Кәкен Қамзин. УАҚЫТ САҚШЫСЫ
(әңгіме-контент)
Фатима немереме

Кәкен Қамзин
Не қыс емес, не жаз емес. Көктемнің екі ойлы шағы. Түлеп жатыр. Былқ-сылқ блюз. Әрі-сәрі. Әтек болмыс. Зауық бар – шама жоқ. Шынының ар жағында – шалақалай шалжиған бөкселі даңғыл. Бергі жағында – сірескен сөрелер. Ара-арасында – аквариум балығындай маңғазбұлаң оқырман. Соның бірі – сені мен мен. Қағаз қопарудан жалықсаң, көз алдап көшеге көз тастайсың. Әуреге салған «Геростраттың» алғашқы азат жолын қазақша қалай сөйлетерсің. Оп-оңай ма? Ал, тәржімалап көр.
«Les hommes, il faut les voir d’en haut. J’éteignais la lumière et je me mettais à la fenêtre : ils ne soupçonnaient même pas qu’on pût les observer d’en dessus. Ils soignent la façade, quelquefois les derrières, mais tous leurs effets sont calculés pour des spectateurs d’un mètre soixante-dix. Qui donc a jamais réfléchi à la forme d’un chapeau melon vu d’un sixième étage? Ils négligent de défendre leurs épaules et leurs crânes par des couleurs vives et des étoffes voyantes, ils ne savent pas combattre ce grand ennemi de l’Humain : la perspective plongeante. Je me penchais et je me mettais à rire : où donc était-elle, cette fameuse » station debout » dont ils étaient si fiers: ils s’écrasaient contre le trottoir et deux longues jambes à demi rampantes sortaient de dessous leurs épaules».
Кімнен ақыл дәметесің. Жан-Поль Сартрмен французша ой жарыстырар өзінен басқа еш пенде жоқ. Дір-дір қағып, сүзіле төмен көз тастап тұрғаның. Жұртшылыққа жоғарыдан қараған жөн дейді авторыңыз. Еңістегі адам біткен жермен жексен болып, жорғалап бара жатқандай дей ме тағы. Жоға. Олай емес. Берлиндегі «Алтын Ника» мұнарасының ұшар басына шыққанда да жүргінші маған кәдімгі жүргіншідей боп көрінген. Солай, месье Сартр. Бекер. Сөзіңіз бекер. Әне, қап-қара жайдақпен азынаған аппақ мәшинелер. Алып монитор. Кеңістік те, ғалам да. Кітап храмының мына терезесі де. Тәлпіштенген, мың құбылған дүние. Пульті кімнің қолында? Жәбірейілдің бе, Ібілістің бе?.. Ту сыртыңда тырпылдата аяқ басқан кім? Сезіп тұрмын. Осы көшемен анау жылдары «Чайкамен» зуылдап өткен Леонид Брежневті көрген көк кепкілі Сәрсен шал. Ол әңгімесі таусылса, күллі қазаққа мәлім Әнуарбек Байжанбаев, ағаштан түйін түйген мүсінші Исаак Иткинд, аңыз-баскетболшы Уәйіс Ақтаев, жетпісінші жылдарғы эстрада жұлдыздары Радмила Караклаич пен Жан Татлян туралы арындап бір кетеді. Несін айтасыз, Алматы қаласының көзі тірі энциклопедиясы.
– Біз деген талай ордан, талай сордан асқан адамбыз. Денсаулық та әлсін-әлі сыр бере бастады. Өзің білесің, менің сірі жанымды жібітуге жүз-ақ грамм виски жетіп жатыр. Шотландия көрген жігітсің. Артық сұрамаймын. Ынсап, ынсап және ынсап.
– Әрине. Әлбетте. Сізге әпермегенде, кімге әперем. Көріпкелдер айтпақшы, сіз үшін менің екі хабарым бар. Бірі – жағымды. Екіншісі – жағымсыз. Қайсынан бастайын.
– Жарымжан көңілге жағымды жария демеу. Жағымсызын қоңырсытып қайтесің. Онсыз да шекеміз қызып жүргені шамалы. Бықсық дүниеге сасық қосам демесең.
– Онда жүз емес, екі жүз грамм. Ақысы – Шопен. «Жаңбыр вальсі». Сіз бар ғой, өмірі Британ аралдарын көрмегенсіз. Сонда да «White Horse»-ден басқаны татып алмайсыз.
– Оның сыры – таңсық дәмге әуестік. Жастар гаджетке көз суарса, мен ақбоз атқа құмармын. Сен Еуропаның талай елін, ана жақтың Бразилиясын, мына тұрған Ыстанболдың арғы-бергі бетін талай кездің, Африканың Кениясына да барып қайттың. Кофені татып алмайсың. Оның қалай?
– Кофе қай атамыздан қалған ас еді…
Абылай хан даңғылымен құлдилай құлап келеміз. Әнеу жылдары мына тұста, Құрманғазы көшесінде қаларалық телефон байланысы бар еді. «Междугородний переговорный пункт» деп орысша бадырайта жазып қоятын. Біз әдейі «международный» деп қате оқитынбыз. Мына талдың саясында Тоқаштар, Төлеужандар, Мұқағалилар отыратын жейделерін желкендей керіп. Қазір сол шайырлар қай әлемнің, қай айдынында сайран салып жүр екен?..
Аяқ алысын сүйкімді ысқырығымен сүйемелдеп келе жатқан Сәрсен қария солға бұрылайық деп жеңімнен тартты.
– Сенің осы оқымағаның жоқ. Бәрін білесің. Әсіре уникумсың. Бірақ қарапайымның
қарапайымысың, қышқылтым анекдотты қош көресің. Пәлсапаға, тереңнен суырар әңгімеге жоламайсың. Лузерге ұқсайсың.
– Қылтиғым келмейді. Тылсымперде. Гриффин сияқты. Ихтиандр сияқты.
– Сен осы ылғи көркем шығарма кейіпкерлерін мысалға ала сөйлейтінің не? Мына дүниеде ауызға алар жан қалмаған ба?
– Жоқ боп тұр ғой. Қазір ана әлем бе, мына әлем бе – кім айырып жатыр? Сәрсен қария басын шайқады. Мүлт кеттің дегені.
– Біз жат планета құбыжықтарының шабуылын саптап триллер түсіреміз. Адамзат баласын алапаттан, хаостан құтқарамыз. Ал, сол жын-перілерді өзіміз өндіріп, өсіріп жатқан жоқпыз ба?
Сәрсен қария чипсы сатып тұрған баланың қасындағы глобус-тумбаға сүйене тұрып үш рет жөткірінді. Келіспегені. Жоққа шығарғаны. Мен де бекерді бекерге шығара алам.
– Проблеманың көкесі – өзімізді өзімізден арашалау. Мына біз өз көрімізді өзімізқазып жатырмыз. Белуардан асып кеттік. Адами тежегіштен айрылдық. Технократия саналы жанды айуанға, сұмпайыға айналдырады. Осы өзіміз өзіміз бе?
– Сен шыж-быж болғанмен, Аллаға жол сілтей алмайсың. Біз жалғандағы өзімізге тиесілі пенделік шаруамызды ғана атқарайық. Онанда ана нотаға қол жалғап жібер.
Фредерик Шопен
Жаңбыр Вальсі

Сәрсен қарияның маратадай сумаңдаған саусақтары қызыл пианино тілін жалап қана өтті. Сыйқырлы тамшы. Тырсылдаған, бұраңдаған жаңбыр ноқаттары. Сылқ-сылқ күлген жайдары там-шы-шы. Жүрегіңді, өн-бойыңды улаған, бүлкілдеген бал-шырын ылғал. Үзіліп барасың, балбырап барасың. Жан-дүниеңді ұйыта, мүлгіте әлдилеген әзәзілің де, періштең де осы арада, осы «Алматы» бокалының балтырынан сығалайды.
* * *
…Глазгоның екі күннің бірінде төгіп-төгіп тастар жаңбыры сырттан келген біз сияқты жұртты әбден мезі қылады. Шашыраған, көлкіген мұң. Жат көреді, еңсеңді езеді. Жан-жағың – толғатқан, ыңыранған теңіз. Тек қосмекенділер тіршілігіне қолайлы ма дерсің. Азынаған желіне де бойың үйрене қоймайды. Үдере көшкен бұлтының өзі бозғылтым. Қарақошқылын көк аспаннан емге таппайсың. Ата дәстүрінен әсте жаңылмайтын әуе райы. Шуақты күн оқта-текте. Қайыршыға да, дәруішке де дым татырмайды..
Іргедегі мешіт азаншысы: «Аллаху әкбар! Әшәһәду әнна Мұхаммедән Расул Аллаһ!» — деп, таңғы намазға шақыра ма дегенше, ақ шағаланың ащы қиқуы төбеңді ойып жібереді. Торғайыңның дағдылы шырылы сенің сайын далаңда ғана дүрілдейді-ау. Ұйқысырап әудем аунайсың. Жарық сәуле аяқ жағыңнан кіріп, төсіңе келіп қонақтайды. Жасыл жастықтан басыңды жұлып аласың.
Тысқа аттап бассаң, орта ғасырмен қайта төс түйістіргендейсің. Қоңырбұжыр ғимараттар, Шотландияның барон сәулетінің салтанаты. Шомбал тасқа оранған сұсты тарих пен шарайнасы жарқылдаған бертінгі заман қақ алдыңнан қатар-қатар, жарыса шыға келеді. Натурасының өзінде зіл бар. Қаптаған көк ағашын, көп ағашын бозғылт мүк басқан. Іргелес үйдегі ақ шалмалы сикх те буға бөккен осы сұрқай талдардың бірі сияқты. Әбден сіңісіп кеткен, ал бізге бейімделу қай-й-й-да… Іссапармен жоқ іздеп келгеніме де үш айдың жүзі: әлі әлденеге елегізимін, солақай қапталмен зымыраған жайлы автобустарына жайғасқанда да жаным жай тапппайды. Жылымайды. Бар жылымығы – шежірелі мұражайлары, өнер музейлері, университеттің көне қолжазбалар қоры. Артур бекзада дәуірі, «Дөңгелек үстел рыцарьлары», Роберт Бёрнстің сарғайған кітаптары. Осының бәрін жиырма жасымда, ең құрығанда, отызымда қолыма түсірсем ғой, қазір Батыс әдебиеті мен өнерінің ақихат білгірі болып, шалқып-тасып отырар ма едім. Кім білсін, әй, кім білсін, снукер шарындай домаланған басыңды мылқау тағдыр қай бұрышқа атып жіберерін. Осыған да, шүкір. Достоевский айтпақшы: «Всяк ходи около сердца своего, всяк себе исповедайся неустанно». Дұрысы сол, бір мезгіл оңашалану, бір мезет бітік тұңғиығына үңілу – сарыла мінажат еткенмен парапар.
Ырду-дырдуы жағаласқан, у-шуы арпалысқан беймаза дүниеден бой тасалай, қатқан мумиядай мұрағат қазынасында көне басылым парақтарына жабысасың ба, әлде смартфоныңдағы елең еткізер тап қазіргі месседжге телміре қаласың ба, әйтеуір, тұтқиылдан ана екеуден де ерек, қисынға келмес төтен ой киіп-жарып шыға келетін сәттерге не дерсің. Сыр-сымбаты сай-сүйегіңді шым-шымдап шымырлатар әншінің әуезіне елти отырып, операны да емес, балетті де емес, көпті көрген көнтерлі қарағайдың шайыр иісі танауыңды жаратыны, азан-қазан, полиция әңгіртаяғының көл-көсір қызылы қолқаңды қабатыны несі. Аллюзия ма? Көркемсурет галереясында Питер Брейгель мен Берта Моризоның полотнолары емес, жедел жәрдем мәшинесінің ышқына ішек тартысы, аңыраған алқаптағы жазғы селеу жөңкілі елес бере қалатыны неліктен. Әдемі келіншекті қолтықтап келе жатқанда, көз алдыңа пабтан шыққан шала мас мыстан кемпір елестейтіні қалай. Шахмат шайқасының ұрымтал тұсында алпыс төрт шаршыдағы самсаған ғаскер емес, көз алдыңда өмірі көрмеген көлдің көгілдір толқыны көлбеңдеп тұрып алатынын қайтерсің. Күркіреген күннің, алқын-жұлқын нажағай семсерінің алапат қопарылысы емес, Көк пен Жер жабығынан бір биязы, нәзік сәуле суыртпақталып шығатыны неліктен. Нәп-нәзік, мөлдіреген тұмса табиғаттың әсем өрнегі аяқ астынан мөлт-мөлт үзіліп, таңдай кептірер шөл-шөлейтке ұласатыны не себеп. Мәрмәр мешітте жұма намазына жығыла бере, баяғыда күл-талқан болған «Саяхат» сағатының қос тілі көз алдыңан кетпей тұрып алатынына не айтарсың. Әйтеуір, жарыспалы жаратылыс, бірін бірі кимелеген самсаған тарам, сан жетпес ағым. Ал, не дерсің – мына кеще дүниенің сыпсың мысқылы, ақыл-естен айрылған әлемнің сұрқия күлкісі ме екен? Не дерің бар, жасаған иемнің өзі құрастырған үйлесімді бұйымынан ақау шықты ма, әлде ғаламдық ақпарат шырмауығындағы контактілер паранойясы ма? Иығыңдағы биокомпьютеріңе жасалған бимәлім планетадағы бимәлім хакерлерінің оқтын-оқтын шабуылы ма әлде. Бәлкім, осының өзі өз ішіңде бұғып жатқан өз әзәзілің шығар. Әлде моп-момақан көк көпірдегі әлдеқашан ұмытылған алғашқы жүздесу ме, әлде жүздеген жыл бұрын нормандарға ілесіп келген сарматтардың енді ғана құлаққа жеткен үздік-создық сыбыры ма…
Әбден қажыған шығармын. Мұрағат сорып тастаған сияқты. Көз де талды. Желпініп алсам да болар еді. Мына тұрған Виктория Парк Драйв және Уэстленд Драйв көшелерінің ортасындағы Жеңіс саябағындағы көлді және бір жағалайын.
Қарақошқыл айдын. Сызылған, ыздиған аққу-қаз, сыпсыңдаған шүрегей, қолыңдағыңды қағып кетер өгіз шағала. Күмпиген кептерлер. Көлді айнала жүгіріп жүрген жас-кәрі, шаһар тұрғындары. Ит қыдыртқан, бала ойнатқан келімді-кетімді қаншама. Хиджабы сонадайдан мен мұндалаған мұсылман келіншектері де отбасыларымен осы қалада тұрақтап қалған сияқты. Ағылшынша ағат кетпейді, шотландықтардың өзін сүріндіреді. Бас изесең, ізетпен сәлемдеседі. Сәмбі талдай майысады. Әдемі-ақ. Ең әдемісі – бойын көкке созған қызыл сағат. Соның айналасында күнестеп отырған жұрт та біраз.
– Comrade Seitzhanov! Is your Moscow watch working properly?
Ту сыртымнан ба, әлде өкпе тұсымнан шықты ма мына лебіз? «Сейтжанов жолдас, «Москва» сағатыңыз дұрыс жүріп тұр ма?» дейді маған ұзынша орындықтың арқалығына екі қолып жайып жіберген өзім құралпы жігіт ағасы. Қазақ емес екені анық, мені танитын бұл кім болды екен? Ғылыми семинарларда көрген университет профессорларының бірі болар.
– I have repeatedly tried to approach you and talk, — деп сөзін жалғастырды. Бірден білдім, өзіміз секілді орысшадан тікелей аударып тұр. Мақамы немістің қатқыл лепесіне келіңкірейді. Сізбен тілдесуге бірнеше рет оқталып едім дегені. — Sorry, you are not from Alma-Ata. Are you a khazakh? – Кешіріңіз, сіз Алматыдан емессің бе, қазақ емессіз бе? – деп жатыр.
– Yes, iam khazakh from Almaty. You know me? – Иә, Алматының қазағымын, сіз мені танисыз ба деймін мен.
Арқамдағы рюкзагымды сыпырып қасына қойдым, жапсарласа тізе бүктім. Бейтанысты шырамытатын сияқтымын. Апырмай, қайдан көрдім? Жастық шақтың елесі ме, балалық шақтың айғағы ма?
– Алатау, Алматы аман ба? Виноградов пен Ыстықкөл мүйісіндегі сағат шеберханасы әлі бар ма? – деп қазақшаға көшті.
– Генка?!! Фогель???
– Тап соның өзімін, Генрих Фөгел деген біз боламыз. Фридрих сағатшының ұлы есіңде шығар. Сен бе, сен емес пе деп қатты шүбаландым. Мына саябақтан үш рет көрдім сені. Бұл қайдан жүр деп әрі ойладым, бері ойладым. Бүгін әкемінің сөзі есіме түскен соң ғана саған тіл қатқаным.
Талай заман өтіп кетіпті-ау, отыз-отыз бес жылдай ғұмыр. Мұндайда жылдам жұғысып кетудің өзі қиын. Дегенмен жылыұшырай қол алыстық. Ә дегенде, сөзіміз де жараса қоймады. Кібіртік басым, тосырқау басым. Белгісіздің жауабын іздеген шәкірттей қайдасың, қайдан жүрсің, не істеп жүрсіңнің айналасынан аса алмадық Байқаймын, ағылшыншасынан қазақшасы тәуір. Қайран қалдым, қалай ұмытпаған. Қазақтың қашанғы әдеті емес пе, басқа ұлттың қыз-жігіті өзімізше сайрай жөнелсе, жайылып сала беретініміз. Құжат сұрау әдетімізде жоқ. Әрине, мына Генканың жөні бөлек, бала кезден бірге өстік, оқушы кезімдегі жолдасым. Оның үстіне өзімізге ғана мәлім ескі сөзді айна-қатесіз айтып тұр.
Генрихтің әкесі қазіргі Қарасай батыр мен Бейбітшілік көшесінің қиылысындағы сағат шеберханасында істейтін. Іштегі биіктігі екі метрден асар қоңыраулы сағат үстіндегі көзді жауын алар фарфор статуэтка – Галина Уланованың адажиосы. Білетіндердің айтуынша, Фридрих Карлович соғыс жылдарында Алматыға эвакуацияланған атақты балеринаның алтын сағатының да талай-талай құлағын бұрапты. Сағатшының отбасы сол үйде, ұмытпасам, қырық төртінші пәтерде тұратын. Ал, біздің мекен-тұрағымыз сәл жоғарырақ, бүгінгі Қабанбай батыр даңғылына тақау. Өнер қайраткерлерінің үйі. Әкем марқұм маған Мәскеудегі онкүндіктен фосфорлы «Москва» сағатын әкеліп берген. Алпысыншы жылдардың нағыз бренді. Сый сағатымның кежегесі кейін тарта қалса, екі аттам жерде Фридрих Карловичтің шеберханасы бар. Сонда, ол кісі мен келген сайын, маңдайындағы лупасын сол көзіне түсіріп алып: «Сейтжанов жолдас, сіздің «Москваңыз» дұрыс жүріп тұр ма?» — деп қулана езу тартатын. Енді, міне, Генрихтың жүзіне қарап, монологын тыңдап отырмын. Тіршіліктің де, уақыттың да ғайбы мен ғажайбы, нәсілі, осы шығар.
– Жомарт, есіңде ме, бала күнімізде бәріміз де әдемі киноактрисалардың суретін жинадық. Мода ғой. Әке-шешең артист болса да сені өнер тартпапты. Өзің айттың, ғылымға бет бұрыпсың. Тарихтың тарихын, салыстырмалы әдебиеттің басын қосып жүрмін дейсің, сарматтардың саксондарға жасаған ықпалын қазбалап жүрмін дейсің. Біз болсақ, бастапқы сұлулықты қия алмадық. Әкеміз – сағатшы, мен – биші. Өнер – нимфоманка. Жадылап тастайды. Таза салдақы екенін білесің, білсең де тастап кете алмайсың. Сен сияқты миллиондардың бауырынан өтсе де өң бермейді, қартаймайды. Сен ескіресің, шөгесің. Жомарт, есіңде ме, қыстың күні біздің шатыр ернеуінде гу-гулетіп жиырма шақты кептер отыратын. Сол құсқа жем шашсаң, қайдан жетіп келгені белгісіз, жеті-сегіз қарға, пыр-пырлаған бір топ торғай ортақтаса кететін. Мына жақтың кептерлері ірілеу, тым сұрғылтым. Біздің жақтың көгершіндерінің дауысының өзінде бір жылылық бар.
Ол байқамай қалды ма, әлде әдейі айтты ма, әйтеуір, баяғыда көшіп кеткен елін, қаласын «біз» деп іштарта сөйледі.
– Сен білуге тиіссің, ана бір отыз жетінші жылдары Санкт-Петербургтен жер аударылып келген жалғызбасты интеллигент әйелдің сүйегі баяғыда қурап қалған шығар. Біздің көршіміз еді…
Кімді айтып отырғанын сезе қойдым: қанден күшігін бірде жетелеп, бірде құшақтап жүретін доцент Фролова ғой. Соноу жиырманшы ғасырдың жиырманшы жылдарының сарқыты. Алматыдағы «Академкниганың» киоскілері қайда десеңіз, кітапқұмар оқытушы әмісе сонда. Ескі үлгімен тігілген пальтосын үстінен тастамайтын. Он сегіздерінде Солтүстік Пальмира бикештеріндей вуальмен жасырған шығар жарқылдаған жанарын. Сол сымбатты әйелді көрген сайын «күміс ғасыр» ақындарының өлеңдері есіме түсетін.
– Осы Алма перизат қайда? Хабарың бар ма?
– Райымжанованы айтасың ба? Эстонияда. Эстон жігітіне тұрмысқа шыққан.
– Әттең-ай, ә… Немістің баласын қорсынып еді ата-анасы. Ақыры эстонға бұйырған
екен-ау… Мен сол кеткенен мол кеттім. Петр Антонович Пестовтың тәрбиесін көрдім. Кермет биші, ұлы педагог еді.
– Екатерина Никодимовна Гейденрейхтің шәкірті емес пе?
– Иә, со ханымның шәкірті. Пестовтың шәкірті – мына мен.. Сол кісіге еріп талай елдің дәмін таттым. Табаным тимеген Австралия құрлығы ғана. Метрополитен Операда, Арена ди Веронада, Штуттгарт театрында өнер көрсеттім. Қазір хореографпын. Шотландия король театрымен бес жылға контрактіге отырдым. Енді шотланд билерін өңдеймін. Кім жоқ бұл елде. Әне, ана ұзынтұра, мойыл жігітті көріп отырмысың. Саксофонын сұңқылдатып елден жылу жинап түр. Киім киісі де еуропа стилінен бөлек. Ол мұнда не ғып жүр? Өз жұрты, өз елі бар емес пе? Әлеуметтік желіден оқығаным, көргенім бар. Монғолдардың жылқысы да өз еліне Кореядан арып-ашып қашып келіпті. Біз жануардан да жаманбыз. Осы мен неге қаңғи беремін, мені сандалтатын не әлеует, не құдырет? Турист емеспін, Шамбала да бұл дүниеде жоқ сияқты. Әбден зорыққан Рерих те Гималайдың етегін құша жығылған жоқ па.
– Генна, Генрих, түңіліп бітіпсің ғой тіпті. Болмайды. Арыл. Дүниеде біз бармыз. Бүгіндері хабар алысу оп-оңай. Лезде.
Почтамды бердім. Уатцапты алдың…
– Жөкенжан, біле-білсең, адамазат баласының ең қауіпті қаруы гипердыбысты ракета емес, телевизия мен интернет. Әкем айтушы еді, балам, сені мына жалғанға тастап кетуге қорқамын деп. Қазір адам өз-өзіне трансплантация жасаған – ет жүрегін алтынмен алмастырған. Ақырзаманға қарай ағызып барады. Осының бәрін прогресс деп ойлайды. Қырық жыл болды, жерсіне алмай жүрмін. Хамелеон сияқтымын. Түсім өзгереді, ішім баяғыдай. Еш жер гүлге оранған Алматыға жетпейді. Қазақстанға, туған жерге оралайын десем, кімім қалды? Әке-шешемнің зираты ма? Орны бар ма? Өзге жұрт, басқа әлем.
Рас, торығып, зарығып жүрмін. Күн сайын мына Қызыл сағаттың тіліне қараймын. Тіл алар емес. Тілазар. Жаңа айттым, Америкадан Еуропаға кемемен қайттым. Екі мұхиттың шекарасына жете бере, хабанерасын боздатқан есер толқынға құлаштап тұрып құмыра лақтырдым. «White Horse» вискиінің тас бітелген шымыр шөлмегін. Ішіндегі жазуды құлағыңа сыбырлап қана айтайын. Иә, тап солай топшыладым. Ал, сарматтың ұрпағы қиқаңды қой, үйге бас сұғып кетесің. Қазы-қарта асатпасам да ішіп-жем жетерлік. Бала-шаға жан-жақта. Өзіміз ғана…
* * *
Сәрсен аға осындай жұмбаққа, интригаға құмар. Қолындағы «Ақбоз аттың» ішіндегі жұртпен етене таныс, бірақ оның көкейін тескені Генрихтың «Ақбоз аты». Білгісі келіп, емініп отыр. Жас баладай жаутаң қағады.
– «Менің ажалым осының ішінде. Мына сұмырай шыны қолыма тиген күні мен пәни дүниеден аттанамын», — деген жазу еді. Жаңа сізге айтып едім екі хабарым бар деп. Бірі – әйбат, екіншісі – ғайбат. Жаманын айтқызбадыңыз. Енді айтайын, ана құмыра Генрихтың қолына тиіпті. Уатцабыма Қызыл сағатым тоқтады деп жазыпты.
Сәрсен қария, мен ойлағандай, босамады-бозармады, апыл-ғұпыл бетін де сипамады. Екі көзінен мейір шуағы төгілді. Маңдайындағы андыз-андыз әжімдеріне шейін жайнап сала берді.
– Қандай сүйкімді ғұмыр! Қандай ғажап өлім!
Алматы, 16 көкек 2020.
ПІКІРЛЕР19