Қаламгерлер не жазып жатыр?
12.04.2020
1465
0

КАРАНТИН УАҚЫТЫНДА ҚАЛАМ ИЕЛЕРІ ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫПТАРҒА ҚАЛАМ ҚОЗҒАП, ҚАНДАЙ КІТАПТАРДЫ ОҚУДА? ТАҒЫ ДА БІРҚАТАР ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ОСЫ САУАЛДАРДЫ ҚОЙЫП КӨРДІК.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:

ҚАЛАДАҒЫ КӨП ЖЫЛДАР ШАРШАТҚАН ЕКЕН…

Ауылдамын. Бабата деген ауыл. Алғаш Ұлы Далаға Ислам дінін әкелген Ысқақ бабты жергілікті ел Бабата деп атайды. Менің ұл-қызымның нағашыларының ауылы. Табиғат пен тариxты оқып жатырмын. Айнала ғажайыпқа толы. Жаңарған әлем. Көктем. Көкпеңбек аспан. Жап-жасыл аймақ. Төлдің жамыраған үні. Толассыз тіршілік. Құлпырған әлем. Илеуіне азық тартқан құмырсқа. Сайраған құс. Бүр жарған алуан гүл. Құлыншақтар. Сарқыраған өзен. Толқыған көл. Әсем тау. Күні бойы осы бір ғажайып әлемнің ортасында болам. Қаладағы көп жылдар шаршатқан екен. Тариx тұнып тұр. Бабата мен Баба Түкті Шашты Әзіз туралы аңызды негізге алып бір шығарма жазғам. Бұл ел Ысқақ бабтың кесенесі орналасқан жерді Әулие деп әспеттейді. Кезінде Мұxтар Әуезов осы Әулиенің кесенесіне екі мәрте арнайы келген көрінеді. «Өскен өлкеге» материал жинап жүрген кезі болса керек. Екі таудың арасында ерте заманда ерінің көзіне «шөп салды» деген жаламен тас борандатып өлтірілген Үміт деген әйелдің зираты жатыр. Ол ұзақ әңгіме. Ұлы Мұxаң әйгілі Қодар мен Қамқаның қазасына байланысты кейбір детальді осы Үміттің оқиғасынан алған деген сөз бар екен. Осы Үміт оқиғасын жазсам ба деп қоям…
Балалардың Ауылға келіп арқа-басы кеңіп қалды. Жұма сайын қалың зиратқа барып аруақтарға құран бағыштаймыз. Біз негізі бұл ауылға балалардың нағашы апасы қайтыс болып, сол кісінің «қырқын» беру рәсіміне келген едік. Алайда мына Жер әлемді жаулаған індеттің кесірінен жол жабылып Алматыға жете алмай қалдық. Десе де ауылдағы ағайын-жұртқа індеттен қорғанудың амал-айласын насиxаттап жүрген де жайымыз бар.  Бұл зиратта ел білетін Бабата әулиеден бастап Жүкел датқа, қазақтың сөз зергері Тәкен Әлімқұлов және қыршын кеткен дарынды өнерпаз Ажар Түзелбековалар мәңгі тыным тапқан. Әулиенің зиратының аумағында талай тылсым сырды бауырына басып, қыш құмыралардың сынығы шашылып көне Бабата шаһарының орны жатыр…
Індет өтер, тариx қалар. Тариxты Өнер жасамақ-дүр!

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

КӨРКЕМ ӨНЕРДІ ҮЙҚАМАҚТА ОТЫРҒЫЗУ МҮМКІН ЕМЕС

Сәуірде – қыс. Іргесі сөгіліп, сіресіп жатқан күртік бұзылды, жер дегдіп, ала қанат қырдан шұғыла жаз көрінді, қарайып… гүл жарған жеміс ағаштары дән байлады.

Құлпырды. Күн жылынып, салқын қайтты, қыс өтіп, көктем келгеніне кәміл сендік, қуандық, түн қысқарып, түн ұзарды, қарағай басына, қайың бұтағына қонған жыл құстарын көрдік.

Сөйткенде, қар жауды. Көңілді қоңылтақсытып жіберді, сәуірде түйін тастағандар күрт ызғардан үсіп, қара топырақ, құнарлы жерге құлады, жел соққанда, құйылып түсті.

Біз Ницше туралы жазып отырмыз. Тоқ өшіп қалды. Үстел басында жалқы шырақ өлмеусіреп жанып тұр. Жалын, лептен қозғалып, жайма үстінде көлеңке аунап, әлсіз билейді. Кемеңгер неміс ойшылы философиясынан дәріс оқыған Шернияз надан топтың құрбаны болады. Негізі, Батыста, интеллектуалдар ортасында  Ницше толық оқылды, түсінілді, Ницшеге деген теріс көзқарас түзетілді.

Бірақ Ницше сөзін тура мағынасында түсінетіндер әлі де көп. Жұрт Ницшені цитатадан оқиды. Бұл – ең қауіпті жол.

Үлкен шығармалар арасында шағын жанрға да қалам сілтеп қоямын. Эссе, новелла, әңгімелер.

Қауіпсіздік қамауына алынған жұрт қиын жағдайды басынан кешіп жатыр. Мен – үш-төрт жылдан бері үйдемін, шығармашылық еңбек мені биік шыңдарға, кең жазықтарға, басқа, бөтен қалаларға жетелейді, аралатады, әдеби образдың, ой-қиялдың күші зор екен, қаламның арқасында – шексіз кеңістікте еркін жүрмін, қайда барсам да – жолым ашық, көркем өнерді үйқамақта отырғызу мүмкін емес.

Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын:

ПОЭЗИЯ ТІЛІНДЕ БІР ҚОЛЖАЗБА ӘЗІРЛЕП ЖАТЫРМЫН

Мына қытайы індет – короновирус  бүкіл адамзатқа апат болып жабысқандай әсер етеді екен. Бізде де сол бәледен сақтану үшін үйде отыруға міндеттейтін карантин жарияланғаны белгілі.
Ашығын айтайын, қол қусырып қарап отырған жоқпын. Карантинсіз де құдайдың құтты күні таңғы сағат 4-5-тен ерте тұрып, компьютер алдына отырып, өзімді мазалап жүрген тақырыпта қара сөзбен де, өлеңмен де міндетті түрде бірдеңе жазатынмын. Карантин күндерінде осы дағдымнан ауытқымадым. Оларымды күн сайын өзімнің ФБ-дағы парақшамама жариялап отырдым.
Мені қатты мазалайтын бүгінгі қоғамдағы туған ұлтымыздың басындағы күрделі жағдайларды міндетті түрде жазып отырдым. Бұл күндерде көп нәрсені бітірген сияқтымын. Бәрін емес, соның біреуін айтайын.
Осыдан біраз жыл бұрын проза мен ғұмырнамалық «Ақжайлау мен Сандықтас» деген шығармамды жазуды бастаған едім. Сол шығармамды еңсеріп қалдым десем де болады. Қазіргі көлемі 400 беттей. Әлі де бірер қайнауы ішінде. Міндетті түрде бітіремін.
Кезінде Қазақ телевизиясынан «Түрік даналары» атты авторлық телебағдарлама жүргізгенім белгілі. Ол телехабарым әр апта сайын Қазақ телевизиясынан тұрақты беріліп тұрды. Барша түрік халқынан шыққан ұлы тұлғалар: Томирис, Атилла, Мөде қаған, Күлтегін, Естеми, Бумын қағаннан бастап, Мұстафа Шоқай мен Мағжанға дейінгі аралықты қамтитын 40 сериялы телехабар жасаған едім. Олар қазір «Қазақстан» телеарнасының алтын қорында сақтаулы тұр. Сондағы ұлы тұлғалар туралы кезінде үзіп-жұлып бірдеңелер жазғанмын. Соларды дамытып, толықтырып, поэзия тілінде бір қолжазба әзірлеп жатырмын. Жалпы бүгінге дейін жазғандарымды нобайлап айтсам, он томнан асады екен.
Бұл көркем шығармалардан басқа қоғамдағы келеңсіздіктер туралы жазып жүрген мақалаларымның өзі бір төбе. Қайсыбірін айтайын, басым толған идея. Соның бәрін жаза берсем деймін.
Қорыта айтқанда бұл карантиннің бір күнін де бос өткізген жоқпын…

Төрәлі ҚЫДЫР, шығыстанушы:

ЮСУФ ЧЕТИНДАҒТЫҢ «ӘЛІШЕР НАУАИ ЖӘНЕ ОСМАНЛЫ ПОЭЗИЯСЫ» МОНОГРАФИЯСЫ ЖҰМЫС ҮСТЕЛІМНІҢ ҮСТІНДЕ ЖАТЫР

Карантин басталғалы Талғардағы үйдеміз. Алматыдағы пәтерге қарағанда мұндағы жер үй ғой. Бау-бақшасы бар. Күндіз бір мезгіл соны айналдырамыз. Институттың жоспарлы жұмысын үйде отырып жасап жатырмыз. Жиналыстарға онлайн қатысып, магистранттарға да дәрсімізді қашықтан өтудеміз.
Не оқып, не жазып жүрміз? Биылғы жылы елімізде үш атаулы мерейтой өтеді ғой (Әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы және Абайдың 175 жылдығы). Осы мерейтойларға шамамыз келгенше үлесімізді қоссақ деп ұйғарғанбыз. Сондықтан да осы жылы Әл-Фарабидің өлең сөзге қатысты рисалаларын парақтап, Алтын Орда тұсында дүниеге келген әдеби жәдігерлерді зерделеуіміз қажет. Бүгінде Абай мұрасына қатысты қолжазбалар мен тасбаспаларға салыстырмалы-мәтіндік зерттеу жұмысын жасаудамыз. Уақытымыздың негізгі бөлігі соған кетіп жатыр.
Қолжазбаларды парақтаудан шаршағанда «бас жазу үшін» оқитын кітаптарымыз бар. Карантин басталғанда ирандық ғалым Казим Мұхаммадидің «Мәуләуи», «Шибли», «Ибн Араби» деген Шығыстың үш тұлғасына арналған үш кітабын шығарып қойып едік. Арасында соны қараймыз. Бұл кітаптарды осыдан он шақты жыл бұрын оқып шыққанбыз. Десек те Шығыс мұсылман танымына әсер еткен Мәуләнә Жәләләддин Руми, Әбубәкір Шибли мен Мухиддин әл-Арабиге қашанда ат басын бұрып отырған дұрыс сияқты. Сондай-ақ түріктің ғалымы Юсуф Четиндағтың «Әлішер Науаи және Османлы поэзиясы» деген монографиясы жұмыс үстелімнің үстінде жатыр.

Дайындаған Сартай БӨКЕЙ

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір