Әдебиетшілер үйі ашылды
29.10.2024
220
0

10 қазан күні Теректі ауданының құрамындағы Ақжайық ауылында әдебиетшілер үйі ашылды. Шығармашыл оқушыларды, жастарды шыңдау бағытында жұмыс жүргізетін бұл ғимараттың лентасын Отан, Құрмет ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Ақұштап Бақтыгереева мен Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қиды.

Қазақы игі дәстүрмен Әлия Биғазықызы шара қонақтарына ізет көрсетіп, ілтипат танытып, шақырулы қонақтарға, зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты. Содан соң сөз биыл 80 жасқа толған Ақжайықтың Ақұштабына берілді.
– Осы жылы Батыс Қазақстанның біраз тұрғыны тасқын судан зардап шекті. Баспанасы суға кеткендердің бәрі әлі жаңа баспанаға қол жеткізіп үлгерген жоқ. Сол себепті, мен 80 жасымды облыс көлемінде атап өтуден бас тарттым. Бұл жер – Марабай жырау мен небір әулие-әмбиелер мекендеген жер. Мен өзім өскен өлкеге қашанда алып-ұшып жетемін. Мен үшін туған жер ыстық. Бар мақсатым – осындағы үлкен-кішіге өмірден көрген-түйгенімді жеткізу, өзгені ойландыру. Елімізде орын алып жатқан сұмдық жағдайлар, жан түршігерлік оқиғалар мені алаңдатпай қоймайды. Ал әдебиет арқылы, әдеби шығармалар арқылы халықты жақсылыққа жетелеу ақын-жазушылардың басты парызы, – деді Ақұштап Бақтыгереева.
Содан соң салтанатты шара қатысушылары әдебиетшілер үйіндегі Ақұштап кабинетімен, үйірмелер, сабақтар, түрлі іс-шаралар өткізілетін бөлмелермен танысты. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллиннің айтуынша, осы ауданда туған Хамза Есенжанов, Ұлықпан Есен­ов, Ақмаржан Таубаева және басқа да белгілі тұлғалардың бейнелері арнайы тапсырыспен салынып, әдебиетшілер үйінің қабырғасына ілінген. Портреттерді Нұрбек Жәрдемов салған. Картиналардың ерекшелігі – тұлғаның портреттік бейнесі ғана емес, оның атқарған жұмысына, өмір сүрген кезеңіне қатысты кескіндер де көрініс тапқан.
Әдебиетшілер үйімен танысып, оның жұмысына сәттілік тілегендер конференция залына беттеді. Сол жерде ақын-жазушылардың қатысуымен, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин тізгінін ұстаған жиын өтті.
Бұдан кейін ішкі сезімдер қайшылығын, кереғар ойлар тартысын көркем де әсем суреттейтін Ақұштап ақынға әйел, ана, ақын ретінде, қандай жағдай жасалу керек болса, соның бәрін жасаған үлгілі азамат, шебер домбырашы, энергетика саласының білгір маманы Ғабдырахым Маралұлы сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды қолдайтынын жеткізді. Кейде көңіл қошы болмай отырған жан жарының «Ақжайыққа қарай барып қайтайық» дегенді естігенде, жадырап сала жөнелетінін де айтып өтті. Одан соң айтыскер ақын Әділ Ахметов домбырасын күмбірлетіп, арнау айтты. Оқушылар өлең оқып, аға ұрпақ өкілдерін сүйсінтті.
Өз кезегінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев өлеңін оқыды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайсағали Сейтақ пен ақын Үзілдік Елеубайқызы ізгі ниет-тілегін ақтарды. Сондай-ақ Мира Шүйіншәлиева, Дариға Нұрашева, Талап Таймасұлы, Мұнайдар Балмолда, Қазыбек Құттымұратұлы секілді батысқазақстандық қаламгерлер және Теректі аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Нұрғалиев қаламгерді мерейжасымен құттықтап, амандық-сау­лық тіледі. Ал «Aqjaiyq» телеарнасының директоры Клара Қамбетова ақынға арналған деректі фильм түсірілгенін тілге тиек етіп, Ақұштап Бақтыгерейқызына телеарнаның 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальды табыс етті. Бұдан кейін лед-экраннан аталған фильмнің анонсы көрсетілді.
Түс ауа Ақжайық ауылына ат басын тіреген ақын-жазушылар Теректі ауданының орталығына жол тартты. Сол жердегі мәдени-демалыс орталығында «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Қонақтар аудандық кітапхана мамандары жасақтаған кітап көрмесімен танысты. Ақұштап ақын кітапханашыларға «Менің Фаризам» кітабын сыйға тартты. Әдеби-сазды кеште ақынның сөзіне жазылған әуезді әндер шырқалды. Өңірдегі жас ақындар қаламгерге арналған өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Теректі аудандық кітапханасы ұйымдастырған облыстық байқаулардың жүлдегерлері марапатталды.
Кеш соңында Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова мен облыстық мәслихат депутаты Софья Ізмұхамбетова ақынға сый-құрмет көрсетті.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір