Әлішер РАХАТ. Жас әдебиетшілер, 91 тобы және «ұлтты сүю» туралы
13.04.2020
2222
2

Жас жазушы Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» атты әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған соң, оған Заһар Сұрмерген «Сандырақтағанның бәрі Достоевский емес!» деген сын-мақала жазған еді. Әлеуметтік желіде жақсы талқыланды, түрлі пікір айтылды. Біреу жазушыны ақтаса, екіншті топ сыншының пікіріне «ұйыды». Біз бүгін Әлішер Рахаттың жауабын жариялап отырмыз. Автор бұл мақаласында әңгіме туралы дау-дамайдан гөрі өзекті пікірін алға тартыпты. 

Әлішер Рахат

ӘР КЕСКІНДЕ  ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ӨРКЕНИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ БЕЙНЕСІ БАР

 Мәтінде ұлтқа тән бояудың болу, болмауы – тікелей  ұлттың өзіне байланысты болар. Яғни, ұлттық құндылықтар әлсіресе, тиісінше оның өнер-айнадағы келбеті де сүрең тарта бермек. Ал енді классикалық қазақ әдебиетінің құндылықтарға құнарлы болуы – өз  заманындағы қоғамнан да, адамнан да дәл сондай қазақылықтың аңқуы, мықты болуынан. Алайда уақыт өте келе, ол қасиеттер өз күшін жойып жатыр, меніңше, әлі де жоятын сияқты, тиісінше өзгеріске ұшырайды. Не жоғалуы мүмкін, не жоққа айналып, өзге кейіпте тіріледі. Классикалық әдебиет өкілдері – өз  заманының бейнесін жасады, яғни «фотоға» түсірді. Ал енді жас әдебиетшілер де дәл солай уақыт бейнесінің «фотосын» түсіреді. Бірақ екі фотоны салыстыруға келмейді, әрқайсы өз заманының өркениеті мен мәдениетіне жауап береді.
Өнер өмірдің айнасы екенін ескерсек, қоғам өзгергенмен, өнер өзгермей қалса, яғни дұрыс көрсетпейтін айнаға адам қарай ма? Бұл жерде ой – тілдің  де өзгеріске ұшырауы, түлеуі жайлы. Мен әлі қалыптасып үлгермегенімді,  үйренерім өте көп екенін, әсіресе сөздік қорды молайтуым қажеттігін білемін,  әйткенмен, бір ұққаным – ескі  теңеу-кейіптеумен қазіргі қоғамның атмосферасын, бүгінгі ойдың потенциалын аша алмайтыным. Ол даңғылмен жүрсем, бір шетінен, бұрынғы дайын сөз саптауды, метафораны көшіре салу секілденеді, әрі өзімнен шықпаған көркемдік құралға жиендік жасағандай боламын…
Тура осындай жағдай шоу-бизнесте де болды. 91 тобын тойшыл-дәстүрлі эстрадаға үйренген қауым қабылдаған жоқ. Әрине, олардың мәтіндерінің деңгейі биік дей алмаймын, дегенмен олар өнердің потенциалы той емес екенін түсіндіріп, көзқарасты жаңа бағытқа бұрды. Әуен жағынан, ритм жағынан өзгешелік ала келді. Өйткені бір сарындағы әуендер тыңдармандарды жалықтырды, әрі лирикалық әндер жаңармағандықтан “тізесі шықты” да, тыңдарман Еуропа, АҚШ, орыс әншілерін көбірек тыңдауға көшті. Көпшілік бұл топ қазақ сахнасынан көрінбей тұрған кезде де Рианна, Энрике, Еминем, Джах Халиб, Селена, Джастин, Питбульдермен, сонау Битлзбен таныс болған соң, олардың жанында біздің әншілердің өнеріне көңілі толмайтын, көштен қалғандарын сезетін, тек әннің мәтініне көңіл бөлетін тыңдарман қауым ғана ескі әндердің адал тыңдарманы болып қалды және олардың басым көпшілігі – жасы  үлкендер. Ал осы тұрғыдан Молданазар, 91, Дана, Қудыр секілді, т.б шоу-бизнестің жаңа ойыншылары қазақ әуендерін өзге бояулармен байыта түсті десек те болады. Олардың көбінің орысша, ағылшынша ән айтып, қазіргіден мол ақша тауып, бірнеше есе көп аудиторияны бағындыруға потенциалдары жетер еді, әйткенмен  тек ҚАЗАҚША ғана ін шырқайтындары – ұлтқа адал қызметі деп білемін. Себебі тілді қорғауға, сақтауға ЗАҢНЫҢ күші жетпейді, заң тек көпшілікпен санасады. Егер мемқызметте белгілі бір талаптардың аясында ғана қазақша сөйлеп,  жалпы, орысша оқып, орысша кино көріп, орысша ән тыңдасақ, Қазақ тілі құжаттық тілден ары аспайды.

ҚАЗАҚТЫ ҚОР САНАЙТЫН ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДЕН ҚОРҚУ КЕРЕК

Ал енді қазақылықты сақтау принциптеріне өз басым келісемін, бірақ біз одан ұтылған секілдіміз. Мені бәлкім қазақы тәрбие көрмеген деп ойлауыңыз бек мүмкін, әрі ол рас та. Мен ертегімен өстім бе? Жоқ! Мен жыр-термемен өстім бе? Жоқ. Әкем домбырашы, мені де домбыраға баулыды, шама-шарқымша шертемін, алайда ол дамымады. Өйткені?.. Заманауи өңделген, жаңа форматтағы күйлер азайды әрі насихатталмады.

Көрген кином АҚШ-тыкі, Еуропанікі, орысшаға аударылған. Жақсы фильмді қалай көрмейін? Қазақ классикалық әдебиетіндегі белді өкілдерді түгел оқыдым десем болады. Бірақ әлем әдебиетін қазақша оқыдым ба? Жоқ. Өйткені көбі аударылмаған. Студент кезімде көрген артхаус фильмдер қазақша ма? Жоқ, аударылмаған. Әлемдік жаңалықтар, мықты политолог, экономист, ғалымдардың, әр сала бойынша эксперттердің анализдері қазақша шыға ма? Жоқ. Радио мен ТВ-да Эминем, Рианна, Бионстарды насихаттады ма, насихаттады. Сөйтіп, біздің музыкалық талғамды өзгертті ме, өзгертті.

Сега, Денди, Плейстейшн, Компьютер, ұялы телефонның программасы қазақша ма? Енді осының бәрін сараптау керек… Оның алдындағы құлдық сананы былай ысырып қойған күннің өзінде… Жәутеңдеп өсіп келеміз, жәутеңдеп… Ал бізге ҚАЗАҚЫЛЫҒЫҢ ЖОҚ дейсіздер. Біз жоғалған ұрпақ шығармыз, бірақ бізден кейінгілер қалай болатынын мүлдем елестете алмаймын. Олар оң мен солын ажыратпай жатып, «эпидемия» жұқтырып жатыр. Қазақты қор санайтын ұрпақ тәрбиелеуден қорқу керек.

ҚОҒАМДА  КЕРЕҒАР ТҮСІНІКТЕР ӨТЕ КӨП

Екінші мәселе: қазақтықтан жеріну. Еуропаға қарап бой түзеу. Мен жалпы Қазақ ұлтын өзгеден кем де, артық та санаған емеспін. Бірақ еуропалану бізде белең алып келе жатқанын, әрі қауқарлы екенін білем. Жұтып тынуы бек мүмкін екенін де ескеремін. Дегенмен «бұл тектес (тосын тұрпатты) әңгімелер жастар арасында қайдан шығады?» дегенге келсек, меніңше, қоғамның әсіредәстүршілдігі мен әсіредіншілдігінің салдарынан, адам құқығының тапталуынан шығатындай. Одан бөлек саяси ахуалды қосыңыз. Яғни,  көпшілік көңілінің құқығын қорғай алатын жаққа  бұрып тұруы. Адамның ең бір құпия сырларының бәрін кіре беріске қойып қойғандаймыз. Құдай, махаббат, ұлттық құндылық… Яғни жоқ нәрсенің бәрін айтамыз, болмаса бар нәрсені осылай жоғалтамыз. Ұлттық құндылық болсын, Құдай болсын, ол адамның ең бір интимді жеке мәселесі, оны күшпен таңа алмайды, оны құр сөзбен айтып сіңіре алмайды, тек іспен көрсету керек, бала тек қайталаушы ғана… Ал оның бәрін агрессиялы түрде талап ету, ол жоқ болса, кеудеден итеру – адамды  мұндай қоғамнан қашуға итермелейді. 

Біздің қоғамда мүлдем кереғар түсініктер өте көп, әрі өте үрейлі. Кейбірі тіпті нән креслоға отырып алып, кәдімгідей үлкен билікке ықпал ете алады. Ең қауіптісі осы.

Бір білерім, бар қазақтың санасының бір қуысында ашаршылықта зар жылаған ата-бабасы мен жазықсыз қаза болған отандастарының үні жиі мазалайды, әрі қазіргі дәрменсіздігі оны одан бетер қинайды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жастардың Жазушылар одағының алдына келіп «ағалар» деп айқайлағанындай… Бұл өле-өлгенше жаныңды жейтін тақырып, бірақ біз ол дауысты естімеу үшін той-думанмен өзімізді алдарқатамыз. 

Құдайымыздан оңай кешірім билетін алғымыз кеп, мешітті жағалаймыз, саясатты күбір-сыбыр қыламыз, біреудің тағдырын шұқылаймыз, бірақ алдымыздан тағы бір сондай сәт шығып, сол шырғалаң  қайталана қалса, үйімізде тығылып, әлдебір кісілердің жан айқайын естімей қалатынымызды да білеміз. Бөтенсіп қалатынымызды… Ұсақ-түйек тақырыпта айқайлап-айқайлап алып, ұлт болып ұйысатын сәтте бөлініп кететінімізді көрген жастар қазақ болғаны үшін намыстануы бек мүмкін. Айнаға қарамаған адамның өзін әдемі санауы секілді…

«Ата-бабаң бір-бірінің үстінен арыз жазған, бірін-бірі жеп тынған» дегенді ести тұра, күні кеше біреу қаза тапса, туыстарың мұнда думандатып жатқанын көре тұра, біздің бойымызда қалайша қарама-қайшылық болмасын?! Әрі бұл ақпараттың бәрін толық білген сайын ішкі Менің мен Оның арасы алшақтай береді. Кейін екеуі бір тәнге мүлдем сыймай, не рухани өлімге, не толық өлуге апарады. Бәлкім, сол себепті біз суицид бойынша, алда шығармыз?..

ӘДЕБИЕТТЕ ЖҮРГЕН БАРША ҚАУЫМНЫҢ АРМАН-МАҚСАТЫ – ТІЛДІ  АМАН АЛЫП ҚАЛУ

 Ал енді автор өзін қаншалықты «қаза» алса, өнері де соншалықты биік деп ойлаймын. Ол қазып жатып, өзінің қазақы діңін таппаса, авторда айып жоқ. Ол бар болғаны – қоғам  мүшесі. Жалпы, адам – санасындағы  ақпараттың құрбаны ғана. Әрі ол өтірік тауып алса, онысы – фальш. Қазығын шынайы жолықтырса, бәлкім бақытты шығар. Адам ретінде.
Осындай күрделілікке қарамастан, діңіңді тап дейді ғой үлкендер. Ол да дұрыс, бірақ жастар үшін кедергінің өте көп екенін ескерген жөн. Бір-бірімізді көзқарасымызға, наным-сенімімізге, шығармашылық потенциалымызға, жасымызға, жынысқа қарап бөліп-жармай, үкім айтпай, қалай бар, солай қабылдауымыз керек сияқты; айналып келгенде, сіздердің де бізден басқа, біздердің де сіздерден басқа ешкіміміз жоқ, ата-апалар, аға-әпкелер, жігіттер, қыздар! Бұл тек әдеби ортаға емес, түгел қазаққа керек түсінік секілді, өйткені осыған дейінгі тарих сөйдейді. Біз, бәлкім, «қазақ бола алмағанымыз» үшін немесе «қазақ болғанымыз» үшін ыңғайы келсе, өз-өзімізді кешіре алмай жүрген шығармыз, болмаса ауырып-ақ өлерміз, бірақ әдебиетте жүрген барша қауымның арман-мақсаты – тілді  аман алып қалу. Әрине, сын да болуы керек, әрі оны қабылдай алу қажет! Алайда әрқайсы түрлі жолмен ортақ мақсатқа келе жатыр деп ойлаймын!

Мұның бәрі менің жеке ойым! Әрине, пікірге ашықпын!

Әлішер РАХАТ

Оқи отырыңыз!

Сандырақтағанның барлығы Достоевский емес!   

ПІКІРЛЕР2
Аноним 13.04.2020 | 20:09

Жөн екен. Дұрыс айтасың, бауырым!

Аноним 14.04.2020 | 09:48

«Сынмен адам түзеледі» дейді ғой. Алайда, сынның да айтылар жөні болады.
Болашағыңыз жарық болсын! Жаңа бағыттағы тың туындыларыңызды оқи берейік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір