Айнұр ТӨЛЕУ, ақын: БАҚСЫ БОП КӨРГІМ КЕЛЕДІ…
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Адамның басты қасиеті – ар. Өз арыңның алдында адал болсаң, еңсең түспейді. Кібіртіктемейсің, көлгірсімейсің. Тік қарайсың.
– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?
– Егер еркек болсам, жауап берер едім. Әдетте әйелдер ер азаматтарға талап қойғыш келеді. Талап пен қасиетті ажыратып алу керек.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Өзіңіз сұрап отырғандай ол – ұғым ғана ғой. Бәріміз осы ұғымды жасау үшін бір жаққа қарай асығып бара жатырмыз. Бәлкім асыға алатынымыздың өзі бақыт шығар.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– «Нақұрыстағы» Настасья Филипповнаны жақсы көрем (Ф.М Достоевский) «Әкелер мен балалар» романындағы (И.С.Тургенев) Евгений Базаров ұнайды. Екеуі де мінезді кейіпкерлер.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Эмоцияға тез берілемін. Тез ашуланам.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Осы сұраққа өмір бойы жауап бере алмай келем. Менде бос уақыт жоқ.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Екінші рет келгім жоқ. Бір сәттік сезім – тәтті. Екінші рет қайталанбайтын оқиғалар – мағыналы. Өмір де қайталанбаса – құнды.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Америкада
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Бақсы боп көргім келеді.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Шаршаған кезде.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Сенбесем бір күн де өмір сүрмес едім.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Өзіммен тең дәрежеде сөйлесе алатын, мұңдаса да алатын, ақыл қосатын робот ойлап табар едім.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Мен жүрген жерде жиіркенішті заттар да, адамдар да жоқ екен. Сондықтан есіме түсіре алмай отырмын.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– И.В.Сталин
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Не ексең, соны орасың».
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Бұрын жылаңқы болғам.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, аузымен орақ орған өңкей қыртың»
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Бұрын өмір сүрген жоқпын ғой. Сондықтан жауап беру қиын. Кітапқа сенер болсақ, жауыздық баяғыдан бар. Өтірікшілер мен аярлар да бұрыннан келе жатыр.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім?
– Ақындардың өлеңін алдыма жайып жіберіп, талдау жасап шықсам, айтар едім. Ондай анализ жасағаным жоқ. Маған ұнаған ақын мықты дегенді білдірмейді ғой.
– Мықты жазушысы ше?
– Бұл сұрақтан да жалтаратын болдым.
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Жастар соны сүрлеу салса екен деп ойлаушы ем. Бірақ олар да сол баяғы салынған жолмен, өзіне белгіленген образды сомдап өтіп бара жатқан сияқты. Белгіленіп қойған образды сомдау оп- оңай ғой. Оңайды таңдадың деп ешкімді жазғыра да алмайсың.