КАРАНТИНДЕ ҚАЛАМ ЖҮРЕ МЕ?
ӘЛЕМДІ ӘБІГЕРГЕ ТҮСІРГЕН ІНДЕТТІҢ АДАМ САНАСЫНА ТҮСІРЕР САЛМАҒЫ ДА ОРАСАН. АЛ ОСЫНАУ ҚАТЕРЛІ ВИРУСТЫҢ ТАРАЛУЫНА ТОСҚАУЫЛ БОЛАР КАРАНТИНДІК РЕЖИМ ҚАЛАМГЕР ҚАУЫМНЫҢ КӨҢІЛ КҮЙІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТУДЕ?
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:
«ПУШКИН. АБАЙ. ЖӘНЕ БАСҚАЛАР» АТТЫ МАҚАЛАМДЫ ТӘМАМДАДЫМ
Карантин режимі жарияланғанына біраз уақыт болды. «Үйден шықпаңдар» деген тәртіпті бұлжытпай орындап отырмыз. Далаға шықпаймыз, шықсақ та ауланың айналасынан аспаймыз. Туған-туыспен де, таныстармен де келім-кетім байланыс үзіліп тұр. Қандай қуанышты да үйдегі бар адаммен атап өтудеміз. Әрі мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында сабақ беремін. Сәрсенбі күні екі сағат қашықтан оқыту жүйесі бойынша сабақ өткіземін арасында.
Ал жеке басыма тигізер әсеріне келсем, барлық жазушы не істеп жатса, сонымен мен де айналысудамын. Уақыт тапшылығынан оқи алмаған кітаптарды оқып, «әттеген-ай» деп жазудың сәті түспей жүрген отыз беттік үлкен бір мақаламды жазып бітірдім. «Пушкин. Абай. Және басқалар» деп аталады. «Абай – данышпан, данышпан» дейміз. Несімен данышпан болды ол? Сонау Аристотельден, Платон, Сократтардан бастап Сенекаға дейінгі аралықтағы кітаптардың көбісін оқып, ақтарып, тексеріп, Абайдың данышпан екенін өзімше дәлелдеген болып, «ежелгі Грекияның, жаңа Римнің философиясымен Абай танымы қалай ұштасып жатыр?», «сонау қиырда жатқан Абайдың ұлы философтармен ойы қалай бір жерден шықты?» деген мәселелерге тоқталдым мақала барысында. Енді жаңа пьеса жазып бітірем деген жоспарым бар карантин уақытында.
Дүниеде кім көп? Ұлы жазушы, драматургтер көп. Оның бәріне қалам тербей беру мүмкін емес. Сондықтан менде бір-ақ принцип болды, «Тағдырлары талан-таражға түскен ойшылдардың өмір жолы қалай болды? Қоғамдағы кертартпалықпен, билікпен арпалысып отырып, шығармаларын қалай қағазға түсірді?», осы сұрақтардың төңірегінде ой өрбіту.
Жұмыс қауырт кезде, үйде отырып шығармашылықпен айналысуды армандаушы едік қой. Сондай рахат сезімге бөленіп, жұмысқа кірісіп жатырмын, жанамалы түрде айтқанда. Бірақ жұмыс істеген сайын, істейтін жұмысын көбейіп кетеді екен. Өмір жетсе, соның бәрін жазсақ деген ойымыз бар.
Кеше «Комсомольская правданы» қарап отырсам, 1981 жылы түсірілген әлдебір комикстің желісі бойынша Юлий Цезарь үлкен ат бәйгесін ұйымдастырыпты. Цезарьдың пәрмені бойынша, бәйгеде Рим командасы ұту керек болған. Ал жеңіске жеткен шабандоздың есімі Коронавирус екен. Ол тұста бұл індеттің шығатыны да ешкімнің ойында жоқ. Өмірде осындай сәйкестіктер де болады екен ғой.
Талай-талай топалаңдар мен ашаршылық кезеңдерді, алмағайып шақтарды бастан кешірдік. Қазіргі қатерден де еліміз аман өтсін деп тілеймін.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:
КӨЛЕМДІ ПОЭМАМДЫ ЖАЗЫП АЯҚТАДЫМ
Жалпы, оңашалық дегенді ақын-жазушылардың жанына жақын мезет деп ойлаймын. Мен карантин жарияланған күндер аралығында «? (Сұрақ белгісі)» деген тоғыз бөлімнен тұратын көлемді поэма жазып аяқтадым. Осы бір-екі күннің ішінде әдеби порталдардың бірінде жарық көретін болады. Сонымен қатар түрлі кітаптар оқып жатырмыз. Қысылтаяң кезеңге байланысты көңілде үлкен алаң бар. Адамзатқа, жұмыр басты пендеге амандық тілейсің. Көктен түскен төрт қасиетті кітапқа (Зәбір, Тәурат, Інжіл, Құран) жақындай түскендей сезінем өзімді. Мана айтқан поэмама да осы кітаптардың әсері сезіледі.
Тағы бір таңдана оқыған кітабым Смағұл Елубайдың «Қиямет-қайым ғасыры» атты кітабы. Біраз бұрын да оқығанмын. Адамзат баласының жар жағасында тұрғанын, осы ғасыр үлкен ескертулердің ғасыры болатыны жазылған. Алғаш оқығанда мұндай пайымдарды басқаша қабылдаған едік. Енді сол өзіміздің қасымызда жүрген әріптесіміздің, ағамыздың сондай үлкен ізденістерге барған еңбегін әр қазақ оқу керек кітап екеніне көзім жете түсті. Өзіне де хабарласып айтамын деп жүрмін.
Еркіндіктің, әр дүниенің, әр сағаттың, әр минуттың қадірін білу керек қой адам. Елмен емен-жарқын араласып, барар жерге де тосқауылсыз барып жүрген жақсы, әрине. Сол үшін індеттің ауылы алыстап, ауыр күндер тездетіп өтіп кетсін деген тілек көкейде.
Баянғали ӘЛІМЖАН, ақын, жыршы:
«МАНАС» ЖЫРЫН ҚАЗАҚШАЛАП, ДАЙЫНДАП ҚОЙҒАНМЫН
Біз соғыс көрмеген ұрпақпыз ғой. Тыңнан кейінгі туған ұрпақтың бетпе-бет келген ең үлкен қиындығы бүгінгі аты жаман вирус болып тұр-ау. Майданда жүріп, Берлинге дейін барып, үш рет оқ тиіп, ауыр жараланған әкем: «Соғыстан тірі келеміз деп ойлаған жоқпыз» деп айтып отыратын. Бізді ешкім атып жатқан жоқ десек те, бұл індеттің қайдан келетінін білмейсің ғой, барып шауып алатын жау емес. Күрес немесе төбелес жүрсе де, бір амал қыласың ғой. Біз тілек тілеуден басқа ештеңеге жарамай қалдық қой, қарап отырсаң. Үкімет тарапынан карантиндік режим жарияланды. Алайда қазақы аңғал-саңғал мінезіміз бұған көндігер емес. Той тойлаушылардың қарасы әлі де көп.
Жас кезімде аттың үстінен түспеген, айтыспен, жырмен дүниежүзін талай аралаған, ал кейінгі кезде шығармашылыққа байланысты оңашалықты сүйетін адаммын. Сондықтан болар, карантиндік режим жеке басыма аса қатты білініп жатқан жоқ. «Манас» жырын қазақшалап аяқтадым. 60-жылдары Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен жазылған кітаптан кейін шықпаған екен жыр нұсқасы. Көпшілікке, жастардың оқуына ыңғайлы етіп, ықшамдап, бір том етіп дайындап қойғанмын, арты осы жағдайға ұласып кетті.
Аталарымыз бұдан жаман кезде, бұдан да қиын замандарда адамдығын сақтаған, ұрпақғын сақтаған. Көзге көрінбейтін «жаумен» күресте біздің бір қаруымыз – тілекке тілек, білекке білек, жүрекке жүрек қосып, ел тілеуін тілеу.
Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
СЕНАТ ҚАБЫРҒАСЫНДА ДА ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ТӘРТІБІ САҚТАЛУДА
Карантин жарияланғалы бері қашықтан жұмыс істеу тәсілі қолға алынғаны баршаға аян. Сенат қабырғасында да қазір сол тектес тәртіппен, заң жобаларын электронды түрде алып, қарап, тиісті ескертпелер мен түзетулерді енгізіп жұмыс істеудеміз.
Сонымен қатар уақытымыз көбіне үйде өтетіндіктен, әр сәтті тиімді пайдалануға ұмтылып жатырмыз. Көптен оқуға қол тимей жүрген кітаптарды қарауға мүмкіндік тууда. Тұрсын Жұртбай ағамыздың үш томдық «Ұраным – Алаш» кітабын жиырма шақты күннен бері бас алмай оқып бітірдім. Және Америка жазушысы Сидни Шелдонның «Звезды светят вниз», австралиялық Маркус Зусактың «Книжный вор», Оралхан Дәуіттің «Ақ самаурын» атты кітаптарын тәмамдадым. Арасында ағылшын тілін үйрену мәселесін де қарастырып жатқан жағдайым бар. Бұрыннан қолым босағанда әлем классиктерінің таңдамалы поэзияларын, соның ішінде Марина Цветаеваның, Есениннің, Маяковскийдің, өзге де ақындардың өзіме ұнаған өлеңдерін тәржімалап қоятын едім. Қазір де сәті келгенде аударма жұмыстарымен айналысамын.
Адам үйде болған соң, қимылсыз отыра беруге де болмайды. Дене қозғалысын реттей отырып, бір мезгіл йогалық жаттығуларды да қамдап қоямыз. Сыртқа терезеден көз салып, қажеттілік туғанда ғана дәріханаға, азық-түлікке барып, кейде қоғамдық жұмыстарға, қызмет барысындағы жиындарға қатысатын сәттер болады. Ал, жалпы, үйдеміз.
Індеттің таралуы тоқтап, науқасқа шалдыққандар аман-есен қатарға қосылып, еліміз осы қиын кезеңнен бүгілмей өтсе деген тілегім бар.
Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы:
БАСЫ ТАУДАЙ, АЯҒЫ ҚЫЛДАЙ БОЛЫП ТҰРҒАН БІРАЗ ӘҢГІМЕ БАР ЕДІ…
Қаламгерліктің әдебиет пен журналистика деген қос бәйгесіне ат қосқанның әуелгісі біз емес, соңғысы да болмаспыз. Талайлар жүрген жол, әлі талайдың тағасы тозады. Қос тізгінді тең ұстау қиын әрине, көбіне сыңарезулеп кетеміз. Соңғы бір-екі жыл бедерінде тілшіліктің тәртесіне жегіліп кетіппіз. Ара-тұра «мына жақта да жұмысым бар еді ғой» деп мойындағы қамытты шешіп бірдеңені түрткенсиміз. Көңіл шапқанда жап-жақсы бастаймыз, сосын тастаймыз. Басы таудай, аяғы қылдай болып тұрған біраз әңгіме бар еді. Осы карантин кезінде соның екеуінің соңғы нүктесін қойдық. Қазір тағы біреуін илеп, иін қандыру басталды. Әр нәрсенің қайыры бар деген. Басқаны қайдам мына мырзақамақта ішім пысқан жоқ, керісінше уақыт жетпей жатыр. Таң атса, кеш батады. Әрине көңіл күпті, ел қатарлы алаңдаушылық бар. Тезірек мына пәле тезге салынса дейміз. Ел аман болсын!
Нұрлан ХАВДАЙ, жазушы:
ТЭЦУО МИУРОНЫҢ «РЕКА ТЕРПЕНИЯ» ӘҢГІМЕСІН АУДАРЫП ЖАТЫРМЫН
Карантиннің шығармашылыққа оң әсерін ойлап әжептәуір дәмеленіп едім. Бірақ жазуға мойын жар берер емес. Әлде ойдағы дүниелердің әлі де болса шикілігінен бе екен… Есесіне киноның түбін түсіріп жатырмын. Содан кейін әдеттегідей онлайн жұмыс күнін өткеріп жатырмыз. Қарайып қалмайын деп, жапон жазушысы Тэцуо Миуроның «Река терпения» деген әңгімесін аударып жатырмын.
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
БІР КҮНІМ КІТАПСЫЗ ӨТПЕЙДІ
Карантин уақыты маған әсер етіп жатыр деп айта алмаймын. Бір көлемді дүние бастағанмын, соны жалғастырып жазып жатырмын. Таңғы сегіздер шамасында жазуға кірісіп, сағат он екі, бірге дейін жазу үстелінде отырамын. Осындай жұмыс тәртібі күнделікті машыққа айналған. Түстен кейінгі мезгілде өзге шаруалармен айналысып, кешкі сағат алтыдан бастап уақытымды кітап оқуға арнаймын. Бір күнім кітапсыз өтпейді десем болады. Өйткені теледидар көрмеймін, әлеуметтік желіде отырмаймын. Көбінесе көркем әдебиет, тарихи, футурологиялық дүниелерді оқимын. Мәселен, сіз қазір телефондап маған байланысқа шыққаныңызда британ жазушысы Иэн Макьюэннің «Амстердам» деген романын оқып отырғанмын.
Дүние жүзінде екі жүздей мемлекет болса, соның жүз тоқсанында төтенше жағдай енгізілді ғой. Әлемді әбігерге салған індеттің таралуы тоқтады-ау дегенде де көп елдерде қаржы-экономикалық дағдарыстың басталу қаупі зор. Қазақстан шикізат өндіруші ел болғандықтан бұл шырғалаң бізге өте ауыр тиеді. Экономикамыз қатты зардап шегуі, тіпті дефолт болуы ықтимал.
Шығармашылық туралы айтсақ, ел экономикасы ауыр кезеңді өткерер болса, жазарман қауымның тұрмысына да әсерін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі кезде қазақ жазушыларының болсын, журналистерінің болсын, жағдайы ауыз толтырып айтарлық халде емес. Кітап нарығы деген жоқ бізде. Кітаптарын сата алмайды қаламгерлер. Мемлекеттің жәрдемақысына, мемлекеттің грантына ғана қол жайып отыр. Экономика тұралайтын болса, осы секілді көмектер де жоғала ма деген қауіп бар.
Өзім коронавирусқа байланысты жаңалықтарға аса мән беріп жатқан жоқпын. Індеттің бар екенін ойлап, оған үреймен қарасаңыз, ол сіздің денсаулығыңызға да, көңіл күйіңізге де кері әсер етеді. Үйден үш күн шықпасаңыз, мүжіліп қаласыз. Сондықтан үрейге бой алдырмау керек. Сақтық шараларын сақтаймын, әрине. Таңертең жеті жарымда ұйқыдан тұрып, 40-45 минуттай далада жүріп келіп, жазуға отырамын. Сейсенбі, сәрсенбі күндері университеттегі сабаққа көңіл бөлемін, қалған уақыттың бәрінде – осы режим.
Асқар АЛТАЙ, жазушы:
БҰҚАРАНЫҢ БЕЙҒАМДЫҒЫ ӘҢГІМЕМЕ АРҚАУ БОЛДЫ
Індеттің таралуы көңіл күйіме жаман әсер етіп тұр. Бұлай әсер етуінің бір себебі – карантин режимі жарияланған сәтте мен Алматыда қалып қойдым, ал отбасым, бала-шағам Астанада.
Бұл індет өте қауіпті. Таралуы да тез. Бірақ біздің халық пандемияның тигізер залалының аса қауіпті екенін әлі түсінбей жатыр. Мен әскерде болған адаммын, одан бөлек офицерлік курсты толық бітіргенмін. Дәл сол мен әскерде жүргенде, 1986 жылы Чернобыль оқиғасы орын алған. Соған орай, бізге карантин шарттары қандай екенін, комменданттық сағаттың қандай болатынын жан-жақты тәжірибелік тұрғыда әбден сіңірген. Қазіргі шақтың, нағыз карантиндік режимнің жүйесің әскери азаматтар мен дәрігерлер өте жақсы түсінеді. Өйткені арнайы оқиды ғой, ал өзге жоғары оқу орындарында бұл мәселе оқу жүйесінде қарастырыла бермейді. Сол үшін болар, жастар да, қарапайым халық та төтенше жағдайдың тәртібін терең түйсінбеуде. Бұл вирусқа жеңіл қарауға болмайтынын вирусологтар жан-жақты айта түсуі керек. Карантиндік режимнің шарттары қатаң сақталуы тиіс. Әлі де болса, арнайы көліктерден өзгесі көшеде жүруін тоқтатып, адамдар да үйден шықпағаны жөн. Әскери тілмен айтқанда, вирустық шабуылдың емі әлі табылған жоқ. Жас мөлшеріне де, шен-шекпенге де қарамай адамдарды сансыратқан, әлем күресіп жатқан індеттің кез келген уақытта асқан жылдамдықпен өршіп кетуі ықтимал. Шетелдік ақпарат көздеріне қарағанда, бұл вирус – SARS емес, SARS-пен қосылған жаңа вирус. Осыған байланысты 4-5 күн бұрын «Мутация» атты шағын әңгіме жаздым. Бұқараның бейғамдығы мен дерт түріне жәй ғана тұмау ретінде қарап жатқан немқұрайылығын да арқау еттім шығарма желісіне.
Дайындаған Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР1