Сандырақтағанның барлығы Достоевский емес!   
09.04.2020
1887
4

Жуырда ғана «Қазақ әдебиеті» газетінің «Жас тұлпар» қосымшасына Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» деген әңгімесі жарық көрген болатын. Әңгіме әлеуметтік желіде жақсы талқыланды. Әртүрлі пікір де айтылды. Әсіресе, жастар жағы оң бағасын берді. Дегенмен, оқырманның талғамы әртүрлі. Газеттің поштасына келіп түскен мына бір мақаланы жариялап отырмыз. Басқа да көзқарастар, сыни мақалалар болса, шектеу жоқ. Әдебиет өзара алғаусыз, шынайы пікірлермен, өткір сындармен, талғамды талдаулармен ғана толысады.

Редакциядан.

Әлішер Рахат

«Классикалық бейнелеу тіліне үйренген оқырман үшін» қиындау болатын,  Әлішер Рахат деген жастың  «Үздіксіз әуез» (“Қазақ әдебиеті”, №13) атты  әңгімесіне тап болдым. Демек, классикалық емес бейнелеу тілінің де бар болғаны ғой? Сосынғы екіұдай күйге түсірген жайт – алдымен осы шығармаға жазылған пікірді талдауым керек пе, әлде жазбаны ма деген аңтарылыс.

«Қазақ әдебиетінің» «Жас тұлпар» қосымшасының кезекті санын тұтастай алған  Әлішер Рахаттың әңгімесіне ақын, осы газеттің жауапты хатшысы Тоқтарәлі Таңжарық  пікір жазып: «Талғамды оқырман, зерделі әдебиетшілер оқып, пікір айтса, құба-құп. Бұған дейін жастарға арналған бір роман жазып үлгерген жас қаламгердің шығармашылық жолына сәттілік тілейміз!» депті.    

Келешек жастардың қолында, олардан үміт күтуге міндеттіміз. Бұрынғы өткен небір кереметтердің барлығы кезінде жас болды. Ізденді, үйренді, қалыптасты. Жетістік тек еңбекпен ғана келетінін дәлелдеді.

Тоқтарәлінің айтуынша, «Белинский ғаламның әдеби көшін мүлдем тың соқпаққа бастаған Достоевскийдің алғашқы шығармаларының бірін оқып: «Сен бала, не жазғаныңды білесің бе?!» – деп қатты риза-қош болған деседі» деген екен.

Осындай бағалы, салмақты пікірден соң, «ал, біздің баламыз не жазды екен?» деп жазбаға шұқшидық. Айтпақшы, Л.Толстой да Достовескийді оқып шығып, «мынадай қиқы-жиқы сөйлемдермен осындай ойды жеткізе білу деген ғажайып нәрсе ғой!» деп ішегін тартқан-ды…

Прозанының ішіндегі әңгіме  –  ең күрделі, күллі әлемді кернеп кететін идеяны тарының қауызына сидыра алатын, термоядролық қуаты бар жанр екенін еске сала кеткенді жөн көрдім. Себебі, жазылған пікірден аңғарғаным: бұл шығарманы оқыған кезде, оқырман байқұс миын ағызып алмаса екен деп алдын ала ескерту жасаған тәрізденді.

«Шешінген судан тайынбас» демекші, Әлішердің «әңгімесін» егіліп отырып, шыбын жаным үзіліп кете жаздап, оқып бітірдім. Расында, ғаламат дегеннің теріс түсінігі болса, сол күйге бөлендім. Жалпы, әңгіме болған соң оған қойылатын қарапайым талаптар бар ғой. Композияция, сюжет, оқиғаның өрбуі, конфликт, шырқау шыңы, финалы дегендей. Әрине, финал әрқалай болуы мүмкін. Кез келген шығарманың өзегінде драматизм тұруы тиіс. Қазіргі кезде психологизм жұтаң деген сөз бар. Ол да үлкен еңбек, тәжірибемен келетін дүние.

Бұл әңгіменің скелетін, яғни беломыртқасы, қабығарсы, бас сүйегі мен сирақтарының қайда екенін таба алмадым. Құшақтайын десең, құшаққа сыймайтын бір нәрсе. Космос дейін десең, ол да өз заңдылығы бойынша дамыған әулиелік. Ал мына жазбаны қай қатарға қосуға ақылым жетер емес. Мүмкін, бір жартыны сілтеп алып немесе бір «шекті» шегіп тастап, қайта оқып шықсам ба екен? Не болса да бірге оқып көрелік:

«Кеш қарая жұмыстан әдеттегіше сергек келген, үнемі өзін ұйқысы қанған адамша ұстайтын сақалды күйеуіне тамағын беріп отырып, бүгін де ауқаттанып біте салысымен, дастарханды жинағанын күтпей, күйеуі жатын бөлмеге сүйрелей жөнелетінін елестетіп, оған бөтен кісі түсінбейтін, екеуі ғана білетін бір тілде жымиды».

Бұл аталмыш әңгіменің алғашқы жолы. Пікірдің авторы таныстырғандай, бұл – әдебиетке енді қадам басқан жас автор көрінеді. Мынадай: араласып, сабақтасып, салаласып құрмаласқан бір сөйлемнің өзінде қаншалықты қиыратқыш күш жатқанын неше қайталап шығып барып әрең аңғарасың. Енді ащы ішектей шұбатылған ұзынсонар сөйлемді талдап көрелік. «Кеш қарая жұмыстан әдеттегіше сергек келген». Мақұл, жұмыстан кеш қарая келгеніне ешкім қарсы емес. Бірақ ол неге әдеттегіше сергек келгені ойлантады. Себебі, шаршап, мас болып келсе, жөн дер едік. Дені дұрыс адамның күні бойы жұмыс жасап, дым болмағандай үйіне сергек оралуы ерекше құбылыс па екен?

«үнемі өзін ұйқысы қанған адамша ұстайтын сақалды күйеуіне тамағын беріп отырып,». Сәл асығыстау кеткен сияқтымын. Неге десеңіз, ол жұмыста ұйқысын қандырып келген екен. Автор кейіпкер портретін дәл осы арада жарқ еткізеді. Ол әлдекімнің сақалды күйеуі екен. Демек, бұл арада оған тамақ беретін бір қатын бар.  

«бүгін де ауқаттанып біте салысымен, дастарханды жинағанын күтпей, күйеуі жатын бөлмеге сүйрелей жөнелетінін елестетіп».  Тілдік әдеби норма туралы ауыз ашпай-ақ қояйын. Бұл жерде «көлеңке қатынды» қарны тойған еркектің төсекке апарып, не қылатынын біз де елестеткен болдық.  

«оған бөтен кісі түсінбейтін, екеуі ғана білетін бір тілде жымиды», – деп сөйлем етбетінен жығылды-ау, әйтеуір. Әрине, кімнің ішінде қандай ит өліп жатқанын өзі ғана біледі. Бұны да тапқырлық делік. Тек, екеуі ғана білетін тілде жымиғандары секем алдырды. Ағылшын ба, француз ба, араб па? Тегі жымиюға тілдің қатысы қанша? Ол – көңіл-күй емес пе? Эмоция!  

Қош, делік. Әлішердің әлгі салақұлаш сөйлемін түртіп қалып едік, ол бір-бірімен қабыспайтын, логикалық діңі жоқ, бөлек-салаққа айналды да, жан-жаққа бытырай қашқан ұсақ құрттарша тоз-тозы шықты.

Жаңадан қалам тартып жүрген үміткердің білуі тиіс нәрселерден мүлдем бейхабар, «әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы қақпайтын мына автордың ары қарай жазған күлді-бадамдарына бас қатырғың да келмейді.

Дейтұрғанмен, бұл ұқпаса да екінші біреуге сабақ болар деген үмітпен сөзді жалғалық. Риза деген қыздың тағыдырын суреттемек болған бұл талпыныстан нені ұғамыз. Шатаспас үшін пікірді оқылық:

«Әлішердің бұл әңгімесінің психологиялық иірімі терең деуге болады.

Бір қарағанда, кейіпкер Ризаның өмір жолы бәрімізге таныс секілді. Қай қоғамда болса да Ризалар өте көп. Бірақ жеке адамның ішкі күйзелісін, құпияға толы жан арпалысын өзіндей кім ұға алсын?! Айналаға қарасақ, біріне бірі ұқсамайтын мыңдаған Ризаларды байқаймыз. Көкірегінде мұң мен сағыныш, өкініш пен арман қайшыласқан әр адам – белгісіз мәтіндердің мекені. Жазушы сол мәтіндерді қаншалықты оқи алса, соншалықты мәнді туындыны дүниеге әкеледі. Әңгіменің «Үздіксіз әуез» аталуының сыры да осында жатса керек. Діни тұрғыдан айтқанда, пенде баласы – нәпсі мен ардың тұтқыны, сол екеуінің күресінің шырмауында тірлік кешуші жан иесі. Әлішер әңгімесінде Ризаның ерік пен жігері, қалауы мен үрейі арасындағы нәзік иірімдерді – өмір сүру мен өмірді сүюдің ұқсамас екі өткелін барынша ашуға тырысқан».

Риза деген кім?

«Таңсәріде бір шыны шәйін ішіп, үйден шығып кететін кісінің қайда, кім болып жұмыс істейтінін білмейтін, күнде бейтаныс еркектің құшағында жататын әйел, бәлкім, жол бастаушының артында адаспай келе жатқан сүйікті пенде… Не өз құқығын қорғағысы келетін қорғансыз ару, не бұл жалғанның құқықтарын қажет қылмайтын болашақ Ұжмақтық кісі. Мүмкін, жай ғана Алматы маңайындағы ауылда тұратын ата-анасын сағынған бала?.. Осы үйдің еркегінің ешкімге көрсетпейтін, айтпайтын жасырын істерінің кездейсоқ куәгері ме еді? Алматыға келе сала өзін еркін сезініп, алғашқы махаббаты басқа қызбен билегенін көтере алмай, алкогольден ұрттап, артынша жұрттың алдындағы абыройын қайтару үшін намазға жығылып, мешітке барып жүріп, сол жақтағы «әпкелерінің» айтуымен осы еркекке әйел болып кете барған Риза ма?»

Баяғыда бір қылжақбас ағамыз айтып еді: «Осы ішетін тамақты жеке-жеке сылпылдатпай, неге бір шылапшынға құйып, іше салмаймыз?» деп. Адыңғы сөйлем құсатып талдауға құлқым да жоқ. Тек, бір ғана жерін атап өткім келеді. «…алғашқы махаббаты басқа қызбен билегенін көтере алмай, алкогольден ұрттап, артынша жұрттың алдындағы абыройын қайтару үшін намазға жығылып». Қызғаныштан іші өртеніп, арақ ішкені нанымды делік, ал жұрттың алдындағы абыройын қайтару деген не? Айтпақшы болғаны: айырылған абыройын намазға жығылып қайтарғысы келгені ме?  

«Әңгіменің ішкі ағысы өте арынды. Алғашында оқиғалар тізбегі өте баяу жүретіндей көрінеді. Динамикасы солғын тартқандай көңілің қоңылтақсуы да мүмкін. Бірақ әсте олай емес. Бұл – әңгіменің жазу тәсілінің ауырлығынан туындайтын оқырман санасындағы түйткілдер» деп Әлішердің әңгімесіне пікір білдірген Т. Таңжарық оқырманды тағы да жөнге салады. Әңгіме авторы да ренжімесін деп тағы бір тарауды жүрексіне отырып, назарға алдық.

«Төсектен тұрды-дағы, ылдым-жылдым киіне ас бөлмеге бет алғанда, бүкіл әлем ұйқыда, тек өзі ғана ояу секілді бір күйге бөленіп…(Ол қандай күй? Бастан кешкен кім бар?) Осы пәтерде ғана жарық жанып тұрғандай, айналаның бәрі жым-жырт. (Егер өзге үйлердің шамы өшіп тұрса, әрине, солай болуы заңдылық) Ыдыстарды жуып жатқанда қара түнектен әлдекім, әлденелердің дауыстары сағым болып құлағына жететіні…(Қай жерден пайда болған қара түнек? Дауыс емес, елес сағым болып жетуі мүмкін ) Он бірінші сыныпты бітіргендегі кештің музыкасы іспетті, (мектеппен қоштасу музыкасы болар? Бірақ оның әуені, атауы қандай еді? Оқырманға ассоциация тудыруға керек-ақ) әлгі қарамай кеткен қара жігіттің қалжыңдағаны ма?.. (Ол жүгірмек не деп кетіп еді? Интригада қалдық қой!) Құрбыларының кекете күлгені?.. (Ондай иттік болады) Әртүрлі дауыстардың көз жетпейтін қараңғы бір бұрыштардан гүрілдеген өзен секілді ағып өте шығатыны…(Көліктері азынай ағылған алып автомагистралды көзіме елестетті). Ары қарай өзің оқы, алдияр оқырман: «Риза намазхан қазір», – деп, қыздардың сақ-сақ күлгені, «Риза деген ана қыз ба, вечеринкада ішіп, мас болып жүрген», – деген жігіттердің өзара сұрақтары, «Өзі елпілдеп қалған қыз еді ғой, сақалды біреумен Таразға кетіп қалыпты», – дейтін егде жастағы әйелдердің сөздері топырлаған толассыз ойлардан Ризаның жеке ой-торына ілінетін де қалатын.Торға түскен ойлардың ішінен өзіне керегін, іске жарамдысын іздейтін. Мектеп қабырғасындағы алғашқы махаббаты – қара торы жігіттің ерніне бірінші болып жармасқанын, әлгі жігіттің ұяңдыққа салып, үнсіз, қимылсыз қатып қалғаны, кейіннен Алматыдағы отырыста шараптан ұрттап масайып, махаббатының қайырылмағанын айтып жылағанын ес білмейтін, ақымақ шағы деген «көрпемен» қымтап жауып қоятын. «Ондай-ондай болады ғой, бала болдық» деген тыспен қапталған «көрпемен» тұншықтырып барып, ақылы толысқанда намазға жығылып, ақ пен қараны ажырататын ересектердің қатарына қосылып, Құдай қосқан қосағы барына шүкіршілік етіп, қорылдап жатқан жұбайының жанына жантая кететін».

Е,  жаратқан Ием, санамды сақтай гөр деп ары қарай талдауға шамам келмеді. Көз алдымда селкілдеген тор, оның бетінде Риза деген өрмекші бір жігіттің ерніне жармасып жатты.

« … Бұрынғыша шешесіне еркелеп бала бола қояйын десе, діни киінген әйелге жараспайтын тәрізді, әрі шешесі де беті ашылған қызының өмір заңдарын аздап болсын меңгергенін сезетін сияқты ма?.. Бөтен қойыннан беймәлім көзқарастарды жұқтырып алғандай қарай ма?.. Намаз оқып бастағанда қызығушылығы тез оянып, тез сөнеді деп, бей-жай қараған Ризаның «хикаясы» осылай аяқталғанына нали ма?.. Әлде бұл шаңырақтың билігі әкесінде болғандықтан, «бастығының» сөзінен ары аса алмайтынына өзегі өртенген ана ма, «өзің кеттің, өзің келдің» дегендей қай шешімге тоқтарын білмеген кісі ме?..»  

Өстіп астын сызып құтылмасам, аман қалатын түрім жоқ.

Ерінбей тағы бір тарауын ұсынайын:

«Жүріп өткен тағдыр жолының беймәлім бір көшесінде жоғалтып алған Құдайын шарқ ұра іздеп, кезінде оқыған Құранның сүрелерін тіліне түсіре алмай сарсаңға түсті. Фатиха сүресін бастап келе жатып, шатасады, бастап келе жатып, шатасады, іштегі жүн-жыбыр мен жоғарыға көтеріліп келе жатқан біреу оның тілі келмейтінінен хабардар іспетті, әрі оның бұл шарасыздығына миығынан күлетіндей елестеп… Оның үстіне, құтылудың жалғыз жолы ретінде ойына сүренің оралуы – Ризаны үлкен бір тығырыққа тіреді: Құдайдың алғышарттарын ұмытып, енді аяқ астынан керек қыла қалғаны – өзінің мүсәпір екіжүзді пенденің бетпердесін кигізіп… Кішкентай бойлыдан қашам деп, Үлкен Ойға соғылуы – санасын шағып… Шытынап барып, пырт ете сынған әйнекше…»

Ары қарай мен де «пырт» ете қалатын сияқтымын. Сөз етуге тұрмайтын нәрсені соншалықты неге езгіледің деген сұрақ та туындауы мүмкін. Оның басты себебі, бұл шәлдір-шатпақ қазақ әдебиетінің айнасы сынды газетке басылып, «тәп-тәуір пікірмен» оқырманға жол тартқаны жанға батты. Біреудің жолын кесуге біреудің құқы жоқ. Сонымен қатар, Әдебиет деген ақсәулелі айдынды былғауға да жол бермеуіміз керек. Көңілжықпастық –пендеуи аралас-құралас амалы қатарында қалып, өнерге қарыс қадам жақындамағаны жөн.

Біздің оқырман мен көрермен деңгейі талас тудыратын жағдайда. Кризистік десе де болғандай. Жақсы мен жаманды айырудан қалып барады. «Жорғалаған, жүзген, ұшқанның» бәрін талғамай жей беретін кепке келдік. Соның бір дәлелі осы талдаусымақ жасаған әңгімеміз. Бұған пәлендей ақыл-кеңес айту мүлдем мүмкін емес тәрізді. Себебі, тілі ғана емес, әлемі қисайып кеткен, көркемдіктің бірде бір талабына сай келмейтін сандырақты әңгіме деп айтуға да болмас.

Бұл жігіт жаза берер. Роман да жазып тастапты. Бірақ, ол әдебиетке жат өзге ауылдан. Егер Әдебиетке шын құмар болса, ізденсін, көз майын тауыса талдасын алдыңғы қаламгерлерді.

Сандырақтағанның барлығы Достоевский емес!   

ЗаҺар Сұрмерген

Әңгімені оқи отырыңыз!

Үздіксіз әуез

  

ПІКІРЛЕР4
Аноним 09.04.2020 | 16:01

Несіне таң қаласыздар, мұндай сыпыра жазғыштар көп қой. Қазақ әдебиетінің уызына қанбақ түгілі, өзгенің бір кітабын оқып көрмегендер әйтеуір бірдеңе айтқысы келеді. Бірақ, онысынан түк шықпайды. Өйткені, аржағында негіз жоқ.

Аноним 09.04.2020 | 21:27

Сында мән көріп тұрғаным жоқ. Қазақтың өзінен бір жақсы жақсылығын көрсете қалса ,соны сынап, сарапқа алу қанға сіңді-ау әбден. Бауырымның осындай жерлерін түзеу керек , мынауың жақсы дүние екен деп қанаттандырудың орнына , өзі өмірде ештеңеге жетпеген сақалы жер иіскейтін данагөйлер кері тартады. Бір 50 дей кітап оқып алып,өздерін дананың данасындай санап, сын айтып қояды құрғырлар. Жазуға дәрмені бар қазағымның аяғынан шалғанша , алдыға жетелемейсіңдерме) Өздеріңнің мировой бестселлерларың бардай сын айтасыңдар.

@armani_msb

Аноним 10.04.2020 | 16:35

№2 қонақпын. Алдымдағы №1 Қонақтың не айтқанын түсіне алмадым. «…ақын-жазушылардың өзі нақұрыстанып барады» дегеніне қарасаң, бұл солардың бәрінің диагнозын анықтап, емдеп қалжырап жүрген байғұс сияқты. «Кеңес одағының сасық реализмі» деп бір кекірейіпті. Сол одақтың арқасында адам болғанын білмейтіні былай тұрсы, оның «реализмі» шындықты жазуды талап ету болғанынан хабары жоқ. Сондай-ақ, басқалардың «қатып қалған» тілдерін өзінің ійауыздық, анайы сөздерімен «жібітіпті», өй, «ғұлама-әдебиетші» неме!

Аноним 14.04.2020 | 18:32

Заhар Сұрмерген Мырза біреудің еңбегін түгелдей жоққа шығарып,оны жіліктеп талдауыңызға сіздің құқығыңыз жоқ деп ойлаймын! Қателескен жері болса,соны көрсетіңіз,бәрін білсеңіз үйретіңіз! Бәрі өзінше білгіш қазіргі заманда,отырып алып біреудің жамандығын теріп отырғыштар! Оқыған адам түсінбейтіндей ол басқа тілде жазған жоқ,ой санасы бар адам соның өзін ақ түсініп алады,сіз оны астын сызып оқырманға түсіндірмей ақ қойыңыз! Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше,өз ойыңды мазалап,өз бойыңды тазалап,Өзіңмен алыс өлгенше деген бар! Біреуді жамандап,аяқтан шалу ешкімді жақсылыққа жетелемейді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір