Еліктеу – ұлтқа намыс, ұрпаққа – сын
26.02.2020
1627
0

«Ислам діні – Адамшылық бастауы» деп білген, ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері бар қазақ бүгінде талай «тар жол тайғақ кешуден» аман алып шыққан сол салқар көштен адасып, рухани құндылықтарына үрке, жек көре қарап, өз тінінен ажырап барады. Өзгеге еліктеу, Ислам дінінің қағидаттарын теріс түсіну салдарынан көбіміз тіпті туыстық, бауырмалдық, мұсылман жанның бет-бейнесін танытатын – сабырлылық сынды асыл қасиеттерден, өзіміздің ұлттық болмысымыздан ажырап барамыз. Автор Ораз Баймұратов төмендегі мақаласында осынау рухани дағдарыстың түп-төркінін іздейді. «Шынайы Ислам дінінде терроризмге, радикализмге жол берілмейді» деп ой тұжыра отыра, Ислам дінінің жеке адам және жалпы қоғам өміріндегі маңыздылығын жан-жақты сөз етеді.

Бұл мақаланы жазуыма мені көптен тол­ғандырып жүрген мәселе себеп болып отыр. Соңғы кезде азаматтарымыздың жан-жаққа еліктеуі белең алып кетті. Басы қосыла қалған екі адамның бірі «дамыған ел» боламыз дегенді жиі қайталайды. Дамыған дегендері – Еуропа, Америка, Жапония елдері әрі олар бұлардың тек экономикасы мен инновациясына ғана үңіледі. Біздің зерттеуіміз бойынша, бұл елдер біржақты ғана дамыған, сондықтан түбінде қатты күйзеліске ұшырау қаупі қалыптасып жатыр. Мен ол елдерді таудан домалап құлап келе жатқан адамдарға ұқсатамын. Оны қалай дәлелдеймін? Ол қиын емес. Демографиясына көз салыңыз, аталмыш елдердің қарттары көп, жастары тым аз. Жастары неге аз? Өйткені бала туу көрсеткіші аз. Көп болса, әр отбасында 1-2 баладан ғана, 3-4 бала деген кездеспейді. Халық дамып, қай тұрғыдан да өсуі үшін әр отбасында, кем дегенде, үш баладан болуы керек. Бұл – демографияның өсу заңы. Іс жүзінде аталған елдерде жағдай керісінше. Ғалымдардың болжамы бойынша 20-30 жылдан кейін бұл этностардың соғыспай, атыспай, шабыспай жоқ болып кету қаупі зор. Мұндай келеңсіздік демографияның күрт түсіп кеткеніне байланысты туындайды. Өз басым шет мемлекеттерде болған осындай құбылыстарды, өкінішке қарай, жиі көріп жүрмін Бұл – кері қайтарылмайтын процесс.

Ал этнос жоғалса, тіл де, жалпы өркениет те болмайды. Сонда біз кімге және неге елік­теп жүрміз? Жастарымыз қазір осы елдерге кетіп жатыр. Жоғары оқу орындарын сол елдерде бітіріп, көпшілігі сол елдерде қалып қоюда. Саналы, жоғарғы білімі бар кадрлардың елден кету үдерісін тоқтату – біздің басты міндетіміз.

«Дамыған» елдерде демография неге төмендеуде? Өйткені  рухани дамулары төмен. Діннен алшақтап барады, шіркеулері бос тұрады. Себебі келушілер өте аз. Англияда шіркеулерді мұсылмандарға жалға береді. Үлкен-кіші демей, адамдары ойын-сауық орталықтарында уақыттарын бос өткізіп, сенделіп жүреді. Дінге ұю жоқ жерде, тәртіп құлдилайды. Ал дін – жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның өзекті негізі. Осы қағидаларға сүйене отырып, Қазақстанның өз жолы болуы қажет деп санаймын. Сондықтан басқа елдерді орынсыз үлгі тұта бермей, өз бағытымызды ұстанайық, ағайын.

Батыс елдерінің кейбір оңтайлы құнды­лық­тарының бар екенін жоққа шығармайық. Ғылымға қатты көңіл бөлуі, инновациялық даму, қоғамдық тәртіп, үйдегі, түздегі тазалық, қызмет көрсетудің жоғарғы сапасы, қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлу, эстетиканы жоғары бағалау, т.б. құндылықтар бар екенін мойындауымыз керек, әрі содан өз қажетімізді таңдап ала білуіміз қажет.

Қазақстан егеменді ел болғалы дамуға мүм­кіндігі мол екенін дәлелдеп келеді. Мен сонау Қайта құру кезеңінен бері ұлтымыздың жасампаз қабілеттілігіне, ғылымымыздың өркендеп дамитынына кәміл сенемін. Оның бір дәлелі: Қазақстан ғалымдары әлемдік ғылымға өз үлестерін қосып жатыр. Мысалы, академик Мұрат Жұрынов бастаған бір топ ғалым «титан» деген химиялық элементтің табиғи қасиеттерінің заңын бірінші болып ашты.

Сонымен қатар әлеуметтік Гармония заңы әлем бойынша алғаш рет біздің елімізде ашылды. Авторлары екі заңға да дипломдар алды. Академияның әр саласында жаңа заңдар ашу – ғылымның ең биік Эльбрусы. Мұндай өте жоғары жетістіктер әр ел ғылымында бола бермейді. Ендеше, Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік тұрғыдан қаржы беруді ойластыруымыз қажет. Сонда тағы да жаңа ғылыми заңдар ашу тетіктері молаяды. Біздің ғалымдардың толып жатқан патенттері, авторлық куәліктері ұлттық ғылымымыздың ертеңі жарқын екенін дәлелдейді.

Әсіресе, гуманитарлық ғылым саласында әлем бойынша жыл сайын жаңа заң ашу аса қиын. Жүздеген жылдарда бір рет қайталануы мүмкін жағдай. Мысалы, сонау Антика заманынан бүгінгі күнге дейін Сократ пен Аристотельден бастап қаншама ойшылдар, керемет ғалымдар ашпаған заңды Қазақстанның солтүстігіндегі шалғай ауылда туып-өскен азамат қалай ашқан? Мұның сыры неде? Құпия емес. Автор Құран Кәрімді оқып отырып, Тура жолдың не екенін, адасқандардың жолы қандай болатынын түсінді. Ғылым бұрын адам бұл дүниеге қандай мақсатпен келетініне назар аудармаған, рухани дамудың өте жоғары рөлін ескермеген, тек материалдық құндылықтарға жетуді ғана мақсат еткен. Бұл – адасқандық. Осыны автор Алланың Қасиетті кітабын оқып отырып байқаған. Ғылымға «Гармония-дисгармония» дуалды ұғымын Тура жол тұрғысынан қарастырып жаңа ғылыми экономикалық заң ашты. Онысы әлем ғалымдарын мойындатты. Бұдан 1400 жыл бұрын жазылған Құран Кәрім кітабы – тұнып тұрған ғылыми жаңалықтардың қоры. Мұны мойындап жүрген әр саланың ғалымдары аз емес.

Біздің өз жолымыз қандай? Ол – Гармония жолы, оның формуласы оңай, мағынасы терең; D1+ 3D 2.3.4.. Яғни Гармония 4 сфера­ның бір-біріне сәйкес дамуынан құралады.

Бірінші сфера – демоэтика D1, яғни рухани байлықтарымыз. Оған жататындар – дін, тіл, білім, ғылым, әдебиет, мәдениет және басқа құндылықтар. Әсіресе, діннің рөлі өте зор, ол әр адамның, жалпы қоғамның өмір сүруінің негізі. Біздің еліміздің шынайы Ислам діні, әдемі тілі, дамып жатқан ғылымы, кемелденген әдебиеті мен өнері бар. Рұқсат етілген және тыйым салынған құндылықтары, тағы да басқа ерекше қалыптасқан рухани байлықтары мол. Ислам дінінің болашағы зор. Ол қазіргі таңда әлем бойынша, барлық континенттерге тарап жатыр, басқа діннің адамдары оны қабылдауда. Бұл – бүкіләлемдік үрдіс, тренд. Шынайы Ислам дінінде терроризмге, радикализмге жол берілмейді.

Еліміздегі тіл саясатында шешетін мәселе­лер жоқ емес, бар. Үш тілді, тіпті одан көп тілді білу, полиглот болу әр адамға (қарт болсын, жас болсын) міндет емес. Ең бастысы, әр азамат өз ана тілін білуі міндетті. Қосымша басқа тілдерді білсе, нұр үстіне нұр болады.

Білім саясатында «дамыған» елдерде тар профильді мамандар, яғни технократтар дайындайды. Бұған еліктеуге болмайды. Өз мамандығыңмен ғана шектелу – жеткіліксіз. Нағыз Гармониялық азамат – жан-жақты дамыған тұлға. Ол мамандығын жақсы игере отырып, дінді, ана тілін, халқының тарихын, мәдениетін, әдебиетін керегінше игеруге мін­детті. Біздің оқу орындары осы мәселеге қатаң көңіл бөліп, дұрыс шешім қабылдауын қалаймыз.

Екінші сфера – демография D2, жоғарыда айтылғандай, тууды көбейтуіміз керек. Жасанды түсік түсіруді, туған нәрестені далаға тастауды тоқтату керек. Тура жолға сәйкес әр отбасында 4 немесе одан да көп бала өсіру дәстүрін жаңғыртайық. Сонымен қатар шет елдердегі бауырларымызды ата мекеніне қайтарудың қамын жасайық. Сөйтіп демография мәселесін кешенді түрде шешуді ойластырайық, ұлтымыздың көп болуынан сескенбейік, өйткені территориямыз ұлан-байтақ, жеткілікті. Халықтың күн көрісін төмендетіп алмау үшін қазіргі таңда тағы не қажет? Ең әуелі – ысырапшылдықтан аулақ болу. Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылғандай, мұсылмандар мүмкіндігінше бір-бірлеріне көмектесуі керек. Сондықтан бай болам деп, сараңдыққа ұрынбайық, бір-бірімізге қайырымдылық жасайық. Елімізде мұқтаждарға көмегін беріп жатқан олигархтар аз емес. Бұған қоса мемлекет өзінің қаржы ресурстарын тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше, көп балалы отбасыларына, мүгедектерге, жалғыз басты қарттарға, басқа да мұқтаж адамдарға көмек көрсетсе, зор серпін болар еді. Тағы басқа да шаралар жоқ емес, бар. Осындай негіздермен нағыз әлеуметтік мемлекет құруымыз әбден мүмкін

Үшінші сфера – демократия D3, адам құқықтарын толықтай қамтамасыз ете отырып, оның шектен шықпай дамуына жол ашайық. Мәдениетаралық коммуникацияны дамыта жүріп, Шығыс пен Батыстың, барлық континенттер арасындағы көпірлер салуды ұлғайтайық, мемлекеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамытайық. Дініміз, тіліміз, тарихымыз ортақ болғандықтан Түрік әлемінің саяси-экономикалық одағын құру мәселесін көпке созбай қарастыру керек. Осы ұсыныстарға ресми шешім қабылдайық.

Төртінші сфера – демоэкономика D4, яғни экономика мен әлеуметтік жағдайдың жеткілікті дамуы, Ислами экономикалық модельмен қаржыландыруды кең түрде пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, көлеңкелі бизнесті, сыбайлас жемқорлықты мүлдем болдырмау жағын ойластырайық. Байлардың кедейлерге материалдық көмек көрсетуін, бизнесте әріптестік қарым-қаты­нас­тар орнатуын нығайтып, адамдардың денсаулығына зиянды дүниелерді сауда айналымдарынан шектеп, жасыл экономиканы дамыту сияқты оңтайлы үдерістерге жол ашайық. Ал қазіргі батыстық либералды модель үздіксіз дағдарысқа ұрындырып жатыр. Ол адамдарды ғана емес, тіпті мемлекеттерді қарызға белшесінен батыруда. Пайызбен қарыз алу және беру түбінде азаматтардың әл-ауқатын төмендетіп, отбасының берекесін кетіреді. Елімізде бар өндіріс орындарының мүмкіндіктерін, әсіресе негізгі қорын толық пайдаланбай, еңбек өнімділігін жоғары кө­термей, ілгері дами алмаймыз. Жаңа инвестицияның талаптарынан «инвестомания» ауруы пайда болды. Инвесторлар елімізден арзан бағаға шикізаттарымыз бен қорларымызды ауқымды түрде алып кетіп жатыр. Шын мәнінде, инвесторларды таңдау саясаты өз мүддемізге толық сай түрде жүргізілуі керек. Қазіргі кезеңде басты талаптарды ше­тел инвесторлары емес, өзіміздің ұлттық үкіметіміз, компаниялар мен фирмалар қоюы қажет. Шетел инвесторларын елімізге тарту барысында оларды өзара бәсекеден өткізіп, әрбір жұмыстың Қазақстанның мүддесіне сай болуын басты назарда ұстауымыз міндетті. Ислами инвесторларға көбірек көңіл бөлу керек. Жергілікті олигархия өкілдері өз қаражаттарын отандық банктерде сақтаса, экономикаға көп көмек болары сөзсіз. Егер еліміздегі капиталдың шетке кетуін тоқтатсақ, теңге құны долларға қарағанда әлдеқайда жоғарылар еді. Нәтижесінде, халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсар­мақ. Жалпы, Қазақстанда шеттен қарыз алу, өзіміздің банктерден алынған несие­мен өмір сүру тоқтатылуы тиіс. Біздің ұсынысымыз – коммерциялық банктерді инвестициялау бағытына көшіру. Сонда экономикалық тұрғыдан да өсу байқалады. Банктер компа­ния­ларға инвеститциямен қатар пайызсыз қарыздар беріп отырса, осы қос қаржы көзі бір-біріне синергия тудырып, екі жақ та пай­да табады. Айта кететін тағы бір мәселе бар. Жаратушымыздың бізге берген аманаты, аталарымыздың «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғаған жерін сатуды да, жалға беруді де тоқтатқан абзал.

Жазып отырған 4 бағытты қатар дамытсақ, біз тұрақты түрде өсеміз, өркендейміз. Сон­дықтан «Гармония бағытына түсейік, тура жолдан таймайық, көрінгенге еліктеп, адасып кетпейік» дегім келеді. Біздің «30 дамыған ел» қатарына кіруімізді тек экономикалық, ин­новациялық тұрғыдан оңтайландыру жұмыстарын тиімді жүргізу арқылы ғана жоспарлауға болады. Керісінше, Гармония бағытында басқалар Қазақстанға еліктесін, олар бізді қуып жетуге талпынсын.

Тура жолда әлеуметтік-экономикалық Гармонияны қалыптастыру ұстамдылық, парасаттылық, әлеуметтік әділеттілік, жауап­кер­­шілік, қайырымдылық, ашықтық және бір-бірімізге деген сенім сияқты бірнеше жалпы іргелі қағидаттарды парасатты түрде қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Біздің ойымызша, жалпыадамзаттық үміт мынадай: «Гармония әлемді сақтап қалады!»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір