Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ДӘНЕКЕР ТҰЛҒА
15.04.2020
1513
0

Жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік

Белгілі этнограф, жазушы, тарихшы Зейнолла Сәнік тірі болса 85 жасқа келер еді. Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» ауыр соққысына ұшырап, «халық жауы» болып, ауыр күндерді де өткерген.

Қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жарияланған. 2013 жылы өмірден озды. Қазір Зейнолла Сәнік қоры мәдениет саласында қыруар игі шараларды атқарып жүр. Қаламгердің рухани мұрасы ұшан-теңіз. Біз белгілі ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың мақаласын ұсынып отырмыз.

Редакция

Тіршіліктің мәжбүрлік заңына орай, пенде атаулы жаны жөргекке оралғаннан бастап, өз аманатын иесіне тапсырғанға дейінгі азды-көпті уақытта күн сайын бір нәрседен айырылып отырмақ. Кімнің қанша жоғалтқанын кім білсін, әйтеуір, «тұяғы бүтін тұлпардың, қанаты бүтін сұңқардың, қабағына кіреуке түспеген адамның» жоқтығы анық. Жоғалтқаның ның бәрі алтын болмас. Бірақ, ине екеш иненің сабағы болса да жаныңа қат. Сол жіңішкелі-жуанды жіптің сабақталмаған көзі, жамамаған жыртығының орыны жан түкпіріңде үнемі үңірейіп тұрған күйінде өміріңді өткізесің. Жан жараңды өзің жалап, жатығын жазасың. Ал ел тағдырынан қатысты жарықшақтарды тұлғалар ғана дәнекерлеп, қиюын қиыстырады.                                                            

 Мұндай қиюы қашқан қисындар қазақ тарихында молынан ұшырасады. Тіпті, сол қиюы қашқан күйі ажырап, бара-бара алыс тап, ақыры жатсынып тынған тағдырлы түйіндер аса мол. Оған бүгіннің өзінде үрімі үзілмеген, біз жүздескен ұлы найман қағанатының ханы Таян ханның 21-ұрпағы бастатқан бір қауым ел Ішкі Моңғолияда тұрады. Олар 262 мың жан санын құрайтын Найманши атты ауданда топтаса жиын отыр. Тарихы жеті ғасырлық алты қатпарлы «Найман ордасы» атты хан сарайын мұражайға айналдырып алған. Солардың «Найман мәдени орталы ғын» құрып, найман-моңғол жазуымен «Найман шежіресі», «Найман энциклопедиясы», «Найман жер аттарының тарихы», «Найман жыр-аңыздары», «Найман ән-күйлері», «Найман ауданының көркемөнер тарихы», «Найман көркемсөзі мен жазуы» сияқты танымды кітаптар мен жинақтар шығарып жатқанынан негізгі жұртымыз бейхабар. Ал осы Ішкі Моңғолияның атақты Құрымбел аймағында – жалайыр мен керейдің, қоңырат пен қыпшақтардың, Көкотта (Хохот) – оңғыт-уақтардың, алышын аймағында  (Сарыөзен мен Саржазықтың бойы) – алшындардың ұйыса отырғанын және олардың да сондай тектік нысандық бағытта зерттеулер жүргізуге ден қоятын ыңғай тынытып отырғанын көзіміз көрді.

 Тегі бір, тарихы бір, мемлекеті бір, мүддесі ортақ біртұтас ұлыстың тағдыры қақ бөлініп, араға сегіз ғасыр өткенде бір- бірінен мүлдем мақұрым қалуының басты кілтипаны – белгілі бір дәрежеде басыңды бәйге тігетін тәуекелді дәнекер тұлғалардың жетіспеуі. Тіпті бес ғасырдың төңірегінде бесігімізді кезектесе тербеткен, «үріккен ала тайдың кесірінен» іргеміз ажыраған Асан қайғы, Шалкиіз, Доспанбет, Қазтуған жыраулардың мұрасы мен эпостардағы ноғайлы жұртын да жатырқап қалдық.

Қазіргі Ауғанстан мен Ирандағы, Ирактағы наймандар  (олардың 24 мыңға жуығы өздерін тікелей Кетбұғаның тұқымымыз деп есептейтін көрінеді және қан құрамы Арғын тайпасымен бірдей түзілген қызылбастар мен қашқайлар), жалайырлар, қыпшақ мәмлүктері, Пәкістандағы моңғолдар атанған жалайырлар мен қыпшақтар, қоңыраттар мен наймандар енді басы қайырылмастай боп жаттанып кетті.

Міне, дер кезінде дәнекерленбесе, ұлттық ұйытқы да осылай іріп тынады екен. «Елге ел қосылса – құт, Елден ел ажырасса – жұт», «Беріспесең – алыспайсың, Барыспасаң – алыстайсың» – деген тарихи әрі тағдырлы тәмсіл содан қадыптасқан сияқты. Сондай дәнекері үзіліп, арасы ажыраған, тіпті бір-біріне дұшпандық саясаттар жүргізген буырқанысты майдандарды да басынан кешірді. Соның кесірінен Қажығұмар Шабданұлы сияқты дегдар азаматтарды жарты ғасыр түрмеде телмірткен шақтарды да қазақ жұрты басынан өткерді.

Қазақ – сол баяғы бір қазақ, тілі мен дәстүрі бір, бірақ олар-  дың тарихы екі түрлі жазылды. Мұндай қисынсыздықтан әлі де толық арыла алмасақ та, қырғиқабақтың ықпалы әлсіреді, қыртысы жазылды. Бір жұбаныштысы және оның басты себебі, тура осындай талмалы тұста дәнекерлі тұлғалардың таным шымылдығын ашқан ұлттық сана иелерінің өмір сахнасына шығуы. Осындай тарихи саналарды сабақтастырып, ой дамытуға себепкер болған сондай тұлғаның бірі – біз бүгін жылын беріп, қаралы жиынын саналы саралауға айналдырып отырған жаны жәннәтта болғыр марқұм ағамыз Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәнік.

Сонау сексенінші жылдардың ортасынан ауа атамекенге ат басын бұрған алғашқы аға жазушылар Айтқали Оспанов пен Зейнолла Сәнік және ұлт қормалы Сұлтан Жанболат ағаларымыз болды. Жазушылар одағының тапсыруымен сол кісілердің тізгінін ұстап, қырын көзден көлегейлеп, елімен барынша еркін танысуына мүмкіндік тудыруға ұмтылдық. Қазір шаңдатқан қара жолға айналған қарым-қатынас ауқымының ол тұста ернеуі тар, қыспағы мол, қысылтаяңы шаншулы еді.

Соған қарамастан, қуаныш пен сүйініштен төгілген көз жасына малшынып жүріп сандаған тағдырлардың шемен боп қатқан қасірет безінің ерігенінің куәсі болдық. Содан кейін үрдісі үзілмеген сол бір шын мәніндегі жанкештілердің қарасы молая берді. Кейін нен Жақсылық Сәмит, Армиябек, Тұрсынхан Қайыркенұлы, Алмасбек Ахметбекұлы, Серік Қапшықбайұлы бұйдасын ұстаған құтты көшке ұласып, қазір тарихи отанында кеудесін тік ұстап, жерді нық басып жүргендердің ұзына саны жарты миллионға бет бұрды.

 Ширек ғасырға жуық мерзім ішіндегі бұл қозғалыс саны жағынан да, сапасы тұрғысынан да ұлтымыздың тынысын кеңейтті, санасы мен дәстүрін жаңғыртты, көзқарастарымызға өзгерістер енгізді, өрісімізді ұзартты. Әсіресе, мәдениет пен руханият саласындағы үлестері басым байқалды. Тарихымыз бұрлы ғып, ойымыз тұтқырланып қалған сол бір булығу тұсында борлыққан өкпемізге таза ауа қосқандай болды.

Зейнолла Сәнік қоры шығарған кітаптар

 Қазақ тарихынан Қаракерей Қабанбайдың аты өшпейтіні анық еді. Алайда талай тосқауыл мен күлтөбеге, күңкілге ұрынарымыз анық болатын. Сол алғашқы сапарының өзінде «Қаракерей Қабанбай» атты тарихи әфсанасы арқылы исі қазақтың сана сын оятқан Зейнолла Сәніктің шағын кітапшасының әсері ерекше болды. Бұрын жыр, дастанның, Бұқар жыраудың жырларының ішінде аты аталып өтетін қатардағы батырдан «хан батыры Қабанбай» атанып, күмәнсіз, кәдік пен күдіксіз ұлт киесіне айналды. Іле халықтық қозғалысқа ұласып, үш жүз жылдық торқалы тойы өтті. Ондағы тарихи оқиғалар қайтадан ой саралауынан өтті.

Бұл ұлттық рухтың асқақтауы Абылайдың, Бөгенбайдың, Наурызбайдың, Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің, Райымбек әулиенің, Шақшақ Жәнібектің, Керей Жәнібектің, Байғозы батырдың,  Кенесары-Наурызбайдың,  Ақжолтай  Ағыбайдың, Жанқожаның, тағы да басқа қасиетті тұлғалардың, сонымен қатар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының батырларымен қоса Бөке, Зуха, қос Оспан, Сұлубай, Бүркітбай, Еңліхан, Баспай, Акпар, Ғани, Қалибек, Құсайын тәйжі сияқты «ұмытылған», бірақ «азаттық іздеген көш қаһармандарының бүркелген шымылдығын ашты.

Отын өзі үрлеп, дем берген қозғалыстың ырқынан тыс қалмай «Баспай», «Демежан», «Тұғырыл хан», «Сергелдең» сияқты деректі әфсаналарды өмірге әкелді. Аталған ағалар мен інілер бас түзеген көштің алдыңғы қатарлы толқындары Қазақстанның «Көк туын» желбірете әндетіп Ермұрат Зейіпхан, Майра мен Шұғыла, Гүлзира, «Қыздар-айдың» қыздары Айнұр мен Бақыт, Тілеубек мен Ерболат, ерлі-зайыпты Құрманбек пен Риза, Отанбектер әлем сахнасын аралап кетті. Ақыт Үлімжі, Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Задахан Мыңбайұлы, Сұлтан Жанболат, Серік Қапшықбай, Оразанбай Егеубай, Жұмабай Біләл, Жақып Мырзахан сияқты ағалардан бастап Шәміс Құмар, Асылхан Құсбегин қатарлы көкжалдар, Алмас Ахметбек пен Керім Елемеске, Ғалым мен Дүкендерге дейінгі  кексе  қаламгерлер  қазір  дүниежүзі  қазақтарының арасындағы танымал тұлғаларға айналды. Мен осылардың қатарында көне қытай тілінен қытайлардың өздерін оқытатын және оқытқан, бүгін отан тарихына ерекше үлес қосып, дербес ғылыми мектеп ашуға бет алған Бақыт Еженхан, Жалмұхан Ошан, Сағынтай Сұңғатайұлы, Нәбижан Мұхаметханұлы, Тұрсынхан Закенұлы, Қалбан Ынтыхан, Еркінжан Сіләмханұлы сияқты ғалымдардың еңбек зейнеті мен бейнетін ерекше бағалаймын. Көпестік пен кәсіпкерлігінің бағы жанғандар қаншама?!.

 Міне, қатулы шекараның қылауын алғаш тауып елге оралған ағаларымыздың,  соның  ішіндегі  бірегейінің  бірі  Зейнолла Мүбәрәкұлының өткен өмір кешуін ежелдете еске алғанымыздың өзінде осындай сардарлы ғұмыр ғибраты еске түседі. Бұл тарихи қозғалыста әлі талай екшелер, ығыса-ығыса сығылысар, бастығар. Алайда елінің рухани тарихының өтпелі тұсындағы дәнекерлі бір қиыршық болып қаланған жандардың жанкешті жауапкершілігі үнемі есте ұстауға тұрарлық еңбек.   

Ғылым демекші, Зейнолла дегдардың өзім сүйінетін осындай азаматтық сипаттағы мінезімен қоса қадірлейтін бір пітінәм – ол кісінің қытай қолжазба мұраларындағы жалпы түркі жұртына, оның ішінде қазақ руханиятына қатысты деректерді жинастырып қана қоймай, оны жинақы ғылыми  пайыммен  қалың  жұртқа  таныстыруы.

Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы «Му тянь зының» жазбасындағы «Ғұн анасының»:

Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау көрінеді мұнарланып.

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Тау жолы көкжиектен барады асып.

Ақша бұлт болсам егер, айтам анық,

Келер ем осы араға қайта айналып.

Екінші нұсқасы:

Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау шақырады мұнарланып.

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Көш жолы көкжиектен барады асып.

Болғанда ауылың алыс, ара қашық,

Таудан асқан бұлтпен араласып:

Келерсің, аман болса, қауырсының,

Тағы да қандырып бір көз сусынын, –

деген жолдармен тұңғыш рет Зейнолла ағамыздың қолжазбасынан танысып, «Жұлдыз» журналына жариялап едім. Бұл ізденістің соңы жиырма жылға созылып барып, «Көне қытай деректеріндегі тегі түркілік әдеби нұсқалар» деген найман, арғын, қаңлы, керей, қыпшақ, қоңырат деп ру аттары жазылған, уақыт мерзімі жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХҮІІІ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын 72 ақынның шығармасын жеке жинақ етіп шығарудың міндеті жүктелетінін ол кезде қайдан білейін.Бұл деректерді оқыған адамның қызықпауы, білуге ұмтылмауы мүмкін емес еді. Мысалы, 1237-1295 жылдары өмір сүрген қаңлы Баян ақынның «Қамшы» атты өлеңіндегі:

Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,

Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.

Семсердей болмаса да өткір жүзі,

Үш құлаш өрімінің ұзындығы,

Дойырды жібергенде бір иіріп,

Түменді бір кісідей тұрды үйіріп, –

деген жолдарды Абайға болмаса, Несіпбектің өзіне қайтып қиярсың.

Осындай қатпарлы руханияттың қыртыстарына көз сұғын қадатқан Зейнолла Сәніктің пайымды ғылыми, әдеби-зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Бұл орайда арнайы деректенуші мамандардың араласуын қажет ететін түйінді мәселелер де бар екені анық. Мұны келер күннің еншісіне тиесілі пікір ретінде көпшіліктің есіне сала кетуді лайық санадық. 

Осы ретте алдыңғы толқынның ерекше өмір майданынан өткенін және олардың көргендерінің өзінің энциклопедиялық мағлұматқа ие екенін баса назар аудара айтқан орынды. Өмірінің соңғы тынысмен жазылып, ыстық демі қалған «Қазақ этнографиясы» мен «Рухани этнография» атты көлемді еңбекті халықтық сипаты басым басылымның қатарына толық жатқызуға болады. Мұнда ғылыми, жазушылық, көркем, шежірешілік баяндаулардың барлық түрі тоғысқан, еркін әрі түсінікті тілмен жеткізілген, мағлұматы мол қазыналы қормал туынды.

 Білім мен пайым, өмірлік тәжірибе астасып, аталы сөзге айналған. Өзгені былай қойғанда, көз сусынын күнде қандырып жүрген киіз үйдің керегесіне қатысты – ерсі, балашық, сағанақ, желкөз кереге, торкөз кереге, иін, қар, қалам, тоғын, қаламдық, сықырлауық, дөдеге, жиек, таңдай өрнек, өрік кереге, таңғыш, шалғыш уық, салма деген атаулардың атын да және олардың міндетін де толық түсіне бермейтініміз анық.

 Демек, қалам ұстағаннан бастап балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиетіне етене өмір сүрген Зекеңнің танымдық саласындағы ізденістерінің бір қомақты қорытындысы сияқты.

 Иә, пенде атаулы күн сайын әр қымбатының бірін жоғалтумен өмір сүріп, өзі де бір күні ғайыпқа айналады. Алайда өзгеден гөрі адамға берген бақыттың бірі – белкүшің мен рухани күшіңнің артта қалған белгісі. Сол белгілеріне қарап өткенге – салауат жасаймыз.

Бұл ретте жоғалтуынан қалдырған белгісі мен тапқан қымбаты басым болған Зейнолла Мүбәрәкұлының рухына ел атынан тағзым етеміз.

Қарыммен қамтылған шығармалар жинағы өзінің оқырмандарымен қайта қауышуға мүмкіндік алғаны – жазушы үшін ғана емес, жалпы рухани өмірдегі үлкен мәртебе. Осы басылым арқылы халқымыздың тарихи жолдарындағы тауқымет пен тағдыр соқпақтарын тағы да бір рет санада саралаудың орайы келгені анық. Жақсының сөзі өшпей, артында қалғаны қандай мәртебе. Сол мәртебеміз еселей арта берсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір