БАҚЫТ ДЕГЕН – БАЛАЛАРЫҢДЫ МАХАББАТПЕН ӨСІРУ
26.02.2020
775
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы: ақын Дәурен Берікқажы

Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

Өзінен басқа адамдардың тағды­рына алаңдай білуі.

Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

Ірілігінде. Бойы­ның емес, әл­бетте, болмысы­ның.

Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

Балаларыңды махаббатпен өсіру деп түсінем. Махаббатты сезінген бала ғана ізгілік дәнін себуге қабілетті.

Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

Распэнің Мюнхгаузені («Мюнхгау­зеннің бастан кешкендері»), Исабековтың Жасыны («Қарғын» романы), Толстойдың Левины («Анна Каренинадағы»), Мурака­мидың Тони Такиясы («Тони Такия» әңгімесі).

Ең басты кемшілігіңіз қандай?

Әсершілдігім мен сенгіштігім.

Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Бірінші кезекте кітап оқимын, одан қалса, фильм қараймын, я музыка тыңдаймын. Аптасына жоқ дегенде бір рет футбол ойнауға тырысам. Астанада болсам, қыстың күндері шаңғы тебемін.

Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

Емші я дәрігер болар едім.

Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

Норвегияда.

Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

Бәрін тез игеретін және қолға алған жұмысты жылдам іске асыратын қабілетке.

Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

Ашуға бой алдырғанда.

«Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

Болмайды деген нәрсеге болады деп қарау. Яғни адам баласы қиянатсыз ойлауды меңгерсе, оның ойлағаны жүзеге аспай қоймайды деп сену.

Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

Ірі мегаполистердің ауасын тазартатын құрал мен ұшақ апаттарында жолаушыларды аман сақтап қалатын тетік ойлап табар едім.

Не нәрседен жиіркенесіз?

Даңғойлық пен таяздықтан.

Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

Шая Голощекин мен Иосиф Сталин.

Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

«Тек қана шындық пен әділетке қызмет еткен адам түбінде жалғыз қалудан қорықпауы керек» (Берсье).

Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

Ара-тұра болып тұрады.

Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

– «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең-дағы»

Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

Кеңдік (кешірімді болу), адалдық, мейірімділік, жауапкершілікті сезіну сынды қасиеттер.

Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

Ақындардан – Жанна Елеусіз, Юнна Мориц, Ованес Григорян (2013-те қайтыс болды); жазушылардан – Харуки Мураками мен марқұм Шыңғыс Айтматов.

Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

 – Артықшылығы – жастығы, кемшілігі – бәріне ұнауға тырысуы мен атаққұмарлығы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір