Намыс найзагері
03.08.2022
713
0

Сонау жылдары аты аңызға айналған Әбілсейіт Айхановты көзіммен көріп, тілдескен болатынмын. Алматыда оқуда жүрген кезім. Заң саласында қызмет атқаратын ағамыз бар еді. Сабақтан кейін уақыт тауып бара қалғанымда бір- біріне ұқсамайтын іс-шараларды жоспарлап қоятын-ды. Осы жолы спорт сарайына баруға дайындалып отыр екен. Бірге бардық та кілем үстінде шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп жүрген Әбілсейіт ағамызбен дидарластық. Екеуі дос екен. Үзіліс кезінде бірге шәй ішіп, бойы екі метрге жуық алып палуанның біз үшін тосын әңгімелеріне куә болдық.

Кейіннен тоқсан бірінші жылы Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына орай Үйгентаста өткен дүбірлі тойда Әбілсейіт ағаның аламан күрестің төрешісі болып жүргенін көрдік. Түйе балуандар күресін тамашаладық, ағамызбен амандастық. Араға жылдар салып, республика Парламентіне депутатқа кандидат​ ретінде сайысқа түскен соң Сарқан ауданына келгені бар. Жеңгеміз екеуі аудандық газеттің редакциясына арнайы бас сұқты. Үміткер ретіндегі ой-пікірлерін жұртшылыққа жеткізбекші екен. Қуана құптадық. Көкейімізде осы кісіге арналған сауалдарымыз көп еді. Айттық, толымды жауабын алдық. Еркін күрестің баһадүрі отаршылдықтың қыспағынан өз салмағында КСРО құрамының озығы бола тұра әлем және Еуропа чемпионаттарына жібермегені туралы өкінішін ірікпей айтады екен.
Әбілсейіт ағамыз 1938 жылы 15 сәуірде дүние есігін ашыпты. 2016 жылы 6 наурызда қайтыс болды. Жетпіс деген жасқа еркін тола алмай ертерек кеткен Ақсу-Сарқанның тумасы нағыз намыс отына шоқтай қарылған, қайталанбас тұлға еді. Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1958 жылы алған). Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы.
Әбілсейіт аға жас кезінде есепке жүйрік болыпты. Мектеп қабырғасында мұғалімдер шығара алмайтын есептің өзін шығарып кеткен кездері де болған екен. Математиканы жақсы көретін. Содан соң өлең шығаратын. Өте ұлтжанды адам еді. Бұл туралы кезінде Новопокровка орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген Әсет Жекпелдинов әсерлі әңгімесін «Сарқан» газетінде оқырмандар назарына ұсынған болатын.
«Лондон Олимпиадасының қарсаңында, 2011 жылдың басында, 73-ке толатын шағында «Олимпиадаға барып күресемін» деді», – деп жазыпты өз естелігінде Маруан Түсіп. – Таңғалдық. Өз аузынан есту үшін іздеп те бардық. Сонда: «Шет елдерден, әсіресе Кавказдан балуан тасу доғарылмаса, сондай-ақ Олимпиада ойындарына өз жігіттерімізді апармай, келімсектерге иек арту тыйылмаса, мен боз кілемге шығып, белдесемін. Қазақтың да күресе алатындығын паш етемін. Барамын Лондонға, күресемін. Әрі «жеңілсем, жер көтереді» деп жеңілу үшін бармаймын. Намысты қолдан бермей, белдесемін. Оған дейін жаттығамын, дайындаламын», – деген болатын күйініп».
Шын мәнінде Әбілсейіт аға боз кілемде өшпес із қалдырды. 1962 жылы КСРО чемпионатында екінші орын алып, 1963 жылы чемпион атанып, КСРО халықтарының ІІІ жазғы Спартакиадасының жеңімпазы болған. Үш рет ауыл спартакиадасында, содан соң кәсіподақтың бүкілкеңестік спартакиадасында топ жарған. 1970 жылы КСРО кубогының жеңімпазы атанған. 12 рет халықаралық турнирге қатысып, ешқайсысында жеңілмеген.
– Қазақ спортының жанкүйерлері төбесі көк тіреген алып күштің иесінен көз жазып қалды, – дейді журналистиканың қара нары Орысбай Әбділдаев. – Айтулы баһадүр палуан Айханов Әбілсейіттің барша жұрттың боз кілемдегі көзайымы болғаны хақ. Қалың қазақ қаракөздері шаршы алаңда бокстасатын Әбсалам Нұрмахановқа, боз кілемде белдесетін Әбілсейіт Айхановқа жанкүйер болуға түпкөтеріле баратын қайран да қайран, жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдары-ай десеңші, шіркін! Адамзаттың ұғымында: нар кеуделі, екі иығына екі кісі мінгендей тау тұлғалы жігітті ғана түйе палуанға теңейді емес пе?! Әбілсейіт қараса көз тоятын толағай алып қой. Талай-талай белдесулеріне куә болдық. Шота​ Ломидзе, Александр Медведь сияқты сол кезеңдердің атақты алыптарымен айқасып, айнала қол соққандардың айызын қандырушы еді-ау!.. Иван Поддубный​ атындағы халықаралық жарыс армандай қала Алматы қаласына еркін күрес шеберлерін жинағаны әлі күнге есімізде. Көзі тостағандай, кескен томар іспетті Еуропа чемпионы, грузин алыбы Шота бойы екі метрге жуық Әбілсейттің белінен ғана келсе де, жанталасып бақты. Әлем палуандарына оң аяғын оңтайлай беретінінен әйгілі әккі болған Әбекең Шотаны боз кілемнің бұрыш-бұрышына тықсырғанын көргендер бүгінде сиреп-ақ қалғаны өкінішті… Байырғы КСРО-ның, жер әлемнің, Еуропаның мен деген палуандарының жүрегін шайлықтырған Әбілсейіт, әттең, дүние, көреалмаушылықтың кесірінен Олимпиада ойындарына жіберілмей, қысастық көрді. Аманжол Бұғыбаев, Мұсабек Қапанов, Манарбек Есімов тектес қайсар қазақтарды баулыды, аренаға шығарды. Өзі меңгерген бар айла-тәсілін ақ тер, көк тер болып үйретті, бойларына сіңірді. Өресіз басшыларға өкпелеп, Қытай, Қырғыз мемлекеттеріне кетіп қалып, еркін күрестің кереметтігін дәлелдеген тұстары да болды. Кезінде Айханов арқылы атақ-даңқа бөленген ұстазы Петр Матущак та қыжалатқа салып, кедергі жасады. Соның бәрі Алпамыстай, Қобыландыдай, Қабанбайдай қайран баһадүрді іштен мүжіп, ақыры бүк түсірді. Небір алыптардың жауырынын боз кілемге жапсырған Қазақия елінің ер тумасы – өмірге сирек келетін Антейдей алыбы дауасыз дерттен жамбасы жерге тиді. Ажалға ара тұру адамзаттың қолынан келмейді… «Қазақ қайсы?» дегенде төбеге көтеріп көрсететін алып тұлғамыз арадан кетті… Бірақ артына сан мыңдаған шәкірттерін, қарсыластардың аяқ-қолын буып тастарлықтай қаншама әдіс-тәсілдерін қалдырды. Соған да шүкір демеске лаж қайсы? Жатқан жері жарық болсын, қабірі гүл шоқтарынан арылмағай.
Айтары жоқ, боз кілемде атой салған айтулы палуанның соңында аңызға бергісіз әңгімелер қалды. Айхановтың ерекше бір қасиеті және өзгелерден ерекшелігі, боз кілемге шыққанда бір аяғын алға созып, қарсыласына беріп қоятын. Негізі, еркін күресте ешкім де аяғын ұстатпауға тырысады. Бәрі де аяқтарын алып қашады. Ал Әбілсейіт аға, қасқайып алға созып тұратын.
…Бірде Әбілсейіт аға үш дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Медведьпен күреседі. Сол кезде Медведьтің жаттықтырушысы Иваницкий кілем шетінде айқайлап тұрған көрінеді. Жоғарыда жазғанымыздай, ол да – Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы. Екеуі дос, екеуі де ең ауыр салмақта белдесетін. «Саша, аяғын ұстама, аяғына жолама!» – деп аттанды салыпты ол. Өйткені өзінің аузы күйген. Айхановтың аяғынан ұстаймын деп, опық жеген. Сонда Медведь: «Аяғынан ұстамағанда, қай жерінен ұстайын?» – деп ыза болатын көрінеді. Өйткені Әбілсейіт аға тағы да аяғын алға созып, тұрып алған. Жақын келу үшін алға созылып тұрған аяққа тіреледі. Одан өту үшін ұстау керек.
Әбілсейіт ағамыз ерекше туған ерек болмыс иесі болатын. Біз өз ерлерімізді ескеруіміз керек. Сондықтан Жетісу облысы Ақсу ауданының орталығы Жан-

сүгіров кентінде салынған спорт кешенінен Әбілсейіт Айханов есімі берілуі керек деп білеміз!

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір