленіп.

— Үйіңе бар.

— Иә, Майдан. Айналайын, мен десең, үйіңе бар. Мен ешқайда кетпеймін ғой, тек бүгін үйіңе баршы. Тыңдашы, тілімді  алшы бір  рет.  

…Майданның үйден қалай шыққанын, сұңқиып көше бойлап қалай жүргенін Ұлтуған терезеден көз алмай бақылап тұрды. Ыстық жас бетінен сорғалап жол сызады . (С.Мұратбеков. «Көкорай»,  115 –бет).

Иә, ол Майданмен біржолата қоштасады. Ұлтуған шешімі – берік шешім. Иланымды шешім. Жек көру мен сүю. Іңкәр көңілдердің табысуы мен мәңгі қош айтысуы. Шығарма қаһармандары  осындай қайшылықты күйлер мен іс-әрекеттерге куә етеді. Бір-біріне ұласқан осындай қарама-қарсы , қайшылықты сезімдердің, іс әрекеттердің дау айтуға келмес нанымдылығын характер дамуындағы психологиялық дәлелдемелердің дәлдігінен табамыз. Өзінің қиын тағдырымен, барша қуаныш-күйінішімен баурап отыратын –мұң-сырына еріксіз ортақтастырып жіберетін Ұлтуған  әңгіменің соңында биіктеп сала береді. Характер дамуының диалектикасы соншалықты дәлдікпен берілген. Оны тұлғаландырып жіберген де – шешуші сәттегі батыл байламы. Жер басып жүрген барша жандарға тән қуаныш-мұң, қайғы-қасірет, шаттық-бақыт сияқты сан түрлі сезімдердің дәмін татқан, әсіресе соңғысының дәмін енді ғана алғандай болған жан ең шешуші сәтте екінің бірі бара бермейтін  ірілік танытады. С. Мұратбеков өз кейіпкерін адамның адамгершілік қасиеті танылар сынға салу арқылы танытып отыр.

«… искусство существует затем, чтобы при полном реализме найти в человеке человека», – деген ғой  Достоевский. Қарапайым, тіпті елеусіз жанның шын мәніндегі үлкен адам екенін ашу және мұның бәрін характердің іс-әрекеті арқылы психологиялық дәлдікпен бейнелеу – «Ұлтуған» әңгімесін тұлғалы туындыға айналдырған.

Өз кейіпкерін адамдық қасиеті танылар қиынға салып ашу – С.Мұратбековтің «Алғашқы қар» әңгімесінде де үйлесім тапқан әдіс. Күлипаның жан дүниесіндегі, Сұлтанға деген сезіміндегі өзгеріс бұл әңгімеде шыншылдықпен суреттеледі. Сұлтанды менсінбейтін, тіпті онымен қатар жүрудің өзін намыс көретін Күлипа қиын шақта, сын сағатта Сұлтан бойындағы ерліктің де, азаматтық келбет, адамгершілік қасиеттің де жарқ етіп танылған сәтінде өз көкірегінде әбден орнығып қалған ұнатпау, тіпті менсінбеу сезімінің сеңдей ыдырап, оның орнын шуақ сезімдер жайлап алғанын өзі де сезбей қалады. Қауіп-қатерлі, ерлікті де, адамгершілікті   де сынға салар осы бір түн болмаса, Күлипа көкірегіндегі тоңторыс мұз жібімес те еді. Күлипаның «жан диалектикасы» сізді сендіреді. Себебі ол Сұлтанды енді ғана таныды. Жазушының кейіпкер мінезін сынға салып, іс-әрекеті арқылы танытуы, қиын сағаттарда ғана айқындалатын  адам жанының құпия қойнауындағы қасиеттерді жарыққа алып шығуы және Күлипаның жан дүниесіндегі өзгеріс – екеуі сабақтасып жатыр.

Әңгіменің соңындағы Күлипаның көңіл-күйі, жігіт берген хатты кері қайтарғаны үшін өзін-өзі жазғыруы – характер табиғатынан туған заңды құбылыс.

Әңгіме былай аяқталады.

«- Сұлтан, Сұлтан! — деді жігіттің артынан жүгіре дауыстап. Боп-боз болып көзі жасаураған Сұлтан оны көңілсіз күтіп алды. Күлипа жігіттің қалтасына қолын сұғып жіберді де, хатты өзі суырып алды.

— Бар, енді жүре бер, — деді онан соң.

Жігіт жүріп кетті. Ал Күлипа хатты қолына ұстап біраз тұрды. Хат шақпақ дәптердің парағынан бүктелген май-май еді. «Күлипа…» деп басталыпты».

Сайын шығармаларындағы нәзік лиризм, характердің ішкі дүниесін бедерлеудегі сезімталдық пен дәлдікті осы үзіндіден де көрер едік. Осы эпизодтағы сурет-адамның жан-дүниесінің суреті. Әңгіме басындағы Күлипа сезімі мен  («Дәл қазір оған осы жігіттің түр-тұлғасы да, сөзі де, дауысы да аса сүйкімсіз  көрінді. Тіпті онымен қатар отырып келе жатқаны үшін   намыстанғандай да болды.» (С.Мұратбеков. «Көкорай», 145-бет.) 

 әңгіме финалындағы Күлипа сезімі – тура контраст. Міне, осы контрасты сезімдердің екі аралығындағы характер дамуының заңдылығы, сезім құбылыстарындағы шынайылық – С.Мұратбековтің  психологиялық талдау өнеріне төселген қаламгер екенін тағы да танытты. Әңгіменің негізгі нысанасы – «адамның адамдық қасиетін таныту» болса, жазушы өзінің бұл  мұратын бас кейіпкердің іс-әрекеті арқылы бедерлеген.

Егер жазушы «Ұлтуған», «Алғашқы қар» әңгімелерінде өз кейіпкерлерін адамдық қасиет таразыланар қиын сынға салып ашса, «Үшқараның басында», «Күзгі бұралаң жол»  әңгімелерінде өз кейіпкерлерінің іште жиналған өзекжарды булыққан сезімдерінің  жанартаудай атылуын бейнелей отырып, тағы да қиын тағдырлар құпиясын ашады.

«Үшқараның басында» – философиялық құнарлы ойы бар, адам жанының нәзік қылдарын шертетін психологиялық әңгіме. Осы әңгімедегі өмір, тірлік мәні туралы терең мағыналы, сыршыл ой-арман Зағипа орындаған «Басында Үшқараның» әніне байланысты туындайды. Бір кездегі еліктің лағындай ерке қыз осы әңгімені өз атынан баяндаушы Әсеттің бозбала шағындағы сезім гүліне бүр аштырған Зағипа – енді, міне, тағдыр теперішін көп көріп, уақытынан ерте қартайған кексе әйел. Зағипаның ауыр  тағдырын жазушы таратып айтып жатпайды. Ишарамен танытады. Ең алғашында эпизодтық  бейне тәрізді көрінетін Зағипа – әңгіме финалында осы туындының  ең өзекті, тұлғалы характеріне айналады. Көкірегінде жылдар бойы қордаланған  шер-мұңын, арман-өкінішін алыста қол үзіп кеткен асыл дәуреніне, өмірінің қайта оралмас көктеміне деген «аһ» ұрған жүрекжарды сағынышын –соншама уақыт бойы булыққан осынау сезімдердің барлығын – бірден ақтара салғанында Зағипаның, ауылдың қарапайым ғана елеусіз әйелінің, психологиялық күйі түсінген жанның  жүрегін шым еткізбей қоймайды.

«Дәл есік алдына жеткенде, ас үйден зарлай шыққан ән естілді. Төбе құйқаны шымырлататын ән. Айтушы даусының құдіреті ме, әлде әннің өз құдіреті ме, әйтеуір көңілін бірден ұйқы-тұйқы ғып жіберді. Әсет еріксіз солай бұрылған.

Бу бұрқыраған ас үй толған әйел екен: дастарқан әзірлеп, күні бойы тамақ пісірген келіншектер, енді ғана есе тиіп, ішуге кірісіпті. Солардың орта тұсында басындағы орамалы бір жағына қисайып кеткен Зағипа көзін жұмып, теңселіп отыр. Әнді аңыратып отырған сол:

Басында Үшқараның қос барабан

Сол таудан дария шалқар су тараған.

Сұлу қыз, көркем жігіт – бәрі сонда

Апырмай, неге келдім сол арадан.

Жасы ондар шамасындағы дөңгелек көз қара бала оны бірдеңе деп, иығынан тартқылып тұр. «Апа, жүр, кетеміз» — дейтін тәрізді. Әсет енді байқады. Зағипа жылап отыр екен. Мас боп қалған-ау шамасы».

(С.Мұратбеков. «Көкорай», 30-бет)

Зағипа көкірегіндегі барша құпия-сыр, арман, сезім селі – «Басында Үшқараның»… әні арқылы төгіледі. «Басындағы орамалы бір жағына қисайып кеткен», «көзін жұмып теңселіп отыр», «аңыратып» деген жолдарда Зағипаның көкірек күйінің сыртқы суреті жатқан жоқ па? «Зағипа жылап отыр екен». Жүректі шым еткізетін сөйлем.

Иә, Зағипаның әні – ойын-тойдың көңіл көтеру үшін айтылатын әншейінгі әні емес. Ол жылап отыр. Із-тұзсыз кеткен өмірінің көктемін жоқтап жылап отыр. Осы бір қарапайым ғана сөйлемнің кейіпкер психологиясын танытудағы салмағы ерекше.

Соғыстың кейінгі ұрпақ жанына салып кеткен жарасын жазушы «Күзгі бұралаң жол» әңгімесінде Қанатай психологиясын зерттеу арқылы ашады.

Қанатай өзін соғыстан қайтпай қалған азаматтың ұрпағымын деп біледі. Ол өзін адал ата-ана ұлымын деп ойлаған. Сондықтан да ол – ақиқатпен бетпе-бет келгенде, нағыз әкесінің тірі екенін, тағдыр өзі мойынға салған ащы шындықты мойындағысы келмейді.

Әңгіме Қанатай көкірегіндегі булыққан сезімдердің лап етіп сыртқа тебуімен, кейіпкер сөзі, іс-әрекеті арқылы танылатын психологиялық ауыр күйдің суреттелуімен аяқталады және тап осы кездегі кейіпкер жан дүниесін іс әрекеті, сөзі арқылы шынайы қалыпта  бедерлейді. «Дәл ауылға кіре берісте, қаптың үстіне бетін басып сұлқ құлады да:

– Менің әкем соғыста өлген, апа-а… — деп өкіріп жылап жіберді.

( С.Мұратбеков. «Көкорай», 332-бет)

Көріп отырсыздар, талданып отырған осы екі әңгімеде де жазушы адамдардың сырт көзге жұмбақ ішкі құпияларын танытудың ұрымтал сәттерін таңдап алады, кейіпкерлерінің іштей қайнауы жеткен терең тебіренісінің бұрқ-сарқ етіп ақтарылған сәтін алдымызға тартады.

Сыншы-ғалым  Ш. Елеукенов: «Психологиялық талдау өнері толысқан шығармада характер өздігінен дамитын сияқты. Жерге себілген дәннің алдымен тамыр байлайтынын, одан өсімдікке, енді бірде дәнге толы сабаққа айналғанын биологтар зерттейді десек, белгілі бір қалыпта жүрекке түскен сезімнің әрекетке айналуын, не ұлғая келе басқа бір саналы сезімге айналуын жазушы зерттейді. Сөйтіп психологиялық талдау адамның белгілі бір әрекет үстіндегі сезім күйінің өзін ғана емес, негізінен, оның бір күйден сан күйге ауысып дамыған диалектикалық процесін суреттейді», – дейді.  (Ш.Елеукенов «Замандас парасаты», 272-273-беттер).  Дәл осы сөзді ең алдымен Сайын Мұратбеков туындыларына қатысты  айтуға болар еді

 

Мақсат ДҮЙІСМАҒАМБЕТ

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 08.05.2020 | 17:12

Бір деммен оқып шықтым. Көркем туындыға жан-жақты керемет талдау жасалған. Мақаланы оқыған соң С.Мұратбековтың шығармашылығына қызығушылығым оянды.

Аноним 08.05.2020 | 18:15

Максат,С.Муратбековтын шыгармаларына терен талдау жасалган деп ойлаймыз.
Сизге ак жол тилеп,каламыныз уштала берсин деп тилеймиз.Таргын-Халамша

Аноним 08.05.2020 | 19:15

Максат Жолын ашык болып биік шыннан корін .МенМуратбековтын ангімелерін окыганмын.Тартымды тусінйкті.кызыкты.Маган унады.Сенін дазгандарынды окып шыктым..Шыгармашылык табыс тілеймін. Бибісара .

Аноним 08.05.2020 | 21:46

Мақсат,С.Мұратбековтің шығармаларын кезінде қызығып та,құнығып та оқып едім. Бүгін міне осы шығармаларға жасаған талдауыңа риза болып отырмын. Оқырмандардың ойын дөп басқан талдауың жоғары деңгейде! Шығармашылық табыс тілеймін! Жазарың көп болып,қаламың ұштала берсін! Жұмагүл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір