КАРАНТИН УАҚЫТЫН ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНЫП ЖАТЫРСЫЗ?
12.04.2020
1082
0

Қазір бүкіл әлемді коронавирус дейтін тажал құрсауына алып тұр. Әйтсе де, адам баласы құр үрейленіп отыра бермек емес. Тіршілік жалғасуда. Бұл орайда шығармашылық иелері де жазу-сызу, оқу-тоқу сынды үйреншікті дағдыларынан жаңылмапты. «Карантин уақытын қалай пайдаланып жатырсыз?» деген сауалымызға жауап берген қаламгерлердің сөзінен соны байқады.

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы

ТАБИҒАТ ӘЛЕМІМЕН ЖАНЫМ АРАЛАСЫП ЖАТЫР

Былтырдан бері жазып жүрген жаңа романымның нүктесін қойдым.

Кезінде біздерге кеңестік заманның қаһарманын жазуды міндеттейтін еді.

Жазғым-ақ келетін, бірақ ондай кейіпкер таба алмадым. Ал, кейін Абайдың толық адамының көркем бейнесін жасағым келіп, өзім бұрын-соңды араласқан жақын білетін адамдардың ішінен сондай жанды іздедім. Ақыры белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлына  тоқтадым. Ол кісі екі шартпен келісім берді. Біріншісі, – абайтанудың, «тар жол, тайғақ кешуін» сипаттай алсаң ғана жазасың, – деді. «Мен сізге қатыстыларын қамтимын» деп уәде бердім.

Екіншісі, – Абай ілімі деген атамзаманнан бері адамды адам етіп келе жатқан адамгершіліктің алтын жүлгесі туралы жыр ғой. Сол жүлгені тап басып, тани алуың керек, – деді.

–Былай етейік, – дедім мен. – Шығарманы жазып, қолыңызға ұстатайын. Сіз мақұлдасаңыз, жарық көреді, ал ұнатпасаңыз, ешуақытта жарияланбайды.

Мекемтас аға қолжазбамды оқып шығып, батасын берді. Романымның атын «Алтын жүлге жыры» деп қойдым.

Бір туындыны бітірген соң, әрине, қол суытып кітап оқуға көбірек коңіл бөлесің. Сондықтан болашақ шығармама себі тие ме деген үмітпен қазақтың сал- серілерінің өмірі мен шығармашылығы туралы біраз кітаптар оқыдым. Жанат Ахмадидің этнографиялық әңгіме-хикаяттарын шолып шықтым.

Бірақ, ол оқығандарым мынау әлемдік індеттің кесірінен алақұйын болған көңілімді орнына келтіре алмады. Қайта адамзат трагедиясын одан сайын есіме салды. Содан соң мыңдаған жылдар өтсе де өмірі бірдеңесі жетпей бау-шуы шұбатылып, бірінің аяғына бірі оратылып жататын адамдардың мына баянсыз қоғамынан көңілім қалып, табиғат туралы оқуға кірістім. Рахат! Тәртіп те сонда, тазалық та сонда, мейірім-шапағат та сонда, табиғатта! Індеті жұғып кетуден қорқып, адамдар қоғамына көріне алмайтын болған соң, өз бөлмемде отырып-ақ табиғат әлемімен жаным араласып жатыр. Араласқыларыңыз келсе айтайын. Оқып жатқаным – америкалық Ральф Эмерсон мен Генри Тороның кітаптары. Жанды табиғат қана емес, адам табиғатынан да көп мағлұматтар аласыздар одан.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы
ТАНЫМДЫҚ ӘДЕБИЕТТЕРДІ ДЕ ОҚЫП ЖАТЫРМЫН

Кітап оқуым жүйесіз. Бұрын да «Мынадан кейін мынаны оқуым керек» деп белгілі бір тәртіппен жүйелеп жатуға жоқ едім. Менің жүйем оқуға ниеттеніп жүрсем де,  белгілі бір себептермен кезегі жетпей жатқан әдебиеттерді ғана қолға алу болатын. Бастап алып, көңілге қонбайтын жағдайын байқасам, оқуды ары қарай жалғастырып жатпастан, тастап кете беретін мінезім де бар.

Карантиннің жарияланғанына біраз болып қалды ғой, сондықтан қазіргі таңда оқыған көркем туындыларды санамалап беруге батылым әбден жетеді.  Олар – Тұрысбек Сәукетайдың «Жұлдыз» журналында жарияланып жатқан «Бұлағай» романы, Момбек Әбдіәкімұлының «Түркістан өлкесіндегі ойран», Аягүл Мантаеваның «Жаңбырлы көктем», Мақсат Мәліковтің «Жұмбақ кітап» және орыс классикасынан А.И.Куприннің «Река жизни» атты прозалық шығармалар жинағы.

Бұл арада өзімді тәнті еткен бір жағдай қатарлас жазушы, табиғатынан талант  иесі Т.Сәукетай шығармашылығының көркемдік деңгейінің биіктігі. Мысалы, мен өз басым оның қаламының  қарқынынан әлдеқайда қалық екенімді тағы да еріксіз мойындадым.

Сонымен бірге жастайымнан қалыптасып кеткен танымдық әдебиеттерді оқу дағдымнан әлі де жаңыла қойғамын жоқ. Бұл жолы менің қолыма іліккендер  – А.О.Ишимованың 1866 жылғы екінші басылымы бойынша жарық көрген «История России» және Рахман Алшановтың «Тайны двацати тысячелетий: поиски и открытия» атты кітаптары. Егер карантин ары қарай созылып жатса, оқитын еңбектерімнің қатары осымен тоқтап қалады деп тағы уәде бере алмаймын.

Әрине, ғұмырымызды жазушылыққа арнағаннан кейін, өз шығармашылығыңды қаузамай және отыра алмайсың. Белгілі бір тарихи тұлға туралы бірер жыл бұрын бастап қойған романымның ауы мен бауын қарап, тарихи оқиғалардың дерегі мен керегін, суы мен нәрін ажыратып дегендей, шетінен мінтелеп жатқан жағдайым бар. Өзімнің қалыптасқан әдетім бойынша, оның не дүние екенін жариялап жату шарт емес болар. Өйткені жаңа туындының көркемдік деңгейінің қандай болып шығатыны өзіме де анық мәлім емес.

Әзірше оқырман әрі жазушы ретіндегі күнделікті тіршілігімнің бағыты осындай болып тұр.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары:
 ТӨТЕНШЕ ІС БІТІРЕ ҚОЙҒАМ ЖОҚ

Облыстық газет дегеніңіз тап қазіргідей уақытта жедел ақпараттың штабы тәрізді ғой. Республикалық іс-қимылдарды былай қойғанда, осы өзіміздің облыста қаншама шаруалар жасалып жатыр. Ал оны жұртшылық біліп отыруы керек. Қалай дегенде де, мысалы, басқа облыстар секілді Ақтөбеде де тіршілік біржола тоқтап қалған ештеңесі жоқ. Сол себепті мен қызмет істейтін «Ақтөбе» газеті бұрынғысынша аптасына үш рет шығып жатыр. Әрине, журналистер қашықтан жұмыс істеуге көшті, ешкім де кеңсеге бармайды. Себебі әркімде де компьютер бар, тиісті адамдардан (мекемелерден) электрондық пошта, телефон арқылы ақпарат алудың пысық тілшілер үшін аса қиындығы да жоқ. Үйімізде отырып-ақ тілші-редактор-корректор-секретариат-баспахана желісі арқылы оқырмандарымыздың алдындағы міндетімізді бұрынғыша атқарып жатқан жайымыз бар. Айталық, кешегі бейсенбіде Д2 форматымен 12 бет газет шығардық. Соған байланысты мен, мысалы, 7-8 сәуір күндері үлкенді-кішілі 48 материал оқыппын. Мұны дәл айтып отырған себебім, осының барлығы компьютерімде («Входящие»-«Отправленные») қаттаулы тұр.

Рас, үйде отырған соң, кеңсеге кіріп-шығып жүргендегідей емес, жеке шаруаңмен айналыса кетуге мүмкіндігің мол. Бірақ менде қапылыс шаруалар да жоқ болып шықты. Оқу мәселесіне келсек, жаңа ештеңеге қол создым дей алмаймын. Өз кітапханамдағы дүниелерді қайта қарап шықтым. Мысалы, ағалы-інілі дерліктей Н.Чернышевский мен Н.Добролюбовтың қолымда бар, 1948 жылы шыққан томдықтарын тағы бір сүзіп өттім. «Жұмбақ жан» (Т.Әлімқұлов, 1978), «Шәңгерей» (М.Тәжімұратов, 1998) тәрізді бірқатар сауатты кітаптарға қайта үңілдім. Расымды айтайын, көркем шығармалар оқуға ықыласым болмады. Ал жазу мәселесіне келсек, жалпы мен жыл сайынғы бір айлық еңбек демалысымда ештеңе жазбаймын, оқып та жарытпаймын, адам жылына бір рет жақсылап демалуы керек деп есептейтін пенделердің бірімін. Сол себепті күні бойы үйде отыруға тура келген мына төтенше жағдай кезінде де төтенше іс бітіре қойғам жоқ.

 

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ, сыншы-қаламгер
БҮГІНГІ ЗАМАНДАСТАРЫМНЫҢ БЕЙНЕСІН ІЗДЕП ЖҮРГЕН ЖАЙЫМ БАР

«Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деген Абай- абыз, кешіре гөр, бірақ шыны керек,  жұмыр басты пендеңізге қазір бәрінен бұрын жан тәтті болып тұр. Мамандар «короновирус жүрегі әлсіздерге ауыр тиеді» депті. Бірақ онсыз да мына заман запыранынан жүрегі айнып, жүйкесі қылдай болған қаламгерлерімізге қарасақ, табандылығына тәнті боласыз. Төбесіне күннен басқасын шығармаған Алаш баласының бойында ата-бабасынан қалған жұрнағы – ұлттық рухы.  Еліміздің әр түкпірінен әріптестеріміз сол рухты, жігері жасымағандығын байқатуда. Үн-түнсіз түн қатып жүріп, түс қашып қалам тербеп жатқанына бек сенімдімін. Төрткіл дүниеде кәрі Тарих куә, сонау бір ғасырларда дүйім елді аса қатерлі оба мен тырысқақ  індеттері жаппай дендегенде Боккаччо «Декамеронын»,  Шекспир «Лир королін», Дефо «Оба жылындағы күнделігін», Пушкин  «Евгений Онегиннің» едәуір бөлігі мен ертегілерін дүниеге әкеліпті. Ал Ньютон Бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан.

Қазір жұмыр жерде, елде төтенше жағдай. Білгірлердің сөзіне қарағанда бұл – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі дағдарыс. Мұндайда…

көбіне төрт қабырғаның аясында тыныштықпен тілдесетін сәттер болады екен. Өткен-кеткенді ой таразысына салып, «жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезің» (Төлеген) туады екен. Мұндайда көз көрген, жүрек тербеген сәттердің сонау түйсік түбінен шым-шымдап шыға береді…

Соңғы кезде қабырға-кітапханамдағы сөрелерді  жиі жағалаймын. Парақтаймын. Көз жүгіртемін. Көз жүгірткенде көңіл оянады. Том-томдар… ғаламдық классика… детектив… кеңес заманындағы ноқталы туындылар… енді оның біразы айы асып, күні өткен.  Бірақ бәрібір, бір томнан бір тірі тіркес тапсаң да үлкен олжа. Әр кітап сонысымен де құнды. Ақыры келіп, қалауың түскенін байыптап оқисың.

Айтпақшы, том демекші, талай  көптомдықтарды  көріп жүрміз ғой. Бірақ солардың ішінен тебінгісі терге шіріген замандасым Қуандық Түменбайдың  6 томы көзге жылыұшырайды. Алтауы да түсі ақшылт, томпиған  бүйрекбет емес, талдырмаш жас жігіттей жұтынып тұр, әр томының мұқабасында автордың қылқаламмен салынған жігіт ағасы кезіндегі сүйкімді дидары. Осы алты  кітаптағылардың дені  маған  бұрыннан  таныс.  Кейіпкерлерінің аттарына көзіме түскеннен-ақ тани бастаймын. «Каникулды күткен қыз» хикаятындағы он балалы отбасының  алтыншысы Айгүл оң аяғы қысқа, яғни мүгедек. Әке-шешесі күзде егін жинағасын Алматыға, үлкен дәрігерге апарып көрсетеміз деген сөзін асыға күтіп жүр. Бірақ тірліктің жетегіндегі әке-шешесінің шырғалаңы бейкүнә қыздың аңсағанына кесе- көлденең тұра береді. Ақыр аяғында бәрібір сол мақсатына жеткендей болады. Бұл – жазушы жанының  бұла кезі,  балаң таза кезіндегі  туындысы. Оған куә – Айгүлдің көңіл-күйі. Ал өмірдің қайшылықтары «Біздің үйдің солдаттарындағы» ағайынды   Бердияр мен Жанайдар ара-қатынасында жатыр. Қуандықтың көп кейіпкерлері қазіргі қоғамға назалы,  ызғарлы, тіпті өшпенділікпен де қарайды. Ұлттың қасиетті деген мінезі бордай тозып бара жатыр. Қаламгер осы құбылысты бақылайды, күйіне, жаны сыздап  отыра жазады.

Дәл осы ұлттық мінез дағдарысы дарынды жазушы Көсемәлі Сәттібаевтың «Хауа Ананың көз жасы» кітабында кестеленген. Әсіресе, «Ілдебай немесе қарызға ақша іздеген қазақтың хикаясы». Көсемәлі де бүгінгі  оңтүстік қазағының мінез-құлқын лекілдетіп, буы бұрқыраған  күйі алдыңызға көлденең тарта қояды. Қазіргі қазақ қоғамын өрмекшідей торлап алған  жағымпаздықтың персонификациясын, яғни тұлғалануын сомдайды. «Ар да тозады екен, тұрмыс тоздырады екен» (Ж. Аймауытов). Көсемәлі –мысқылшы. Мысқылдаса да, шымшып қана мысқылдайды, сөйтіп отырып шағып  та алады. Кейде тіпті мазақтап кетеді.

«Адамға қажеттінің бәрі бар, бірақ бәрібір бір нәрсе жетпейді. Оның аты –рухани әлем. Ал ол рухани әлеміңіз – әдебиет. Әдебиет, жақсы, жұрт көңілінен шыққан шығарма – вируске қарсы қолданатын дәрумен, иммунитет. Ауырған жүректің одан басқа емі жоқ. Ол жағына келгенде оптимиспін, түбі кітап оқылады» деген  ақтаңгер прозашы Қуаныш Жиенбайдың қос томдығымен сырласып аламын.

Ал  қазіргі қазақ роман жанрының заманауи  класификациясын жасап жүрген, өзіндік стилі бар Жолтай Жұмат Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» қос томдығы оқырман жиі қоятын бүгінгі күннің кейіпкерлерін көз алдыңызға көлденең тарта қояды.Тұшына оқып жатырмын.

Міне, «кімді оқып жатырсыз әрі не жазып жүрсіз?» дегенге аты аталған авторларды оқып әрі осы авторлармен қоса қазіргі қазақ прозасынан  бүгінгі замандастарымыздың тұлғасын іздеп жүрген жайым бар.

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы
АУЫЛДАМЫЗ, АҒАЙЫН…

Әлем әбігер. Дүние дүрлігулі. Өркениетті елдер де, көркемниетті қазақ қауымы да коронавирус дейтұғын кесапатпен күресуде. Әрине, баршаға белгілі болғандай, темірдей тәртіп, жоғары жауапкершілік, мұнтаздай тазалық қана жеңіске жеткізер.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығы ой-санамыздағы орнықтылығынан, ісіміздегі ізгі ізінен айнымағаны абзал. Алла тағала ақырын берсін, жақсылыққа да жетерміз. Әбу Насыр бабамыз бәйекшіл парасат, әрекетшіл парасат, пәрменді парасат бәрін жеңеді деген ғой. Ал Абай Құнанбайұлы талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды қалай сіңірмек болған, Санаға? Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақты неліктен бес дұшпан деген?

Құдай да, адам да кешірсін. Кейде дәл осындай дертті – коронавирусты адамдардың – бәріміздің бұзылып бара жатқан пейіліміз бен бұрылып кеткен ниетімізге, Әл-Фараби, Абай, Ясауи қағидаларына құлақ қоймауымызға қарай әдейі төндірді ме Тәңіріміз деп те ойлайсыз-ау.

Алла ақырын берсін.

Біз бүкіл байтағымызда төтенше жағдай жарияланған тұста туған ауылымз Таупістеліге келген едік. Түркістан облысының Түлкібас (Түркібасы) ауданы ғой. Көп ұзамай, карантин жарияланды. Таупістеліде қап қойдық. Немерелер мен олардың әжесі бар. 1995 жылы Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жиырмашақты жазушы отырғызған бау бар. Шағын саяжайымыз бар. Дегендей.

Немерелерімізбен бірге балаларға арналған ертегілерді оқимыз. Шағын шығармаларды талқылаймыз. Алма, өрік, шие, алқоры – бәрі гүлдеп еді. Балтырдан қар жауып, сегізінші сәуірде бәрі үсіп кетті…

Өзім негізінен жапон әдебиетінен біраз шығармалар оқыдым. Харуки Муракамиді соңғы кездері онша түсінбей жүрмін. Бейәдептеніп, жастардың жыныстық қатынастарын ашықтан-ашық, тым тұрпайы жазатынға айналды. Алайда миллиондаған таралыммен шығып жатыпты. Бексұлтан Нұржекеев ағамыз секілді сезімталдықпен, абайлаңқырап келтірсе де болар еді. Дейміз дә. Ал біз Муракамиге керісінше, жүздеген жігіт ғашық боп, соңына түссе де, түк те көнбейтін көркем келіншек хақында хикаят жазып, «Жұлдыз» журналына жолдағанбыз. Шығатын шығар. Күтіп жүрміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір