Карантин кезінде қаламгерлер не істеп жатыр?
11.04.2020
2260
0

КАРАНТИН УАҚЫТЫНДА ҚАЛАМ ИЕЛЕРІ ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫПТАРҒА ҚАЛАМ ҚОЗҒАП, ҚАНДАЙ КІТАПТАРДЫ ОҚУДА? ТАҒЫ ДА БІРҚАТАР ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ОСЫ САУАЛДАРДЫ ҚОЙЫП КӨРДІК.

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы:

«КИІЗ ҰЛТАРАҚ» АТТЫ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЭССЕМДІ ЖАЗЫП БАСТАДЫМ

 Қазіргі кезде үйде отырғанымызбен, бізде жұмыс тоқтап қалған жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, қолыма диплом алғаннан бастап журналистикаға араласпай қалған күнім  жоқ десем болады. Сол үрдіс әлі де жалғасып келе жатыр. Ал  түннің тіршілік саябырлаған шағында, таңға жуық кездегі тыныш уақыттарда  әдебиетпен оңаша қалатын сәттерімді ештеңеге айырбастаған емеспін. Сол қалыпты режим карантин кезінде де жалғасуда. Бертінде, өздеріңіз білесіздер, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы туралы көлемді мақала жаздым. Бұл әдеби эссені жазу үшін Қажығұмар Шабданұлының алты томдық романын түгел оқып шықтым. Аталған шығарма қолыма оңай тиген жоқ. Бұрын менде Қажығұмардың бұл кітаптары бар еді, үй кітапханасынан кітапты жақсы көретін адамдар алып кеткен болу керек, таба алмай қалдым да, ақын Алмас Ахметбековтен сұрап алдым. Романды оқып шығу көп уақытымды алды, бірақ рахаттанып оқыдым.

Тұтас халық туралы ештеңе айтпай қояйын, ал әдебиетшілер, жазушылар, әдебиеттанушылар бұл алты томды міндетті түрде оқуы керек деген ойға келдім. Бұрынғы оқығаным басқа, кейінгі қайталап, еске түсіріп оқығаным маған өзгеше әсер етті.  Шығарманың ғажап жазылған тұстары көп. Әрине, біздің менталитет үшін оғаштау, түсінуге ауырлау тұстары да бар. Себебі туынды қытайдағы өмір туралы, ондағы қазақтардың өмірі мен олардың  өзге де ұлт өкілдерімен араласқан кездегі тұрмыс-тіршілігі жайында жазылған.  Кей жері жанымызға жақын, ал кейбір детальдарды түсіну үшін біраз тарихты да шолып шығуға тура келеді.

«Қылмыс» романы – әлем  әдебиетінің қорына ұялмай ұсынуға болатын шоқтығы биік туынды. Әрі қазақ әдебиеті тарихындағы көлемі жағынан алты томды еншілейтін жалғыз роман. Әдеби талаптардың байырғысына да, жаңашыл үлгілеріне де, түрлі «измдерге» де толықтай жауап бере алатын бірден-бір  туынды да осы «Қылмыс» романы.

Қажығұмар ағамыздың бұл шығармасын  оқыған адам өзгереді.  Ұлтына, ұлтының болмысы мен мінезіне қатысты мәселелерде өзі үшін көптеген жаңалық ашады. Және, әдеби эссемде жазғанымдай, бұл кітаптың ең басты ерекшелігі – бір жерін өмірде болғандай етіп жазып, екінші бір жерін саясаттан, тіпті қоғамдық пікірден деуге болады, қорқып «қисайтып» қойған тұсы жоқ. Осындай ақиқатшылдығымен де зор құндылыққа ие.

Романның көркемдігі туралы сағаттап, таңды таңға ұрып әңгімелеуге болады. Ол жағынан қазақ әдебиетіндегі біршама айтулы шығармалардан озық тұстары көп екенін байқадым. Алты томдық роман хақында бұлайша егжей-тегжейлі айтып отырған себебім, туындыны парақтап қана оқып шыққан жоқпын, бойыма сіңіріп оқыдым. Әр томның, әр тараудың  керемет тұстары, керемет детальдары бар, бірақ оның әрбірін тізіп отыруға мақаламның көлемі көтермеді, әрі ондай пікірлерімді қазіргі әдебиетшілер оңай қабылдай қоймайтынын сездім. Сондықтан да жұқалап қана мақтауға тырыстым. Әйтпесе, тереңдеп барып талдаса, бұл шығарма – телегей теңіз іспетті.

 Карантин мезгіліндегі уақытымның көбі осы романды оқып, талдап, мақала жазуға кетті. Одан кейін біраз күн демалып алдым, бақшаның жұмыстарымен айналыстым. Өзім еккен алма, өрік талдарды бұталап, қурап тұрған бұтақтарынан арылттым.

Тағы біраз демалам ба деп ойлаған едім, ойымда жүрген тақырып қоймай жазу үстеліне отырғызды. Яғни Ақселеу Сейдімбек ағамыз туралы «Киіз ұлтарақ» деп аталатын этнографиялық эссе жазып бастадым. Ең алғаш Ғабит Мүсірепов қалам тартқан бұл жанр бізде сирек кездеседі. Ақселеу аға жазған этнографиялық эссенің көркемдігінен танымдық жағы басымдау.  Жазғалы отырған мақаламда әдебиет айналасындағы көптеген мәселелерді қозғап, біршама сұрақтарға жауап беруге тырысам. Қазақ әдебиеті неден ақсап жатыр, неден өсіп-өркендей алмауда? Жалпы, біздің қоғамның, биліктің әдебиетке деген көзқарасы қандай? Әдебиетке деген көзқараста өзгеріс бар ма? Ең басты айтайын дегенім, қазір «жазушы өзі үшін жазады» деген пікір айтылып жүр, осы түсінік маған онша ұнамайды. Мақала барысында осы ұйғарымға да ой қосуға талаптанып отырмын. Жазушы ешқашан өзі үшін жазбайды, неге олай екенін батыл түрде айтамын. Аталған сұрақтарға жауап бір жағы Ақселеудің көзімен, бір жағы менің көзқарасыммен этнографиялық эсседе қамтылады. Бойымыздағы кейбір қызық мінездеріміз, қызық болмыстарымыз да аталған дүниеде көрініс таппақ.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА, жазушы:

НИЕТ ЕТСЕК, ЖЕҢЕМІЗ

Айналамыз у-шу, базар болып шалықтап жүргеніміз кеше ғана еді. Тасқын судай шалқыған көңіл енді үрейден үрпиіп отыр. Бұл да бір қапы кезең шығар. Тілек кеміс болмаса, ниет оңдалса – заманның  сүреңі түзелер. Құлғанадай қадалып қалмас. Балаламас, жұтатпас.
Әзірге қара халықтың теңі ауа қойған жоқ. Қалыпты тіршілік. Артық-кем айтылып жатқан сөздерге  (әлеуметтік желідегі) сырттан жұдырық көрсетіп қойып отырмыз. Үйге кіріп-шығып жүретін дос-жарандардың, туған-туыстардың аяғы тиылып қалды. «Оңаша болсам талай істің басын қайырып тастаймын» деу де артықтау екен. Дағдару басым. Осылай болды деп сарғайып та отырғамыз жоқ, әрине. «Аруна» баспасының балаларға  арналған 8 суретті кітапшасын орыс тілінен қазақшаға аудардым. «Мизам» деген беймәлім планетадағы балалар өмірі туралы. Әңгіме түрінде жазылған ереже нұсқаулықтары өзіме ұнады.
Үйде көмбеге 10 мың теңге қойып, Мұхтар Шахановтың «Танакөз»  поэмасын 3 сағат ішінде жаттап, мәнерлеп оқудан байқау өткізіп едік, екі қолымды  сермелеп, бастан дәурен кеткенін ұқтым. Мықтымсынғаным далбаса екен. Балам ұтқан 10 мың теңгеме де ептеп ішім ашып қалды.
Астанада тұратын, 4-сыныпта оқитын немерем Кәусар Нұр Домбайжы деген автордың «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі», «Қабағы тұнжыр балақай» деген кітабын оқыңыз, содан кейін соған ұқсас әңгіме жазыңыз деп тапсырма беріп еді, орындай алмай жүрмін.
Балалар әдебиетінің өткен жылы жарық көрген оншақты кітабын оқыдым. Өмірге қуанып келген кітаптар екен. Мойны, басы былқылдаған бос емес. Көрген көз сүйсінеді, жаның ләззат алады.
Балалар әдебиеті есігінің топсасы босап тұр деп оқымағандар айтатын секілді. Шегесі нық екен. Соны ұғындым. Әр істің қайыры бар деген осы шығар.

 

Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын:

РАХМЕТ АЯПБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ ҮШ ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫН БАСПАҒА ДАЙЫНДАУДАМЫН

Мен өзі былайғы кезде де бос отырмайтын, үнемі бірдеңе түртіп, бірдеңе оқып жүретін адаммын ғой. Сондықтан мынадай кезде де қарап жатпауым табиғи шығар.
Карантин басталғалы  ауыз толтырып айтар ісімнің бірі − «Алтын бесік» журналын шығарысуым дер едім. Бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан шығарылып, әлемдегі қазақ диаспорасына тегін таратылатын бұл журналға ел ішінде жазылу жүргізілмейтін. 2017 жылы Қауымдастық Астанаға көшіп, қызметкерлерінің бөлініп қалуы себепті сол жылдың маусым айында соңғы рет жарық көріп, тоқтап қалған бұл журнал осы жылдың ақпан айында «Ұлт мұраты» қоғамдық қорының меншігіне өтіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде қайта есепке алынған-ды. Елімізге және жақын шетелдерге таратылуы жолға қойылып жатқан осы журналды жаңа форматта қайта шығаруға атсалысып, Талғар қаласына барып үш тәулік бойы жұмыс істедім. Екі саны біріктіріліп шығарылып отырған басылымға мақалалар жазып, авторлардан келген материалдарды сұрыптап, дайындастым. Елге, ұлтқа қатысты түрлі жанрда жазылған шығармаларды топтастырдық. Жаман шықпаған сияқты.
Ал шығармашылыққа келсем, ойда жүрген әдеби тақырыпқа бірнеше мақала жазып қойдым. Өлеңдер жазылып жатыр. Сонымен бірге өткен жылдың соңында кітап болып басылып шыққан Серік Байхоновтың «Алтай асу» атты этно-романын оқып шықтым. Алған әсерімді алдағы кезде жазам ба деген ой бар. Сондай-ақ көрнекті қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясын қайта парақтап жатырмын. Бұл роман туралы да жазуға дайындалып жүрмін.
Сосын тағы бір айта кететін жайт, 58 жасында өмірден өткен ақын, Төлеген Айбергеновтің шығармашылығынан алғаш кандидаттық диссертация қорғаған әдебиетші ғалым Рахмет Аяпбергенұлының үш томдық шығармалар жинағын баспаға дайындап жатырмын. Бірінші томы дайын болып қалды.
Білгенге мына жағдайдың өзі уақыттың қадірін сездіріп жатқандай ғой, сондықтан әшейінде жазуға уақыт жоқ деп жүретін қаламгерлер қауымы осы мүмкіндікті жақсы пайдаланып қалса екен деймін. Кез келген қиындықтың өзін пайдамызға жарату өз қолымызда.

Ырысбек ДӘБЕЙ, жазушы:

ҮШІНШІ РОМАНЫМДЫ ЖАЗУҒА ДАЙЫНДАЛЫП ЖҮРМІН

Әрине, елдегі, әлемдегі жағдай бәрімізді де алаңдатады. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Тіпті күнделікті ішіп-жейтін ас-суға қолдары жетпей отырған тұрғындар барын ақпараттардан көріп отырмыз. Апатқа қаншалықты дайын екенімізді өмір өзі көрсетті. «Цифрлы Қазақстан» деген секілді ірі қаржы бөлінген үлкен жобалардың шынайы көрінісі ашылды. Шын мәнінде бұл тұрғыда әлі де жүйелену керек жұмыстар көп екеніне көзіміз жете түсті. Ештеңеге дайын емес, ешқандай «қауіпсіздік қамалдары» қалана қоймаған біз секілді елдерге бұл індеттің аса ауыр тиіп жатқаны рас.
Ал «үйқамақта» отыру маған аса сезілмейді. Бұдан бұрын да жеке шығармашылықпен үйде көп отырдым. «Жылқы атылған жаз» романын жазу барысында бір жарым жыл, «Қоңыз» романын қолға алғанда бір жарым-екі жылдай  жұмыстан тыс үйде болдым. Карантиндік режим жарияланғалы бері Камюдің «Обасын», «Бөгдесін», Ремарктың шығармаларын оқыдым. Және біраз фильм көрдім. Үшінші романды жазуға дайындалып жүрмін. Соған материалдар қараймын, жинақтаймын.
Әйгілі психолог-филосф Виктор Франклдің  адамдардың  бос, өзімен-өзі қалған сәттегі психологиясын сипаттайтын «Жексенбілік невроз» деген «диагнозы» бар. Ондай кезде адам ішімдікке салынып, тіпті өзіне қол жұмсауға дейін барады екен. Адамды ол тектес келеңсңздіктен сақтайтын жалғыз нәрсесі рухани негізі көрінеді. Енді біз сол «аштықпен» айналысуымыз керек шығар.  «Карантиндік невроз» әркімге ауыр тиіп жатқаны әлеуметтік желілерден  байқалады.

 

Қойшыбек МҮБӘРАК, жазушы:

 КАРАНТИН АЯҚТАЛЫП, КӨҢІЛ-КҮЙ ОРНЫНА ТҮСКЕНДЕ ҚАЛАМДЫ ҚОЛҒА АЛАТЫН ШЫҒАРМЫН

Қытайдан бастау алып, әлемдік індетке айналған коронавирус жұрт қатарлы мені  де үйіме тықты.
Карантин басталғалы үйде жатырмын. Бұрындары «қол-аяғы бүтін, ақыл-есі сау ер адам үйден шықпай қалай жатады?» деп ойлаушы ем. Енді өз басыма келіп жатыр. Қол-аяғым бүтін… Ал қалғанын Құдай білсін.
Үйде қамалып жатқан біраз қаламдас достарымыз қызық көріп шаштарын сыпырып жатыр. Ол дүрмекке ере алмадым. Ақылым асып ермегенім жоқ… Жұрт құсап қырып тастадық деп сүйіншілеуге Қанағаң – Қанағат Әбілқайыр екеумізде шаш жоқ. Қой деп, соңында баяғыда кезбе кезімізде барған бір жерлерімізден бірер фото бар екен, соны әлемжеліге жүктедік.
Одан тыс, басын бастап, «қойшы осы да шығарма ма» деп лақтырып жіберген біраз кітапты оқып тастадым. Үйде бар кітапты қайталап қарап шығып, енді электронды кітапқа ауыз салып жатырмыз.
Қанша жерден шығармашылық адамымын дегеніммен осы карантинде ешнәрсе жазбадым. Расында жаза алмадым. Оны қойып, бұрындары бастап қойған дүниелеріме де қалам тарта алмай жүрмін.
Мүмкін карантин аяқталып, көңіл-күй орнына түскенде қаламды қолға алатын шығармын. Әзірге онлайн сабақ… Мектеп қадірін біліп жатырмыз. Балаларды оқытудың жыры. Цифрлы Қазақстанның сыйқырлы интернеті жетпей үйдегі төрт оқушымен бірге қабырға жағалап, төбеге өрмелеп интернет іздеп жүрміз…

 

Анар ҚАБЫЛҚАҚ, әдебиеттанушы:

 ОҚШАУЛАНУ АРҚЫЛЫ ОЙЛАНУҒА МҮМКІНДІК ТУДЫ

Бүкіл әлем қазір қауіпті вирустан оқшауланып үйде отыр. Алпауыт зауыт-фабрикалар мен тоқтаусыз жүйткіген транспорттардың бір мезгіл үні тыншып, Жер-Ана тыным алып қалды.
Адамзат осы кезге дейін суды лайлап, ауаны ластап, жер бетін қоқыстан аяқ алып жүргісіз етті. Параллель тіршілік кешіп жатқан жан-жануар, өсімдік әлемін кері ысырып тастады. Қару-жарақ саудасын қыздыру үшін соғыс ашып, әлемдік ақша айналымын үзбеу үшін жалпыадамзат игілігін тәрк етті. Жаңа технологиялар жетіле түскен сайын адам баласы өз басы өзінде иелігі жоқ тіршілік иесіне айналып келе жатқан.
Ал енді қазір осының барлығы туралы ойлануға мұрсат берілді. Осы бізге маңдайға жазылған аз ғана ғұмырымызды тыныш кешіп, мәңгілік дүниеге ың-шыңсыз аттанып кете беруімізге не кедергі? Адамға гармонияда өмір сүру үшін көп нәрсе керек пе?! Қу жанталас, тынымсыз дедек түбі қайда апарады?
Бүкіл әлем ешқандай зілзала, соғыссыз осындай өзгешелікті басынан кешіп отыр.  Үйде оқшаулану арқылы ойлануға мүмкіндік туды. 
Қазір біршама уақыт өткенде, көретін киноны көріп, оқитын кітапты оқып тастадық. Небір дәмді тағамдар әзірлеп, одан да жалықтық.  Таза ауа, дене қозғалысы болмаған соң, ағзамыз қоректі қабылдағысы келмейді. Әлеуметтік желілер арқылы айтылатын әңгімелер де таусылды.
Жалығу, жеру  – адамға тән қасиет. Ойлану арқылы жаңа идеялар, жаңалықтар ашу да адам баласына тән. Өмірді өзгертудің басы осы.
Бұған дейін біз жұмыс, ақша деп жанталастық. Енді жанымыздың табиғатпен, отбасымен, қоғаммен қарым-қатынасы үйлесімділігін жоғары қойсақ қайтеді?
Карантиндеміз. Күндеріміз ноутбук, телефон арқылы жұмыспен өтіп жатыр.
Абайды оқып жүрмін. Жазсам деген ой бар. Ең бастысы, осы індеттің арты жақсылық болса екен, Жер-ана мен адам баласы қақтығыссыз бір ымыра тауып, үйлесімді тіршілік арнасына түссе екен деген тілек қана бар.

Есбол НҰРАХМЕТ, жас жазушы:

 БІР КӨЛЕМДІ ШЫҒАРМАНЫ ОЙША ПІСІРУ ҮШІН ІЗДЕНІС ҮСТІНДЕМІН

Карантин – ол демалыс емес екенін түсіндім. Жалпы, бұл да бір толқынысты сәт, «ел не болады?»,  «тірлік, тоқтап қалған жұмыстар не болады?» деген уайым болды алғашында. Сол уайыммен көп нәрсеге назарым да шоғырланбай қалды ғой деймін. Алғашқы апталар бұрыннан көрсем деп жүрген киноларға жұмсалды. Интернет оған да мүмкіндік бермей қойған сәттен кітап оқу басталды. Аяқталмай қалған бірнеше романның соңғы беттерін тәмамдадым, Камюдің «Обасы», Мо Яннің «Шарап елі», Орхан Памуктың «Ақ қамалы» болатын. Одан соң көбіне тарихи, саяси-әлеуметтік тақырыптардағы ғылыми және танымдық кітаптарға назар қойып жатырмын. Қазіргі сәтті түсіну үшін, ертеңді бағамдай білу үшін солар керек секілді. Оның үстіне, саяси-әлеуметтік ахуалды жанама суреттейтін, негізгі тіні адам жанын, психологиясын негіз еткен бір көлемді шығарманы ойша пісіру үшін де көп нәрсе оқу керек болды. Бұның сыртында бір новелла жаздым. Новеллалар жинағымды баспаға дайындаған болдым, осы карантин аяқталса баспадан шығып, оқырмаға жол тартады деп отырмыз.

Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын:

БАР НӘРСЕНІ ТҮГЕНДЕП, ШАШЫЛҒАН ДҮНИЕЛЕРДІ ЖИНАСТЫРЫП ЖАТЫРМЫН

Карантин маған, менің оқуыма, менің шығармашылығыма анау айтқандай әсер етіп жатыр деп айта алмаймын. Күнделікті өмір сүру салтым қалай болды, солай жалғасып жатыр. Әрине, індетті жұқтырушылардың қатары күн санап толығып жатқанына ел қатарлы алаңдап отырамыз. Көңіліміз күпті кезде алаңсыз оқу, жаңа нәрсе білуге деген ынтаның оянуы қиын деп ойлаймын. Сол себепті бар нәрсені түгендеп, шашылған дүниелерді жинастырып жатырмын. Антикадан бүгінге дейінгі xронологияны бір реттеп алуды ойлап отырмын. Кезегін күтіп бірнеше кітап тұр сөреде. «Карантин» деген аты болмаса, уақыт өтпей жатқан жоқ. Көрген-білгенімізді басып жеп, өзіміз ғана талғажау етейік деген ниеттен іргені алшақ салмаққа, «Телеграмм» әлеуметтік желісінде канал ашқанмын. Ол жерде де дәуір бөлгіш кітаптар туралы, жазушылар туралы азды-көпті пікірімізді жазып тұрамыз. Элиоттың «Шөлінен» кейін аудармаға көп жолағым да келмеді. Дегенмен бірді-екілі ұнаған өлеңдерді орыс тілінен қотарып қойдық. Күні кеше Лисо лақап атымен танымал Ли Шуминь есімді сюрреалисть қытай ақынының «Карантин» атты өлеңін қазақшаладым. Ауру ошағының дәл ортасындағы аураны жеткізгендей көрінді. Уақыт шығарып, жеке шығармашылықпен де айналысып жатырмыз. Әйтсе де, пандемиядан кейін мына әлемнің бұрынғыдан өзгеше тыныстайтыны, бәлкім өнердің де өзге бағыттарының туатыны ойлантады…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ,  жазушы:

 БҰЛ КЕЗЕҢ ӘДЕБИЕТТЕ ӨЗ ІЗІН ҚАЛДЫРМАЙ ҚОЙМАЙДЫ

Әлемде тіршілік тоқтап қалған секілді. Дүние жүзінде бір сәттік үзіліс жарияланғандай. Менің көз алдыма скамейка елестейді. Адам жаяу серуендеп жүріп ойлаған ойларының бәрін көбіне скамейкаға отырып бір түйіндеп алады. Бәлкім шылым тұтатар… Карантин кезеңі адамзаттың ұзақ жолдан кейінгі скамейкаға жайғасуы іспетті мен үшін. Өткенін түгендеп, бүкіл жүріп өткен жолын осы тұста бір түйіп отыр.
Экономикалық тұрғыда карантиннің қаншалықты зиян келтіретіні маған белгісіз. Ал рухани дүние тұрғысынан біршама бойкүйездікке бой алдырсақ та, өнер үшін, әдебиет үшін маңызды түйін болмақ. Мүмкін болашақта  «Карантин кезіндегі әлем әдебиеті» деген өзінше бір әдеби кезеңге айналар. Оның біршама белгілерін қазірден-ақ топшылауға болады.
Мысалы, бұл кезең әдебиетінде депрессия мен жалғыздық күйі көп суреттелер. Отбасындағы құндылықтардың, ерлі-зайыптылар арасындағы сезімдердің сынға түсуі жайында сөз қозғалар. Бұл әрине менің болжамдарым. Осы бір авторлық болжамдар ішінде бір нәрсені ерекше айтқым келеді. Карантин кезеңі әдебиетінде өмірдің тәттілігі, анығында адам жанының тәттілігі көп айтылатындай. Себебі аурудың сізге қайдан жұғары белгісіз. Жан-жағыңыздан анталап  ажал тұрғандай.
Вирустың адам бойында 14 күн бойы жасырынып жата алатыны, осы екі апта ішінде оның өзгелерге де оңай жұғатыны рас болса, карантин кезеңі әдебиетінде «жауапкершілік» тақырыбы да көп қозғалатын шығар.
Қалай дегенмен де, бұл кезең әдебиетте өз ізін қалдырмай қоймайды. Бәлкім адам құқығы, еркіндігі талассыз бірінші орынға шығып кеткен демократиялық қоғамның құндылықтарын қайта қарастырармыз…

Дүние тыныш кезде тірлігімізден тыныштық кететін. Қазір дүние дүрбелеңге түскенде тіршілігіміз тынышталып қалды.
Құдай уақытты үйіп-төгіп бере салғанда, абдырап қалып едік. Қазір бойымыз үйреніп, түртіп қойған тақырыптарды ақтарып жатырмыз. Сол тақырыптар ішінен бүгінгі көңіл күйге жақындау біріне отырдым. Вирус, карантин тақырыбына қатысы жоқ шығарма.

Бүгінгі ізденісіме келсем,
 «Канн» фестивалінің фильмдерін шолып,
Стендальдің, Булгаковтың кітаптарын оқудамын.
Б.Майлин шығармашылығы турасында диссертация жазып жатырмын. Стендаль да, Булгаков та осы еңбек үшін.
Бары осы.

Дайындаған Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір