«Меннің» абсурдқа толы әлемі
28.02.2020
949
0

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры поляк драматургі Словамир Мрожектің «Шекарадағы үй» («Дом на границе», аударған Құжырғали Төлеуішов) атты пьесасын 8-9 ақпан күндері «Мен» деген атпен сахнаға шығарды.

Екі күн қатарынан аншлагпен жүрген «Мен» қойылымы Орал қаласының өнер­сүйер қауымына өзгеше тарту болды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, қала әкімі Абат Шыныбеков спектакль премьерасын көріп жылы лебіздерін білдірді. Алдағы уақытта да театр жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарға қолдау көрсететіндерін айтып ерекше ықыластарын танытты.

Енді спектакльдің көркемдік деңгейі туралы әңгімеге келейік. Д.Базарқұлов таңдап алған туындының басты идеясын бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштас­тыра алған. Абсурд жанрындағы пьесалардың басты назарында әрекет пен тартыстың бірінші кезекте тұрмайтындығы драма теориясынан жақсы мәлім. Автор белгілі бір мәселе төңірегінде ақылға сыймайтын жеке ой-толғаныстарын алға шығарады. Сондықтан сахнада көрсетіліп жатқан әре­кет­тер логикалық тұрғыда сабақтас­пай­ды. Бұның басты себебі, көрермендер дағдыға айналған әдеттерден бір сәтке босап, өздерінің ой-қиялдарын әр тарапқа шарықтатып, өмір құбылыстарына басқа қырынан қарауға мүмкіндік алады. Мұндай пьесаларда оқиғаның орны мен уақыты нақты емес, ойсыз әрі бей-берекет деректер, түсініксіз мінездер, әрекеттер мен сөздер жиынтығы болып көрінеді. Алайда абсурд драмаларына мұқият үңілетін болсақ, осы элементтердің арасында логикалық бай­ланыстың барын аталған жанрдың көр­некті өкілдері Ж.Жене, Э.Ионеско, С.Бек­кет т.б. өздерінің шығармаларында анық көрсетіп берген болатын. Осы драматургтермен қатар абсурд жанрында ба­тыл қалам тербеген С.Мрожектің кез-келген туындысы режиссерлік қиялдың шарықтауына мол мүмкіндік беретінін әлемдік театрлардың мысалынан жақсы білеміз. Ал қазақ театр сахнасында алғаш рет қойылып отырған аталмыш шығарма Д.Базарқұлов режиссурасында өзінше өрнектелді. Пьесадағы көріністер желісі Меннің атынан баяндалатындықтан ғана емес, ондағы ойлардың тереңдігін жеткізу мақсатында режиссер спектакльді «Мен» деп атап, оның тағдыры арқылы өзгелердің санасына сілкініс жасауды көздеген. Сахнада бір отбасының өмірі көрсетілгенімен де режиссер қарапайым халық пен мемлекет билігі арасындағы алшақтықты өткір әжуамен бей­нелей отырып, әр адамның өзіндік «Мені» қандай жағдайда өзгеретіндігіне ой жүгірткен.

Спектакль тұтасымен Мен – Ербол Есендосовтың басынан кешкен оқиғаларынан құрылған. Әйелі, екі баласы, қайын атасы, қайын енесімен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Меннің бақытты өмірі аяқ-астынан күл-талқан бо­лады. Мемлекеттің тапсырмасымен үйіне баса көктеп кірген төрт дипломат оның үйін екіге қақ бөліп шекара жүргізіп тастайды.

Актер Меннің жан-күйін, психологиялық толғаныстарын иланымды жеткізді. Спек­так­льдің алғашқы сахналарында Е.Есен­досов­тың әрбір тіл қатуы ойнақы әзіл мен қағытпа қалжыңға құрылып, өз кейіпкерінің жаны жайсаң, мейірімді адам екеніне сендіре алды. Одан кейінгі көріністерде айналасында өтіп жатқан саяси оқиғалардың шиеленісуі Меннің жанын жаралап, еңсесін езе бастағанын актер баяу қимылдармен жеткізеді. Өзінің төсегінің үстінен өтетін, яғни шекарадан бөтен адамдардың жер ауып бара жатқанына үнсіз көнеді. Бірде жүресінен отырып алып күйзелсе, енді бірде орнында тұрған қалпы ойға шомады. Режиссер Меннің осы көңіл-күйін, дәрменсіздігін оның сахнадағы бейнесі арқылы әсерлі бедерлеген. Мойнына дейін суға батырылған Мен – Е.Есендосовтың көздері мұңға толы. Бәрін көріп тұрса да үн шығара алмайтын ол қорлық пен зорлыққа еті өліп кеткенін су ішінде есінеу арқылы сездіреді. Оның суға батырылып тұруы да символдық ойды меңзейді. Яғни, белшесінен батқан пенденің сол судан шығу-шықпауы екіталай. Меннің сахнадағы бейнесі бір адамның тағдырын ғана емес, осындай күйді кешіп жатқан көптеген мемлекеттердің жағдайын аңғартады. Демек, өз елінде отырып, басқалардың құрсауынан шыға алмайтын бейшара халді режиссер метафоралық астармен жеткізген.

Спектакльде үш буын ұрпақтың өмір тынысы контраст бояулармен көрсетілген. Қойылым басталған кезде ұл мен қыз баланың компьютермен ойнап отырған ойындары үлкен экран арқылы көрсетіліп тұрады. Атыс-шабысқа, қантөгіске, жантүршігерлік қатыгездікке құрылған ойынға құнығып, бастарымен кіріп кеткен екеуі компьютер өшіп қалған кезде ойын әсерінен шыға алмай, өздеріне қарай келе жатқан әкелерін «атып» ойындарын жалғастыра жөнеледі. Олардың қолына түсіп қалған әкесі «өліп» құтылады. Оның жығылғанына мәз болған балалары (Заманбек Әшім, Нұржиян Хасанова) масайрап жүгіріп кетеді. Бұл жерде режиссер спектакль прологінен бастап бүгінгі жас жеткіншектердің ата-аналарының бақылауынан кетіп, компьютер құрсауында өз беттерінше өсіп жатқанын көрсетіп өткен. Сол сияқты отбасы мүшелері жиналып, теледидар көруге отырған кезде бірнеше арналарды қосады, ал онда тек қана жағымсыз жаңалықтар айтылып жатыр. Әйтеуір бір арнадан түрік мелодрамасы жылт еткенде барлығы бірдей сүйсініп қарап қалады. Залдағы көрермендер күліп қабылдаған бұл көріністен дәл бүгінгі қазақ телевизиясын түрік телехикаялары жайлап алғанын аңғару қиын емес.

Қайын ата – Теміржан Матаев пен Қайын ене – Эльмира Мақашеваның қи­мыл-қозғалыстарынан, сөздерінен белгілі бір заңдылықтармен өмір сүруге әбден бейімделіп кеткен адамдарды көруге болады. Әсіресе, Қайын ененің әр сөзді созып сөйлеуі, тасбақаның жүрісіндей баяу қимылдауы, қайта-қайта сағаттың неше болғанын анықтап айтып отыруына режиссер терең мағыналар сыйғызған. Дегенмен бұл рольдегі актрисаның дауыс екпінінде жасандылық бар. Орындаушы керісінше, өмірдегідей қарапайым дауыспен сөйлесе нанымдырақ болар еді.

Д.Базарқұлов драматург мәтінін бұрмала­ма­ған, бірақ кейіпкерлердің диалогтеріне өз тара­пынан ілікпе сөздер қосқан. Айталық, Қайын ене –Э.Мақашева әр күн сайын қызына түшпара пісіріп беруді талап етеді. Басқа тамақ жемейтінін айтып жан­жал шығарады. Бұл арқылы заманы өтіп бара жатқан адамдардың жаңалықты қаламайтынын ұғамыз. Сол сияқты тамақ­ты көбірек ішкісі келетін Қайын атаны кескіндеген Т.Матаев қатып-семіп қартай­ған адамның өмір бойы тойымсыздық пен ашкөздік қасиеттерін жеңе алмағанын сөздерінен, бет-жүзінен, ишараларымен танытып отырды.

Меннің әйелін сомдаған Тоғжан Ғабдо­ло­ва абсурд жанрындағы шығармада ойнау қиындық тигізгені бірден байқалды. Ол спектакльдің басынан соңына дейін бір сарынды қалпынан өзгермеді. Тығырыққа тірелген, тұйыққа қамалған, тосқауылға тап болған әйелдің психологиялық өзгерістері оның ойынында мүлде айқындалмаған. Кейіпкердің сөздері бір бояумен, бір эмоциямен айтылды. Тіпті, күйеуімен сөйлесетін соңғы сахнадағы әйелдің жан арпалыстарын жеткізуде де актрисаның шеберлігі жетпей қалды. Немесе, дипломаттың бірі әйелді уақытша ермек етіп, кейін тастап кететін кездегі көңіл-күйі де актриса тарапынан толық ашылмаған.

Спектакль оқиғасының ерекше екпін-ырғақпен өрбуіне төрт дипломаттың әрекеті айрықша ықпал етті. Режиссер бұларға бір­дей қара костюм кигізіп, көйлектерінің жағасын мойындарына іліп, қалған бөлігін алдарына бос жіберген. Сырт қарағанда мем­лекет ісін жүзеге асырып жүрген қызмет­кер­лер болып көрінгенімен олардың жасаған әрекеттерінен бүгінгі күннің «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділерін көруге болады.

Бұл рөлдердегі Жасқайрат Валиуллиев, Азат Мыңбаев, Ақжол Ихсан, Аманжол Сатқанбаев әдемі актерлік ансамбль түзді. Олардың сахнадағы пластикалық икемділіктері, бет-жүздерінің тез құбыла қалуы өз кейіпкерлерінің жан-жақты ашылуына жақсы көмектескен. Актерлердің ширақ қимыл-қозғалыстары мен сөздері көз ілеспес жылдамдықта, өте жоғары қарқынмен өріс­теді. Халықтың алдында уәде беріп, сырт айнала бере бір-бірінің жағасынан алып салғыласып кететін дипломаттардың әрекеттерін әжуа-мысқылмен көмкерген. Ал, қарапайым халықтың басқан қадамын аңдып, үндерін шығармай, тіпті шекараны сылтауратып бейкүнә кемпірді (Қайын ене) атып тастаулары олардың жауыздықтарын паш етеді. Мұндай адамдардың ой-пи­ғыл­дары мен өмірлік философиялары актерлердің ойынында театрлық тілмен айшықты бейнеленді.

Спектакльдің көркемдік идеясының ашылуына және мизансценалардың дұ­рыс құрылуына режиссер мен суретші ойларының бір жерде тоғысуы ықпал еткен. Сахнаның екі жағындағы аппақ қабырғаларға біте орналасқан бірнеше үлкен құлақтар кейіпкерлердің көңіл-күйлерін ашуға көп септігін тигізген. Меннің үйіне келген дипломаттардың қандай шешімге тоқталатынын білгісі келген отбасы мүшелері бір-бір құлаққа жабысып, тың тыңдайды. Сахна сыртындағы дипломаттардың сы­бырласқан дауыстары ішке бірде естіліп, бірде естілмей тұрса, іштегілердің сөздері сырт жақтағыларға анық естіледі. Негізінен құлақтарда бірнеше символдық мән бар. Яғни, бұл жеке адамдардың ғана емес, жекелеген мемлекеттердің де бірін-бірі аңдып, ішкі саясаттарына құлақтарын түріп отырғанын анық байқатады. Шартты түрде Меннің үйіндегі бөлмелер мен жиһаздардың қызметін атқаратын сахна ортасында орналасқан ұзын тақтайлар алыстан қарағанда шекараның сызығын аңғартады.

Спектакль соңында күш-қуаты сарқыл­ған Мен-Е.Есендосов әбден шаршаған кейіпте көрінеді. Ол шекара асып жатқан адам­дарға дел-сал күйде қарап қалған. Осы сахнадағы режиссерлік ой түсінікті болса да актер ұзақ пауза жасап жіберген. Төбеден түсірілген маскалар шекара асқан адамдардың беймәлім тұңғиыққа сүңгіп, тағдырларының қалай біткенінен хабардар етеді. Ең соңғы сәтте теледидардан «Том мен Джерри» мультфильмін тамашалай отырып, қарқылдап күлген Мен-Е.Есендосов жерге құлайды. Бұл режиссерлік шешім мультфильмде көрсетілгендей әлділердің әлсіздерге жасаған қысымын немесе әлсіз болса да қулығы мен сұмдығы бірінші жүретін адамдардың қайсысы жеңетінін көрермендердің таразылауына қалдырады.

Қорыта айтқанда, «Мен» спектаклі театр ұжымының абсурд жанрындағы драматургиялық шығарманы сахнаға шығарудағы тың талпынысын көрсетті.

 

Бақыт НҰРПЕЙІС,

өнертану докторы,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір