ТЕАТРҒА АРТҚЫ ЕСІКТЕН КІРЕТІН КІСІ
Ойпыр-ай, бұрынғы жағдайды ежіктеп қайтеді! Болды ғой бәрі, болды ғой!.. Ал мына шақыртудың мән-жайын түсіне алсашы және алтынмен апталған бір бет жылтырақ қағазды күнделікті поштамен жібере салады. «Зайыбыңызбен театрдағы жаңа премьераға келіңіз, алдыңғы қатардан орын даярлап қойдық» дейді. Бұл не? Кешеге дейін дүйім елдің алақанында жүрген әтібірлі кісіні кемсіту ме мұның аты? Осы өңірдегі айтулы қызметтің құлағын ұстаған Сәнкібай Әбілхановты зейнетке шыққан соң бүйтіп елеусіз қалдырғанымыз ұят, керек десеңіз, азаматтығымызға сын деп аяушылық танытқанның белгісі ме? Қапелімде қан қысымы желке тұсты «жаулап» алды. Көз алдынан талай дүние дөңгеленіп өтті. Ептеп көңілі босады. Босаған көңілді кеуде тұстан оқыс пайда болған тосын күш әрі қарай мүжілуге мұршасын келтірмеді. «Әке-шешең өмір бойы облыс басқарасың деп тумаған шығар» дейтін қарапайым түсінік араға килікті де, ақыры соның пайдасына шешілді. Сабасына түсті. Жиек-жиегіне зер жалатқан кішкене кеседегі суық шайды әзер жұтты да, орнынан сүлесоқтана тұрып, жанындағы жұмсақ диванға жайғасты. Оппозициялық газеттегі бір сарынды жазылған көлдей мақаланы соңына дейін оқымады. Онысы ұйқыға кетер алдында таптырмас «көмекші» еді. ![](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2024/12/a784f6ae-e08f-420e-83d4-943da0e8bb22-300x200.jpeg)
Түс мезгілінде жарты сағат мызғып алғанға не жетсін. Жарты сағат емес, жарты күн ұйықтаса да Сәнкібайды енді кім мазаласын. Еркіндік, қайран бостандық жан-әлеміне мұнан артық дәрумен табылар ма?! Жарты сағат демекші, күні кешеге дейін түс мезгіліндегі шағын демалыстан соң, албасты басып, қызметтен баяғыда шеттетілгені есінде жоқ, тұра сала, дәп бір жұмыстан кешігетіндей жалма-жан киіне бастайтынын айтсаңшы. Әне, мұндай әпенділікті кім көрген. Үйде бәйбішесінен басқа тірі жан жоқ-ты. Бәйбішесі – көргені көп көрікті әйел, ішінен тұншыға күледі де, отағасының қыры пышақтай кәстөм-шалбарын қайтадан орнына іліп қояды. Үндемейді, әлде бөстекі әңгімемен күйеуінің сағын сындырғысы келмейді.
Сол әдеттегі жарты сағаттың шәт-шәлекейін шығарған мына шақыру билетін қайтсе екен, а?! Жыртып, өртегеннен өкініштің орны бүтінделе ме. Тіпті осы бір болмашы жағдайды өкініш деуге қайтіп дәті барады? Дүниенің астан-кестеңін шығарып, «бір көлдің суын екіншісіне қосып, тауды-тауға соғып жүрген» кісінің бейшара болған түрін қараңыз! Тұла бойын әлдебір әлсіздік биледі, жүрегі алқынып аузына тығылды. Іргедегі дәрі-дәрмекке көзі түссе де, қол соза қоймады. Түкке тұрмайтын көңілсіздікті пайым-парасатымен жеңе білмесе, несіне жер басып жүр?! Оу, мұнда тұрған не бар? Театр түгілі облысқа құрметті қонақтар келгенде де «бірге болсаңызшы» дейтін төтенше шақыруды құп алмастан, «үйде жоқ едім» деп сылтаурата салатыны қайда? Әрине, облыстың жаңа басшылығы осы өңірге бір адамдай еңбек сіңіргені былай тұрсын, дүйім жұрттың жас-кәрісін түгел танитын және олардың да Сәнкібай Әбілханов десе тікелерінен тік тұратынын білген соң, ешбір жиын-жиналыстан шетқақпай қалдырмайды. Керісінше, өзінің әр тұстан шошаңдап көріне беруге бүкіл болмысымен жаны қас. Шындықтың бетіне тура қарағанда былай: көптің аты – көп, бұл – жалғыз, кеше қабылдауына келгендердің өтініш-тілектерін тап-тұйнақтай орындаған болса арман не. Ал кейбіреуіне (бұл да пенде ғой) жүрдім-бардым жауап берген шығар, мың-сан шаруаның ағымымен апас-қапаста біреулерінікін қарамағындағыларға: «дұрыстап қараңыз», – деп ысыра салған да болар. Олар орындалды ма, орындалмады ма, оны бүгінде архивтен тапсаң жақсы. Бұл оны әлдеқашан ұмытса да, алдына барғанда меселі қайтқан ағайын о жағын да, бұл жалғанда есінен шығармас, яғни Сәнкібайдың тұлғасы анадайдан көрінгеннен көздер арасындағы қиян-кескі «күрес» басталады да кетеді.
Адырайған немесе мысқыл-кекесінге толы сығырайған кекшіл көздер тұс-тұстан анталап, «жеп» қоя жаздайды. Бұл сойқаннан құтылудың оңай жолы – кепкіңді баса киіп, жағаңды көтеріп алған бойда жан-жағыңа қарамастан, жылдамдатып тайып тұру. Оу, ұрлық істегендей, кешеге дейінгі аспан тіреген тұлға-бітіміңді қолдан сүмірейтіп, бүкшең-бүкшең кетіп бара жатқан түріңді көргендер не дейді? «Мына байғұсқа не болған?!» Құлақ түбі ызың-ызың. Жо-жоқ, талай жыл облыс басқарған Сәнкібай Әбілхановтың жұрттан жасқанатындай қандай айыбы бар, көзге түсетіндей кемшілік атаулыдан ада, жұмыс істемегендер ғана қателеспейді; сондықтан қай ортаға түссе де, бұрынғы басшының жүзі – жарқын. Танитындармен де, бейтаныстармен де жасандылықтың бет пердесін жұлып тастап, жылы-жылы амандасқаны абзал. Сүйтсе… сөйлеп қалған ауызды тұншықтыратын құдірет-күш қайда, кенет «медальдің екінші жағы» айқұлақтанып шыға келмесіне кім кепіл. «Ана жылы қолынан келіп тұрса да ағайынға жәрдемдеспеп еді, енді түк болмағандай бәрін ұмытып, жөн-жосықсыз ыржалақтауын қарашы!..» Бұл не деген таусылмайтын сұрақтар. Жауабын кімнен сұрарын және білмеді.
Жұмсақ диваннан кінәрат шамалы. Мызғып алатын сәттің берекесін алған бұл не мазасыздық? Үстел үстіндегі әлгі бар болғыр шақыру қағазын қолына қайта қыстырды. Әдірестен жаңылмаған, тура өзіне және жұтып қойғандай, аты-жөнін алтындатып жазғанын қарасайшы! Бір түсінбейтіні, театр ұжымы «бұрынғы әкімнің қазір қолы бос, театрға келіп жаңа қойылымдарды тамашаласын, тұла бойына рухани күш жинасын» десе, баяғыдан бері қайда қалды?! Аяқ астынан. Бұл тұста бұғып жатқан не сыр бар? Әлде театрға жаңа басшы келіп, анау айтқандай дүниені төңкеріп тастамаса да, кезінде азды-көпті «өнер храмына» қолғабыс жасағандарды түгелдей бастамаса неғылсын? Рас, аталмыш театрдың ескі ғимараты бір кездегі қалалық әкімшіліктің үйі-тұғын. Көрермен залы да қуықтай, еңсесі аласа, әйтеуір жоқтан бар жасалған өлместің күні. Сәнкібай Әбілханов облыстың зиялы қауым өкілдерімен жыл сайынғы кездесуінде «бұл бастаманың авторы пәленше еді» деп есеп беріп жатсын ба, көптен бері жамбасын сыздатқан күрделі проблеманы бірден шешіп тастағысы келгендей: «драма театры келер жылы жаңа мекенжайға көшеді», – деді. Жиналғандар жапатармағай қол соқты. Әкім де тереңірек тыныс алды. Обалы нешік, жаңа театрдың құрылысы біткенше жергілікті бюджеттен қаржы бөлгізу мәселесін жеке бақылауында ұстады. Бітті. Театрдың ашылу салтанатында құттықтау сөз алдымен облыс әкіміне берілді. Сәнкібай Әбілханов ұпай түгендейтін тұсты да ұмытқан жоқ. Бұл – облыс бюджетін бекітетін әдеттегі үйреншікті жиын емес. Өңір басшысының тек шаруа жайын күйттеген, ауыз ләмі солай қарай икемделе беретін қара жаяу емесін, ұлттық өнер туралы түсінігінің мұхиттай тереңдігін елге паш ететін оңтайлы сәтті босқа жіберу – өлім. Сөз қадірін біледі-ау, өнерден енші алмаған, өнер десе өлімін салатын бірнеше азаматтың басын қосып, сол қысқа сөздің өзін бірнеше мәрте қайта жазғызды. Ауыл арасындағы күйбең тірліктен әлемдік өркениетке бір табан жақындауға тырысты. Ертеңінде облысты қойшы, республикалық мерзімді басылымдар әкімнің құттықтау сөзін еш өзгеріссіз түгел жариялады. Сәнкібайдың да арқа-басы жеңілденіп сала берді.
Сыйға – сый, азды-көпті қызметтің құмға сіңбей ел есінде жүргені де үлкен демеу. Жә, бір жолы солай-ақ болсын, бірақ со бар болғырдың қайтарымы тап бүгін орындала қалғанына не жорық?! Мырс етіп, өз-өзін қинап күлді: «Алдыңғы қатардан орын дайындап қойдық…» яғни кіреукі көз, тосаң еститін құлақ сахнадағы көрініске жақыннан куә болсын дегені ғой. Сәнкібай Әбілхановты айт жоқ, той жоқ, бірден қариялардың санатына қоса салмақшы. «Эх, өттің дүние, өкіндіріп, жылатып, еңіретіп…» Үлкен театрдың іргетасын бірге қаласса да, театрға жиі барамын деп айта алмайды. Бұған келгенде пәсі төмен. Бұрын жан-жақтан қаумалаған көмекшілері соңғы қоңырау соғылғанда барып, көрермен залына қолтықтап кіргізер еді, зал орындарынан дүр ете көтеріліп, облыс басшысына ілтипат білдірер еді, ортаға қойылған арқалығы бар кресло да спектакль көруге ыңғайлы еді. Бүгін соның бәрі көрген түстей. «Көппен бірге алдыңғы қатардағы орындығыңызға жайғасыңыз…» Премьераның авторына да, режиссеріне де назар салмады.
– Бәйбіше, бері, бері келсеңші! – Ас үйде жүрген әйелін дауыстап шақырды: – Бүгін саған тосынсый жасайын. «Жұрт құсап айында-жылында театрға да бармаймыз» деп құлақтың құрт етін жеуші ең. Міне, шақыру билеті. Премьера. Алдыңғы қатардан орыныңыз дайын. Ал мені қинама, желке тұсым шаншып ауырады, мазам жоқ…
* * *
Облыстың бұрынғы №1-ханымы баяғы қошемет-құрметті көре алмаған соң, театрға кірген бетте киім ілгіш маңында біраз тұрып қалды. Анда-санда театрға бас сұққанда бір топ адамның қоршауында қауқылдасып жүріп, әркімге ишара жасап сәлемдесумен-ақ көп нәрсені аңғармаған екен. Сөйтсе театрдың құшақ сыймас аспашамының өзі көз арбайды. Жарыққа шағылысқан лағыл тастары жалт-жұлт. Сонша салмақты төбеге қалай бекіткеніне қайран. Кісі бойы терезе жапқыштарының да міні жоқ. Тұтасымен ісмер қолдан шыққаны беп-белгілі. Қанша мақтауын келістіргенмен шебердің де не асығыстықтан, не жауапсыздықтан кінәрат жіберуін ақтап алу қиын. Сондықтан қатаң бақылау мен темірдей тәртіп осы тұсқа керек-ақ. Осы шаруаның басы-қасында «желке тұсы шаншып ауырған» күйеуі жүрді ғой деген алғыс сезімі оқыс оянды да, оның театрға бірге келмегенін кешіре салды. Әрине, бірге жүргенге не жетсін.
Премьераның жарнамасы жарты қабырғаны алып тұр. Соның алдында суретке түскендердің қарасы қалың. Жоғарғы қабаттан оркестр жеңіл музыка ойнайды. Қойылым авторының аты-жөні таныс секілді болғанымен, ол кісінің түр-әлпетін еске түсіре алмады. Оның қажеті де шамалы еді. Дүйім жұрттың осында келердегі алтын уақытын рәсуә етпей, шығармасы ойдан шықса, бар тілектің көкесі сонда. Қазір оқыған-тоқығаны мол зерделі адам түгілі, қарапайым жұмысшыны да таңғалдыруың қиын. Бұл – жұмысшыны кемсіткені емес, олардың да білмейтіні жер астында. Интернетің қалтасындағы алақандай телефонға іздегенін заматында жарқыратып сала қояды. Қалааралық автобусқа рабайда мінеді, Құдайға шүкір, Сәнкібай Әбілхановтың әзірге әкімшіліктен бірер сағатқа көлік шақыртуға беделі жүріп-ақ тұр. Иә, сол айналайын автобусыңа мінген жолаушының екі көзі телефонда. Бұрын орындыққа жайғасқан жұрт қызық-шыжықты көшеден, көшедегі сапырылысқан адамдар арасынан іздеуші еді. Оны айтасың, қазір жол жиегіндегі сирен ағашы гүлдеп тұрса да, назар салатындар сирек. Яки осы күнгілер еш нәрсеге қызықпайды, не шектен тыс самарқау. Ал мына премьера күткен үдеден шығып, көрерменді ойлантса, жан дүниені кір-қоқыстан тазартса, қалғанына қиналмаңыз! Адам театрға сол үшін келеді. Әрине, талантты туынды бір көргенде түсініксіздеу болғанымен, жүре келе бәрібір мойындатады. Бүгін театрдан арқаланып қайтса арман не! Үйге барған соң отағасының әр нәрсені түртпектеп сұрайтыны және белгілі. Сондықтан премьераның оңтайлы тұстарын ұмытып қалмай, барынша ойға жүктеуге тырысты.
Ой, өтті-кетті дәурен-ай! №1 ханым кешеге дейін бүйтіп, самсоз боп тұрып па еді. Киім ілу деген не тәйірі, есіктен ішке енген бетте біреулер жерден тік көтеріп әкететін де, олай-былай қарауға мұрша бермейтін. Театрдың шеткі бөлмесіндегі өздеріне арнап жайылған дастарқан күтіп тұрар еді буы бұрқырап. Ою-өрнекті кәмзол киген қыздар: «Не ішесіз, ыстығын ба, салқынын ба; қаттысын ба, жұмсағын ба?» – деп тоққа қосылған ойыншық мәшинедей зыр қағар еді. Залдан бірер мәрте үйреншікті қоңырау соғылғанда да: «Сіз асықпаңыз», – дейтін-ді иіліп-бүгіліп. Асықпағаны қалай, көзбе-көз елдің уақытын ұрлау – қылмыс! Орнына тұра бергенде жан-жағындағылар жасанды ризашылықпен жылы жымияды, хор қызындай өңшең сұлулардың қошеметімен ортаңғы орынға кеп жайғасады. Соның артынша біреулер әкім мен ханым шөлдеп қалатындай, жеңіл үстелге самсатып сан түрлі сусындар әкеп қояды. Жә-жә, о жағын ежіктейтін несі бар…
Шақыру билетінде көрсетілген орынды бірден тапты. Бір жақсысы, «мына кісі бұрынғы әкімнің әйелі ғой» дейтін жүгіртпе сөзді де, қитұрқы көзқарасты да сезінбеді. Еркін, жайбарақат. Жарық сөнді, сахна шымылдығы кейін сырғыды…
Дөкей басшының қабылдау бөлмесі. Қабылдауға жазылғандар имене басып, кібіртіктеп, аяқ астынан мүсәпір қалыпқа түсіп, көздері жыпылықтап, келген шаруаларын баяндайды. Дөкейдің шіреніп отырысы, жағын жыбырлатып, шағым айтушының өтінішін немкетті тыңдауы, ретсіз соғылған телефон қоңырауына ыржалақтап жауап беруі – жағымсыз кейіпкердің толыққанды бейнесі-тін. Оқиғаның өтіп жатқан орны, сюжеттік құрылымы, екеуара диалогтің ұзын-ырғасы әкімнің әйеліне де жат емес. Таныс, сол төңіректе жүргендей. Төретамдағы космодром, дүниені түп-түгел от-жалынға күйдіріп жіберетіндей, Байқоңырдан көкке көтерілген спутник… Көз аштырмайтын қою шаң… Үсті-бастарына қонған шаңдақты қағып-сілкіп, мына аласат дүлейден аман қалғандарына шүкірлік айтып, космодром жаққа жұдырығын түйіп, әлдене деп ұртын толтырып боқтаған жергілікті қазақтар. Ойпыр-ой, осы көріністі режиссер айналайын ыңғайын тауып, қалай қиюластырған?!. Екінші бөлімде өз-өзіне қол жұмсаған бойжеткен… Суицид. Қорада асылып қалған өлі денені құшақтап, аңыраған ана… Шарасыздықтан арлы-берлі жүгірген ағайын… Қора сыртындағы төбеге жүгіре шығып, әдеттегідей космодром жаққа жұдырығын түйгендер… Үстеріндегі киімдері де жұпыны, қарақошқыл өңдерінде қан жоқ…
Орындығы сықыр-сықыр. Байқауынша, көрерменнің де жан әлемі алай-дүлей, яғни қойылым қазақтың маңдайына қасірет таңбасындай жазылған – Төретам трагедиясы. Оқиға айна-қатесіз асқан шыншылдықпен бейнеленген. Шеберлік деп осыны айтыңыз! Артистердің тапқырлығына қол соқпасқа шараң қайсы?!. Енді бірде әлгі Дөкей «Роскосмос» даярлаған алтын медальді өңіріне тағып, ыржың-ыржың күліп тұр…
Әкімнің әйелі театрдан шығып, үйіне жеткенше асықты. Күйеуінің неғып «басы ауыра қалғанын» ептеп сезетін тәрізді. Табалдырықтан аттаған соң нәр татпастан, ешкіммен тілдеспестен бөлмесіне кірді де, тас бүркеніп жатып қалды.
* * *
… Облыс әкімінің кез келгенді қабылдауға уақыты да, мүмкіндігі де тапшы. Біраз шаруаны орынбасарларына жүктейді, олар да елдің арыз-шағымын тыңдасын, қолдан келер көмектерін көрсетсін, ысылсын, тәжірибе жинақтасын. Бұл кресло Сәнкібай Әбілхановтың әке-шешесінен қалған мұра емес. Бәрі уақытша. Ертең сол орынбасарларының бірі іскерлігімен, алғырлығымен жоғарыласа, Секең шәкірт тәрбиелеуден жаңылмаған өнегелі ұстаз боп шыға келеді. Дұрыс-ақ, бірақ осы өңірдің әрбір тумасы менің де ағайыным ғой, бауырым ғой деп қаншалық іш тартқаныңмен, ара-тұра бірінші басшының қабылдауына шөбі түспесе талағы тарс айырылып, дүние төңкеріліп түскендей, өзімен-өзі арпалысып жүретін бірлі-жарым дәукестер де ұшырасады. Біріншінің алдына бармаса, сол кісімен бетпе-бет дидарласпаса бойдағы бұрқ-сарқ қайнаған дерт, әлде ұрынарға қара таппай жүретін ашу-ыза жуық маңда басылмас, сірә! Өмірі облыс әкімшілігінің есігін ашпаған, тіпті оның қай көшеде орналасқанын да білмейтін бір тоға адамдар да бұйырған несібелерін теріп жеп, балаларын бағып-қағып, осы тірлігіне де шүкірлік айтып, тып-тыныш жүрген жоқ па?! Әне, мына қоғамның нағыз қожасы солар, өмір сүрудің өлшемі солармен өлшенеді, солармен бағаланады. Солармен бірге алқа-қотан отырып шер тарқатқың келеді, солармен сырласқың келеді. Бірақ олар әкімнің қабылдауына зәру емес, әкімнің аты-жөнін де білмеуі мүмкін. Өз шаруасы ілгері жылжыса соған риза.
Аздаған түскі демалыс – өзі үшін аса бағалы құндылық. Өзге әріптестерін қайдам, үйге барып, бәйбішесі даярлаған ас мәзірінен ауыз тимесе көңілі көншімейді. Амал нешік, кейде жұмысбастылықпен түстікке шыға алмайтын да жағдай туындайды. Хатшы әйел жеңіл-желпі тіске басар ұсынады. Онысы бәйбішесінің қою шайындай қайдан болсын. Оның сыртындағы жарты сағат ұйқы … Әкімнің талтаңдап, ыңыранып, жай жүргенін кім көрген. Үнемі асығыс. Кеңседен шығып, оталып, есігі ашық тұрған қызметтік көлігіне отыра бергенде, сақалын әдемілеп өсірген есалаң біреудің тура шалғайға жабысқаны. Көшенің бұзақысы десе керек, көмекшілері дереу жетіп келді де, әлгінің қолын артына қайырды.
– Аса мәртебелі, әкім мырза, қабылдауыңызға жазылғаныма тура екі ай. Неге екендігін қайдам, әйтеуір маған келгенде есігіңіз тарс жабық. Мына итаршыларыңыздың мен дегенде атарға оқтары жоқ. Мен де – осы өңірдің тумасымын. Жеке өзіңізге айтарым бар…
– Ол не мәселе?
– Оны жол-жөнекей айта алмаймын.
Көмекшілері «итаршы» дегенді кешіре алмады, қолын сындыратындай қаттырақ қайырды. Шіркін, оңаша кезіксе…
– Аты-жөнін жазып алыңдар.
– Мұның аты-жөні онсызда белгілі. Жазушы-сымақ, қаламгер-сымақ. Облыс жетістіктерін көре алмай, үнемі сарғыш газеттерге сын жазатын…
– Иә, енді есіме түсті, Құрымбаев деген батыр сіз екенсіз ғой.
– Құрымбаев емес, әкемнің аты – Құрымбай. «…ов-тан, ев-тен» баяғыда құтылғанбыз.
– Алдағы жұмада, түстен кейін келіңіз.
– Рақмет, Алла разы болсын.
Үйіне жеткенше Құрымбай қаламгер не айтар екен деп, әкім ойланумен болды.
* * *
Қабылдауына келген Сағыныш Құрымбайды танымай қалды. Жастарға тән соңғы модамен сақал-мұртын дөңгелетіп, әдемілеп қырғызыпты. Қыры сынбаған көстөм-шалбары да шетелдікі. Аяғындағы өкшесі биік қызғыш туфлиі дүкеннен жаңа алынғандай жылтырайды. «Жазушыңыз жаман тұрмайды, білем» деді ішінен. Облыста Құрымбайдан басқа да бірнеше қаламгер өмір сүреді. Ретін тауып екі-үшеуін қабылдаған. Кітаптарын сыйлады. Оларды әкім де құрықол қайтарған жоқ. Қолдарына сағат тақты. Кітаптарын шығарып беруге уәделесті. Ал мына Құрымбайдың аты-жөні жалпақ жұртқа белгілі бола тұра, солардың арасынан бірде-бір мәрте төбе көрсетпегені қалай. Әлде «өз күнімді өзім көремін, әкім-қараға күнімді салмасын» деп ырғақты тірлік ауанына көнбей және жаттанды идеядан бойын аулақ салатын, оның бер жағында облыс басшысымен жақындасуды жағымпаздыққа балайтын шектен шыққан дәудің өзі болмасын. Дегенмен осындайлардың ой-пікірін тыңдағанның артықтығы жоқ. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, айтар уәжінің бәрі қайталау, сосын, сенің қытығына тию үшін әдейі қиқарланғаныңды да елемей жатып кеп, жөн-жосықсыз мақтай жөнелетін жәдігөйліктен іргеміз жел жұлмалаған теректей тербеліп тұрған жоқ па?! Иә, тосын ойлы, тобырлар жиналған топқа жоламайтын, көкірегіндегісін ханнан да, қарадан да қаймықпай ақырына дейін төгіп, таусылып айтатын мінезділерді тосып жүргелі қа-а-шан! Бәлкім, іздеп жүргені осы Құрымбай шығар. Қолына қыстырған түгі жоқ, ішке сыбай-салтаң кіріп келгенін сынағысы келді ме, бұрынғылардың биттің қабығындай кітабы шықса да қолтаңба жазып, «салтанатты түрде» табыстайтыны еске түсті ме, жазушы қарсы алдына жайғаса бергенде (әрине, мұны айтпағаны жөн еді): «Соңғы жинағыңыз не жайында, біреуін ала келсеңіз де артық болмас еді…» – дегені.
Жазушы жұлып алғандай: «Оны бәрібір оқымайсыз ғой», – деп бірден дүңк еткізді. Иә, өзіне де сол керек. «Неге оқымасқа, кітап оқып өскен ұрпақпыз… Сіздер, сіздер осы… бізді топас санағандарыңызды қашан қоясыздар, а?! Бізде де отбасы бар, әйеліміз не балаларымыз оқыр еді-дағы…» деп «әндеткісі» келді де іштей іркілді. Себебі жазушының көзінен жарық ете қалған от-жалын ондай әуейдің «аузын ұрып» жіберуге дайын тұрған-ды. Қабылдауға келер алдында креслосының мықтылығын малданып, Құрымбайдың елерген екпінін басуға жарайтын бірнеше нақты дәлелдерді де тіл ұшына түртіп қойған-ды. Ойпыр-ай, былайғы тірліктің бірде-біріне бас ауыртпастан, ақ қағазға күніге дені дұрыс бір-екі сөйлем жазса, аспандағы айға қол жеткізгендей, мейлі әкім болмақ түгілі Құдай болса да, өз әдресіне орынсыз бірдемелер айтылса оны табанда қағып тастап, мұрты бұзылмаған мұз жарғыштай төтелеп тарта беретін шығармашыл адамдар жайлы байламының «ондыққа» дөп тигеніне енді ғана көзі жетті. Әрине, бұлар жайлы «аңыз» іздесең аяқ астынан. Бүгінге дейін ішкіштердің көшін бастаған осылар, қолында билігі барлардың алдында құрдай жорғалайтын да осы жайсаңдар. Президент назарына бірде ілігіп, бірде қайсыбір себептермен түсіп қалса да, әлдекімдер арқылы сұрағанын алатын бұлардан асқан пысықтарды жер-көктен іздеп және таппайсыз.
Міне, Құрымбай мырзаның әкіммен ұшырасудың оңтайлы жолын қалай тапқандығын білесіз. Егер көмекшілері келмегенде жағаға жармасар ма еді, кім білсін. Бұлардан бәрі шығады және әкімді емексітіп, маңызды мәселе айтамын дейді. Бұрынғылардың күбір-күбір әңгімелері құлақ түбінде: «… осынша жасқа келгенше бала-шағамен сығылысып, тар үйде тұрамыз… Шығармашылықпен айналысуға жағдай жоқ… Қалам қуатын облыстың қарыштап дамуына арнап келеміз… Күрішші, малшы, балықшы жайлы жазғандарымды жинаса бірнеше том… Бірде-бір мақала оңайлықпен жазылмайды, өліп-тірілеміз. Осынша қан құсқан ауыр еңбегіміздің өтеуін қашан көреміз? Басылған кітаптарымыз өтпейді. Жоғарыдан қоңырау түссе ғана сатылым мен насихат алға қарай қатар жылжиды… Сіз Абай хакім айтқандай, жан-жақты жетілген «толық адамсыз…»
Егер Құрымбай мырза «маңызды мәселесінің» алдына осы секілді «жарапазанды» қыстырса, әкім де «сіз осы бізден не жамандық көрдіңіз, титтей кемшілікті түйедей етіп, жазасыз да жатасыз» дейтін «атакаға» дайындалып-ақ отырған-ды. Хатшы әкеп берген хош иісті шайға ерін тигізді де қойды.
– Бүгін Хиросима атом бомбасынан азап шеккен ақырғы адам қайтыс болды, – деді біраз үнсіздіктен соң.
– Мұның бізге қатысы не? Осыны хабарлау үшін келдіңіз бе?
– Біле жүргеннің зияны жоқ.
– Ал айта беріңіз, құлағым сізде.
– Кеше Төретам қыстағына жақын қоныстанған ауылдан бір қыз өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Суицид. Бұл пәленің әлі қаншаға жалғасарын кім білсін.
– Ол жайлы маған ешкім айтқан жоқ.
– Сізге ол шындықты бізден басқа кім айтушы еді. Төңірегіңіз толған «тамашаның» хорға қосылатын «әншілері».
– Негізгі шауаңызға көшсеңші, менен не көмек?
– Сіз мені қайтесіз, мен өлмеймін, қаламым өлтірмейді. Менен гөрі әлгі космодромға жақын орналасқан байғұс қазақтарға көмектесіңіз.
– Кеше бір орынбасарым Төретам төңірегін түгел аралап келді. Есебін тыңдадым.
– «Тамашадан» басқа не айтты дейсіз.
– Сіз осы бұра тартқанды қойсаңызшы?!
– Сізге мұнан бір ай бұрын хат жазғам. Әлгі бесіктен белі шықпай асылып қалған бойжеткеннің зар-запыраны түні бойы ұйқы бермеген соң… сізге ішімдегі шерді ақтарғым келді.
– Ол қандай шер, түріңізге қарасам, тұғырдан тайып отырғанға ұқсамайсыз. Жап-жассыз.
– Сіз де бұра тартқанды қойсаңызшы?! Ол қыздың өлімі – «ұйқыдан оянып, жан-жақтарыңызға қараңыздаршы!» дейтін ап-ауыр қоңырау. Ол кесапат сонымен тынса жақсы. Пәленің бәрі содан басталмасын.
– Не істе дейсіз?
– Не істеу керегін облыс басқарып отырып, менен сұрағаныңызға жол болсын. Ең сорақысы, өзіңізге арнайы жазған хатқа да жауап бермедіңіз. Не істеу керегі сонда түгел жазылған еді. Алақандай бір жарым беттік хатты оқымаған әкім менің кітабымды қайтсін. Қалады көп қағаздың арасында шаңға көміліп… Біздікінің де Хиросимадан бір мысқал кемдігі жоқ.
– Қара аспанды төндіре бермеңіз?
– Төндір, төндірме… сіз де осы өңірдің тумасысыз, әкім болып аяғыңыз салбырап көктен түскен жоқ. Бұрын-соңды суицид дегенді қашан, қайдан естіп едіңіз? Басымды қазір кесіп алсаңыз да айтайын, бұл – Байқоңыр космодромының бізге сыйлаған «ерекше сый-құрметі».
– Байқоңырды көшіріп жіберу қолдан келмейді. Мемлекетаралық келісімді бұзуға шама қайда?!
– Оны маған несіне айтасыз. Сіздің білгеніңізден, бәлкім, біз көп білетін шығармыз. Қолымыз бос, сіздерден гөрі көбірек оқимыз. Космодромды басы бүтін бұл маңнан көшіріп жібермесек те, қолдан келер әрекетті жасауымыз керек еді. Тұяқ серіппей өлуден жақсы ғой, әйтеуір…
– Тоқетері?
– Азды-көпті қарсылығымыз жоғарыдағылардың құлағына жете ме дейміз-дағы. Байқоңырды пәленбай жылға жалға алған жайсаңдардың «қазақтар – бейшара халық, бастарына сисек те, тышсақ та, дымдарын шығармай, тыныш отыра береді» деген түсініктерінің көмейіне қорғасын құяр ек те, ең болмаса…
– Енді не істе дейсіз, жазып алайын.
– Данышпанды таптыңыз ғой. Төретам тұрғындарына сіздің жасаған жауыздығыңыз да бес батпан!
– Не?!. Жазушы, қаламгер дегенге қайда лағып барасыз?! Алдымен, қайда, кімнің алдында отырғаныңыз есіңізде болсын!
Әкім астынан динамит жарылғанай ұшып түрегелді, көздері жыпылықтап ауыр жұтынды:
– Жауыздық! Қандай ауыр сөз?!
– Иә-иә, мұны да түбі біреуден естуіңіз мүмкін, әрине. Мына жағдайды жауыздық демей, өзіңізді арашалап алыңызшы, кәне?!
– Айтыңыз?
– Айтсам, ана жылы Төретам төңірегіндегі қазақтар космодромнан төнер кесепатты қысқартыңдар деп, халықаралық экипаж ұшыру алдында Мәскеуден әдейі келген әскерилерге тайлы-тұяғымыз қалмай, лап бергенде сіз араға киліктіңіз. Ереуілшілерді алдап-сулап, бастарына бақ-дәулетті
үйіп-төктіңіз. Сіздердің денсаулықтарыңыз қатаң бақылауда, Мәскеуден дәрігерлер келіп, қарап тұрады дедіңіз. Қайда, қайда, қазақтардың денсаулығын жақсартатын дәрігерлер?!. Бәрін айт та, бірін айт, өз-өзіне қол жұмсау етек алса жетісерсіз! Екінші мәрте космодромға тартылған теміржолды бөгегенде сіз тағы жеңгетайлық рөл атқардыңыз. Құр сөзбен қуырдақ қуырдыңыз. Жауыздық жасадыңыз десем, ат-тоныңызды бауырға алып тулайсыз және мына сорақылықты қайтесіз?!
– Ол немене тағы?
– Байқоңырдан 130-спутниктің аман-есен орбитаға көтерілу құрметіне арналған салтанатта «Роскосмос» сіздің өңіріңізге алтын медаль тақты. Қалтқысыз қызметіңіз үшін… Бізді түк білмейтін мылқаулар дейсіз, ә-ә, білеміз бәрін, білгенде қандай! Әрине, сіздің маған қарағанда қолыңыз ұзын: «маған жала жапты, арыма тіл тигізді» деп қазір полицияға ұстатып жіберуге де толық проваңыз бар. Айтқаныңыз мүлтіксіз орындалады. Егер түрмеге түссе Құрымбай не істер екен дейсіз ғой. Сіз жайлы драма жазамын. Басқа қолдан не келеді? Драма! Тірлігіңіз соған сұранып тұр. Ол сіз мына орыннан түскен соң ғана сахналанады… Ал менің келген шаруам осымен тамам, – деп жазушы орнынан тұрды. Емен есіктің тұтқасын ұстап тұрып, артына бұрылды:
– Бүгін Хиросима атом бомбасынан қасірет шеккен соңғы жарымжан дүние салды, – деді. Тынысы тарылғандай, кең кабинеттен.
* * *
Екі жұмадан бері премьера – аншлаг. Не құдіретінің барын қайдам, кешкі серуенге шыққан Сәнкібай Әбілхановты да театрға қарай бір ересен күш тартады да тұрады. Әлдекім көзге шұқып айтпаса да, қойылымның бас кейіпкері – өзі. Сағыныш Құрымбай уәдесін орындады. Үстіне көнетоздау киім киіп, тұмсығына қоңыр көзәйнек қыстырып, театрдың артқы есігінен елеусіз ішке енген бойда бүйірдегі бос орындықтың біріне жайғаса салған бұрынғы әкімнің алғаш аңғарғаны: көрерменнің трагедиялық спектакльге деген алабөтен қызығушылығы ма, әлде оқиғаның шыншылдықпен көмкерілген әсері ме, шымылдық жабыларда артистерді сахнадан жібермей, үсті-үстіне дуылдатып қолшапалақтап, біразға дейін ұстап тұрады.
Әдеттегі құбылыс: біреулер жер тепкілеп: «Авторы! Авторы!» – деп айқайлайды. Құрымбай мырза нағыз көріпкел екен: «Сол күннен бастап, менің мәртебем биіктейді. Ал сіз…» деп арғы жағын айтпап еді. Жазушы-драматург еңсесін тік ұстап, залға қарайды. Жанарында ризашылықтан туған жылы жымиыс.
Келесі күні де күзетшілермен келісіп,
театрға артқы есіктен кірген Сәнкібай Әбілханов көзәйнегін шешпестен әлдекімді іздегендей, көрермен залына ұзақ үңілді. Жазушыны жолықтырып, мың-сан көрерменнің бірі ретінде қолын қыспақ ойы бар. Сосын, ресейліктер берген алтын медальді жуықта музейге өткізгенін айтқысы келді. Тағы-тағы бірдемелерді… Бірақ оны Сағыныш Құрымбай мойын бұрып тыңдаса…![](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2024/12/1720781815-e1733470831603-227x300.jpg)
Қуаныш ЖИЕНБАЙ