АБАЙ ТОЙЫ ӘДЕБИЕТІМІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?
04.04.2020
917
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хакім Абай хақындағы мақаласында қозғалған мәселелер көзі қарақты жұрттың назарынан тыс қалмады. Зиялы қауым өкілдері осы дүние төңірегінде өз көзқарастарын білдіріп, ұлы ақынның 175 жылдығы қарсаңында түрлі ойлар талқыға түсті. Солардың бірі – белгілі жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың ой-толғамын назарларыңызға ұсынамыз.

Той үстіндегі ой

Қазіргі кезде еліміз ұлы ақын Абайдың туғанына 175 жыл толуын жалпыұлттық мереке ретінде атап өтуде. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай Құнанбайұлының ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз», – деп атап көрсете келіп, ақын мұраларының қазақ елінің болашақтағы дамуына үлкен үлес қоса беретініне кәміл сенім білдірді. Президентіміздің ұлы ақынға деген бұл ілтипаты мен сенімінің астарында сөз өнерінің құдіреті мен оның қоғамдық ортаға жасайтын ықпалын жоғары бағалаған шынайы құрмет жатыр. Бұл ілтипат пен құрмет қазіргі бүкіл ақын-жазушыларымызға үлкен жауапкершілік пен салмақты міндет жүктейді.

 Абай тойы – ең алдымен әдебиет тойы. Соған байланысты «ұлы ақынның бүгінгі мерекесі ұлттық әдебиетіміздің ертеңгі дамуына қандай ықпал жасайды?» деген сұрақ та туындайды. Осы сұрақтың жауабын қазірден бастап ойластыра берген дұрыс. Бұл ретте, Абай ақынның бос мақтанға салынуға барынша қарсы болған, өзі өмір сүрген замандағы толып жатқан кемшіліктерге жаны ауырып, ол кемшіліктерден арылудың жолын іздеп, бағыт-бағдар көрсеткен ерекше тұлға екендігін ешқашан ұмытпау керек. Ұлы ақын қалыптастырған сол дәстүр бүгін де өз жалғасын тапса дейміз. Сәл бірдеңе болса, қызыл сөзге салынып, босқа мақтана бермей, кемшін тұстарымызға да назар аударып, одан арылудың жолдарын қарастырған жөн.

Яғни, бүгінгі ұлттық әдебиетімізде жетіс­тіктермен қатар қандай өзекті мәселе­лер мен кемшіліктер орын алып отыр, оларды реттеп, бір жүйеге түсіру үшін не істеу керек? Ұлы ақынның мерейтойы кезінде бұл мәселе де назардан тыс қалмай, ортаға қойылып, талқыға түсуі өте қажет.

Бүгін осы жөнінде азды-көпті ойларымызды ортаға салсақ дейміз.

Жазушылар көбейді, оқырмандар азайды.
Неге?

Нағыз жазушы үшін ең басты құрмет – атақ та, марапат та емес, айтқан сөзінің, қағазға түсірген ой-толғамдарының халыққа жетуі, барынша көбірек оқылуы, сөйтіп жұртшылықтың жан дүниесіне, сезіміне әсер етуі. Осы жағдайда ғана қаламгердің еңбегі яғни көркем әдебиет халықтың ұлттық санасын, ұғым-түсінігін, өз еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастырады. Бұған ежелгі грек, рим заманынан бастап, адамзаттың сан мың жылдық тарихы айқын дәлел. Қазақ халқының да небір қиын кезеңдерде жан-жаққа шашырап кетпей, басы бірігіп, жеке ұлт ретінде қалыптасуына әдебиетіміз, нақтырақ айтқанда, сан салалы ауыз әдебиеті үлкен ықпал етті. Өткен ғасырдағы отаршылдық саясаттың салдарынан ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгенде, қазақ халқының ең асыл қасиеттері – ана тілінің сұлулығы мен көркемдігі, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпының жарқын үлгілері, ата-бабаларымыздың өз елін шексіз сүйген махаббаты мен ерлікке толы шежіресі Абай шығармаларынан бастап, көптеген қаламгерлеріміздің сан түрлі туындыларынан жарқырап көрінді. Жұртшылық қазақ қаламгерлерінің осы шығармаларын оқып, өз ұлтының өткен тарихына деген сағынышын басты, болашаққа деген арман-үмітін де осы көркем әдебиеттен іздейтін болды.

Нәтижесінде сексенінші жылдардың аяғына дейін қазақ жазушыларының шығармаларына деген сұраныс барынша жоғары болды.Қаламгерлеріміздің шығармалары 30 мыңнан 50 мыңға дейінгі таралыммен жарық көріп, олардың басым бөлігі кітап дүкендері арқылы саудаға түсіп, жұртшылыққа кең тарады.

Жаңа ғасырда қазақ қаламгерлерінің оқырмандары бұрыңғыдан да көбейе түсуі керек еді. Өйткені тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тіліне ерекше назар аударылды. Қазақстандағы қазақтардың саны да артып, 12,5 миллионға жетті. Қазақ тілінде білім алушылар да бұрын-соңды болмаған қарқынмен көбейді. Қазір елімізде 2 миллион 516 мың бала қазақ тілінде білім алады. Арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы студенттердің де басым бөлігі қазақ бөлімдерінде оқиды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүше­лері де 80-жылдармен салыстырғанда үш есе көбейді.

Міне, осы жетістіктер халықтың қазақ әдебиетіне деген ынта-ықыласының артып, оқырмандардың молая түсуіне ықпал етуі керек еді. Бірақ қазір жағдай мүлдем керісінше, оқырмандар қатары бұрынғыдан әлдеқайда сиреген, қазақ тіліндегі кітаптардың таралымы барынша азайған. Мұны ақын-жазушылардың өздері де ашық мойындап, өкініш-реніштерін бұқаралық ақпарат құралдарында айтып та, жазып та жүр. Нақтылап айтқанда, мемлекеттік тапсырыспен ең көп шығатын кітаптың таралымы 2017 жылға дейін екі мыңмен ғана шектелді. Қазір бұл көрсеткіш бес мыңға жетіп отыр. Мұндай таралым оқырман сұранысын толық қанағаттандырады, жазушының еңбегін жұртшылыққа жеткізіп, насихаттауға айтарлықтай ықпал етеді деу қиын. Өйткені бес мың таралым еліміздегі кітапханалардың үштен біріне ғана жетеді. Ал кітап дүкендеріне олардың бірде-бір данасы түспейді.

Автордың қаржысымен, немесе түрлі демеушілердің көмегімен жарық көретін кітаптардың таралымы үш жүз данадан басталып, ең асып кеткенде бір мың таралыммен шектеледі. Және ол кітаптардың көбі ешкімге керек болмай автордың үйінде босқа үйіліп жатады.

Біздегі кітап дүкендерінде Ресейден шыққан кітаптар қаптап тұрады; оларды алып жатқан оқырмандар қарасы да көп. Ал қазақ жазушыларының шығармалары мүлдем көрінбейді; бірен-сараңдап көрінсе де, дүкеннің бір бұрышында елеусіздеу жетімсіреп тұрады.

Бір сөзбен айтқанда, қазір қазақ тілінде оқи алатын халық та, қазақша жазатын жазушылар да көбейген, ал оның есесіне қазақ тілінде шыққан кітаптардың оқырмандары барынша азайған.

Ал сонда оқырмандардың азаю себебі неде? Біздің ойымызша, себеп бірнешеу.

Оның ең біріншісі – сапасыз кітаптардың көбеюі.

Баяғы біздің жас кезімізде кітап шыға­рып, жазушы атану ілуде біреудің маңдайына жазылып, бойына даритын дарын-қабілет сияқты көрінетін. Ал қазір кітап шығарып, жазушы атану – атақ-даңққа жетіп, өзін керемет етіп көрсетудің ең оңай жолына айналған. Яғни, кез-келген адам ойына келген бір нәрселерді жазып, кітап етіп шығарса, ол кітабы үлкен көлемді, қалың мұқабалы болып, сыртында аты-жөні әдемі бояумен жылтыратып жазылып тұрса, өте зор жетістік, даңқын асыратын үлкен табыс ретінде саналады. Ал сырты жылтыраған бұл кітаптың ішінде не бар, ондағы дүниелерді жұрт сүйсіне, қызыға оқи ма, жоқ, әлде «мынаны жазған кісінің есі дұрыс па, көркем әдебиет деген осындай бола ма?» деп лақтырып тастай ма – ол мәселе авторды мүлдем ойландырмайды.

Ал жазу мүлдем қолынан келмей, ең болмаса, дұрыс сөйлем құрауға да шамасы жетпесе, азды-көпті ақша төлесе, кітап жазып беруге дайын «көмекшілер» де табыла кетеді.

Қаламгерлік дарын-қабілеттен жұрдай жалған жазушылардың көбейіп, олардың көркемдік дәрежесі ешқандай сын көтер­мейтін, оқырмандарды қызықтырудың орнына түңілдіретін сапасыз кітаптарының қаптап жарық көруі халықтың көркем әдебиетке деген ынта-ықыласын барынша төмендетті.

Жазушы және кітап нарығы

Оқырмандардың азаюының екінші себебі – кітап шығарып, таратуды қазіргі нарық қатынастарына бейімдей алмаудан  туындайды. Қазіргі заманда бүкіл әлемде кітап саудасы – бизнестің ең тиімді түрінің бірі. Яғни, кімнің кітабы ерекше сұранысқа ие болып, неғұрлым көп таралса, оның «мықты жазушы» деген атағы да шығады, қаламақысы да көбейіп, жағдайы жақсарады. Осыған орай, көптеген елдерде жазушылардың табысы айтарлықтай жоғары. Жақында ғана баспасөзде 2019 жылы кітаптан ең көп табыс тапқан жазушылардың тізімі жарияланды. Тізімнің ең басында бір жылда 92 миллион доллар кіріс кіргізген ағылшын жазушысы Джоан Роулинг тұр. Екінші орынға 70 миллион доллар табыс тапқан АҚШ жазушысы Джеймс Паттер көтерілген. Бұлардан кейін бір жылда 10-20 миллион доллар қаламақы алған біраз жазушылардың аты аталады.

Көрші Ресей қаламгерлерінің де еңбегі жоғары бағаланады. Мысалы, өткен жылы Алматы қаласында өткен сатирик жазушы Михаил Жванецкийдің шығармашылық кешіне кіру билетінің бағасы 15 мың тенгеден 50 мың теңге аралығында болды.

Ал біздің жазушылар, кемінде, бір жыл бойы тапжылмай отырып, көз майын тауысып, көлемі жиырма-отыз баспа табақ роман жазып, ол шығармасы қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару бағдарламасы бойынша кітап болып шықса, алатын қаламақысы 200-300 мың теңге төңірегінде ғана. Яғни жазушы бір жыл тынбай жұмыс істегенде айына 10 мың теңгедей ғана табыс табады.

Міне, осындай жағдайда «Шетел жазу­шы­ларының қазақ қаламгерлерінен несі артық?» деген сұрақ еріксіз туындайды. Былайша қарасаңыз, ештеңесі де артық емес. «Қазақ әдебиеті – дүниедегі ең мықты әдебиеттің бірі» дегенді әріптестеріміздің ауызынан жиі естиміз. Тіпті, «Әлемде поэзиядан бізге тең келетін ешкім жоқ» деген әңгімелер де айтылады. Және бұл пікірлерін өздерінің соңғы уақытта не жазып, қандай кітап шығарғандары жөніндегі нақты мәліметтермен дәлелдеп те қояды.

Біз де бұл пікірлерді қостаймыз. Қазақ әдебиетінің қазіргі көркемдік деңгейі, көтерілген биігі айтарлықтай жоғары екені рас. Қазіргі Жазушылар одағына мүше қаламгерлердің бәрі болмаса да, алдыңғы қатардағы біраз шоғырының шығармалары әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға толық жауап бере алады. Бірақ, сөйте тұра, олардың шығармаларын өзге емес, ең болмаса, өз халқы неге керек етпейді? Ол кітаптардан түсетін табыс, яғни қаламақы өзге елдермен салыстырғанда неге кемінде жүз есе аз, соншама құлдыраған деңгейде болады?

Бұл жөнінде сөз болса, «Қазақстанда еңбекақы мөлшері төмен, бұл жөнінен өркениетті елдермен теңесе алмаймыз» деген дәлел де айтылып қалады. Бірақ мұнымен келісу қиын. Өйткені Қазақ­стан­ның да жақсы жетістікке жеткен адамдарға жоғары мөлшерде сыйақы төлеуге мүмкіндігі мол. Мысалы, Олимпиада чемпионы болған спортшыға бірден 250 мың доллар беріліп, басқа да неше түрлі сыйлықтар жасалады. Мұндай қолдау өзге елдердің спортшыларының өңі түгілі түсіне де кірмейді. Тіпті, чемпион болған АҚШ спортшыларының да сыйақысы бұдан әлдеқайда төмен. Қазақстандағы футбол, хоккей командаларына шетелден шақырылған ойыншылардың да табысы өте жоғары.

Соңғы уақытта мемлекеттік қызметкер­лердің еңбегін бағалау да барынша жақсаруда. Жақында бір вице-министрдің еңбек демалысына шыққанда бірден 3 миллион 150 мың теңге алғаны біраз жерде әңгіме болды. Осыларды көргенде, әдебиеттің маңызы, жазушының еңбегі бізде әлі күнге лайықты бағаланбайтынын мойындауға тура келеді.

Әрине, бұған қарап біздегі жазушылардың бәрі бірдей шетінен көштен қалып, қиындық көруде деп қара аспанды төндіруден аулақпыз. Әсіресе, жекеменшік баспасы, газет-журналы бар қаламгерлер қаржыдан да, басқа тұрмыстық мәселелерден де қиындық көрмей, жақсы өмір сүруде. Азды-көпті тәжірибеміз болғандықтан бұл жағдай бізге жақсы мәлім. Кәсіпкерліктің басқа түрімен айналысатын жазушылар туралы да осыны айтуға болады. Бірақ бұлар – жалпы жазушылардың аз ғана бөлігі. Ал қаламгерлердің басым көпшілігінің жағдайы әлдеқайда төмен.

Бұл ретте, Қазақстан үкіметі әдебиетімізге айтарлықтай қолдау мен қамқорлық жасап отырғанын да айта кеткен жөн. Яғни, қаламгерлер өздеріне лайықты атақтар мен марапаттарға ие болады, мерейтойлары да ескерусіз қалмайды. Дүниеден өткендеріне көшенің аты беріліп, тұрған үйлеріне ескерткіш тақта орнатылады. Жыл сайын отыздан астам қаламгерге Президенттік стипендия беріледі. Өткен жылдан бастап Алматы қаласының әкімдігі де қаламгерлерге арнайы стипендия беруді шешті. Мемлекеттік тапсырыс бойынша, қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу мен шығаруға да арнайы қаржы да бөлінеді. Қазақстан Жазушылар одағы да үкімет орындарымен байланысты нығайтып, қаламгерлерге қолдау жасаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда.

Дегенмен әдебиетті дамыту мен жазушылардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау тек осындай іс-шаралармен ғана шектелмейді. Өйткені біз қазір мүлдем басқа заманға, «нарық» деп аталатын қоғамдық қатынастарға қарай бет алып барамыз. Нақтырақ айтқанда, бұған толық өтіп болдық. Ал нарықтық қатынастың заңы қатал, талабы күшті. Ендігі жерде әркім ең алдымен өз мәселесін өзі шешуге тырысуы қажет. Соған орай, әдебиеттің бар мәселесін үкіметтің мойнына артып, барлық жағдайды мемлекеттік бюджеттің есебінен шешу толық тоқтамаса да, бірте-бірте азаяды. Қаламгерлердің сәл бірдеңе болса елге шығып, әкімдерді жағалап, үй сұрап, басқа да көмек дәметуі келмеске кетеді.

Осыған орай, болашақта әдебиетімізді дамыту мен жазушыларға жағдай жасаудың ең негізгі жолы – шығармашылық жұмыста­рымызды нарыққа бейімдеу екенін атап айтуға тиіспіз. Бұл үшін бізге ешқандай жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Нарық жолына әлдеқашан түсіп, бүкіл шығармашылық жұмыстарын осы заңдылықтарға бейімдеген шетелдік қаламгерлердің тәжірибелерін пайдаланып, солардың жолымен жүрсек те әбден жетіп жатыр.

Бұл ретте, мына мәселені де ескерген жөн. Біздің қаламгерлер алыс-жақын елдердегі атақты ақын-жазушыларды жақсы біледі; олардың шығармаларындағы жетістіктер мен жаңалықтар неде – бұл жөнінен түрлі мысал келтіріп, әдемі әңгіме айтады. Бірақ ол жазушылар өз шығармаларын жұртқа жеткізіп, тарату үшін не істеді, қандай қиындықтарды бастан кешірді – бұл туралы бір ауыз сөз қозғамайды.

 Соған қарағанда, шетел жазушылары да біз сияқты үйде тып-тыныш отырып жаза беретін, ол жазғандарын жоғары жақ арнайы қаржы бөліп, мемлекеттік тапсырыспен шығара қоятын, шыққан кітабын жұртшылық жан-жақтан жабылып, таратып әкететін сияқты. Ал, шындығында, шетелдік қаламгерлер жаңа кітабын насихаттауға, сатуға шығарып, жұртқа таратуға өздері белсене араласады. Әдеби агенттермен тығыз байланыста болады.

Ал біздің қаламгерлерде көбіне бірдеңе жазып, кітап етіп шығару деген мақсат қана. Сосын өз кітабын өзі ғана көріп, өзі ғана оқып, үлкен шаруа тындырғандай, керемет шығарма тудырғандай мәз, риза болып отырады. «Ол шығармасын халық керек етіп оқи ма, оқыса жақсы әсер ала ма?» деген мәселе мүлдем ойландырмайды. Кітаптың таралымын көбейтіп, саудаға шығару да ескерілмейді.

Не істеу керек?..

Әдебиетімізді дамытып, оқырмандардың кітапқа деген ынта-ықыласы мен сұранысын арттыру үшін не істеу керек? Бұл үшін, жоғарыда айтқанымыздай, кітап шығару мен таратуды нарықтық қатынасқа бейімдеу керек. Нақтырақ айтқанда, қаламгерлердің өздері де нарық заңдылықтарына бейімделуі қажет. Бұл жөнінде әншілерден аздап үйренсек, артықтық етпес еді. Әншілер нарық қатынасына тез бейімделді; бұл жөнінен өркениетті елдердегі әріптестерінің тәжірибелерін тиімді пайдаланды. Соның нәтижесінде әншілер ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ, жоғары жаққа алақан жаймай-ақ, тыңдармандары мен көрермендерін барынша көбейтіп, айтарлықтай табыстарға жетті; Димаш Құдайберген сынды әншіміздің бүкіл әлемге танылып, жарқырап көрінуі осының бір көрінісі.

Соған орай, біздегі қаламгерлер қауымы да өз шығармаларын қалың көпшілікке жеткізіп, жан-жақты насихаттауға ауызбірші­лікпен жұмыла кірісуі қажет. Бұл ретте Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтановтың жақында ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген

«Кітап сату мәдениетін қалыптастыру керек» деген бастамасына нақты қолдау жасалуы тиіс. Бұл мәселеге Қазақстан Жазу­шы­лар одағы айрықша назар аударғаны дұрыс.

 Өркениетті елдерде кітаптың таралымы халықтың сұранысына сәйкес шығарылады, авторға қаламақы төлеу де осы негізде жүзеге асырылады. Бізде бұл мәселе де ескерілмейді. Мысалы, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың таралымы 2 мыңнан 5 мыңға өскенмен, жазушыға төленетін қаламақы бір тиын да көбеймей, бұрыңғы күйінде қалып отыр.

Қаламгерлер үшін әдеби агенттердің жұмысы өте маңызды. Бақтыгүл Махамбетова дейтін қарындасымыз осы жұмыспен тұрақты айналысып жүр. Сондай-ақ жазушылардың шығармаларын насихаттауда «Әдебиет порталы» интернет-жобасының мүмкіндігі мол, болашағы зор. Осындай жақсы бастамаларды қолдау өте қажет.

Бұл айтылған мәселелерге ең алдымен ақын-жазушылардың өздері атсалысып, шығармашылыққа қатысты өзекті мәселелерді ортаға қойып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар жасап отырулары тиіс. Кезінде осындай ұсыныстарға сәйкес «Мәдениет туралы» заңға «сатып алу және тарату» жөнінде толықтырулар енгізіліп, жаңадан жазылған шығармаларды жоғары мөлшерде қаламақы төлеп сатып алу және мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымын 5 мың данаға көбейту мәселесі шешілген еді. Алдағы уақытта осы мәселе есте болғаны жөн. Ал түрлі жиындарда жұрт алдына шығып немесе теледидарда отырып, құр әншейін сайрап сөйлей бергеннен ештеңе де өнбейді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылы «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату» қағидаларын бекітіп, Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу жөніндегі Сараптама комиссиясы мен Әдебиет және кітап шығару жөніндегі Көркемдік кеңес құрған еді. Осы Комиссия мен Кеңес мүшелері әдебиетімізге шынайы жанашыр болады, сатып алу мен шығаруға көркем дүниелерді ғана қосады, және бұл салаға бөлінген қаржының талан-таражға түспей, тиімді жұмсалуын қатаң қадағалайды деп үміттенеміз.

Қазіргі кезде «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу» бағдарламасы бойынша жазушылардың жаңа шығармалары сатып алынып, жоғары мөлшерде қаламақы төленеді. Бірақ бұл бағдарлама әдебиеттің 9 түрін қамтиды. Олардың арасында жазушыларға тікелей нақты қатысты әдебиет екеу ғана, яғни көркем және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар. Сондықтан әдебиетті сатып алудың бұл шарт-талабы жазушылардың жағдайын жақсартып, қаламақы мәселесін толық шешеді деп айта алмаймыз. Болашақта бұл мәселені реттеу де есте болғаны дұрыс.

 Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп «Мәдениет туралы» заңдағы «тарату» бабының негізінде кітап саудасын ұйымдастыруды қолға алуға тиіс.

Қазақ жазушыларының шет тілдерге аударылған шығармалары қанша таралыммен жарық көреді; қайда жіберіледі, саудаға түсе ме, авторға қаламақы төлене ме деген мәселелер де ашық айтылғаны дұрыс. Бұл жөнінде Ұлттық аударма бюросынан үлкен үміт күтеміз.

Сондай-ақ Аударма бюросы шетелдердегі кітап шығару мен таратудың, авторлармен, сауда орындарымен жұмыс істеудің озық тәжірибелерін игеріп, оларды біздің елімізде де жүзеге асыруға бастамашы болса деген тілек білдіреміз.

Сонау жетпісінші жылдары Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабеков, Бақыт Сарбалаев бастаған жас сыншылар әдебие­тіміздің дүр сілкініп, жаңа белеске көтерілуіне ерекше ықпал етіп еді. Әдебиетті насихаттауда қазір осындай сыншылар өте қажет. Бұл мәселе де үнемі назарда болуы керек.

Театрларға пьеса, әндерге мәтін жазатын драматургтер мен ақындардың біраз мәселесі Қазақстан авторлар қоғамына тікелей қатысты. Бірақ соңғы уақытта бұл қоғамның жұмысы тұралап, дау-дамай мен соттасудан қолдары босамай, қаламгер-авторлар зиян шегуде. Бұл мәселені де реттеп, бір жүйеге түсіруі өте қажет.

Сөз түйіні

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын туралы мақаласында «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс» деп атап көрсетті. Жаңа ұрпақ – жастар Мемлекет басшысының бұл сенімін толық ақтайтыны анық. Мен бұл пікірді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы біраз жылғы ұстаздық тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Академия бұдан елу жыл бұрын өзім оқыған Қазақ Мемлекеттік университетінің ғимаратына орналасқан. Сол баяғы бөлмелер!…. Сол аудиториялар!.. Бірақ мұндағы студенттер, өзімнің шәкірттерім баяғы бізден мүлдем басқаша. Жүріс-тұрыстары мығым, сөздері мірдің оғындай, мақсаттары мен ұстанымдары нақты әрі айқын. Дарын-қабілеттерін жарыққа шығаруға құлшыныстары ерекше. Бұл шәкіріттерімнің алды Академияны бітірер-бітірместен түрлі пьесалар жазып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театрдан бастап, республикамыздың біраз өнер ордаларында шығармаларын сахнаға шығарды.

Мұндай жастар Қазақстанның барлық өңірінде жаппай бой көтеріп, қаулап өсіп келеді. Ұлы Абайдың сара жолын одан әрі жалғастыратын да, еліміздің экономикасын, мәдени-рухани байлығын, оның ішінде әдебиетті де жаңа деңгейге көтеріп, дамытатын да – осындай жас ұрпақ.

Сондықтан болашақта жазушылардың шығармашылығына жаңа мүмкіндіктер ашылып, оқырмандар барынша көбейіп, әдебиетіміз жаңа биікке көтерілуге тиіс. Бүгінгі Абай тойы сол биікке апаратын ертеңгі даңғыл жолдың алғашқы белесі болуы керек. Ал бұл үмітіміздің қалай, қайтіп ақталатынын алдағы уақыт көрсетеді.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір