Ей, Ұлы намыс, қалғыма!..
31.12.2024
407
0

Темірғали Көпбай

АҚБОЗ — КӨКБОЗ
(баллада)
Мұзафар Әлімбаевтың рухына

Қазақы ойдың қаймағын жинап өт­ті әр күн,
Қартымды бүгін жан жүрегіммен
жоқтармын.
Мұзафар ата Әлімбаевтың үйіне
Көптомдық жайын кеңеспек
болып көп бардым.

Қаламгер үшін қайрыла бермес мұндай бақ,
Қаламын сайлап, қолжазба қат­тап,
ыңғайлап,
Қайқыбас қара кереуетінің үстінде
Қай күні барсам, отырады ойға шым бойлап.

Тоқсанда жасы, торғайдай ғана заты ердің,
Төніп тұр сұсы кәрілік деген қатердің.
Шау тартқан қыран шұқшия қарап
шимайға,
Іздейді мәнін бабадан қалған мәтелдің.

Мәтел сөз – кие, қасиеті артық қызырдан,
Қызық ой болса – қырманда қайнар
қызыл дән.
«Ат айналып, қазығын табар» деген сөз,
Көзіме түсті сиямен асты сызылған.

Мерейлі шақта болғанмен адал салтына,
Мәтелдің мәнін білмеген жанда бар кінә.
Меңзеумен ғана мағынасын ойдың білгім кеп
– Бұл сөзді неге сыздыңыз?– дедім қартыма.

– Ә, балам, оның астары бөлек, астары,
Мән бермей сөзге айтады бәрі, жас-кәрі.
«Айналып келіп қазығын табар ат» дейді,ә,–
Деп алып, қартым қызық бір сырды бастады.

– Қолданыс тапқан тұтқадай
болып тәлімге,
Негізі бұл сөз астарлы ойдың хәлінде.
«Адасқан пенде, алыстап кеткен азамат
Ортасын қайта табады» деген мәнінде.

Бұл сөздің мәні жалпыға мәлім жайт, балам,
Қаймана қазақ нені де білмей айтпаған.
Шідер мен өре, кісен салса да аяққа,
Жылқысын қазақ қазыққа байлап бақпаған.

Тентіреткенде тағдырдың жүгі зілман боп,
Айналып келмей, кеткендер қанша
құрбан боп.
«Ат айналып, қазығын табар» дегенде ел,
Жердегі жылқы туралы айтып тұрған жоқ.

Бабалар біздің мәнісін білген бәрінің,
Сиынып көкке, ғарыштан алған тәлімін.
Тұғырлы шамдай Темірқазықтың қасында
Ақбоз бен Көкбоз – екі жұлдыз
бар, жарығым.

Сол екі жұлдыз Темірқазыққа байланған,
Көрінеді анық қарасаң, түнде қай маңнан.
Сол екі тұлпар – бабамыз айтқан құбылыс,
Махфуздан бері қазықтан кетпей айналған.

Аспанда мынау ақ нұрын шашқан мәңгілік,
Ақбоз бен Көкбоз үйлесім тауып, сән құрып,
Ай туған шақта алыстап барып, қайтадан
Темірқазыққа оралатыны – заңдылық.

Сөз мәнін солай зерделеу керек ел деген,
Тұтқа болмайды торылар қолдан
жем жеген.
«Ат айналып, қазығын табар» дегенде,
Асқақ бабалар аспанның сырын меңзеген.

…Тебіреніп кет­тім, аспанды жаңа
көргендей,
Ақбоз бен Көкбоз кісінеп дауыс бергендей.
Бір ғажап сезім көкірегімді кернеді,
Бағзыдан бабам тіріліп қайта келгендей.

Аңызда болар ақиқат күткен бір нүкте,
Әпсана болмай әлімсақ сырын білдік пе?
Бабаларым-ай, даналарым-ай кемеңгер,
Аспанның сырын астарлап өрген тірлікке!

ЖЕЛБУАЗ СЕРТ
Пай, шiркiн-ай, бай адам ғой тiл жаққа,
Қойдай момын тобыр қайбiр қой десiн…
Хан сөзiнде қалжа болмас қылжаққа,
Сөйлеп жатыр. Сайрай берсiн.
Сөйлесiн.

Ол кiсi айтса ошағанға шыр бiтiп,
Бәс келтiрмей, бәйге алады байтал да.
Өнер керек өлгенге бас шұлғытып,
Өтiрiктiң өзiн сұлу айтарға.

Құрық жетпес қу саясат құрғырға,
Қиялата салар сөздiң жорғасын.
Кей кез­дерi бұлбұл екеш бұлбұл да,
Сайрайды екен сайрау керек болғасын.

Көп шындықтың айқасқанмен кiрпiгi,
Жан сақтауға жарамайды жалған үн.
Ақиқат­тың алдаспаны бiр күнi,
Жарқ етедi әмiрiмен Алланың.

ЖӘМШІК
Жылдар жылға жалғасып тұр,
Үміт­терден шам жанып.
Жалғыз ат­ты арба шықты,
Алыс жолға қамданып.

Жолаушының мол арманы,
Жол азабы елге сын.
Ұлы Дала сол арбаны,
Адастыра көрмесін.

Болған талай заман ақыр,
Бұл жұрт нені көрмеді?
Жалғыз жәмшік бара жатыр,
Мығым ұстап делбені.

Айдаушы етіп таңдап алып,
Алтынқұмар немені.
Арбадағы арда халық,
Үнсіз қалғып келеді.

Ұлы Дала теңселеді,
Сабылғандай сана көп.
Делбешіге ел сенеді,
Өзіміздің бала деп.

Жәмшік ойын сезер кімдер,
Алтын, жақұт арманы.
Божы қолда, өз еркінде,
Қайда бұрса арбаны.

Өз пиғылы ұнайды ерен,
Дүние қапқан сананы.
Өрге тартқан сыңайменен,
Көрге тартып барады.

ЖҰМБАҚ ЕЛ
Тақсырлары теке мінез бұл елде,
Бәрі жұмбақ, сырын пенде білер ме?
Кей істердің шындығынан шошынып,
Қиналасың тесік таппай кірерге.
Сауалы көп замананың зауалы,
Төбемізден жай оты боп жауады.
Көктен түскен найзасындай кәуірдің,
Көп жұмбақтың таптырмайды жауабы.
Қаңтар – жұмбақ,
Желтоқсан да – шытырман,
Жұмбақ сайын бура — билік құтырған.
Заманбектің өлімі де бір жұмбақ,
Үш оқ атып, парызынан құтылған.
Қилы заман асылдарға тым қатқыл,
Алтынбектің тағдыры да жұмбақ кіл,
Ей, ақиқат, сенен қадір қашқан ба,
Неге уақыт сұмның сөзін тыңдап тұр?
Ақиқат­тың үні неге жетпейді?
Неге бізде коррупция көктейді?
Неге, неге, заң қаһарын төкпейді,
Неге тақтан айлаңкестер кетпейді?
Айтсам тағы дейсіңдер-ау, килікпе,
Жаман ат­тың шабына біз тидік пе?
Отыз жылдай қанын сорған халықтың,
Жандайшаптар неғып отыр билікте?

Жұмбақты ойлап, терең ойға сүңгірсің,
Жоғарыда не боп жатыр, кім білсін?
Талпынғанмен болжай білмес ертеңін,
Халық та бір – ес жимаған бүлдіршін.

Жауабы жоқ жұмбақтар көп бұл елде,
Жалтақтаумен құм болуда жігер де.
Заман шіркін, бір сәт мұрсат берер ме
Ақиқат­тың ақтаңгерін мінерге.

КЕТІП ЖАТЫР БАУЫРЛАР
Естияры елірмес, елміз деуші ек есі бар,
Кеще болып кет­тік пе, көштің мәнін кеш
ұғар?
Кетіп жатыр бауырлар Кетпен таудан ары
асып,
Арқа жайлы болғанда, арқар ауып несі бар?

Арқар ауып несі бар, зар болмаса шұратқа,
Адам көшіп несі бар, зары жетсе құлаққа.
Ертегісі күмәнді, ертеңгісі тұманды
Кетіп жатыр бауырлар, туған елден
жыраққа.

Үйсін кетіп барады, Дулат кетіп барады,
Қолына ұстап қауғасын, шулап кетіп
барады.
Арғын кетіп барады, Найман кетіп барады,
Дауға қойсаң қайтпайтын қайран кетіп
барады.
Беріш кетіп барады, Адай кетіп барады,
Жаудың бетін қайтармай, қалай кетіп
барады?

Бастар кетіп барады, жастар кетіп
барады,
Арман кетіп барады, жоспар кетіп барады.
«Өз қағынан жерінген құлан оңбас» деуші еді,
Жамандыққа қимайтын достар кетіп
барады.

Жоқ, жоқ, намыс әсте де көрген емес көз
іліп,
Кетіп жатыр қабағын келешектің сезініп.
Қой үстіне бозторғай ұя салар елдегі,
Қой терісін жамылған қасқырлардан безініп.

Кетіп жатыр бауырлар, кетіп жатыр
жыраққа,
Жайлы елді жағалап, жету үшін мұратқа.
О, туған ел, өзіңнің топырағыңнан нәр
алдым,
Кете берсін кеткендер,
Мен кетпеймін бірақ та!

КІТАПХАНА МЕН ҚАСАПХАНА
(Баллада)

Аққұмда өткен арманшыл бал дәуренім,
Текті күндер санамда қалды-ау менің.
Зымырандар ұшырған Байқоңырдай,
Аққұм берген шабыт­тың самғау көгін.

Тәңір тегін бермеген біздейге өлең,
Тебіреніп келемін күздей кенен.
Алып ұшып Аққұмға жеткен сайын,
Бала күннің белгісін іздей берем.

Іздей берем сол күнге оралардай,
Сол күндерде адамдық жора бардай.
Амал қанша жақсы үміт жеткізбейді,
Жел ұшырып, жоғалған орамалдай.

Ескі мектеп. Қалың бау. Өрік, алма.
Біреуі де қалмапты-ау, жөн ұғарға.
Бал дәуренім саяңда өткен еді,
Бала кездің бір сәті жолығар ма?

Тоз-тоз болып бітіпті дала да, қыр,
Біздің жаққа келген бе заман ақыр?
Бала кез­ден бір елес ұстай алмай,
Жүдеу жаным жабырқап бара жатыр.

Кітапхана болатын мына маңда,
Жан рақатын беретін сұрағанға.
Қасапхана салардай дәл сол жерге,
Не көрінген апыр-ау, бұл адамға?

Бәңгі күннің зауалы болмасын ба?
Миым толып кеткендей қорғасынға.
Кітапхана орнында қасапхана,
Бала кездің отырмыз ордасында.

КӨКЕМАРАЛ
(Аягүл Мантайдың өліміне)

Санасы оның секілді еді сары уыз,
Қасиетін ұқпадық-ау әлі біз.
«Мен өзімді мойындатам» деуші еді,
Көкемарал – көкке ұмтылған кәрі қыз.

Құнын біліп қалам деген безбеннің,
Ол ырқына көне алмады ездердің.
Өз бағында өгейшөптей күн кешті,
Бақшасына көзін сүзіп өзге елдің.

Өзегінен жұлып алып өгейді,
Өртегісі келетіндер көбейді.
Казнет гулеп өршітуде өсегін:
Кеше сол қыз өлген дей ме, не дейді?

Шындық екен…
Көкемарал өліпті.
Қауесет сөз қабырғасын сөгіпті…
Көпсітем деп көкейдегі көбікті,
Көктің қызы өліп тынды.
Не біт­ті?

Әлемжелі дейтін – арсыз сайқал бар,
Күндіз-түні өреді онда шайтандар.
Өрмекшінің өрмегіне маталып,
Өліп кетіп жүрмеңдерші, байқаңдар!

Көкемарал өліпті…
Не біт­ті?

ҚАРА ТІЗІМ
Жылдармен бірге жаныңды кейде жейді мұң,
Ұмсынып бекер, күрсініп кетер кей күнің.
– Атаққа сізді алқалап едік, ақ үйде
қара тізімде тұр екенсіз ғой,– дейді інім.

Сорапсыз сөздер шайқайды сабыр сабасын,
Ініге ізет, іздеген ақын ағасын.
– Шырағым, – деймін, – шыжғырып
айтсаң шындықты,
Үкімет түгіл, үй ішіне қалай жағасың?

Сыңсиды үміт сорқұмға бұрған жылғаша,
Қайтеміз енді бермесін билік бұлдаса.
Ақкөңіл жандар алаламайды ешкімді,
Қара тізімді қара ниет­тер құрмаса.

Арымыз тулақ болмауы үшін тақымда,
Айтамыз әлі ақиқат-шындық хақында.
Айлаңкес пиғыл ақ үйдің қара тізімі,
Атаңның құны кет­ті ме мендей ақында!
Қоғамның мынау у-зәрін кімдер ішпеген,
Қараулығына қайнап кетеді іш деген.
Қай заманда да қылыш тіл, қайран ақындар,
Хан сарайының қара тізімінен түспеген.

Отыз сегізде обаша қырған Алашты,
Қара тізімнің қыр-сырын тарих
жаңа ашты.
Қысыр билікпен қырық жыл қырбай
боп өткен,
Өтежандардың мұңымен кімдер санасты?

Көргенді жазып, өлең өреміз түн қатып,
Көз жасын халық болған жоқ әлі құрғатып.
Қазақты алдап, тонаумен болған биліктің,
Қара тізімінде болудың өзі – бір бақыт.

ҚАТЕЛІКТІ ТҮЗЕТУ
(баллада)

Қадыр Мырза Әліге

Қиындықтардан қаймықпау болса мұратың,
Қалтаңда досым, әзілің жүрсін бір атым.
Қадыр ақынның қадірі бөлек еді ғой,
Қасына ерсең, қалжыңға қарық қылатын.

Қазақы қалжың – тереңде жатар тамыры,
Таркеуде жандар тулайды қашып сабыры.
Төрт ауыз сөзбен тулақтай қағып
тастайтын,
Қалжыңы – қылыш, қазақтың қайран
Қадыры.

Дүниежарық – қасірет көптеу тараған,
Көз жасын сөзбен құрғата білмес әр адам.
Қалжыңға сүйеп қайғыны талай кеміт­ті,
Қысастық көрсе күле қарайтын Қад-ағам.

Күле қарайтын, қыжалат келсе қыңбайтын,
Әлемде мынау болмайды, дейтін, ыңғай түн.
Бойына сіңген тағы бір ерен мінезі –
Бет алған істі бітірмей әсте тынбайтын.

Күндерге күндер, айларға айлар ұласты,
Көптомдық басып, сермедік кеңге құлашты.
Кеңсеге біздің кеңесе келіп бір күні,
Кемеңгер ағам өзгеше маған сыр ашты:

– «Тақиялы періште» отыр бізді елеп,
Келісім беріп, келінді өзің ізде деп.
Ал енді, менің ең басты шартым – кенжеме
орысша мүлде білмейтін қазақ қыз керек.

Көзімнен ұғып, таңданысымды ерек бір,
–Дерсің-ау, – деді,–
Ағамыз мынау не деп тұр?
Өмірде үлкен қателік өт­ті басымнан,
Олқының орнын толтыру үшін керек бұл.
Азғындап кетсем аз емес менің үлесім,
Үш ұлым барын өзің де жақсы білесің.
Баланың бәрін орысқұл етіп біт­тік қой,
Айдала болып ана тіл үшін күресім.

«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бет­те.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрмет­те!»

Деп жаздым, Алла-ай, өзгеге үлгі болардай,
Тұрған-ды ол кез өз бағым әлі тоналмай.
Орысқұл болған ұрпағымды енді аяймын,
Өз тілін білмес бейшара бар ма солардай?

Қу саясат­тың құрығын қалай сөге­йін,
Тағдырдың біздер көрдік қой талай өге­йін.
Қазағым деген қайраткерлердің баласы,
Қазақ тілінен мақұрым өсті, не де­йін?

Қыр жақтан келген қазақты көрсе қасарып,
«Мәмбет» дегені атқандай болды тас алып.
Мәмбет­тіктен құтылмақ болып жүргенде,
«Мәңгүрт­тің» бәрін өзіміз қолдан жасадық.

Сана жоқ бізде уақыт­тың демін ұғарлық,
Ұраншыл билік не десе, соны құп алдық.
Коммунизмге ұлтсыз жетеміз деп жүріп,
Космополит­тер өсіріп біздер шығардық.
Заманда сонау болмады ұлт­тар теңдігі,
Тіліңді жұтса, не керек дүние кеңдігі.
Қазақша ғана сөйлейтін қазақ қыз керек,
Ұрпағым менің қазақы болсын ендігі.

Қазақша ойлап, қазақша ғана сөйлесін,
Шын қазақ болса, оларға кімдер қой десін?
Біліп өссінші, ұғып өссінші ұрпағым,
Көкбөрі текті ұлтының нағыз бейнесін.

Қазақша танып аспанда Ай мен жұлдызын,
Қазақы салтпен өсірсін туған ұл-қызын.
Қолыңнан келсе тауып бер,– деді,– кенжеме,
Қазығұрт жақтың иманы толық бір қызын.

Тілеуін берсін тілеген жанның Тәңірден,
Ағамның сөзін ақылға салдым сабырмен.
Бой жетіп тұрған балдызды беріп ұлына,
Құдайым қосқан құда да болдық Қадырмен.

Ана тілінің әлемде болмас теңдесі,
Шын қазақ болсаң, рет­теле берер өңгесі.
Немерелердің қазақша шықты тілдері,
Қазаққа қайт­ты орыс боп кеткен кенжесі.

Орысқұл бала күйеу де болды ізет­ті,
Келеді өсіп қазақы ұл мен қыз епті.
Келіннің жөнін келісіп шешу арқылы
Ұлы ақын сонда ұрпақтың жолын түзет­ті.

ҚОРҚАУ МЕН ҚАРА ӨГІЗ
(Мысал)

Дулат Ағаділдің рухына

Сарша тамыз. Сағым билеп
Саваннаның төрінде,
Сүмбіледе су тамбайды субэкватор енінде.
Субтропик.
Бірер шумақ жазғым келді менің де,
Қорқау қасқыр гиена мен қара буйвол жөнінде.

Саваннада сансыз буйвол самарқаулау
жайылған,
Алдаспандай ай мүйізін қылыш
дерсің қайырған.
Қорқау ит­тер қатар өрді азуларын
ақситып,
Тап-тап беріп, табындарды
тыныштықтан айырған.

Қорқауларға азық керек ашқұрсақ боп
жүрмеске,
Қанды ауыздың қылғытарын қара
өгіздер білмес пе?
Буйвол біткен жыртқыш итке
үрейлене қарайды,
Боздағымнан айырар деп бейқам
жатқан бір кеште.

Қорқау ит­тер жемтігіне жетпей
сірә, оңар ма,
Көз жасына қарамайды, олжа керек оларға.
Сұм ажалдың аранына кетіп
жатқан біртіндеп,
Бірлігі жоқ мүйізділер мұндай
сорлы болар ма?..

Табиғат­тың заңы шығар жыртқыш
ит­тер ет жесе,
Өлетіндей өгіз еті өңешінен өтпесе.
Ең қиыны – буйвол біткен үрке
­­қарап тұрады,
Ошарыла «тамашалап», қорқау ойын ептесе.

Қорқау қанға құнығады
ұмытқандай құдайын,
Буйволдардан зәре кетер:
«Қой, шеткері тұрайын…»
Өз туысын бір ажалдан арашалай алмаған,
Алдаспандай ай мүйіздің қасиетін ұрайын.

Жүрегімді мұң езеді,
бастан қайғы өткендей,
Қорқау билік әдетінше ақырады өктемдей.
Жыртқыш жүйе жақсыларды жұтып
жатыр біртіндеп,
Халық үнсіз… Бәрі бірдей буйвол болып
кеткендей…

ӨЗІМІЗ
ДЕ КІНӘЛІ…
Көз алдымда көлбейді мұнар көктем,
мұнар күз,
Сірә біздер ешқашан көгермейтін шығармыз.
Қырда жүрген қазақтың қаңсып
қалса қорасы
Барлығымыз билікті кінәлауға құмармыз.

Өсетін ел өрістер тәлім алып өткеннен,
Біздей халық бар ма екен басшыларын
жек көрген?
Жүлде алатын едік-ау жарыс болса бір күні,
Ауыл менен ауданның әкімдерін сөккеннен.

Осы ма еді қасиет, осы ма еді тектілік?
Жеткеніміз осы ма көп үйреніп, көп біліп?
Басына бір іс түссе барлық қазақ жабыла,
Басшы болған адамды боқтайды
ішін кептіріп.

Тау қопарып, тас жарған болса дағы
айбыны,
Бұл қазаққа басшының ұнап еді қай бірі?
Ұры патша туралы сөз етпей-ақ қояйын,
Әулиедей кісінің өзін сөккен әйгілі.

Көз алдымда көлбейді өгей көктем, өгей күз,
Ар сотының алдында ақталғанда не дейміз?
Қосшы қандай болғанда басшы сондай
болмас па,
Өзіміз де кінәлі екенбіз-ау демейміз.

ПАЙЫМ
Жалтылдаған сәулелердей шынайы
менің нәзік түйсігімнің түбінде
бір ақиқат пайым бар.
Жан-жүректі толқытатын ұдайы,
Әлімсақтан аман жеткен бүгінге
Құдірет бар мойындар.

Ол құдірет – өлең! Өлең киесі!
Періште де одан үлгі алуға
ынтығады, сәби де.
Ақын! Ақын – сол өлеңнің иесі
өлеңнен де таза болып қалуға
тиіс мынау фәниде.

Ақын! Ақын! Сен пәкизат болмасаң,
Ақиқат­тан ат­тап кетсең, ардан да
Болмысыңа өгейсің.
Арды былғап, қараулықты қолдасаң,
Ғарасат­тың майданына барғанда
Құдайыңа не дейсің?

«ПИРАТ»
(баллада)
Ауылға бардым. Ауылда көктем бір керім,
Алдымнан шықты арманшыл бала күндерім.
Қалада жүріп, қаталап қаппын қырды аңсап,
Сағынып қаппын сабалақ ит­тің үргенін.

Қара шаңырақ. Әкемнен қалған көзіндей.
Қараша үйді жырлаймын әлі көз ілмей.
Қарасирақ ұл аулада итпен ойнап жүр,
Қаршадай күннен ит жанды болған өзімдей.

Қазақы тұқым, құлақ, құйрығы кесілген,
Қусам да кетпес тоңмойын төбет есімнен.
Беймаздау бала ат қылып мініп алса да,
Былқ етпей жатыр. Сақтасын құдай
кесірден!

Сұқтана қарап сұрына мынау «батырдың»,
«Кә-кә!» деп ит­ті өзіме таман шақырдым.
Бұрмады мойнын «Кім едің өзің?» дегендей,
Ұқпайды-ау сөзін бөтенсіп қалған пақырдың.

Болмысы маңғаз, шабаланбайды, үрмейді.
«Кел, кел!» деп көрдім, біртабан бері
жүрмейді.
Інімнің кенже баласы кенет, деп салды:
– Ата, бұл төбет, қазақша мүлде білмейді.

– Қалайша? – дедім, – Ит­те де сонда тіл бар ма?
Бұл жарықтыққа құлақ берген ғой тыңдарға.
Қазақы төбет – Бөрібасардың тұқымы,
Иесі айтса жетпей ме шолақ мұндарға?

Тіліне қарап таңдай ма ит­тің қай бірін,
Көкірегімде күйреді төбет жайлы ұғым.
– Макстың иті. Есімі – Пират. Үш жаста,
Аманат қылып қалдырып кеткен ай бұрын.

– Макс дегенің – шетелге кеткен Мақсат па?
Бұл «Пират» болса, жарыған екен жақсы атқа.
Қазақы итке қазақша ат құрып қалған ба,
Не деген бәле, атаңды балам, қақсатпа!

– Қараңыз, ата, қазақша сөзге қыңбайды,
Орысша менен ағылшыншаны тыңдайды.
«Пират, встать!» – деп бұйырып еді төбетің,
Орнынан тұрып, байқат­ты «ізет», ыңғайды.

Інімнің ұлы «Ко мне!» деп, «Апорт!»,
«Сидеть!» деп,
Айтқанын итке істетіп жатыр түйдектеп.
Қазақтың тілін өзі білмейтін Максқа
Қалай айтасың итіңе қазақша үйрет деп.

Қасиетсіз болса қайтесің ит­ті байлап құр.
Қолыңнан келсе итіңе, қазақ, қой бақтыр.
Қазақша бір сөз ұқпайтын мынау нән төбет,
Ағылшыншаға жүйрік екен, «сайрап тұр».

«Стенд ап!», «Кам он!» Бұйрықтың бәрін
қағып ап,
Сэм аға­й келсе төбетің бірден танымақ.
– Ағылшын тілін үйрену оңай итке, – деп,
Пират­ты қоршап, бала біткен мәз
жамырап.

Қазақы төбет қазақша ұқпай қорлады-ау,
Шетелге кеткен не ойлайды екен сорлы
анау?
Қазақтың тілі өркениет­тің жолында,
Интернет түгіл итке де керек болмады-ау!

Жаратқан Тәңір, үміт­тің көшін қиратпа,
Тіл үшін бізді сүйрелей көрме сиратқа.
Қаланы қойып, алыста жатқан ауылда,
Бөрібасарлар айналып жатыр Пиратқа.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір