Қанатсыз деме сен мені…
22.07.2022
863
0

 

 

Елубай Ауезов

Іште өлген ит­тер

Көтермес дейсің ер нені,
Тосарын білем бізді сын.
Қанатсыз деме сен мені,
Көгімнен ұшқан қызғышым.

Дайынға болар кім де еге,
Жоқ байыз, жандай шыбынға.
Мен өзі келгем дүниеге,
Жүруге пышақ қырында.

Тістеме қылған барларда,
Көрінер тәт­ті құрты шын.
Пенденің бәрі арманда,
Әншейін бермес түр-түсін.

Болмасын жалтақ, жыр езі,
Көп ойнап, жүрмей, аз күлдік.
Тоқтар ма екен бұл өзі,
Жан-жағым толған азғындық.

Өмірім салты бар, таныс,
Көзімнің алды мұнарт­ты.
Жанымда күнде арпалыс,
Құрдымға қимай мына ұлт­ты.

Көкірек толды шеменге,
Әйтеуір әзір көр тегін.
Шарасыз болдым дегенге,
Кешірмес мені ертеңім.

Айтпайды олар бекер сын,
Тіреген көкті бақан жоқ.
Бақыт­ты менен екенсің,
Қапыда өлген Махамбет.

Жүрмін бе жазып бекерге,
Болмадым елге сонша ұйтқы.
Өзіммен ала кетем бе,
Ішімде өлген қанша ит­ті…

Не өкпе бар…
Байқасам бұрынғыдай болмай қаппын,
Шілдеде ақпандағы тоңдай қат­тым.
Не өкпе бар, жиырма-отыз маңайында,
Сауытбұзар жебені толғай тарт­тым.

Маңдайымды шуақ пен нұрға бұрдым,
Дұрыс сөйлеп, шатастым,
мың жаңылдым.
Не өкпе бар, отыз бен қырығымда,
Көксүңгіні қапысыз ырғай ұрдым.

Соның бәрі көрінді маған дұрыс,
Заулай ақтым, жат болды шабан жүріс.
Не өкпе бар, қырық пен елуімде
Жауға шаптым, қолымда жалаң қылыш.

Айта алмаймын, болдым деп желөкпе дәл,
Садақ, қылыш, найза әлі керек болар.
Көз ашпаған өмірі қан майданнан
Бұл шайырға сонан соң не өкпе бар…
Ақ киізден түсірмес…
Қанша мейлі кетсе де нұрланып маң,
Атқан емес ешқашан ұрланып таң.
Құдай сана өзіңді қанша жерден,
Ешкім биік тұрмайды бұл халықтан.

Аспан ашық, ел тыныш, кештім күйік,
Құл болам ба, тірлікке бес күнгі иіп.
Қанша жерден жолдас бол Ібіліске,
Бұл халықтан тұрмайды ешкім биік.

Жанарынан ащы жас, сор ағып, мұң,
О дүниеден сұрайды ол оралып құн.
Еліменен елпеңдеп, еңірейтін,
Ақын бірі, сол көптің, со халықтың.

Назы да бар білемін маған көптің,
Бұла жырым берсінші саған да екпін.
Басын іздеп жүргендей сары даладан,
Аруағы оянып Махамбет­тің.

Алға басар болғанда жарық жолы,
Болмағанда қорқытар тамұқ, көрі.
Бір болғанда хандары қарашамен,
Ақ киізден түсірмес халық та оны…
Амал жасап…
Дәнеңе жоқ ұққанда ми қатырар,
Қарсы ашқан нәпсіге жиһад ұнар.
Қалқам терең сезінсең пейіште де,
Біздің сүю сезімнің сипаты бар.

Көкпаршыға әр күнгі салым ұнар,
Табиғаты ол торғайдың тары құмар.
Қалқам біздің сүюде көре алғанға,
Ғайып әлем тылсымы, шалығы бар.
Кетіп қалсақ көрмейді ел жыраққа,
Сыңғыр күлкі тыңдайық, кел бұлаққа.
Мен айтқанның бәріне дайынсың ба,
Сезінуге бәр-бәрін жер – жұмақта.

Бұйырмаған әркімге ғашық қалып,
Қарекет­тің артында нәсіп бар, ұқ.
Мойныма да мінерсің амал жасап,
Аяғыңның арасын ашып барып…
Апа-ау…
Қайтем оны, сатулы адам рахымын,
Жетеді сол – деп жатса ел «ақыным»
Бір сылдырмақ тағып жатса сонда да,
Жек көрмеймін…
Қуанады қатыным.

Ала берсін, пысықай мен ептірек,
Шамалы ғой, кетуі одан көк тіреп.
Керек жері, ағайыным айтуға,
«Мықты шайыр болып мені кет­ті» деп.

Ниетім жоқ, әлдекімді көрмек кем,
Кейбіреуді алмаса атақ, шерлі еткен.
Маған сонша әсерлі емес мұндайлар,
Анам алған бәрін таза еңбекпен.

Кілем тозды ол – сыйға алған Мәскеуден,
Жауға айналды – қанша жақын,
дос көрген.
Жүрегіме ел марапатын таққасын,
Өкініш жоқ, болғанына бос кеудем.

Баса ма өрге, өтіріктен тұрған іс,
Жарылар ма, бір күн кекке тынған іш.
Тойған жоқ па, даңғазаға бұл тобыр,
Болғысы кеп, арыстан мен кіл барыс.
Солай шығар жоғарыдан ұйғарым,
Ал оларда бөлек бізден ми қарын.
Ұмтылар ем, мен де соған берілсе,
Бір кепілдік, «артады деп, иманың»

Жаным анам, адал асқа үйреткен,
Соны балаң жастай бойға түйді еппен.
Қайырлы ғып, қол жеткізер түбінде,
Апа-ау, ұлың, бәріне адал бейнетпен…

Асығайын…
Азап тартып, ішейін бүкіл у-ды,
Білдіруден қайтпаймын пікірімді.
Ғайбат сөзді айтқызбай, күнәһар ғып,
Үзбе Алла аузымнан зікірімді.

Бір пендеге артпайын нала қат­ты,
Саған сеніп тәнімнің тауаны арт­ты.
Жетіп жатсын Расулға еш қапысыз,
Жаңылдырма тілімнен салауат­ты.

Бастан кешіп, саңырау, әз ғасырды,
Қалай, қайтып қалдырам тозбас үлгі.
Ғашықтықтан өзіңе еңірейін,
Түн ортасы көл қылып көз жасымды.

Тақуаға қымсынбай қол берейін,
Құлшылығын қалайша оң демейін.
Асығайын тануға Тәңірімді,
Жете алмасам ұмтылып, жолда өлейін…
Дүние кілті
Сәт­терде түндей тұнық,
Айнала қарап маңға.
Ештеңе білмей тұрып,
Ұмтылғам Жаратқанға.

Көкейден көшкен өлең,
Байыды сәнді күз кеп.
Хабарсыз ештеңеден,
Жүріппін Раббымды іздеп.

Жатады аңғарып кім,
Ақынның жаны мұңды.
Қанша жыл сандалыппын,
Таба алмай Тәңірімді.

Көрмедім Хақтың тайыз,
Бұйрығы, талабынан.
Соңында таптым байыз,
Иемнің Кәләмынан.

Сол болсын сүйінерің,
Тіл берген тақылдауға.
Бар кілті дүниенің,
Аллаға жақындауда…
Өмір тәпсірі…
Алла білер, өткенді, ендігіні,
Жар жағасы ой кешем, желді күні.
Шешілмеген жұмбаққа пәтуа айтам,
Жырлағым жоқ, онсыз да белгіліні.

Бәлкім әлі өмірге аз, ептілік,
Таңғаларсың, деп жатсам
«қаз өт­ті үріп».
«Жаңбыр жауса жер балшық болады» деп,
Жыр қылуға бар қандай қажет­тілік.

Балын жиып, таппайды ара тыным,
Сапарымның екшедім әр атымын.
Жырлағаным соншалық маңызды ма,
Гүлге шықтың ақ таңда қонатынын.

Білмеймін ғой, күлкі ме, мұң қымбат па,
Жауап іздеп, мен талай жүрдім бақта.
Жазылған жыр жан-хәлді аша түсіп,
Жауап болса деп келем бір жұмбаққа.

Түбі таныр, зерт­теп сырымды елім,
Бәрі ортақ сіздермен мұңым, шерім.
Барар жолды Раббыңа жеңілдетер,
Өміріңнің тәпсірі жырым менің…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір