ӘР АДАМНЫҢ  ІШІНДЕ  «ОБА»  ӨМІР  СҮРЕДІ
02.04.2020
677
1

 

Жиырма екі жасында өмірдің мәнін ашуға саяхат жасады. Соның нәтижесінде ол әлемнің немқұрайылығына және адамның өмірдегі әрекеттері тым мағынасыз болатындығына көз жеткізді. Әр адамда шүбәләну һәм кездейсоқтық кезеңдері болады, ал Камю үшін бұл таңсық емес еді, дегенмен ол осы белгісіз кезеңдерден аман өтіп, күн сайын өмір сүруге, жаңа ой іздеуге һәм оны ашуға құлшынды. Себебі оның түсінігі бойынша, «Дарын – тек бір сәттік мүмкіндік, үлкен еңбек пен қайсарлық қана оны даңққа айналдыратыны» даусыз еді. Өмір философиясынан бөлек, Камюдың тіршілікке  деген құштарлығы, әлемнің сұлулығына деген сезімталдығы шығармаларында көрініс тапты. Адамның ішкі құндылығы мен мақсатын жіті зерделеуі, өмірге қатысты маңызды сұрақтарға баса назар аударуы біз сөз еткелі отырған автордың басты ерекшелігі болмақ. Ол айналасындағы ғажайып әлемді бақылап, адам мен әлемнің тығыз байланыста екенін айтқысы келді. Айта алды да. Сол үшін де Камю – бізге таныс әрі бейтаныс жаратылыстың құпияларын ашуға және оны жіліктеп түсіндіруге ниетті болған ақыл-ой мен ар-ожданның керемет үлгісі. Өмірге жауап іздеген әр жүрек иесі ой шыңырауына батады. Ал Камю абсурдтық философияға терең «сүңгіді».

Ол бізге қиын сәттердің кездейсоқ келетінін және бұл туралы айтатын уақыттың да тосыннан болатынын еске салды. 1941 жылдың қаңтарында Альберт Камю жануарлар арқылы адамдарға тез таралатын және Алжир жағалауындағы Оран деп аталатын «қарапайым қаланың» тұрғындарының жартысын жантәсілім еткізген  вирус туралы романын жазуды бастады. Көп кешікпей 1947 жылы жарық көрген «Оба» романы аты шулы соғыстардан кейінгі ең үлкен еуропалық роман ретінде қазірге дейін қолдан-қолға өтіп, көп оқылып келеді. Шығарма бас кейіпкер дәрігер Рионың өлі егеуқұйрықты кездестіруінен басталады. Бір апаттың боларынан секем алған дәрігердің көңіліне мазасыздық орнайды. «Күллі қала қазір егеуқұйрықтар туралы гу-гу етеді, тіпті бұл іске газеттердің өзі араласып кетті», – деген жолдар бар шығармада. Бас кейіпкердің күдігі шындыққа жалғасып, көп ұзамай оба індеті таралады, тосыннан келген ауру адамнан адамға тез жұғып, әр көшеде дүрбелеңдер белең алады. Оран қаласының жартысы егеуқұйрықтардың өліктерінің тасқынына айналады. Осы бір алапат дертті ауыздықтауға ұмтылған кейіпкердің тынымсыз жанталасы, күресі, тағдыры бейнеленген бұл шығармадан біз әлемнің әр қиырын беймаза еткен қазіргі адамзат баласының шарасыз кейпін көреміз. Камюдың осы шығармада: «Әлемде әр кезде де оба болған, әр кезде де соғыс болған. Алайда оба да, соғыс та жұртты әдеттегідей тұтқиылдан жаншыған», – деуі адам баласының асып-тасқан шағында, дүниені қамсыздық, арсыздық, жалғандық пен тойымсыздық билеген сәтте тұтқиылдан нәубет төндіретін  жағдайлар қайталанып тұратынын айту екені шындық емей немене? Нобель әдебиет сыйлығының ең жас иегері «Обаны» жазу үшін тарихта болған оба кеселі мен оның зардаптарына көз жүгіртіп, XIV  ғасырда Еуропада шамамен 50 миллион адамның өмірін қиған қаралы өлім, Ломбардия мен Венеция жазықтарында 280 000 адамды өмірімен қоштастырған Италия обасы, 1665 жылғы Лондондағы оба кеселінің жаппай таралуы, осыдан екі ғасыр бұрынғы қытайдың шығыс жағалауындағы қалаларды қиратқан аты жаман ауру туралы үлкен ізденістерге барып, шынайы оқиғаларға көз жүгірткенін біле аламыз.

Камюдың «Обасындағы» кейіпкер мен көтерген тақырыбы оқырман жақсы білетін «Жаттағы» кейіпкер мен тақырыптан әлдеқайда бөлек дүние. Бірақ ол бұл туындысында да өзі терең зерттеп жүрген абсурдтық философияны ту етіп көтереді. Романды оқи келе байқағанымыз, Камю «Оба» романын бірнеше мақсатта жазғандығы айқын көрінеді. Ол табиғи апат, оба кеселі сияқты жағдайларды роман оқиғасы ретінде кірістіріп, табиғаттың адамзатқа қарсылығын абсурдтық идеямен пайымдайды, содан кейін әртүрлі кейіпкерлердің қалай әрекет ететінін көрсетеді. Ол өз тақырыбына назар аудартты, адамзат баласының кез-келген уақытта кездейсоқ жойылып кетуіне әлдебір вирус, жазатайым оқиға немесе адамдардың қалыпсыз іс-әрекеттері себепкер болатынын ұғындырғысы келді. Камю өз шығармасында сөз еткен Оран халқы кездейсоқ келген індетті алғашында қабылдай алмайды. Қаланың төрттен бір бөлігі апатқа ұшыраған  кезде де, олар бұл жағдайға сеніңкіремейді. Дәрігер айналасындағылардың қасіретін азайту үшін тынбай жұмыс істейді. Сол үшін ол «Обамен күресудің жалғыз әдісі – төзімділік», – дейді. Ақыры, тоғыз айдан астам уақыттан кейін обаның беті қайта бастайды. Бірақ автор «оба ешқашан өлмейді, ол біз өмір сүретін бөлмелерде, жертөлелерде, қала берді сандықтарда, қол орамалдарда және ескі қағаздарда төзімділікпен күтіп отырады,  егеуқұйрықтарды оятып, оларды қайсыбір қалада жантәсілім болуға жібереді» деген ойын жасыра алмайды. Камю біздің заманымыздағы ең мықты эпидемиологтардың қолынан келмейтін ғылымды жақсы білегендіктен емес,  адам табиғатын дұрыс зерттей алғаны үшін қымбатты болмақ. Сол үшін де ол: «Әркімнің ішкі әлемінде өзі бар, бұл – оба, өйткені бүкіл әлемде ешкімде иммунитет қалған жоқ», – деп адамның ішкі әлемін әжуалағандай болады.

«Обада» Камю әртүрлі абсолютті кейіпкерлер жасайды,    олардың әрқайсысы өзінің абсурдты шешімін іздейді. Бұл – Камюдың керемет драмалық стилінің жарқын үлгісі. Философиялық тұрғыдан оба – ғаламның түсініксіздігінің белгісі. Ол адамның өміріне ешқандай ескертусіз және тосыннан енеді және оған қарсы кез-келген жеңіс адамзатқа мүмкіндік әкеледі. Біз сөз етіп отырған «Оба» романы адамның зұлымдығын емес, нақты зұлымдықты маңызды тіршілік иесі ретінде бейнелейді. Бұлай дейтініміз, Камюдың әр шығармасына назар салсақ, басты айтары: «Зұлымдық пен пен абсурд ешқашан жойылмайды» дегенге саяды. Адамзаттың мына белгілі әрі беймәлім өмірдегі мақсатын ұғынуға жетелейтін бірдеңе бар десек, ол біздің мағынасыз тіршілігіміз екенін қайта-қайта айтуға тура келеді. Камю бір сөзінде: «Бізде қауіп пен қуғын-сүргін атмосферасы өмір сүрді. Оба дегеніміз – тұншығу. Мен осы ойымды жалпы адамзатқа, ғаламға жеткізгім келді», – дейді. Көрдіңіз бе? Шығармадан біз іздеген шындықты автор өзі осылаай анықтап айтып береді. Ал біздің қосарымыз, егер «Оба» романына басты арқау болған оба оқиғасын алапат соғысқа теңесек, онда обамен күресетін Камюдың әр кейіпкері батыл сарбаздар болмақ, оқшауланған және жер аударылған отбасылар мен құрбан болғандар – қаһармандар. Ал қаладағы карантин – стратегиялық ұрыс аймағы. Романның соңында кей кейіпкерлер жеңіске жете бермейді. Олар – адамның абсурдқа қарсы сәтсіздігінің белгісі. Кезінде әдебиет зерттеушісі Томас Мертон Камюдың осы шығармасы туралы: «Обаны өз стилімен емес, бақыт пен махаббат туралы жазса болар еді», –  деген пікір айтқан. Дегенмен Камю іздеген шындық пен өмірдің мағынасы бақыт пен махаббатан тұра ма, соған ой жүгіртетін сәт келген сияқты. Бірақ Камюдың өз сөзімен айтқанда,  «Бірде-бір керемет туынды жек көру мен жиіркенуге негізделмеген».

Қазір әлем халқын коронавирус дейтін індет мазалап, үрейлендіріп жатыр. «Обадағы» оқиғалармен салыстырсақ, көптеген ұқсастық табамыз. Ол кезде де адамдар тосыннан  келген індетке сенбеген, салғырттық танытқан. Ол кезде де алапат індет жануарлардан тараған, ең бастысы, ол кезде де адамдар санасын өсек пен жалған ақпараттар тұмшалаған, газеттер мен медиялар бас мақалаларын індет туралы жазбаларға арнаған. Осы арада «Камюдың «Обасы» бізге нені айтады?» деген заңды сұрақ туады. Камюдың обасы бәрі кенететен болатынын, адамдардың рақымсыздығы мен тойымсыздығы, достық пен махабаттың табан астына тапталуы, немқұрайылық пен салғырттықтың сананы жаулауының әрқилы зардаптарға жетелейтінін ұғындырады.   

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.04.2020 | 18:18

Тақырыбы қырғын екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір