Серпер сезім
19.11.2024
43
0

«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» деп Естай ақын айтқандай, қазақ жырының қайраткері Фариза ақынның шығармашылық ғұмыры туралы көсіле жазу, барынша баптап баяндау оңай іс емес.

Қай қиырдан, қай еңіс пен өрістен қадам жасауды білмей, аяқ асты абдырап, Құрманғазының төкпе күйі мен Дәулеткерейдің шер мен шемен қозғаған көңіл сазын шатастырып, біріне-бірін жамап, тал қармап, талықсып шаршап, ағынды жырдың ақ Жайық жағалауына әрең жетесің. Қабылдау құлашың талып, Нарыннан жеткен нар желге маңдайыңды тосып, азу тісі шықырлап, маңдайы әжімденіп, жылжыған жылдардың әуе­нін нақышты нотасына сызып жатқан сиыр таңдай сусыған құмдардың сазынан әлдебір жаныңа жақын сырды, сұңғыла сарынды сезесің. Сезетін себебің де бар. Атыраудың аспанын өлең кернеп, ақ нөсердей саулаған серпер сезім бойыңа күш-қуат бергендей болады.

Дара күндерімнің,
Нала түндерімнің,
Серігі болғаның үшін,
Сенімі болғаның үшін,
Мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,
Біреудің жасып мұңынан,
Жүрегім сыздаған кезде,
Жаным мұздаған кезде,
Мен сені саялаймын…

Өмірдің өткелдерінен,
Қиындық көп көргенімнен,
Өртеніп от басқаныммен,
Өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,
Азапты, қайғы-мұңымды,
Өзіңмен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып,
О баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!
 Бұл жыр жолдары – Фариза ақынның өмірлік кредосы. Өмірлік позициясы. Жыр майданының үнемі алдыңғы шебіндегі комиссар көңілдің транзиттік тұғырнамасы. Өзгермелі дүниенің сан құбылған бояуы мен санаға салмақ салған сан алуан сынақтары ақынның ғұмырнамасына қаншама өзгеріс пен толықтырулар салғанымен, әуел бастағы принципті байлам, позициялық ұстаным еш өзгермейді. Транзитті уақыттың тектоникалық жарылыстары мен құбылыстары да оның әуел бастағы дидактикалық дидарына парфюмериялық болса да рең қоса алмайды. Тұтас құйылған бітім мен тұтас төгілген серпінді сәуле жан дүниеңді жарқыл нұрға бөлеп жүре береді.
Қайсар ақын қайбір жылдары: «Қартаяды ақындар да, тағдыр-тезге көнбейтін хақың бар ма?» – деп жазғанмен, Шерхан ағамыз айтқан шындыққа жүгінуге тура келеді: «жүрекке әжім түспейді. Әсіресе ақынның жүрегіне». Бұл пікірді ақынның өзі одан әрі бекіте түседі: «Нұрлы жүзден ақиқат әр таяры, мәңгі жас боп қалар тек жырларымен». Ақын туралы айтқаны, яғни өзі туралы жазғаны. Жазғанынан жазбай келе жатқан жампоздың жазба пікірі.
Әуелі сөз болған. Жаратқанның жанды лебізі – осы. Демек, ақын – адамзаттың алдыңғы перзенті. Осы ойды қарапайым мысалға айналдырсақ: ақынның құлағы өзінен бұрын туады. Бұл тіркесті сәл сипай қамшыласақ: ақынның жүрек-құлағы өзінен бұрын туады. «Өнер алды – қызыл тіл» деп бабаларымыз содан айт­қан. Бабадан асырып, данадан оздырып қалай айтарсың. Құлағы жүрегіне біткен жырпаздық дәурен жыраулық сарыннан жеткен, алдаспан Махамбеттен өткен керуен-керуен күйінде Еділді еңсеп, Жайықты жамсап көше береді.
Фариза ақын – данамен үндесіп, бабамен тілдесіп, даламен бірлесіп, жаңамен үйлесіп, санамен күн кешіп өз биігіне жеткен ақын. Өзінің шың-құзы бар, жыр аспанында жұлдызы бар, айдай ажары, жарқыраған күндізі бар ақын. Халқына арқа сүйеп қайсар болған, еліне еркелеп елгезек болған, оқырманына сүйеніп баһадүр болған ақын. Ердің орнына ер болған, азаматпен тең болған, намысқа шапса – өр болған, анаға бақса – кең болған, қызға бақса – қырмызы, қызылға бақса – өң болған ақын. Айдан алтын алдырып, ажарлы өлең туғызған, күннен күміс алдырып, жырмен бетін жуғызған ақын. Құлагер-жырдың құлағын қайшылатып, от-жүрегінің жалынын тамшылатып, намыс пен жігерін қамшылатып, даланың жігіттерін өрлікке шақырған ақын. Аласаға алдырмай, қуғандарға шалдырмай, еңістен салса, төске озып, болдырмай өткен баянды жүйрік. Серпер сезімді саңлақ.
Өрлікке шақырмай қайтеді, ол – мәңгі майданның алдаспаны Махамбетпен кездескен ақын. Уақыт белдеуін бұзып өтіп, бабасымен бетпе-бет келіп, одан жасын жырының бір уыс лапылын алып, намысын тұтатқан Фариза ақынның автобиографиялық антологиясын қарасаңыз, Исатай баһадүрдің ақтабанының жер тітіреткен дүрсілі мен Махамбеттің ала өгіздей өкіріп, Еділ-Жайық – екі судан зырқырай өткен бір тартарының нар қамысты жапырған суылы естіледі. Содан да болар, кезінде Тахауи Ахтанов Фариза ақынды: «Махамбет в юбке», – деген-ді. Сонымен, басымызға бошалап келген тұмса пікірдің бұйда­сын қақсақ, Фариза – ұлы даланың ұлы жырауларынан жеткен ұлы сарынды бүгінгі қазақ поэзиясына үкілеп қосып, үзеңгісін түзеген ақын. Қазақ жырының байырғы бойында бар отты леп пен өршіл пафосты тылсым уақыттан тартып алып, қазақ даласына самал ғып жүгірткен, қоламтада қалған шоғын үрлеп тірілткен ақындардың бірі, бірегейі. Сарыны бөлек Сыпыра мен шамырқанған Шәлгездің, қазып айтатын Қарға бойлы Қазтуғанның, желмаясының жез бұйдасынан географиялық-дидактикалық, этнографиялық-этногенездік асыл сөз саулаған Асан қайғының философиялық трактат­тарын өршіл өлеңге, намысты жырға көшірген таңдаулы таланттардың төрінде ақын қыздың ал қызыл орамалы тынбай желбіреді.
Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» армян халқының ойшылы Григор Нарекацийдің: «Бұл кітап менің тәнім дегейсің, бұл кітап менің жаным дегейсің» деген сөзімен ашылады. Бұл сөз – қаламгердің жауапкершілік статусы. Фариза Оңғарсынқызы да – мұндай пікірді өмір бойы ұстанып келе жатқан тұлға. Ақынның заман, қоғам, уақыт алдындағы шынайы жауапкершілігін сезіну тұрғысында өз биігінен түскен емес. Не жазса да, нені жырласа да, қай жанрда қалам тербесе де, Факең ақындық жауапкершілікті алдыңғы орынға қойып, парасат гармониясының жеті нотасын жаңылмай табумен өтті. Көп векторлы жанрда қалам тербесе де, өзінің авторлық монополиясынан ешқашан айнымаған тағдырлы талант. Бұл не сонда? Бұл – мінез.
Ақынның мінезді жырларын оқып отырып, оның қазақ жырының антологиялық сандығына салған үздік үлгілері мен озық ізденістерін анық байқайсың. Мазмұндық тереңдік пен формалық ізденістер, ырғақ пен өлшемдегі өзгешеліктер мен жаңалықтар, ақындық қабылдауларындағы оқыс түйіндер мен күрт бұрылыстар оның поэтикалық полотносын басқалардан оқшауландырып тұрады. Әсіресе жыраулық сарындарға иық беріп тұратын өлеңдер шоғыры, мысалы, Мемлекеттік сыйлықпен аталып өткен «Маңғыстау маржандары» топтамасы кеңдік пен кемелдіктің көрінісі болып көкейде қалды. «Әйел» атты циклды жырлары, яғни түйдек топтамасы қазақ әйелінің адами-рухани қайсар келбетін сомдап, адамгершілік пен тазалықтың көркем галереясын түзді. «Менің планетам» шоғыры қазақ даласының кешегісін, бүгінін, ертеңін кескіндеген кенен де кемел жырлардан түзілді.
Бір тоқтап айтар нәрсе, осы шоғыр шумақтарда елгезек самалдай болып егемендіктің желі еседі. Аңсарлы азаттықтың ақеділ самалы алға ұмсындырады. Мұнда жалған пафос, жалаң шарықтау, рабайсыз риторика жоқ. Шымырлап аққан ішкі толғаныс бар. Какафониядан ада кернеуі жоғары күш бар. Шамырқанған шындық бар. Ақынның азаматтық тұлғасы бар.
Қазақ поэзиясының кеңестік кезеңдерде кемиек сөзге иық беріп, кемсеңдеп қалған шағында, Қадыр ақын тұстастар: «Өтірік қостым азырақ, өткізу үшін шындықты», – деп жазған кезеңдерде шаршаңқы шаблон мен тұйыққа тірелген трафаретті бұзып, бірде өзі, бірде кейіпкері болып, атойлап алға шыққан ақынның қазақ жырындағы елеулі, ерекше қолтаңбасын айту әрбірімізге парыз болса керек. Ол – ортақ жыр, ордалы қазынаға өз қолтаңбасын қапысыз құйған ақын.
Мұқағалидың Фаризаға мұң шағуы тектен-тек емес. Бұл – арнау жыр ғана емес, арзу жыр. Шерлі арнау. Беріден ойлаған біреулер: «Мұқағали Фаризаға ғашық болып, содан жазған өлеңі» екен деп көңірсіткені бар. Рас, Мұқағали Фаризаға ғашық болған. Бірақ әйел ретінде емес, қайраткер ретінде. Жігіт ретінде. Азамат ретінде. Қарындасы ретінде. Мойындай отырып, мұңын айтқан. Бұл жыр эпистолярлық элегия жанры ретінде қазақ өлеңінің тарихына кірді. Кейіпкері Фариза болғандықтан да осынау мұңды да асқақ туынды қазақ даласына ән болып тарап, саз болып самғады. Әбиірбектің де абыройын көтеріп кеткен бұл рек­вием-саз санаға жеткелі қашан. Өйткені Фариза қашан да қазақ өлеңіне азаматтық қайраткерлікті алып келген ақындардың алдыңғы қатарында тұрады. Бұл ретте ұлы ұстаз Зекенің – Зейнолла Қабдоловтың әр қаламгер қапысыз білетін, бірақ әркез орынды-орынсыз қайталап айтып, құлақты сарсылтқандай да болып кететін «әдебиет – ардың ісі» деген сөзі Фариза поэзиясына өзі сұранып тұрғандай.
Әдеби ар алдында әрқашан адалдығын сақтағандықтан да кейде адам айта жүрер оқиғаға да араласып кететіні бар. Осы орайда бір болған оқиға жадымызға оралып, жаз деп сұранып отыр. Бұл – өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында болған жайт. Факең ол кезде «Пионер» журналының бас редакторы. Қабылдауына бір ақсақал келеді. Қолында бір топ өлеңі бар. Факең оның өлеңдерін оқып, көңілі толмай: «Аға, өлеңді не үшін жазасыз?» – деп сұрайды. Ақсақал: «Фаризажан, мен қазір зейнеткермін, қолым бос, ішім пысады, сосын, өлеңді ермек қыламын. Бір жағынан осыларды жариялап, бала-шағаға нәпақа болатын тиын-тебен тапсам ба деп ойлаймын», – дейді. Сол кезде әңгімесін айтып, бейқам отырған ақсақалды Факең шапалақпен тартып жібереді. Мұндай жайды күтпеген ақсақал шошып кетіп, шалқасынан түседі. Құлап қана қоймай, өлеңдерін тастай қашады. Содан қайтып ол редакциялардың маңынан көрінбепті.
Осы әңгімедегі әлгі шал – сөз зергері Зейнолла Қабдоловтың алдын көрмеген кісі. Демек, әдебиетті ардың ісі деп бағалауға оның қабілет, мүмкіндігі жоқ. Сондықтан әдебиетіміздегі, тағы да Зекеңше айтсақ, «қаптаған сұрқай ағыс пен шөп-шаламның» авторлары Фаризаның үлкен азаматтық болмысын танығандықтан, бұған да рақмет, ақыннан алыс, топтан қалыс жүреді. Ақын отырған жерге аяғының ұшымен кіріп, аяғының ұшымен шығады. Сондықтан Фариза ақынның поэтикалық кредосын шын өнердің бағасын білдіріп, парқын жеткізер интерактивті тақта деп қабылдау қажет. Салығы мен нарығын бағамдап, жақсы жолға салып жіберер кемел кеден тәрізді ақын шығармашылығын сол себепті де оқырманы орынды бағалайды. Ақынның халықтық тұлғасы осылай қалыптасқан.
Бұл күнде сыбайлас жемқорлық деген сөз жалпы жұртшылықтың әбден меңгерген тақырыбы болып кетті. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, онымен күресеміз деген сайын, бұл дерт асқынып, ушығып барады. Бұл кесапат өмірдің барлық ендіктері мен бойлықтарына дендеп кіріп, батпандап еніп, елді еңсеріп барады. Бұл дерт өнерге де, әдебиетке де келді.
Өнерге кірген өңезі бітеу бұл жара әдебиетіміздің айтулы ақсақалдарына да әмірін жүргізіп, «күлшелі бала сүймекке жақсы» болып, жыр жетімдік көрген кезде Фариза ақынның қайраткерлік, қаламгерлік ұстанымы әркез ашық, бізде қалыптасып кеткен орысша туатын заң тілімен айтқанда – «прозрачный». Жақсы жырға балаша қуанып, жасық жырға сыртын беріп, айтар ойын алдаспандай жарқ еткізіп айтып тастау – ақынның ең басты ұстанымы. Ол сырбаз өнерге сыбайластық жүрмейтінін өз өмірімен дәлелдеген.
Ойдан ой туады. Әлгі «прозрачный» деген сөзді басқа бір қырынан аунатсақ, Фариза ақын – қазақ поэзиясына осы еркіндік пен ашықтықты жасқанбай әкеліп, жатсынбай қосқан шайыр. Қыз баланың, қазақ әйелінің сезімі мен төзімін, мұңы мен шерін, сағынышы мен аңсарын, махаббаты мен мархабатын, жан дүние­сіндегі жұмбақ бұлқынысын өзінің жан жүрегінен өткізгендей ашық ақтара беруі қазақ жырына жаңаша ажар, жаңаша өң, жаңаша көрік қосты. «Шеш-дағы етігіңді байпақшаң кел, көрейін ұстап алса өз сорымнан», – деп баяғы апаларымыз айт­қан алғаусыз сыр үзіліп кете жаздаған тұста, ақын «Қыз Данайдың қырғыны» қайдан шыққанына назар аударды. Қазынасы қырық нарға жүк болатын халық әндеріндегі сыр мен сезім, бұлқынған көңіл күй Фариза жырларында теңнің ауызын ашып, төгіле жырланып, балаң бойжеткендер таласа оқитын шығармаларға айналды.

Табыстық. Екеуміз де көктем едік,
Бір кештік су демедік, от демедік.
Соншалық ұғысқаннан бірімізге,
Біріміз тіл қатпай-ақ өкпеледік.

Оянып сүйіскенде ала таңнан,
Сезімдер мөлдір шықтай жаңа тамған.
Ұғамыз қос жүректің тіл қатысын,
Иыққа тиіп кеткен алақаннан…
Бұл шынайы жырлар сол кездегі жас оқырманның махаббат декларациясы сияқты болды. Солай қабылданды. Әдемі, ашық, бірақ ашық-шашық емес.
Сен бір албырт жігітсің, білемін мен,
Бір нәзіктік еседі жүрегіңнен.
Сен кірбіңсіз, көңілді болсаң дәйім,
Жаным сая тапқандай жүремін мен.

Сен мұңайсаң, сан ойлар қоршап мені,
Деп қаламын: «Жүр екен аңсап нені?»
Жалт етіп бір қараған жанарыңнан,
Жай-күйіңді ұғамын сол сәттегі.
Алпысыншы жылдары өмірге келген мұндай жырлар, сәл кейін, жетпісінші жылдардың басында онан сайын ажарын ашып, құшағын жайып, ақынның асау сезімін Алаш жұртына жаңа қырынан танытты. Осы кезеңде жас ақын қыздардың бұйығы тірлік кешкен тұнық өмірлерінің көлі толқындап, жанарлары ашыла түсті. Қыз сезімін жаңаша, ашық, алғаусыз, асау сезімді ауыздықтамай жеткізу үрдісі Фариза Оңғарсынқызының шоғы қызу шоғыр жырларынан кейін ұшқыннан жалынға айналды.
Осылайша, қазақ поэзиясында Фаризаша жырлау, Фаризаша ойлау, Фаризаша жазу жолы басталды. Өкініштісі, осынау албырт та асау сезімдер, адуын да асқақ армандар қазіргі күнде Мөңке бидің сөзінен асып түсіп, мөңкіп барады, таңын жарқыратып, жөңкіп барады. Әлдеқандай есер сезімдер өлеңге келіп еркін араласып, басқа шығып, төске өрлеп барады. Осындайда Қадыр Мырза Әлінің қаламынан туған мына жолдар еске түседі де тұрады: «Сұлулар өте бергенде, қиылып келіп қарайсың, ажарлы қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың». Ақыл қалыс, сезім шалыс болған заман-ай деп бас шайқап, алдағы алыс күндерге жасқаншақ жанармен үңілесің. «Қызды қыз деп сүймеймін, сұлулық ол, ал сұлулық қашаннан арман маған», – деп еді Жұмағам – Жұмекен Нәжімеденов. Сұлулық жалаңаштанып бара жатқан мына заманда асау сезімін адамгершілік қалыбында ақылмен ұстап, ақмаржан жыр жазатын қыз ақындардың қатары сиремесе екен дейді иманшыл оқырман.
Фариза ақынның өлеңдерін, яғни асау сезімді жырларын оқығанда адам жанының тылсымы мен жұмбағы жаныңды баурап, асыл сезімді құрметтеп, қастерлеуге жетелейді. Оқыс ойлап, опық жеп, одағай пішіп, олақтық таныта алмайсың. Өткір, ашық, бірақ намысы мен жігері бойын тіктеп, ойын оздырып тұрады. Шіркін, парасатқа тұндырылған «прозрачныйдың» да көңіл көзі ғана көре алар пердесі бар екен-ау. Содан болар, апам мәстек жырды аямайды, қамшы ұрып, меселін қайтарып, бас жібін түріп жібереді. Кем таланттардың кең таланттар алдында күмілжіп тұратыны да содан.
Ақын бұл тұрғыдан келгенде – жалғыз. Мұқағали: «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз», – дегенде, апама араша түсіп, бұдан жиырма бес жыл бұрын: «Жалғанда жалғыз болмас ақын деген», – деп қалам ұштағаным бар еді. Осы сөзіме енді сәл ғана редакциялық өңдеу жасап: «Фариза жырда жалғыз, бірақ халықпен көп», – деп айтар едім. Өйткені ақын қай кезде де өз жұртының ортасында. Көппен бірге. Сондықтан да ол қашан да халық алдында кішік, аға алдында ерке, ана алдында сәби.
Бөрілік арығын білдірмей, әрқашан жолбарыс-жырының жалын күдірейтіп келе жатқан жырдағы жаужүрек Фаризаға елдің әркез мақтана, кейде жасқана қарайтыны да сондықтан. Одан беріде Фариза апам туралы «асау өнердің Афродитасы, текті өлеңнің Тұмар ханымы» дегенім және бар. Тауып айттым ба, ауып айттым ба, біле бермеймін. Бірақ осы сөзге куә болып отырған көпшіліктің қол соққанын өзіме қабылдап қалған жайым бар (Артық кетсем айып менен, оқырман).
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп абыз Абай жазғандай, көпшілік ақынды кейде шалт мінез шалдуар, тентек мінез талант деп те ойлап қалып жатады. Факең жырларында адуынданып, атойлап, кейде шалқып, кейде толқып, кейде самғақ, кейде маздақ болып көрінгенімен, жанын түсініп, жағдайын сезінсең, сәбидей сенгіш, баладай аңғал, анадай жұмсақ, данадай шыншыл, жеңгедей сыршыл, досыңдай жақын, апаңдай аяулы. Сырттай сәл ызбарланып, ызғарланып тұрғанмен, іштей көңілі мөлдіреп, толқып-толқынданып жататын еді. Оның маңына жақындаған жандар осындай қасиеттерін сезініп, бірде назын айтып, бірде базына айтып, ақынның алтын уақытын алып, ойға-қырға жүгіртіп жіберетіні де бар еді.
Жүгіртіп жіберетіні бар дегендей, бір жолы апам да бәрімізді жүгіртіп жіберді. Жұмыста отыр едім, Алматыдан аптығып ақын ағам Нұрлан Оразалин телефон шалды: «Өтеш, бізді қара басып, көптен бері хабар алыспай, қапы қалып, аса абыржып отырмын. «Егемен Қазақстанда» Факеңнің елге аманат хаты жарияланыпты деп халық шулап жатыр. Мен сол нөмірін жіберіп алыппын. Факең шетелде ауыр операция алдында жатыр екен. Елге хат жазыпты. Көрдің бе, естідің бе?» – деп бастырмалатты. Жалпы, хабарды білсем де, Нұрлан ағамыз айтқан аманат хатты көрмей қалыппын. Мен де абыржып, тіпті терлеп кеттім. Дереу ұлы Алмасқа хабарласып, жағдайды білсем, ол апамның өзін қолдаған, жанашыр болған, қамқорлық көрсеткен жандарға, жалпы өз оқырмандарына, тілеулестеріне жазған ризашылық хаты болып шықты. Жақында елге оралуға қамданып жатыр екен. Нұрлан ағамнан сүйінші сұрадым. Оның да жағасы жайлау болып, жадырап қалды. Осы күндерде халқы онымен бірге болды, жанкүйер болды. Неміс жеріне назарларын тіктеп, алыстан ақжолтай хабар күтіп отырды. Апам, Аллаға шүкір, ортамызға аман-сау оралып еді. Сол күндерде халқы оны қатты іздеді, күтті. Бұл да – халқымыздың бойында бар елдік қасиет. Үзілмей келе жатқан үлгі.
Ақын қай кезде де елдік үлгіден, халықтық қасиеттен бойын аулақ салған емес. Аллаға мадақ айтып, аруаққа шек келтірмеу жөнінен де ол әрқашан биіктен көрінді. Құранға көңілімен құлап, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.а.) өмірі мен ұлы ілімі туралы кітап түзуінің өзі, оның жан дүниесінің тереңдігі мен кемелдігін қапысыз көрсетеді. Ұлы пайғамбарлардың ұлағатты жолын жалғаған әулие-әмбиелердің әзіз есімдері мен ардақты істерін танып, білудегі болмысын оның шығармаларынан үнемі көресің де отырасың. Бұл тек өлеңде ғана көрініс таппайды, өмірде де солай. Жаза басып жаңылып, асып-сасып сабылып жүрген жандар да оның жанына жиылып, талантына тәу етіп жататын. Өзі де осы үрдістен айныған емес.
Екінші бір оқиға еске түседі. Фариза апам 50 жасқа толуына орай, 1989 жылдың ақпан айында Маңғыстау облысы азаматтарының шақыруы бойынша елге барды. Екі інісін: Жазушы Мереке Құлкенов пен мені қасына ертті. Осы облыстың Бейнеу ауданы аумағындағы Бекет ата мешітіне барып, зиярат еттік. Қыстың қақаған аязында да қатпай, буы бұрқырап жататын ата құдығынан су алып, дәм таттық. Ақтауға жүрер күні сол аудандағы есімі белгілі бір ақын Фариза апамды үйіне қонаққа шақырды. Ақын бармаймын деп бас тартты. «Мұндай ақынды білмеймін», – дейді апам. Жергілікті ақын қатты абыржыды. Мал сойылған, қонақ шақырылған, дастарқан жасаулы. Содан әлгі ағамыз абыржып, енді не істеймін деп маған келді. Қиналып кеткен. Содан оған былай деп жол көрсеттім: «Сен дереу Бекет ата құдығынан бір фляга су алып кел. Сол сумен шайыңды қайнат, етіңді ас, қалғанын өзім реттейін. Осы шаруаны ыңғайлап болып, бізге кел». Ол 18 шақырым жердегі ата мешітіне ұшты да кетті. Келді. Сосын, мен: «Апа, мына ақын бауырыңыз бұрын-соңды болмаған бір игі іс бастапты. Сізге ата суын арнайы алдырып, содан дәм-тұзын дайындап, қонаққа шақырып отыр. Бармасаңыз болмайды-ау», – деп салмақты өзіне салдым. Апам бірден жадырап: «Өй, сен ақылды жігіт екенсің ғой. Білмей жүр екенмін. Мынау ғажап шақырыс болды ғой. Ата аруағын қалай аттап кетеміз, баста үйіңе!» – деп ағыл-тегіл болды да қалды. Сөйтіп, Ақтауға асығып отырған апам алты-жеті сағат отырып, әбден риза болып аттанды. Мінез бе? Әрине, мінез. Ақындық мінез. Бүкпесі, бұрылысы жоқ мінез. Содан әлгі ақынды жақсы көріп кетті.
Фариза апамның халыққа ән болып кең тараған «Жақсы көру» деген өлеңі бар. Осы өлең – Фариза ақынның бүкіл шығармашылығының негізгі адастырмас алтын арқауы. Апам жұрттың бәрін жақсы көрді. Исі қазағын жақсы көрді. Ол – әрқашан өз ұлтын жанындай жақсы көріп, оның бақытына шаттанып, қуа­нышын бөлісіп, қайғысына ортақтасып өткен өнегелі ана.
Өзім де талай куә болдым, тіпті жасы Фариза апамнан әлдеқайда үлкен, ғасырға аяқ басқан қариялардың өзі «Фариза апай» деп жатады. Сондай кезде апамның: «Сендер осы қалайсыңдар!» – деп қабағын түйіп, өкпелеген болып, ернін бұртитып, ұрсып тастайтыны да бар еді. Бірақ көзі күліп тұратын. Көңілі күлімсіреп тұратын. Әлгі адамды аяп, іштей жақсы көріп тұратын. Жақсы көргесін ұрсатын. Жақсы көріп тұрып, ұрсуға бола ма? Әрине, болады, егер сіз Фариза Оңғарсынқызы болсаңыз.
Біз де Фариза апамызды жақсы көрдік. Іні болып ілтипат көрсеттік. Жанына жалау болар жерде жаңылмай жүрдік. Біздің жақсы көргенімізді ол да біліп, түсініп отыратын еді. Түсі қату болып отырған сияқты болып көрінгенімен іші тату болып елжіреп, шын жақсы көріп отыратын.
Шын айтамын, Фариза апам бәрімізді жақсы көрді. Бірақ мінезіне жеңдіріп, сыр бермей отыратын. Біз де апамызды жақсы көрген едік, еске ала отырып, осы сөзімізді айттық. Өз сөзін өзіне қайтардық. Енді оның рухының алдында дұға жасап, сағына еске алудан басқа не бар?
Ол қазағын жақсы көрді, қазағы да оны жақсы көрді. Халық махаббатынан артық не бар?
Өйткені бұл махаббат – мәңгілік махаббат. Ақын мен туған халқы алдындағы шынайы сезім.

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір