Үсіпхан СЕЙТІМБЕТ: ТЕАТР ТҮСІМЕ КІРЕТІН…
28.03.2020
1118
0

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, «Құрмет» орденінің иегері  Үсіпхан Сейтімбет: «Театр әлеміне мені Үсіпхан ретінде танытқан «Ең  әдемі келіншек» қойылымындағы Абдолланың бейнесін сомдауым»,  – дейді. Актер Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр сахнасында М.Әуезовтің  «Абайында» Нарымбет пен Долговты, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Баронды, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» жүргізушіні және тағы да басқа кейіпкерлерді сомдаған. Ол тәуелсіздіктің қайта оралуына себепші болған желтоқсан оқиғасына қатысқан. Өнердің бір тармағы саналатын әншілікті жанына серік еткен. Сұхбат барысында Үсіпхан Әбдікерімұлы өнерге келу жолы мен өмірдегі бұралаң сәттер турасында сыр шертеді.

 

ӘУЕНГЕ ШЕКСІЗ ҒАШЫҚ БОЛДЫМ

 – Үсіпхан Әбдікерімұлы, сіздің өнер жолыңыз бүгінде талғампаз көрерменге және жас актерлерге үлгі. Өйткені сіздің өнеріңізге еліктеп жүрген жастар баршылық. Алайда осы күнгі шеберлігіңізге бірден қол жеткізбеген  боларсыз. Сол себепті бүгінгі бағындырған белестеріңізді сөз етпес бұрын, әуелі әңгімемізді балалық шағыңыздан бастасақ. Бала күніңізден актер болуды армандадыңыз ба? Өнер  өлкесіне қалай келдіңіз?

Сұрағыңыз орынды. Расымен менің бұл өнерде орнымды табуым оңайға түскен жоқ. Дегенмен асқақ арманым биік белестерге жетеледі. Бала кезімізде біздің үйде бокстың қолғабы болатын, сабақтан шыға салып балалармен үйге келіп, бір-бірімізбен бокстасып ойнайтынбыз. Бала күнгі арманым боксшы болу еді, бірақ бола алмадым. Сондықтан  спорттан қашықтамай қазіргі күнге дейін театрдағы әріптестеріммен волейбол, футбол ойнаймын. «Алатау» өнер ұжымдарының футбол командасында аптасына екі рет жаттығамын. Алдағы уақытта футболдан турнир өткізбек ойымыз бар.

Сағынышқа айналған балалық шағымды еске түсірсем, үйде әкем домбыра шертетін, сонда үнемі ол кісінің жанында отырып домбыраның үнін естіп өстім. Тіпті, сазды әуенге шексіз ғашық болған едім. Кейін әкем жоқ кезде домбыраны қолыма алып оңды-солды шертіп үйреніп алдым. Анам мектепте еден жуатын. Анаммен бірге мектепке барып, анам еден жуып жатқан кезде, мен мұғалімдер бөлмесіндегі  баянды қолыма алып,  білмесем де ойнап үнін қатты ұнаттым. Көрші ауылдағы жиен ағамның үйінде баян аспабы бар еді,  үйіне бір аптаға барып баянда ойнауды да үйреніп алдым. 6 сыныпта «Өскенде кім боласың» деген шығарма жаздық, мен сол кезде: «Актер боламын, киноға түсемін», деп жазған едім. 8 сыныпта оқып жүргенімде ауылға нағашым келді. Ол қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқыған. Бірақ белгісіз себептермен оқуды аяқтамаған еді. Нағашым ауылға келіп трактор айдады. Жұмыстан кейін кештетіп өнерлі жастарды жинап, оркестр құрып домбыра үйрететін. Сол жерге домбырамды құшақтап мен де баратынмын. Бір күні баянды тақылдатып отыр едім, нағашым маған қарады да: «Үсіпхан, сенен дауылпазшы шығады екен, осыған көп көңіл бөл», деді. 1975-жылдары совхоздың орталығындағы эстрадалық ансамбльге барып,  дауылпазды үйрендім. Мектеп бітіргеннен кейін қалаға барып, оқу  арман болатын. Дегеніңнің бәрі орындала бермейтін кез еді. Сөйтіп ауылда қалып, аудандық мәдениет үйінде ««Келес көркі»  ансамбліне дауылпазшы керек» дегенді естіп, сол жерде дауылпазда ойнадым. Ауданымызда, көрші аудандарда гастрольде жүретінбіз. 1979 жылы бүкіл республика бойынша өнерлі жастарды жинайтын фестиваль өтті. Аудандық және облыстық фестивальдерде жеңімпаз атанып, бізді Алматыға жіберді. Қазіргі Ұйғыр музыкалық комедия театрында республикалық өнерпаздар фестиваліне қатыстық. Сол байқаудан кейін мені қазіргі Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжіне жіберді. «Сол жерге барыңдар»,  деген кезде біз студент атандық деп қуанған едік, сөйтсек ол оқу орнына түсу үшін алдымен емтихан тапсыру керек екен, біз оны білмедік. Емтиханды сәтті тапсырып, оқуға қабылдандым. Солай үлкен өнерге жолдама алғандай болдым. Содан бастап қол бос кезде тәжірибие жинау үшін түрлі ансамбльдерде ойнадым. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ансамблінде, Теміржолшылар мәдениет үйінде, сазгер Бейбіт Оралұлының «Жас дәурен» деген ансамблінде дауылпаз соғып, кештерде ойнап өз күнімізді өзіміз көріп жүрдік. 1981 жылы колледжді бітіріп шығып Алматы облыстық филармониясында  «Алматы әуендері» ансамблінде дауылпазшы болып ойнадым. Екі жылдан кейін, 1989 жылы құжатымды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға тапсыруға келгенімде, маған: «Eкі жылдық студиялық біліміңізбен қабылдай алмаймыз»,  деді де, кейін қайтарды. Көңіл күйім  түсіп тұрғанда «Жас дәурен» ансамблінде бірге өнер көрсеткен Айнұр Әшірәліқызы: «Үсіпхан, жүр, қазір муздрамада емтихан болып жатыр», –  деп  сонда ертіп барды. Ол жерге барсақ, емтиханда жүргендердің барлығы бірге оқыған қыз-жігіттер екен. Олар:  «қайда жүрсің?»  деп  жан-жағымнан қоршап емтиханға қажетті қара сөздер мен мысалдарды берді. Бір апта дайындықтан кейін, Алматы театр және кино институтының студенті атандым. Дауылпазшы болып жүріп, ойламаған жерден актер болып кеттім.

– Қазір де қолыңызға дауылпаз берсе, үйіріп әкетесіз бе?

Дауылпазды қолыма алмағалы біраз болды. Дегенмен бір-екі сағат отырсам, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дейді ғой, қайта соға алармын деп ойлаймын. Жақында ғана жүрек толқыған бір сәтте өткен күндерді еске түсіріп, дауылпазды қолға алып көргенмін, жаман емес сияқты.

 Театр сахнасындағы қызметіңізді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрынан бастапсыз. Ел-жұрт Сұлтанәлі  Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегіндегі» Абдолла рөлін жоғары деңгейде сомдағаныңызды әлі күнге дейін аңыз  қылып айтып жүр. Ең алғаш үлкен сахнада өнер көрсеткен кезіңізде қандай сезімде болдыңыз? Сол сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз.

Иә, ол кезде менде ешқандай қобалжу сезімі болған жоқ десем де болады. Себебі оған дейін де басты рөлдерді сомдауға дайын жүрдім. Желтоқсан оқиғасынан кейін Құсмұрында жүрген кезімде түсіме театр кіретін. Оның үстіне, бірден басты рөлде ойнап кеткен жоқпын, шағын эпизодтарда ойнап жүріп, шыңдалдым.  Драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» шығармасы театр директоры Райымбек Сейтметовтің көңілінен шыққан болса керек, 1985 жылы театрда сахналанды. Басты рөлде Абдолланың рөлін Байғали Есенәлі, екінші құрамда мен, ал Гүлбаршынның рөлін Әсел Мәмбетова ойнайтын болды. Басты кейіпкерді жоғары деңгейде алып шығу үшін жақсылап дайындалдық.

Осы қойылымда айтылған әнді қалай тапқанымызды еске салып өтсем. 1990 жылы Омскіде гастрольдік сапарда жүргенімізде Нүсіпхан есімді кассада жұмыс істейтін қыздың «Мен сені сүйдім, жұлдыздар куә»,  деген ән жолдарын тындап отырғанын естіп қалдым. Содан қолқа салып, аудиокассетасын сұрап алдым. Сол әнді синтезаторға салып үйреніп жүрдім. Бір күні Райымбек Сейтметовке дайындық кезінде гитарамен айтып беріп едім, бәлкім жүрегіне жеткізе алмаған шығармын, қабылдамады. 1993 жылы театрда «Үкілі үміт» сазгерлердің сайысы болды. Сол сайыста Қостанайдан келген Қайрат есімді жігіттің «Арман жырым аруларым» атты әнін тыңдап отырып, қатты ұнатып қалдым. Ол жігітті іздеп жүріп телефон нөмірін тауып алып нотасын сұрап едім, театрға әкеліп, қалдырып кетіпті. Сол әнді бір күні синтезатормен айтып отырғанымда, Райымбек аға: «Бұл қандай ән?  деп сұрады. Мен: «Әлгінде сізге гитарамен айтып берген ән»,  дедім. «Синтезатормен басқаша естіледі екен», –  деп, осы әнді қойылымға қосты. Бұл ән қойылым соңында, Абдолла  Гүлбаршынмен қоштасқан сәтте айтылады. Гүлбаршын кетіп бара жатқан кезде Абдолла: «Тоқтаңызшы, мен сізге тым болмаса, естелік ретінде бір нәрсе сыйлауым керек еді ғой»,  дейді. Сонда Гүлбаршын: «Сіз маған өмір сыйладыңыз, бақыт сыйладыңыз. Өмірге деген құштарлығымды  қайта ояттыңыз, маған қоштасарда бір ән айтып берсеңіз жеткілікті», деп, сөзін аяқтайды.  Абдолла «Арман жырым аруларым» әнін айтқанда елдің бәрі жылайтын. Сол уақытта бұл ән қазіргі жастардың тілімен айтсақ, «хит» болған еді.

– Әлемдік классика мен заманауи драматургияда, сериалдарда көптеген кейіпкерлерді сомдап, көрермен ықыласына бөленіп жүрсіз. Осы кейіпкерлердің арасында қайсысы өмірдегі өз тұлғаңызға көбірек ұқсайды?

Рас. Осы уақытқа дейін әртүрлі кейіпкерлерді сомдадым, солардың ішінде жүрегіме жақын келетіні әлгінде айтып кеткен «Ең әдемі келіншек» қойылымындағы Абдолла рөлі. Сол кейіпкерді бүгінгі қоғамдағы мен деп айтсам да болады. Сондай-ақ «Айман Шолпан» телехикаясында Айман мен Шолпанның әкесі Кеңес деген рөлде ойнадым, ақкөңіл, ешкімге жамандық ойламайтын кейіпкер. Жас Үсіпхан Абдолла болса, қазіргі Үсіпхан Кеңес дер едім.

– Өнерде де, өмірде де бірге жүрген жарыңызбен қалай таныстыңыз? Алғашқы сезіміңізді қалай білдірдіңіз?

Талай қыздар соңымнан жүгіріп жүріп, бәрінің жолын кесіп, Гүлнар жолықты. Оқуға тапсырар алдында сыртынан көріп жүретін едім, кейін бір курста бірге оқыдық. Екеуміз де жатақханада тұрдық. Дайындық кезінде бірге билеп жүрдік. Курстастармен ерте тұрып, академияға трамваймен немесе жаяу барып, бірге дайындалатынбыз. Басында дос болып жүрдік, кейіннен ұнатып қалдым. Бірақ ол кісі маған бірден назарын салды дей алмаймын, Көкшетаудың  қызы, орысша оқыған, мен қазақша. Гүлнардың жүрегін жаулау үшін таңертең алтыда тұрып сөмкесін көтеріп институтқа бірге баратынмын. Оқу бөлмесіндегі пианиномен неше түрлі әндерді айтып жүріп, жүрегін жаулап алдым. 1986 жылы  патриот болып, 7 қараша күнгі «Ұлы Октябрь» мерекесіне орайластырып,  6 қараша күні  некемізді қидырдық. Диплом алғаннан кейін ауылға барып дүркіретіп той жасамақ ойымыз бар еді. Бірақ қырық күннен кейін Желтоқсан оқиғасы басталып, екеуміз екі жаққа кеттік. Ол кісі менің басымдағы қиын кезеңдерде теріс айналмай, Құсмұрындағы еңбекпен түзеу мекемесіне де келіп тұрды.

 

АКТЕР БОЛУ – ЖАНЖАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ӨНЕР

 – Актерлық өнеріңізбен қатар әншісіз. Концерттерде, тойларда гитараңызды шертіп, өнер көрсетесіз. Әншілік өнеріңіз жайында айта кетсеңіз? Ән айту хоббиіңіз бе, әлде кәсіби айналысқыңыз келетін сала ма?

Сағымға айналған күндерді еске түсіретін сұрақ екен. 8 сыныпта оқып жүргенімде нағашы ағама: «Мен актер болғым келеді», дегенімді айтып өтіп едім ғой сұхбат басында. Ол кісі: «Сенен актер шықпайды, aктер болу үшін адамға фактура керек, дауыс қажет. Сенде дауыс жоқ, одан да сен дауылпазшы болып жүре бер»,  деп айтқан еді сонда. Содан кейін бәрін ұмытып дауылпазшы болып кеттім. «Алматы әуендері» ансамблінде дауылпазшы болып жүргенімде, әншілерге қосылып әндетіп жүретінмін. Ауылда гaстрольде жүргенімізде әнші болмай қалып, маған ән айтқызды. Солай даусым ашылды. Әнді жақсы көретінмін, бірақ жөн сілтейтін адам болмады ма, әйтеуір, әншілік тасада қалып кетті. Ән айта білу театр сахнасында, музыкалық қойылымдарда көмектеседі. Актер болу  синтетикалық мамандық. Сен ол жерде биші де, әнші де болуың қажет. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақтылықты талап ететін өнер. «Ең әдемі келіншек» қойылымынан кейін жеке әндер жаздырып, концерттерде, тойларда ән айта бастадым.

– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатыстыңыз. Осы оқиғаның өнердегі  жолыңызға, шығармашылығыңызға кері әсерін тигізген кездері болды ма?

Өнер адамы үшін қапасқа кіру басқа бір әлемге кіріп кеткендей әсер қалдырады. Ол жердің әлемі басқа. Құсмұрын станциясына барғанда бір апта карантинде жаттым. Кешке серуендеп жүргенде музыканың дауысын естіп жақындап барып қарасам, колонияның клубы бар екен, орыс балалар, музыканттар жиналып отыр. Мен келгенде бүкіл лагерь: «Артист келді», деп шулаған еді. Музыканттардың ортасына барғанымда Андрей деген орыс жігіт: «Қайдан келдің?»деп сұрады. Mен: «Алматыдан келдім, актермын», дедім. Содан: «Аспапта ойнай аласың ба?»   деп сұрады. Мен барлық аспапта ойнай алатынымды, дауылпазды да соға алатынымды айттым. Олар: «Мына қазақ дауылпазда қайдан ойнасын?»   деп мырс ете қалды.  Сөйтіп, дауылпазды соғып едім, бәрі маған қарады да қалды. «Сен бізбен бірге жұмыс істе, алда 7 қараша, мейрам келе жатыр, дайындалу керек»,  деді бірден, мен келісе кеттім. Сол топпен бірге жұмыс істеп, кейіннен оларға той жырын үйретіп қойдым.

Еңбекпен түзеу колониясында жіп иіру, ағаш цехы, жиhаз цехы бар болатын. Мені бірден жіп иіру цехына жіберді. Ол жерде Щелочков деген лагердің бастығы кезекті демалысқа кеткен екен. Сөйтіп, мені бірден цехқа лaбoрант ретінде қабылдады.  Еңбек демалысынан келген басшы: «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жеңіл жұмысқа неге аласыңдар, көзін құртыңдар»,  –  деп айқайды салды. Одан кейін цехтың бастығы Төлеген деген ағамыз: «Мынау менің лaбoрантым, бір айдан кейін бостандыққа шығады, орнына адам жоқ, бұл баланың жоғары білімі бар екен»,  деп алып қалды. Негізі, Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ең ауыр жұмыстарға жіберген еді.

Төлеген аға мені домбыра жасайтын жігітпен таныстырды. Кейін сол шеберден домбыра жасауды үйреніп, өзіме де біреуін жасап алдым. Сол домбырамен концертке дайындалып, өнер көрсеттік. Сахнаға шығып: «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды «ішкіштер», «нашақорлар», «ұлтшылдар», «бұзақылар» дейсіздер, бірақ біз ондай емеспіз. Студент жастар болдық, ұлтшыл емеспіз, нағыз интернационал халықпыз. Ресей мен Қазақстанды бөліп жатқан екі өзен бар: Еділ мен Жайық. Орыстар оны «Волга мен Урал» дейді. Ендеше мен Ильяс ағамыздың Еділ мен Жайығын айтып берейін»,  дедім де, өз сөзімді аяқтадым. Әнімді айтып болғаннан кейін Ибраев деген ағамыз жүгіріп келіп: «Щелочков «Батыр бала Болатбекті» айтып берсін деп жатыр»,  деді. «Олай болса,  көпшіліктің сұрауы бойынша «Батыр бала Болатбек»» деп, кезінде өзім үйреткен той жырын да айтып бердік. Желтоқсан оқиғасына қатысқандар саяси тұтқындар болып есептелгелгендіктен, күнде келіп тексеріп тұратын.  Сол күннен кейін тексеріс болмайтын болды, жігіттерді оңай жұмыстарға жіберді. Негізі,  түрмеде қатал тәртіппен отыру керек, бірақ  мен өнер адамы болғаннан кейін ол жерде  сыйлы болдым, барлығы  құрметтеді.

АТАҚ ҮШІН ДЕ ЖҮГІРУ КЕРЕК ЕКЕН

 – Үсіпхан аға, жалпы еңбектің еленгені жақсы ғой. Былтыр желтоқсан айында «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз, құтты болсын! Бұл сыйлық сізге кешігіп келді деп ойламайсыз ба?

«Құрмет» ордені маған ерте келген секілді. Негізі, өнер әлеміне келген кезде «атақ алу керек екен» деген ой түсіме де кіріп-шықпапты. 1994 жылы, «Ең әдемі келіншек» қойылымы танымал болып тұрған кез еді. Демократтар үйінде желтоқсандықтар жиі жиналатынбыз, әдеттегі жиыннан келе жатқанымда «Жастар» комитетінің аудандық хатшысы кездесіп қалды, ол кісі маған «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ұсыныстар қабылданып жатқанын айтып, «құжаттарыңды жинап тапсыр»,  деді. Сөйтіп, театрдың директоры Райымбек Сейтметовке барып айтып едім, ол кісі: «Әсел Мәмбетова екеуіңді ұсынайық»,  деді бірден. Екеуміз де құжатымызды жинап өткіздік. Дарын сыйлығын Әсел алды. Менің құжаттарыма қарап отырып, комиссия мүшелерінің бірі –  біздің театрда істейтін белді актер ағамыз: «Мынау театрға кеше келген бала ғой, оған «Дарын» сыйлығы неге керек?»  деп айтыпты. Содан құжат қарап отырған қыз арасынан Желтоқсан оқиғасына қатысқан, ақталып шыққан екен десе, тағы бір үлкен, белгілі режиссер ағамыз: «Онда Халық қаhарманын бірақ бере салайық»,  деп мысқылдаған екен. Бұны мен кейін естідім. Атақ үшін де кейде жүгіру керек екен. Негізі, театр ұжымы мені былтыр Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсынған еді. Бірақ  маған ол атақ лайық емес екен де, «Құрмет» ордені лайық екен. Мен бірінші «Құрмет» орденін алғым келген жоқ, «мен лайық емеспін» деп бас тартқан кездерім де болған. Кейін Алла Тағалам өзі бұйыртып тұрған сыйы шығар дедім.

Үсіпхан Әбдікерімұлы, әсерлі әңгімеңізге рақмет! Өнерде де, өмірде де биік белестерге жетіңіз

Әңгімелескен  Мақпал ӘДІЛҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  журналистика факультетінің 4-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір