АДАМДЫ СҮЮ – ҚАСІРЕТ ЕКЕН!
26.02.2020
1502
0

Небәрі 51 жыл өмір сүріп, 20 жылдың ішінде романдардан бастап, әр алуан хикаяттар мен новеллалар, пъесалар, ұзын саны 100-ге жуық кітап жазып, 2000 кейіпкер (кейбіреулері 3000 дейді) сомдаған Бальзактың құдіреті мен құпиясы әлі күнге дейін әдебиеттанушыларды қызықтырумен келеді. «Горио атайы» – Бальзактың «Адам комедиясы» эпопеясының шыңы болып есептеледі. Осы орайда айтулы француз классигінің туындыларын қаузап жүрген сыншы, әдебиеттанушы Жанұзақ АЯЗБЕКОВ өз ойымен бөліседі.

Жанұзақ Аязбеков

Қырық күн жан тері бұршақтай төгіліп, соңғы нүктесін қоя салысымен, «Горио әкесін» о дүниеге «аттандырып», «іштен шыққан шұбар жыланына» бола 35 жастағы Оноре де Бальзак еңіреп-есеңгіреп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады. Ал «Лала жазығының» мәресіне таң құланиектенгенде жетті де, «терезенің алдына барып, көмейіне тас тығылғандай өксіп, көзінен жасы парлай жөнелді» (Ф.Лотт). Библиограф Б.Горбачевский: «Міне, асыл туындылар дүниеге осылай келген еді…» – дейді (Б.Горбачевский. «Ариаднаның арқауы», 96-бет. «Жалын», 1977 ж.)

Бір жарым ғасырдан бері мыңдаған бальзактанушылар да, жазымпаздар мен жылнамашылар да Оноренің жазған-сызғаны, қаламының ұшы тиіп кеткен дүниесінің бұлым-бұлым, қатпар-қыртысына дейін дымын қалдырмай сүзіп шықты. Құныға түсіп, Бальзактан басы айналғаны сондай, өз шимайларына өздері сенбей, тіпті қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін білмей дал болатыны бар. Көп мысалдан бір мысал: Оноре ғұмырнамашыларының бірі Стефан Цвейг: «Анық-қанығын кім білсін, Бальзак дүниеден озар алдында сандырақтап жатып «Адам комедиясы» эпопеясының кейіпкері, дәрігер Opac Бьяншонның атын дауыстап шақырып: «Бьяншон осында болғанда, мені аман алып қалар еді! – депті», – дейді. Осындай «дейділердің» өзі қанатты сөздерге айналып, том-том хикаятқа ұласты. Бабасал жасында Шекспир мен Гетені түсіне алмай қойған сұңғыла Лев Толстойдың Бальзакқа бас игені несі?!. Ал Ф.Достоевскийдің ақыл-азуы шыққан шағында қолына қалам ұстағанда ең алдымен «Евгения Грандені» оқысымен, ағасы Михаилға хат жазып, «Чудо,чудо!» деп айран-асыр қалып, тамсана тәржімалапты. М.Горький бұлардан да асып түсіп, Бальзактың «Адам комедиясы» хақында: «…өмірде ол маған анамдай болды, адамға деген махаббаты аса қымбат», – деп жазған. Тізе берсек, мұндай мысалдар шаш етектен.

Қыруар туындыларының қатарында «Горио атай» Бальзакты қатты азапқа салған екен. Бальзак «Адам комедиясы» дәуірнамасының тіні әрі түптамыры етіп осы «Горио атайға» жүгініпті. Неге?

Туындыда Горио – екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп, ақыр аяғы ит өлімге ұшыраған 69 жастағы бейнетқор шал. Сонау бір зіңгіттей шағында Горио макарон сатып байыған пысықай еді. Сүйікті әйелінен ерте айырылады. Отбасында қалғаны – Анастази мен Дельфина атты екі қызы. Горио қос көбелегін мәпелеп, еркелетіп өсіреді. Бар арманы – сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы-мұңсыз бойжеткізіп, үлде-бүлде жасауымен ұзатып, қоғамда өз орны бар, беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай-бақуатты өмір сүрсе. Жиған-терген бар дүние-мүккәмал солардың жолында. Өз басы аш-жалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай-ақ қыздарының үлкені – графқа, кішісі – баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да, әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керісінше аямай шашты; ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық-сайран салды. Дәрежелі күй біткен қыз-күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеубалалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Горио мұны сезді де, қинала-қинала кәсібін тастап, жарлы-жақыбайлар мекендейтін пансионға көшеді. Бұдан соң қыздары әкесін қомсынып, жұрт көзінше жолығудан қысылып, оқта-текте ғана жасырын, үйлерінің артқы есігінен кіріп-шығып кездесетін халге жетті. Байғұс қартқа қыздарын көру бір мұң, талай рет көшеде тұрып, алыстан болса да бір көріп қалғысы кеп сарыла күткен күндері қаншама. Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат. Себебі күйеулері кейде ақшадан қаққанда әкесіне тұра жүгіретін еді. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр: Нусинген – әккі барон, бай, бірақ сараң. Екеуі де Горионы ақыры «…жеміс шырынын сорып болған соң көшеге лақтыра салды». Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайырымдылық, мейірім күтті. Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды. Ақыр аяғында, қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады. Сөйтіп, Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ».

Шығарманың шырқау шегіне жақындар тұсында Горионың пансионатта бірге тұратын студент Растиньякпен әңгіме құрған сәтінде, (Растиньяк – шығармадағы басты тұлғаның бірегейі) көбіне ызасы желіп келетін, ашуы шауып шығатын Горио: «Әркім өзінше сүйеді. Менің сүйгенімнен кімге қандай қырсық тимек? Маған жұрт неге қадала береді? Мен деген өзімше бақытты жанмын», – дейтіні бар. Міне, Бальзактың ең шедевр деп танылған барша туындыларының астарында, тінінде жатқан осы – Адамды сүю!

Сыншылар «Горио парасатсыз, кісілігі жоқ, қиянкес біреу, мұндайлар біздің қоғамда болуы мүмкін емес», – деп тарпа бас салғанда, Бальзак: «Горио өлтірсе де қожайынының қолындағы жылы қанын жалай беретін ит сияқты; ол талқыламайды, ол айыптамайды, ол – сүйеді», – дей келе, «Горио қызына жақын бару үшін ол Растиньяктың етігін ырзалықпен тазалар еді. Егер қыздарына ақша жетпей жатса, ол банк тонауға да дайын, қыздарын бақытты ете алмаған күйеубалаларына қалай өшікпей тұра алады? Дельфина Растиньякты сүйеді, ендеше, ол оны неге жақсы көрмеске? Айналаңызға қараңызшы: егер шынайы болғыңыз келсе, «белдемше киген» қаншама Горио атайларды көрер едіңіз! Яғни Горио атайдың сезімі – түгелімен аналық сезім. Бірақ осының бәрін түсіндіріп жатудың пайдасы да жоқ. Бұл шығармаға ең көп қарсы шыққан адам, егер бұл туындыны өзі жазар болса, риза көңілімен ақтап шығар еді», – деп жазған. Бажайласақ, Бальзак сөзінің біз келтіріп отырған үзіндісінің соңғы сөйлемінде, тағы да қайталайық, оның бүткіл дәуірнамасының да, оның өз тағдырының да кілті жатқан секілді! Иә, қарсы болған адам «егер бұл туындыны өзі жазар болса, риясыз көңілмен ақтап шыққан болар еді» деп ашынады! Бальзак романының екінші басылымындағы алғысөзінде осылай дейді де, мұндай әке махаббатын сіз бұл пәниде ешкімнен таппайсыз, ешбір қисынға келмейтін абсолюттік инстинкт дейтініңізді сезіп, автор өзі жетелеп, Гориосын алға сап, оқушыны иландыруға ұмтылады. «Қыздарым жеккен аттарымды да жақсы көремін, солар үнемі тізелерінің үстіне қондырып отыратын кішкентай ит те болғым келеді. Менің өмір сүріп жүргенім тек солардың арқасы», «…Жаратқан Құдайдың әлемді сүйгенінен гөрі, мен қыздарымды артық сүйемін», «Керек десеңіз, Құдайдың өзін әке болғаннан кейін түсініппін». Горионың аузымен айтылған монолог-диалогтарды оқып отырғаныңызда түйсік түкпірінде осылай болуы мүмкін деген сана шырағы жалт етеді. Бәтшағар Горио біздің қазекеңнің кешегі естияр шалы болса, «қыздарымды өсірдім, өндірдім, құтты орнына қондырдым, енді арғысын өз таланынан көрсін» дер ме еді?! Қайтесіз, бұл – Бальзактың шалы, оның аузынан ондай сөз шығартпайды, шығартпайтыны, шінжау шал – ХІХ ғасырдағы француз шалы!

Өзінің бес күн жалғандағы саналы ғұмырын итше талаған қыздарын әке жүрегі бәрібір қиянатқа қия алмас еді. Себебі – ол сүйді! Бұл – санасыз биологиялық инстинктен ада, адами сүю. Мұның ақылға, миға қатысы шамалы – жүректің ісі! Адамға біткен аламан сезім! Бірақ «денесі қарайып, шірік кеулеген қоғамда» (романдағы қаскүнем Вотреннің сөзі) адамды сүю – қорлық! Адамды сүю – қасірет екен! Иә, өркениеттің соқтықпалы сортақ жолында ізгілікті бостан қоғамды армандап жан алысып, жан беріскен, қан кешкен, дамудың жаңа қиясына ұмтылған қауымда, тіпті «өзіңнен жаралған» адамды да сүюдің дүние-тезекті терудің қасында көк тиындық құны жоқ екен! Сөйте тұра, Горио сүю қасиетінен айнымай, сүю қасіретінен құрбан болып көз жұмды.

Қайыра айтсақ, 35 жастағы Оноре де Бальзак жан-жүрегін сыздатып тыным бермеген ішкі дертті ақ қағазға лақылдата төгіп отырып, қырық күн «мұңдасқан», жанкешті «жан жолдасы» Гориосымен «бақұлдасып», кәдімгі пәнилік ғұмыры мен рухани дүниесі бір әлемге тұтасып кеткенін өзі де аңдамай қалды! Оның үстіне, осынау жұмыр жердегі саналы тіршілік иесі – аса мәртебелі Адамның Адамды мәңгілік Сүю қасиеті мен сөнбейтін Рухының бір куәсі – «Горио атайы» – көркем шығарма жарық дүниеге шырқырай келіп, мұның уысынан шықты да кетті!

Бұл небәрі отыздың белортасына жеткен балпаң жігіттің өзегіндегі ыстық жалынымен шарпи шалқып, әдебиетке атойлап кірген тұсы болатын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір