Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, сыншы. ҚАЗІРГІ КҮННІҢ ҚАЗЫБЕГІ
Жақсы таныс, әйтпесе жұмыс бабымен, жолдастық, ағайындық аралас-құраластық қамымен жиі жолыққан немесе жүздесіп жүрген үлкенді-кішілі мың-сан адамдарыңның қай-қайсысы жөнінде де көңіліңде әсерің, бағаң-алаңың бар. «Ол – анадай кісі, мынадай аға, іні, не жақсы адам, не жаман адам» дегендей. Тіпті танымайтын, бір көрген адамың туралы да кейде оң-теріс әсер, баға қылаң береді.
Дау жоқ, мен қолыма қалам ұстап бұл мақаланы бастарда мың сан таныс, туыс, аралас-құралас кісілер жөнінде жазуды мақсат етпегенім түсінікті. Керек болса кейде күнде көретін, көбірек араласатын, анда-санда жүздесетін қатты сыйласатын жақсы таныс-білістерім де көп. Бұлардың бәрін елеп-ескеру, жазбамның кейіпкері ету ойымда да жоқ. Десек те талай жылдардан тәуір білетін, көңілімде арнайы жазсам деп үнемі ойлағанмен, жаза алмай жүрген қадірмен аға, іні, қызметі ірі, қаламы қуатты әріптес, замандастарым да бар. Олардың базбірі жөнінде талай жылдан бері талпынсам да, кейде басты қыр-сырлары жөнінде мәліметім жетпей жатады, не жеті қыры қолыма түссе де қозғап жіберер бір ерекше сипат-сыры қолымда жоқ. Ал шынында, ең бастысы, шабыт, бір маңызды себеп-түрткі жетпейді. Анығы, мен шабытсыз жаза алмаймын, көбіне-көп нысанамды игертер, қазынасына күмп кіргізер кілт, алтын арқау – суыртпақ жетіспейді. Соны танысам, ол қолға түссе, қаламым ақ қағаз бетінде жорғалап жүре береді.
Міне, осындай ахуалда да мен әлеуметтік және әдеби әділдіктен айынып ауытқым келмейді, яғни барын базарлап, бағалай біліп, жоқты таңбау.
Жә, мен енді сіздерді кейіпкеріммен таныстыруға кірісейін, қадірлі оқырман! Қазіргі Қазыбегіміз кім? Тақырып босқа қойылмайды. Адамның затын айғақтап тұратын аты сияқты. Қазыбек дегенде кімдер еске түседі? Бірінші ретте, әрине, сөз жоқ, Алаштың орта ғасырлардағы атақты да ардақты үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек би. Орта жүздің он орда құрған берен биі. Өз басым осы жерде айта кетейін, мен халқымыздың «Отызында орда бұзған» деген қанатты сөзіне онша қосылмаймын. Рас, бұл жерде жау ордасын бұзу, жайрату айтылып отыр. Қан майданда, жаумен соғыс кезінде. Десек те бейбіт уақытта ше? Отызға толған, қайратты болған жігіттеріміз орда бұза ма? Керісінше, оларға он екі қанатты орда құру жараспай ма? Айтпақшы сол кезеңнен бергі белгілі-белгісіз мыңдаған Қазыбектер осы қара қылды қақ жарған, қас шындықтан құралған қаһарлы сөзімен қасақы жау қалмақты тоқтатқан Қаз дауысты биіміздің есімін иеленгендер. Туғанын танымаған осы Төле биімізді жатқа білсек, жарасар жүздеген билік сөздерін алға тартып жатпай-ақ жалғыз-ақ төрелігін ортаға тартайын.
Әйгілі үш шешеніміз: үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би бір үлкен дауда басы қосылады. Шиеленген түйін. Елдік маңызды мәселе. Жиналған халық жол кесіп, ұсыныс айта алмайды. «Жолым үлкен, менің айтқаным жөн шығар», – дейді Төле. «Алдымдағы екі ағам қиналмасын, соларға арқа сүйеген мен билікті қолға алайын», – дейді Әйтеке. Сонда Қазыбек: «Жоқ, Төле аға, сенің алдыңда ағаң-абайларың жоқ, ал Әйтеке аға, сенің артыңда қарайларың жоқ; ал менің алдымда қаймығар ағам, артымда қарайлайтын інім бар, ендеше жол менікі», –деген екен. Үйсін Төле би де, алшын Әйтеке би де осы аталы сөзге тоқтап, сол жолы Қаз дауысты Қазыбек би төрелік еткен көрінеді.
Тұжыра келгенде, кешегі түрме салмаған қазақта, тегі-тектілер кездескенмен бүгінгідей қаламгерлер мүлде дерлік болмаған, ілуде бір өлім жазасы құн төлеумен алмастырылып, адам өлтірілмеген қазақ қоғамында үш билік те түгел, жақсы жұмыс істеген. Шынайы демократия. Хан халықтан қаймықса, бектер әкімдік, министрлік қызметтерді адал атқарған. Мұның бәрі – түптеп келгенде, заң үстемдігінің, оны жүзеге асырушы билер әділдігінің арқасы. Осы айтылғандарды ескеріп, алға тартып отыруымыздың себебі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы Қазыбектей би, заң қабылдаушы, төрелік ұсынушы әріптесіміз – аттас ақын, қаламгер, депутат Қазыбек Жарылқасынұлы Иса.
Асылы, елді елең еткізер ақын болу үшін басты кезекте арнайы талант қажеттігі аксиома болса да, адалдық, адамгершілік тазалық кез келген шумақ, туынды өлең болып өріліп көңілге көрікті қосылу үшін сондай қат, қажет. Өйткені жыр деген – автордың қалтқысыз сыры, ыстық жүрек нұры. Жыр жүректен шықпаса, жүректерге жетпейді. Өтірік айту, құрғақ қабілет күшімен құрастыру және мыңдарға ортақ маңызды, мағыналы ой-сыр айта алмау – өлең көзіне шөп салу ақын Қазыбек Иса шығармашылығында мұндай мін, өлі өлең тудыру ұшыраспайды дерлік. Бозбала шағынан көпшілік қауым мұң-мұқтажына елеңдеп, Бұқар жыраудай, Майлы Қожадай, Сабырхан Асановтай ақын болып өскендіктен де шығар, ол жас шағында-ақ жақсы өлеңдер жолына қол артып, есейген кезінен есті, елдік жырлар жаза алды.
Міне, арада 80-нен аса жыл өтсе де мәнін жоймаған, бәлкім, алдағы ғасырларда да өзекті бола түсер мәселе: 1930 жылдар басындағы алапат апат – 4 миллион қазақты ажал құштырған ашаршылық. Сталиндік-социалистік жойқын, қасақана ұйымдастырылған геноцид. Ақынның 2020 жылдың 31-мамыры күні кіндік кескен «Геноцид» атты өлеңі жер жүзінің бұрынғы-соңғы тарихында сыңары аз осынау зор қылмыс-зұлматты әдемі әшкерелейді.
Бізге тастап кеткен зары зіл батпан,
4 миллион қазақ қайда кешегі?!
Тоқсан жылдай бұрын өткен зұлматтан
Әлі күнге суық ызғар еседі.
4 миллион – бір мемлекет көтеретін
Қай ұлтты да белеске,
Өмір бойы қалай алмас ол еске?!
Пірі сынды тіл тигізбеу Кеңеске,
Тірі сынды 4 миллонды қайта өлтіру
емес пе?!
4 миллионның тыншымаса аруағы,
Ісің қалай оңалады алдағы.
Тәуелсіздік!
Қасиетті осы сөздің бар мәні
Құрбан болған арыстардың арманы!
Түсіндірусіз-ақ түсінікті ұран жыр,
Дұрысы – 4 миллон аруаққа оқылған
Құран жыр.
Міне, жаңа бір тақырып. Жер жүзі халқын өзіне жалт қаратқан, қазақтың ұлттық әнінің құдіретін күрт бағалатқан жас әнші Димаш Құдайберген. Жырлануға тиісті тақырып па? Дау жоқ.
Дүлдүлі сен бәйгенің дүбірлеген,
Қаншама ару жылады күлімдеген.
Байлық пенен биліктің қолы жетпес,
Жүректерді жауладың үніңменен.
Қалың қытай «Димаш!» деп қалды ұранмен,
Шақыруда шартарап барлығы әлден.
Ұлы дала ұланы болдың нағыз
Ұлы Қытай қорғанын алдың әнмен!
Шын дарындар шығады шырайлы елден,
Сыпырыла құлады сынай келген.
Әнің ғажап болмауы мүмкін емес,
Сені өйткені қазаққа Құдай берген.
Қазақтың жас әншісі өмірдегі қадамын сәтті бастап, кең танылған. Даусыз дарын. Алайда бізде әртүрлі жақсы әншілер жеткілікті болғандықтан шығар, оның өзгеше биік үнін, қазақы қайталанбас қанық мінезін марғау әдетімізден танбай лайықты бағалай қоймадық. Әлі де жас деп білгеніміз де рас. Рас, жас. Дегенмен Димаш жиырмаға ілінбесе де бас әнші еді. Тіпті әлемдік дәрежеде. Бейжіңде өткен халықаралық байқауда дара топ жарған, мың-миллион қалың қытай жапырыла танып, таңдана да тамсана қабылдаған соң кенеттен терең танымау бізге ұят болатын. Қас өнердің ұлы құдіреті ғана емес. Өмірдің қызық та ғажайып құбылысы еді бұл.
Осынау әлемдік ән бәйгесінен соң іле-шала 2017 жылдың 30-мамырында жазылған өлең қазір де атына сай «Дүлдүл» туынды. Арада
9 жыл артта қалса да шаң басар, ескірер түрі жоқ. Қазір ғана жазылғандай. Демек, бұл төрткүл дүниеге теңдессіз әнші Димаш Құдайбергеннің жарқын ғұмыры бастау белесін қайтадан жарқыратып танытып қана қоймай, толысып марқайған ақын Қазыбек Исаның да кешегі сөзі, яғни өзі де өткен уақыт қойнауында қалып қоймай, бүгінгі күн биігінен табылып отырғанын айғақтамай ма?
Қуаныштысы, қазіргі таңда да қазақта жақсылар көп. Солардың бірі ғана емес, бірігейі – ақын Қазыбек. Біздің бұл байламымызға жоғарыда тікелей талданып таныстырылған қос өлеңі ғана дәлел емес, былтырғы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған жыр кітабы да – бұлтартпас дәлел. Сондықтан өзіндік үні айқын, қолтаңбасы қарымды, жарқын аты-жөні өзімен бірдей қалған екі Иса туралы жырымен жүздесейік те, оның поэзиясы жөніндегі толғамымызды тоқтаталық.
Асылы, шын, ақиық ақындық та – билік, тіпті тұтас әлем, табиғат, адам, қоғам, өмірдің қандай бір құбылысын танып, табу да – табиғи тез, таразы көңіл таңдамы, талғамы. Неғұрлым табиғаттағы нысанаңды өзімен дәл, терең, сәйкес игерсең білімділік қана емес, біліктілік, тақырыбыңды өмірдегі негізімен егіз, сай, бірақ қан құйып, жан бітіре сұлу сындарлы игерсең – таланттылық қана емес, шеберлік. Нақ осы тұрғыдан келгенде Қазыбек Иса қандай ақын дер болсақ, қабілетті екенінің басы ашық, өйткені ол жоқ болса, бәрі жоқ. Ол – әлеуметтік сипаты, саяси сымбаты басым әлді, нені көрсе де, жекебас қырын, махаббат сырын өрсе де елдік үде мен алаштық мүддеден толғайтын ақын, яғни Қазыбек би бабасы көзімен көріп, замандас Қазыбек Иса көңілімен өреді. Ақындық өзіндік қыры да, қасиеті де, өлеңдік сырының құдіреті де осында. Кеңестік кереге ішінде кеңестік терезеден алысып қарысса да, егемендік өнегеге көтеріп, еркін елдік нығаюы үшін жарысса да, адалдықтан аттап, әділдіктен ауытқымайды.
Оның осы басты ұстанымы – ұлағатына мысал көп, айғақтар жеткілікті. Жас өспірім шағынан-ақ жасаған қадамдары игі екенін алға тартпағанда, алғашқы жыр топтамалары енген «Аудитория» (1984), «Тоғыз тарау» (1989), ақын ретінде танытса, тұңғыш өлең кітабы «Керімсал» (1995), одан кейінгі «Қызыл жыңғыл», (2002), «Тәтті шөл» (2008) кітаптары Қазыбектің өмірден де, өлеңнен де өз орнын тапқан, ордасын құрып, шаңырағын биікке көтерген ақын екенін аңғартты. Бұл жерде оның жыр кітаптарының заттарына үңілуге мүмкіндік те, мұршамыз да жоқ болса да, бұлардың аттарының өзі автордың қуаң дала перзенті екенін аңдатып тұрғандай: «Керімсал» – ыстық аңызақ жел, «Қызыл жыңғыл» – қуаң атырап ағашы, «Тәтті шөл»… Шындық расында солай болып шықты: Қазыбек – оңтүстіктің шөлді алқабы – Шардара өңірі, керек десеңіз, Қызылқұм перзенті. Адам туған жерін таңдай алмайды. Алайда қазақ болсақ, өгей ұлт өкілі болмасақ, өсіп-өнген өлкеңе жер де, ел де жетпейді. Сондықтан да Шардара жері, Қызылқұм шөлі – жұмақ жер, тәтті шөл. Бірақ бұған абыз Ибрагим – Абай ақынға әріптес бола алған, Бернияз Бердияровтай басқалар түгіл аттас, замандас шайырлар Исаевтардан дараланған ақын Қазыбек қана сендіріп көндіре алады. Ақиқат нақ осыған сайса да, қаламымызды неге іркетінімізді және ескертіп жатпастан оның «Үш Исаев» деген туындысына ғана зер салумен шектелейік.
Қызығы менен шыжығын айтып
жастайғы,
Әдемі көкем әріден сөзді бастайды:
«Исаевпын» деп кеудемді қағып келгенде
«Базарбайсың ба?» деп танысқандар
жасқайды…
Өтті ғой уақыт, өлеңмен өрген әр күні,
Танылдым мен де, жыр сыйлап әсем
таң нұры.
Базекең кейін фамилиясын айта бастаса,
«Ибрагимсің бе?» дейді екен елдің барлығы…
Алматыға, інім, ақын боп дайын келдің-ау,
Ақындық деген қилы да қилы жол құрау.
Мен енді қазір «Исаевпын» дей бастасам,
«Қазыбексің бе?» дейтін де болды ел мынау».
Дегеніңді, аға, демеуіңе зор баладым,
Қолдадың сонда пейіліменен даланың.
Дүбірі бөлек, дүлдүлі де көп бәйгеде
Ақын боп мен де көсіле шауып барамын…
Шырайлы сыр. Шынайы жыр. Өзін-өзі жақсы жеткізіп тұрса да, осындай нұрдан мақұрым оқырманға бірер сөйлемдер арнауға тура келеді. Базарбай кім? Өмірден біраз жыл бұрын өтіп кетсе де өлеңдері өтпеген, биязы рух бар сойында, бірқалыпты маздаған жарық пен жылуы бар туындылары халықымен бірге жасай берер ақын. Ибрагим кім? Әрине, Абай емес. 1948 жылы туған, ерекше топ жарып, елінің көгінде ерек жарық жұлдыз боп жанбаса да шуағы өшпеген шайыр. Егер осы екі Исаев сәл ұмтыла бастаса, оған Базарбай мен Ибрагим кінәлі емес.
Байқайсыз ба, оқырманым, Қазыбек Иса ақындығы туралы қаншалықты аз жазайын десек те, оның поэзиясы құшағынан әрең сытылып шықтым. Бұл – Қазыбектің де қадірлерлік қарымды ақын болуынан немесе менің оның өлеңдеріне бөлекше бүйрегім бұрып, ықыласым қатты құлауынан ғана емес. Мұның басты себебі – ақындық адалдықтың алтын өзегі, азаматтықтың басты тамыр-құнары болуында. Өйткені нәресте жарық дүние есігін ашқанда өмірге періште боп келеді, ақын болып енеді. Ал періштелік, ақындық – бірінші кезекте тазалық, адалдық қана емес, махаббат, тіршілікті өліп-өшіп сүю. Әкенің махаббаты, ананың ақ мейірі махаббаттан жаралған, әке қамқорлығынан өрген ақ сүт емген ұл-қыздың адам болуы, азаматқа айналуы – өмірдің заңдылығы. Махаббаттан жаралмаса, есептен, есерліктен өмірге келсе, әсіресе адамгершілік білім-тәрбие беруде осалдық кетсе, онда надандық, мінезсіздік, айуандық нақ осы жерден басталады. Айтпақшы, хайуан да көп жағдайда надандардан артық. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» жақсы ит иесін қорғау үшін жанын береді.
Біздің бұл байламымыз-байыптауымызды бұлтартпас дәлел-дәйек «Библия», «Құран» секілді қасиетті кітаптарда айтылғандай ең бірінші ниет, ой, сөз жаралуы болса, сондықтан да «Өнер алды – қызыл тіл». Сондықтан да қазақ – ақынжанды. Керісінше, жер бетіндегі барлық халықтар – ақынжанды. Гәп, бастап-басқарушы билік кесірінен азайып, айрылып қалуларында.
Ақынжанды халықтың перзенті болғандықтан, Қазыбек өлең билігі – ақындықты ертерек меңгерді. Бұдан әрі ержетіп, есею, Абай атындағы ҚазПИ-ді оқып бітіру, қоғамдық өмірге араласу, өмірден өз орнын іздеу журналистік өмірді тану, өмір сүруді үйрету, өзгелерге үйретуге алып келгені өз-өзінен түсінікті.
Алғашқы қадамын еліміздегі тұңғыш тәуелсіз басылым – «Жас қазақ» газетінде жұмыс істеуден бастапты. Шағын хабар, суреттеме, жеке мақалалар жазу қаламын ұштады. Жастық сайран өмір сырын білуін ұлғайтып, ересектік өмір майданына араласты. Қанаты қатайған соң дербес. «Жас қазақ үні» апталығын шығарды. Оны халық газеті етіп қалыптастырып, уақыт өте келе алашшыл «Ақ жол» партиясы үніне айналдырды. Талмай оқып-ізденіп, тәжірбие жинай келе қадамы – нық, құрыш, қаламы – тура, қылыш журналистке айналды.
Иса көсемсөздері, мақалалары, заманхаттары – аталмыш газет беттерінде. Жоғары биліктегі талай қасқа мен жайсаңдардың бетін тіледі.
Біз енді Қазыбек Исаның осындай екінші билігінің – қадамы құрыш, қаласа қылыш шығармашылығын шындығына көз жеткізетін нақты айғақ, шырайлы мысалдарға кезек берелік. Бұл ретте қаламгердің «Жас қазақ үні», кейінірек «Қазақ үні» басылымында жарияланған үлкенді кішілі жүздеген туындысын келтіре аламыз. Міне, сондай дүниелердің бір шоғыры:
1. Өскемен қай елдің қаласы? №28 (23.07.2010);
2. Қазақ тілі мен әдебиетін қайда жерлейсіздер, Зағипа ханым? №46-47(17.11.2017);
3. Азия жазушылары тұңғыш форумының айтар көп. №34 (16.09.2019);
4. Құлдықтан құтылмаған атаулар, бәрі де ел мен ердің атына байланысты! №12 (21.03.2020);
5. Рухани тәуелсіздік бағдарламасы немесе ұлтыңды сүюге рұқсат берілген құжат. №16-17 (18.04.2017);
6. Ер Ноғаев елшімен орысша сөйлеспей, қазақша сөйлесуді ұсынады. №46 (14.11.2016);
7. Қазақтың жартысы қырылған зұлмат әкімдерге мереке ме? №23 (11.06.2008);
8. Конституциядан орыс тілі туралы бапты алатын кез жетті. Сонда ғана мемлекеттік тіл дамиды. №34 (16.09.2019);
9. Жерімізді алып, елімізді құрып берген мемлекетіміздің басты бағыты алаш ұстанымы болуы керек. №32 (31.08.2020);
10. Полиция бізді қорғай ма, қорлай ма, министр Тұрғымбаев мырза? №9(02.03.2020);
11. Қазақ аналарына ескерткіш орнату керек. №5 (03.02.2020).
Десек те мақаламыз көлемі көтермейтіндіктен және мұндай танысып, тиянақты таразылау жеке кітаптың жүгі болғандықтан амалсыздан 2-3 еңбегін ғана алға тартумен шектелуге тура келеді.
Әдетте ел аузында «Екі хабар бар, біреуі – жақсы, екіншісі – жаман, алдымен қайсысын айтайын» деген бар ғой. Бізде соған бағып, алдымен жаманын ұсынуды жөн көрдік.
Міне, ол – «Тәуелсіздік атауын жоюға кім рұқсат берді?» атты мақала. Оған «Тәуелсіздік атауын қорғай алмағандар тәуелсіздікті қалай қорғайды» деген қосымша тақырып берілген. «Қазақ үні», №13, 5 сәуір, 2019 жыл. Шынында да…
«Тәуелсіздік атауына қарсы шешім шығарған Павлодар облысы, Өскемен және Талдықорған қалалық мәслихаттары таратылуы керек!
«Әкесін сабағанды көріп едім, арбаға байлап сабағанды тұңғыш көруім» дегендей, Елбасымыздың аты елордаға беріліп бітпей жатып, облыс орталықтарында көшелерге де беру үшін аламан жарыс басталып кетті.
Дәл сол кезде «Қазақ үні» ұлттық порталы «Тоқаев тапсырма бергенімен, Абайды аласартып, Тәуелсіздікті түсіріңдер деген жоқ» атты жанайқайын жариялап, дабыл қақты. Мен өзім де Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» коалициясы отырысында сөйлеген сөзімде көтергендей, шаш ал десе бас алған әкімдердің, яғни жергілікті мәслихат хатшылары мен депутаттарының «социалистік жарысы» арқасында ұлы тұлғаларымыз Абайдың, Әбілқайыр ханның, Төле бидің, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың аттарын алып тастауын, тіпті Тәуелсіздік атауын алып тастауға шешім шығарғанын қалай түсінуге болады? Батыр бабаларымыздың қанымен келген, бағасы да, баламасы да жоқ тәу етер Тәуелсіздігіміз болмаса, ел бола ма, Елбасы бола ма? Ақпарат министрі Дәурен Абаев пен мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына рақмет, дер кезінде ресми жауап беріп, бұндай келеңсіздіктердің тоқтатылғанын мәлімдеді.
Жарыс жанталасының екпіні қандай болғанын Тәуелсіздік даңғылын өзгертуге аталмыш мәслихаттарға бір сағаттың арасында ғана уақыт жеткілікті болғанынан-ақ білуге болады… Ендеше осындай ғарыштық қарқынмен, Тәуелсіздіктің атын алып тастауға 28 минуттай уақыт жұмсаған Павлодар облыстық мәслихат депутаттары 28 жылдан бері неге орыстың ауру патшазадасының аты «Павлодарды» алып тастай алмай отыр?
Бізде қазір қандай да бір келеңсіздіктер болсын, ешкім, нақты бір тұлға жауап бермейтін, жалпылама жайдақ қарайтын жаман әдет қалыптасқан. Біріншіден, осы облыс орталығы болып саналатын үш қаладағы басты көшелерден Тәуелсіздік атын жоюға кім тапсырма немесе рұқсат берді?!. Әкімдер ме, мәслихат хатшылары ма? Екіншіден, мәслихат сессиясында Тәуелсіздік атын жоюға кім бастама көтеріп, ұсыныс жасады?!. Үшіншіден, қасиетті Тәуелсіздіктің атын қорғап, бірде-бір депутаттың шықпағаны біздің ұлттық қауіпсіздік деңгейіміздің қауіпті жағдайда тұрғанын көрсетеді! Сонда Тәуелсіздік атын қорғай алмағандар Тәуелсіздікті қалай қорғайды?
Ендеше, бұндай мәслихат депутаттарының не керегі бар?!. Осы Тәуелсіздік ұғымына қарсы шығып отырған шешімдерімен бұл мәслихаттар өзін-өзі таратуға дайындап отыр ғой… Мәслихат хатшылары мен депутаттар әкімнің айтуынсыз аттап баспайтынын ескерсек, Тәуелсіздік атын жоюға тапсырма берген, бастама көтерген әкімдер тәуелсіз қазақ елінде қалай отырады?!.
Павлодар облыстық мәслихатында Тәуелсіздік даңғылының атын ауыстыруға қолдау жасаған депутат, Ақсу ферроқорытпа зауыты директоры Сергей Прокопьев. Керекулік ұлт зиялыларының ондаған жыл күресіп, «Қазақ үні» газеті бастаған республикалық БАҚ-тар талай жазып, Кутузов даңғылының атын Тәуелсіздік деп атауға былтыр ғана қол жеткізгені Сергей Прокопьев пен облыстық мәслихат депутаттарының бірінің де ойына кіріп шыққан жоқ… Қалада Елбасының атына ауыстыруға лайықты «Астана» (бұрынғы Ленин көшесі), «1-май», Ломов, Лермонтов көшелері болғанның өзінде… Иә, қисынға қарасақ, Астана қаласы NurSultan қаласы болып өзгерген соң, Астана көшесі де Нұрсұлтан Назарбаев болуы керек емес пе, Тәуелсіздік даңғылы емес… Сонымен қатар Өскемен қаласындағы орталық көшелердің бірі Ушанов, Карбышев, Ворошилов көшелері немесе Ертістің бойындағы ең әдемі жерде орналасқан Протозанов көшесін неге бермеске? Неге міндетті түрде Тәуелсіздік даңғылының атын ауыстыру керек? Мұндай кешірілмес саяси сорақылықтарға Республикалық ономастикалық комиссия тоқтау салады деп сенеміз.
Таныс болыңыздар, Тәуелсіздіктің атын жойған Тәуелсіз Қазақ елінің әкімдері мен депутаттары мыналар: Павлодар облысы әкімі Болат Бақауов, Павлодар облыстық мәслихаты хатшысы Б.Бексейітова, Талдықорған қаласы әкімі Дастан Шалтабаев, Талдықорған қалалық мәслихаты хатшысы Қ.Бұлдыбаев, Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омар, Өскемен қалалық мәслихаты хатшысы А.Светаш.
Міне, Тәуелсіз елде Тәуелсіздік атын жойған осындай әкімдер мен депутаттар да бар! «Біздің Қазақстанда бәрі де бола береді» деген мысқыл сөз осындай масқараларды көріп шыққан шығар…»
Тәуелсіздік алып, жеке еркін ел болғанымызға 30 жылдай болса да, мемлекетіміздің үш аймағында осындай өрескел, масқара жағдай орын алғаны қисынсыз қиялға сыймайтын оқиға емес пе! Сондықтан әріптесіміздің алдаспандай жарқылдаған мақаласын толық келтіруді орынды санадық. Жай хабарлау ғана емес, ащы да аса ауыр ақиқатты қапысыз жеткізген, әділ, елдік-мүддені айдай анық бағалау да, қара қылды қақ жарған талап үкім де бар мұнда.
Қандай да бір дербес елдің бірінші және ең басты құндылығы – Тәуелсіздік. Мұқағали Мақатаев «Құдай кім десе, мен оны Отан дер ем» дегендей, егемен болса ғана Отан – сол елдікі. Тәуелсіз болмаса Отан жоқ. Отаның жоқ болса, бәрі де жоқ. Міне, сондықтан да қаламгер Қазыбек қаймықпай айтып, қатты үкім – төрелік жасаса керек. Ал екінші кезектегі құндылығың, құдіретің немене? Әрине, ол – ана тілің, мемлекеттік қазақ тілі. Бұғып қалуға, батыл айтпауға болмайды. Өйткені қазақ тілі – бағзыдан бері қадірлі бақытың, қасиетің, байлығың ғана емес, бірінші қорғаның, рухани орманың. Осы себептен де жау қашанда алдымен тіліңді тұқыртады, жеріңді, еліңді иемдену үшін оны құртуды қолға алады. Себебі тілінен айрылған ұлылығына қоса ұлттық болмыс-бітімінен де айрылады. Күні кеше озбыр орыс отаршылдығынан, қанқұйлы кеңес бодандығынан құтылған біздің елімізде туған тілінің тағдыры, негізгі мемлекеттік қаламымыз – қазақ тілі заңды үстемдігін иемдене алмай, ең құрығанда қазіргі таңда көп шетел тілінің бірі – орыс тілімен теңеле алмай, мүшкіл, тіпті мүгедектік ақуалды бастан кешіп отыр. «Жыламаған балаға емшек берілмейді». Ақырып теңдік сұрамаған ерге де есе тимейді. Бұл ретте, өкінішке қарай, кешегі қызыл қеңестік қамыттан босаған барлық ел дерлік латыш та, эстон, армян, грузин де, өзбек те түгел туған тілдерін іс жүзінде де мемлекеттік етіп мәртебе иелендірді де, тек қазақ ғана туған ана, мемлекеттік тілін төрге шығара алмаған, жағдайда Қазыбек Иса қалайша қазақ тілінің күрескері болмасын. Өзі қаламгер болса, қадамы – құрыш қаламы – қылыш болса. Жиырма жыл туған тілі өресін көтеріп, өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосқаны өз алдына, еркін ел мүддесі оны еріксіз үн қосуға жетеледі.
Жалпы, Қазыбек Исаның екінші қыры – қаламгерлік биігіне қатысты осы жарқын мысалдар жеткілікті болғанмен, оның тәуелсіздігіміз, елдігіміз жөніндегі жарқылдаған құрыш та дем, қылыш та ем қабілет-қасиеті өзге тақырыптарда олқылық танытып, осалдық байқатпайтынын ескерте кеткеніміз де орынды-ау.
«Осыдан екі жыл бұрын маған Ресейдің халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлығы – «Алтын күз» ордені берілді. Сондықтан Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен жиында Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Владимир Середин тапсырды. Жиында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйледі. Мәскеулік қонаққа қарата сөйлеген саясаткердің сөзі ақын-жазушылардан кем болмай, көпшілік ризашылықпен қол соғып, қошемет білдірді».
«Мен – нәзік те талғампаз әдеби әлемнен алыстау жүрген адаммын. Өйткені саясат дегеніміз күнделікті нақты істерді талап етеді. Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының біздің қадірлі Қазыбек Жарылқасынұлына тапсырған марапаты бүгінгі қазақ поэзиясындағы оған лайық деп санаймын. Бұл белгілі әдеби сыйлықты Қазақстанда тұңғыш рет алып отырған лирик ақын Қазыбек Исаға шығармашылық табыс тілеймін».
Жиналған жұртшылықты елең еткізгені – оның жазушыға айтқан лебіз-бағасы емес, оның ақын Қазыбек Исаның «Құлай сүйгенім» атты нәзік өлеңін жақсы, кемел аударғаны.
Автор Қазыбек Иса сөзімен біздің осы бағамыз бекер еместігін білдіру үшін аталмыш жырдың түпнұсқасы мен орысша аудармасын қатар келтіре кетейік:
Құлай сүйгенім… қайдасың,
Құралай мүсін…
Құлаған ақын көңілін сұрамаймысың?..
Қарақат көзің қадалса, қанат бітеді…
Ұмытар Асан қайғы да… сірә қайғысын…
Ай келбет ару, Күн шырай,
Құралай мүсін…
Шабыт шалғанда шарықтап шабамын
да айға,
Шақырады ылғи төсіне дала мұндайда…
Сен неге бәрін жаным-ау, жайып салмайсың…
Сезген соң сезім сәулесін жауабың қайда?
Жауабың қайда, жаным-ау
жауабың қайда?
Өзіңе емес… Өлеңге батылы бардың,
Жүрегін түсін…
Жүдей ме ақының әр күн?
Мәжнүн боп кетпей тұрғанда шала
есті шайыр…
Барлығын жиып қойғын да, шақырып алғын!..
Шалқысын әлем шайырмен…
Шақырып алғын!
Енді осы өлеңнен Азат жасаған аудармасын келтірейік:
Где ты, кого я так любил,
со станом тонким,
Поэта, впавшего в хандру, о нём не
спросишь…
Одним лишь взглядом окрыляешь только,
Да так, что горе и печаль навек уносишь.
Лицом луна, светла как день, со
станом тонким…
И вознесёт к ночному небу вдохновенье,
И позовёт в степную даль, вслед
за собою…
Так почему ж ты не откинешь все
сомненья,
Почуяв жар моих лучей, излитых болью…
Где твой ответ на голос мой, где
твой ответ?
Нет, не тебе… Стихам повелеваю.
Почувствуй сердце, что страдает тяжко…
Пока мой разум не дошёл ещё до края –
Забудь про всё
И позови однажды!
И захлебнётся мир моей любовью…
Азат Перуашевтің айшықты аудармасына ел қатты разы болып, дуылдата қол соқты. «Ақын ғой мынау!» – деді риза болып еш нәрсе таңдандыра қоймайтын, таяуда ғана Лондондағы Корольдік театрда пьесасын тамашалап келген тарлан Дулат Исабеков.
«Мықты екен!» – деді көп түріктің көрнекті ақыны Темірхан Медетбек.
«Күшті аударыпты» – деді өзінен басқа ешкімге көңілі толмай жүретін Ә.Аманхан көкем.
Дау жоқ, бұлар – жақсы да жоғары бағалар. Бірақ біздіңше, әсерлі бір поэзиялық сәттің, сүйсінген көңіл күйдің жетегімен берілген эссе. Азат Кәрімұлының аудармасының сәттілігі кездейсоқ емес-ті. Оның үстіне өлеңді Олжас ақынша тәуір, жүрекпен оқиды екен. Демек, Азаттың тұлабойында туабітті ақындық барлығы анық еді. Алайда ол ақындықты ермек те, еңбек те көрмейді. Талабы қатты. Аса қадірлі қасиет, зор жауапкершілік деп біледі, яғни ақындық үшін тек талант аз, тағдыр (өмірбаян) керек. Бұған қоса Азаматтыққа тамыр тартуы шарт. Міне, автор Қазыбек Иса дұрыс байқағандай, осындай себептерден де ол ақындығын айтпайды, жарияламайды, насихаттамайды. Өмірде елеулі оқиға орын алып, партиялас іні-дос, ұлттың ұлағатты ақыны Қазыбек шетелдік орден алып жатқан соң, шабытқа тізгін ұстатып, ақынның өліп-өшіп сүюді бейнелеген ажарлы жырын қадірін түсірмей, ғашық жігіттің жан сырын орыс тілінде шынайы жеткізген.
Осы бір дерек, сыр-сымбаттың («Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат». Абай) қам-қаракет Азат Кәрімұлының тағдырлы адам, табанды азамат екенін бедерлі айғақтаса керек.
Ақиқаты да осы: аты ғана Азат емес, заты да азат, яғни ол Алаш ардақтыларының бірі – 1937 жылы мерт болған Перуашұлы Кәрімнің тұяғы(заты). Алай-дүлей уақытта сынбай, халқына қызмет етуден қайтпай, сүтпен өлең жазып қоштасқан арыстың ұлы қалайша осал болсын. Өлең – қасиет, өмір сүру – күрес, өнеге. Осы себепті де ол – ақындықты алаңсыз қумай, алдымен тәуелсіз еліне қызмет етуді мұрат еткен жан. Біздің Биағаң – Бейімбет Майлин: «Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» дегендей, айналып келгенде, кейіпкеріміз – Қазыбек Исаның бұл жазғаны да – халықтың жырын жырлау, мемлекеттік тіліміз өрісін кеңіту қастерлі Тәуелсіздігіміз мүддесін түгелдеу.
Өткір де өзекті депутаттың сауалдары, ұлттық діл, мемлекеттік тіл, «Теңіз шевройл», «Жайлы мектеп» т.с.с. туралы үкімет, ұры-қары шенеуніктерге қатысты олардың алдында тартқан сыбаға сауалдары әлі көз алдымызда.
Денің сау болып, қаламың қайрала түссін. Жаңа жеңістер биігінде жүздесейік.
Аман бол, қазіргі күннің Қазыбегі!
ПІКІРЛЕР1