Кітаптың тойы
03.06.2022
2531
0

Кеше-бүгін Алматының ақ жауыны дүркін-дүркін себелеп тұрды. Десек те, күн райының бұзылуы кітапсүйер қауымның шаһар орталығында өтіп жатқан жәрмеңкеге қарай басқан қадамын тұсай алмады. 28 мамыр күні шымылдығын түрген «Алматы кітап жәр- рмеңкесіне» бет алған қала тұрғындары мен қонақтарының қарасы қалың. Келесі екі күнде де кісі қарасы молая түспесе, азайған жоқ.

Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұйымдастырған І «Алматы кітап жәрмеңкесі» жоғары деңгейде өтті.
Жәрмеңкеге 55 қазақстандық баспа мекемесі, Жазушылар одағының мүшелері, Қырғыз, Өзбекстан және Ресей елдерінен арнайы делегациялар қатысып, іс-шараға риза-хош көңілмен қайтты.
Ш.Уәлиханов атындағы сквер мен Ғылым ордасының арасына айнала тігілген ақшаңқан шатырларға орналасқан кітап дүкендері, баспагерлер оқырманымен қуана қауышып жатты. Әрбір баспа мекемесі өздерінің ең үздік кітаптарын жәрмеңке сөресіне қойып, келушілерге жарыса таныстырып жатыр. Сырт қараған кісі көзінде сондай жып-жылы картина тұрары анық.
Тұңғыш рет осындай көлемде ашық аспан астында ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесіне Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет арнайы ат басын бұрып, салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысты.
Министр мен әкім жәрмеңкеге үлес қосып жатқан барлық қатысушылардың шатырына тоқтап, кітаптарымен танысып шықты. Қатысушыларға сәттілік тілеп, бірқатар баспалардың кітаптарын талдап, пікірлерін білдірді.
Шараның ресми бөлімін қазақтың арда ақыны Маралтай Райымбекұлы мен Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бастаған ақын-әншілердің музыкалық-поэтикалық бөлімі жалғастырып әкетті.Сахнаға көтерілген ақындар мен әншілер жәрмеңкеге келген қонақтарға жырдан шашу шашып, әсем әнмен қуантты.
Сондай-ақ Мемлекеттік қуыршақ театрының әртістері, Алаш арыстарының бейнесіне енген театр шеберлері де іс-шараға өз үлесін қосты. Бір-бірімен үйлесімді нөмірлер керемет қабысып, ақ жауын төккен аспан астында кітап саудасының көрігін қыздыруға сеп болып тұрды.
Рухани қазына – кітапты ең көп оқитын Алматы шаһарының жұртшылығы, әсіресе жастар жағы белсенді түрде кітап сөрелерін аралады. Жәрмеңкеде кітаптармен қатар қолөнер бұйымдарын, балаларға арналған интеллектуальды ойындар сататын мекемелер де төбе көрсетті.
Жәрмеңкеге белгілі қаламгер Роллан Сейсенбаев өзі басқаратын «Халықаралық Абай клубы» шығарған кітаптарын алып келді. Қаламының қуаты қайтпаған қаламгер жәрмеңке аясында сатылған кітаптарынан түскен қаражаттың барлығын қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді.
Кешелі-бүгін Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Әлібек Асқаров, Зейнеп Ахметова, Мади Раимов, Ержан Алаштуған, Алмас Ахметбекұлы, Құлтөлеу Мұқаш, Байбота Қошым-Ноғай, Қуат Қайранбаев, Асқар Алтай, Бигелді Ғабдуллин, Мұрат Шаймаран, Бекжан Әшірбаев, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Бейбіт Сарыбай, Нұртас Тұрғанбек, Мирас Асан, Еркін Нұразханов, Марфуға Шапиян, Бақытжан Бұқарбай және тағы да басқа әдебиет, мәдениет өкілдері жәрмеңкеге ат басын бұрды. Баяғы күндердей осындай қаламгерлерден оқырмандары жапа-тармағай қолтаңба алып, естелік суретке түсіп жатты.
Қадырғали Көбентай, Нұрлан Албан, «Жігіттер» квартеті, Кенжебек Жанәбілов сияқты ән өнерінің майталмандары жәрмеңке сахнасынан ән маржанын шашты. Осылайша, «Алматы кітап жәрмеңкесі» нағыз кітап тойына айналып, кітапсүйер жұртшылыққа мереке сыйлады.
Екінші күні Ғылым ордасының залында «Баспа ісі: түйткілді мәселелер мен жаңа бастамалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Ақтілек Тәжі, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясының вице-президенті Алмаз Шайкен, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі Санжар Керімбай, AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай, Steppe World&Publishing баспасының бас редакторы Назгүл Қожабек және тағы басқа бірқатар баспагерлер қатысты.
Жиын барысында Ақтілек Тәжі баспа ісі саласындағы негізгі мәселелерге қанық екенін айтып, осы мәселелерді шешу жолдары мен саладағы жұмысты ұйымдастырудың жаңа механизмдерін ұсынуды сұрады. Мемлекеттік қолдау жөніндегі бағдарламалар мен кітапханаларға кітап жеткізу мәселелерін шешудің бірқатар жолдарын да ұсынды. Жиында айтылған мәселелер айтылған күйінде қалмай, әрі қарай оны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісім жасалды.

Ал сахнада «Отбасы хрестоматиясы» баспасы «Қисса Сул-Әнбия» кітабының, «Живая книга» баспасы жаңа шығарылымдарының тұсаукесер рәсімін өткізіп жатты. Сондай-ақ белгілі қаламгер Мағиза Құныпияқызының 50 жасқа толуына орай жаңа кітабының тұсауы кесіліп, белді қаламгерлер құттықтау сөз сөйледі. Ержан Алаштуған сынды адуын ақынның «Толағай-талай» атты жаңа жыр жинағының да тұсауы осы тойда кесілді.
«Алматы кітап жәрмеңкесі» бұдан кейін де жалғасады. Алматылықтарды ауқымды жәрмеңкеден рухани қазына табуға, кітаптарды тікелей баспадан сатып алуға және түрлі жеңілдіктерді пайдалануға, танымал қаламгерлермен кездесуге ұдайы шақырамыз!

М. Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір