МЕНІ ӨЛЕҢГЕ ТӘҢІР ӘКЕЛДІ
28.02.2020
2138
0

Ол поэзия тек интуицияның емес, кемел білімнің жемісі деп ұғады. Үнемі ізденісте, ой үстінде жүреді. Жастар поэзиясына тән аңғалдық пен албырттық та, тереңдік пен бөлек иірім де шығармаларынан менмұндалайды. Бұйығы бұлқынысымен, өзгеге ұқсамайтын ойлау жүйесімен ерекшеленетін жыр иесі өмірлік бағытын әлдеқашан таңдаған. Біз жас ақын Мәрлен Ғилымхан­ның шағын сұхбаты мен бір топ өлеңін қоса ұсынып отырмыз.

– Марлен, өзіңді поэзия әлеміне қандай күш жетелеп келді деп ойлайсың?

Өлең – белгілі бір уақыт аралығында белгілі бір іс-әрекеттің, оқиғаның әсерінен жан дүниемде орын алған құбылыс. Кәріс кинорежиссёрі Ли Чхан Донның «Поэзия» фильміндегі Миджа секілді қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертетін үйірмеге қатысқан жоқпын.

Мені өлеңге әкелген Тәңір. Мені ақын еткен – балалық. Өзен, көпір, маң даладағы жалғыз үй, ескі қала – шығармашылығымның бастауы.

– Адам жаны қай кезде ләззатқа бөленеді?

 – Аспанын бұлттай торлаған үрейден алыстап, ат құйрығын кесіскен пендесін, өткен өмірін ұмытқан күні жан ләззатқа бөленеді. Оны әркім әртүрлі қабылдайды.

Эугениюс Кугистің зерттеуіне сүйеніп, «Космос хиромантиясы» атты мақаламда: «Ғалымдар адамның өлгенге дейінгі һәм кейінгі салмағын өлшепті. Сөйтсе, соңғысы алдыңғысына үш грамм жетпейді екен. Бұдан жан салмағының үш грамм екенін байқаймыз. Салмағы бардың формасы болады. Жанның формасы қандай?» – деп жазған болатынмын.

Ал мексикандық жазушы Гильермо Арриага (мексикандық кинорежиссёр Алехандро Гонсалестің «21 грамм» фильміндегі монолог): «Біз неше рет дүние есігін ашамыз?! Біз неше рет ажал дәмін татамыз?! Кез-келген адам өлгеннен кейін 21 грамм жоғалтады. 21 грамм дегеніміз не?! Жоғалтқанымыз қаншалықты үлкен?! Қаншалықты маңызды?! Біз одан қай уақытта ажыраймыз?! 21 граммен бірге көп нәрсемізден көз жазып қаламыз ба? Не нәрсеге қол жеткіземіз? 21 грамм – 5 тиынның, калибрдың, шоколад ботончигінің салмағы. 21 грамм қаншылықты ауыр?!» – деп тыңнан түрен салады.

…Мүмкін, біздің жанымыз дәм-тұзымыз таусылғаннан кейін ғана ләззатқа бөленіп, байыз табатын шығар?!

– Тылсым дегенді қалай түсінесің?

 – Тылсым – пенделерді болашақпен байланыстыратын ұғым. «Дауысыңды ешкімнің естімеуі, өмірге келумен басталмайтын, өліммен аяқталмайтын ғұмыр» – ғаламның тылсым тұсы. Біреудің түсі – біреудің өңі. Әрбір адам түбі салмағы аз жанының арқасында тылсым жолдар арқылы белгісіз кеңістікке өтеді. Санада пайда болған ғажайыпты дыбыс, сезім, материя, уақыт құрайды. Француз шайыры Альфред де Мюссенің Виктор Гюгоға арнаған өлеңін оқи беремін. Себебі ол адам жанының өлмейтінін жазды. Өмірдің әрбір сәті – тылсым!

– Жер жаралғалы жаһанды сәулесіне бөлеген қандай да бір тұлғамен сұхбаттасу мүмкіндігі берілсе, кімді таңдар едің және не жайлы әңгіме қозғар едің?

– Таласбек Әсемқұлов: «Аңыз жай­ындағы аңыз немесе ауызекі мәдениет­тің пайда болуы турасында бір-екі толғам» мақаласында: «Ұлы Арғы түрік импе­риясының әміршілері ғалымдарға бүкіл жазба мұраны жаттатқан. Яғни, Дәстүрді көшіруге, эвакуацияға дай­ын­даған. Бірақ бұл – бір өлкеден екінші бір өлкеге көшірудің дайындығы емес. Арғы түрік империясы өзінің ұлы мәдениетін заманнан заманға көшіруге дайындаған. Немесе бұдан да түсінікті қылып айтсақ, біздің көне бабаларымыз топаннан кейінгі, ақырзаманнан кейінгі өмірге, тіршілікке дайындалған. Әлбетте, мәдениетті сол жазба күйінде де сақтауға әрекет жасалғанына ешқандай күмән жоқ», – дейді. Аталмыш «кітап-адамдармен» сұхбаттасудың сәті түссе, Арарат тауының ең биік жеріне орна­лас­қан Арменияның атақты кітапханасы Матенадарана жайлы сұрар едім.

…50 мың жыл бұрын дами бастаған Му континенті өркениетінің өкілімен тілдескім келеді.

– Қазір қандай тақырыптар қызық­тырады және не оқып жүрсің?

– Әлемге әйгілі романдарды және маңызды тақырыптар қаузалған, адам бойындағы қасиеттердің тереңіне сүңгіген әрі жеңіл жазылған өлеңдерді оқып жүрмін.

– Әлемнің жас ақындарын бақылап отырасың ба?

 – Әрине. Өзіме дейінгі авторларды іздеп жүріп оқимын. Қатарластарымның, замандастарымның шығармашылығымен таныспын.

– Пьеса мен поэзияның үндестігі неде деп ойлайсың?

– Екеуінде де кеуде ішіндегі құбылыс­тарды дәл көрсететін детальдар көрініс табады. Екеуінде де өз шындығың бар.

Жақында Президент пәрменімен жүзеге асырылған «Жусан» операциясы жайлы пьеса жаздым. Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында премьерасы өтті.

– Өзің үшін ең сүйікті шығарма болып есептелетін туындының тарихы жайлы баян етсең.

– Эмиль Золяның «Шабыт» романы – сүйікті шығармам. Париждегі қылқалам шеберлерінің шығармашылығын талдауда белсенділік танытқан жазушының романында ХIХ ғасырдағы көркемсурет саласының өзгерістері айтылған. Басты кейіпкер Клод Лантьенің прототипі – Поль Сезанн досы Эмиль Золямен романды оқып шыққаннан кейін тілдесуді, кездесуді тоқтатыпты. Туынды өнер үшін жанын қиюға дайын суретші туралы.

Акутагава Рюноскэнің «Тозақ азабы» новелласындағы Ёcихидэ, Оноре де Бальзактың «Үзілген үміттеріндегі» Люсьен, Джек Лондонның «Мартин Идені» жаныма жақын.

– «Мынаны неге мен жазбадым?» деп өкінген шығармаң бар ма?

 – Жақында америкалық ақын Карл Сэндбергтің төмендегі «Жоғалту» атты өлеңін орыс тілінен аудардым:

«Махаббатты, перзентті, өр өлкені,

банджо мен көлеңкені

һәм

менде бардың бәрін Құдай алар,

көлеңкем ғана қалар».

Осындай дүниені қағазға түсірмегеніме өкіндім. Оқығаныма қуандым. Көлеңкенің өмірде де, өмірден кейінгі ғұмырда да қасыңнан қалмайтынын айтқан ақынға таң қалдым.

Жарасы жазылмады қанша күздің…

Сурет

Суреттеріңді жойғам,

Сен туралы ойлануды да қойғам!

 

Қайткенде балғын бейнеңнен арыламын деп, қалқам,

Сәт сайын сауал астында зарығамын деп қорқам!

 

Суреттеріңді жойғам,

Сен туралы ойлануды да қойғам.

 

Себебі, саған сәт сайын асығамын деп қорқам,

Қалқам!

* * *

Дүниеде жақын досыңның жатқа айналғаны,

Жандағы жасыл орманның

отқа айналғаны –

Жаман!

 

Хаттардың кейде сендіріп, кейде алдайтыны,

Сенімді жоғалтқаныма қиналмайтыным –

Жаман!

 

Сені де жоғалтқаныма қиналмайтыным –

Жаман!

 

Пәруана

I

Мы живы и мертвы…

(Иоганн Вольфганг фон Гёте)

 

Төрт қанатты Періштем,

Пенделерден, перілерден неге үстем?

Мына мен де мұғжизасы ем Құдайдың,

Өң-бітімі келіскен.

 

Кім Тәнімді илемек,

Иланымға күмән басын иген ек.

Жеті қабат Көкке қашан жетеді,

Сүйегіме киген ет?!

 

Құпиямды қыр оқыр,

Әз рухымды әлсіретпес жыр оты.

…Айқа-а-а-й салған Аруақтардың алдында,

Күйіп-пісіп Жын отыр!

 

II

Мы смеемся, а смерть смеется внутри нас.

(Райнер Мария Рильке)

 

Адаммын деп алданба,

Жүз жыл, сірә, жұбануға берілген.

Жарғысы бар жалғанда,

Жазамды алдым жаза басқан жерімнен.

 

Жұлдыз кімді жазым қылды ертеде,

Қайда Жанның Отаны?!

Не себепті қарашығымды өртеген,

Таңның қызыл шапағы?

 

…Су сіңірген Көлікпіз,

Гүл Тәңірге апарады, жүр, еркем.

Біз, Бәріміз – Өлікпіз,

Әзірейіл тірілтеді күні ертең!

 

Бодау

Залымдар шайқасуға қабілетті,

Дәуірге зұлымдықтың дәнін екті.

Қаңтарда қаңтарылған қарт мертігіп,

Қапыда шабуылды жау үдетті.

 

Үзгенде қылша мойнын талша абыздың,

Жыландар жанын жұтты қанша аңыздың?

Қаншама ұл қыршынынан қиылды екен,

Жарасы жазылмады қанша күздің?!

 

Пірі өлген жұрт құлаған туды аяпты,

Біреулер жалғыз ұшқан қуды аяпты.

Дүниеде қанша жанның мерейі өсті,

Қаншама жанның қаны судай ақты?!

 

Қанша қыз қанша кесте тоқыды екен,

Қанша жыл қанша кітап оқыды екен?

…Жас жігіт назын үшбу хатқа жазып,

Несіне бөлмесінде отыр екен?!

 

Ой жору. Айкезбе

Тамдары тозған көшенің шамдары да ескі.

 

Бұлыңғыр бейне бетпаққа тартып барады,

Соңына, бәлкім, алдаған арманы лесті?!

 

Шаңырақ – шырақ.

Уық – із.

Кереге – сенім.

Ғасырлар бойы санаммен ерегесемін.

(…Сұлбаға жиі сұқтанған мен емес едім!)

 

Бейопа дүние үмітін көптен үзбеген,

Көзінен көкке көшпейтін көктем іздеген –

 

Ол ақиқатын аймалап жалғанға айналған,

Жоғалған Жүрегі екенін аңғармай қалған!

 

Үміт

«Когда мы потеряли себя,

все для нас потеряно»

 (Иоганн Вольфганг фон Гёте)

 

Себездеген жауын… әуен… таң… сарын…

Тасқа қарап қына өскен,

Қарашада бір қара шал шаршады,

Өз-өзімен күрескен.

 

Кеудесінде мекендеген жас адам,

Ісі – уайымды арттыру.

Жас адамға көп қиянат жасаған

Кінәлайды қарттығын.

 

Оны құса әлжуаз қып жіберді,

Өкпеледі түндерге.

…Мүмкін, жаңбыр жаумас па еді біреуді

жауратарын білгенде?!

 

Кәусәр

Жанымды қағазға көшірдім,

Алдадым.

…Сен мені несіне кешірдің,

Мен сені кешіре алмадым?!

 

Жаныңды көшіру үшін де,

Қатені кешіру үшін де –

Күш керек екен ғой.

…Қайғымен қосылу үшін де

Адамдар түс көреді екен ғой.

 

Күш керек екен ғой,

Сәттерді сағыну үшін де үнемі.

Адамдар тағы да түс көреді екен ғой,

Алаңнан арылу үшін де,

Ауыруы үшін де Жүрегі…

* * *

Менің маңғаз қалаға оралғаным,

үркек құстай көліме қона алмауым,

өле сүйген өлкемнен жоғалғаным,

 

жақын тұтқан жандардан қол үзгенім,

бұрынғымнан бөлектеу жол іздеуім –

сенен алыстамаудың амалы ғой…

 

Иллюзия

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,

Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай.

Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен,

Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай.

 

Куәгерім – ауа да үнсіз қаңғымақ,

Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?!

Шуақ барда елесін де еске алмай,

Тұрам сосын басым төмен салбырап.

 

Қанаттардың сусылында қалықтап,

Менен ұшып бара ма өзі жан ықтап?!

…Теңіздерден сүңгіп өтіп дем алмай,

Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап.

 

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың,

Таныта алмай кеңістікке сана айбын.

Тілеуіне тілім иіп тәнімнің,

Жүрегіме сүмірейіп қараймын.

 

Кенет көңіл жанарына жас алды,

Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды.

Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап,

Аспан әні айтылады қашанғы?!

 

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір